"Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 24 маусымдағы № 429 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 26 қаңтардағы № 37 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 24 маусымдағы № 429 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларында:

      12 және 12-1-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. ЭҚА-да таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты:

      1) мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік ортасына (бұдан әрі – МО БКО) қосылған және Интернетке кіру мүмкіндігі жоқ жұмыс станциясындағы шифрланған дискіде;

      Пайдаланушы шифрланған дискіде қызметтік ақпараттың шектеулі таралымы бар электрондық құжаттарымен (файлдармен) ғана жұмыс істейді. Құжаттарды (файлдарды) шифрланған дискінің сыртында сақтауға, сондай-ақ пайдаланушының оларды шифрланған дискіден көшіруіне (тасымалдауына) рұқсат етілмейді;

      2) бұлтты сақтау орнынан электрондық құжатты (файлды) жүктеп алу мүмкіндігінсіз "жұқа клиент" үлгісіндегі шешімдерді пайдалана отырып, бұлтты сақтау орнында жасауға, өңдеуге, есепке алуға және жоюға жол беріледі.

      Бұлтты сақтау орнының дерекқорын (дерекқор жолдарын), жұмыс станцияларындағы шифрланған дискілерді және таратылуы шектелген қызметтік ақпараттың электрондық құжаттарын (файлдарын) қорғау үшін 1073-2007 ҚР СТ "Ақпаратты криптографиялық қорғау құралдары. Жалпы техникалық талаптар." мемлекеттік стандарты бойынша ақпаратты криптографиялық қорғаудың отандық құралдары (бұдан әрі – АКҚҚ) пайдаланылады, олар қауіпсіздіктің үшінші деңгейінен төмен болмауы керек.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері осы Қағидалардың 12-2 және 12-3-тармақтарында көрсетілген мемлекеттік органдар мен ұйымдарға, сондай-ақ ЭҚА-ны пайдаланатын Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға қолданылмайды.

      12-1. Таратылуы шектелген қызметтік ақпараттың электрондық құжаттарын (файлдарын) жасау немесе құжатқа қосымшаларды бұлтты сақтау орнының серверіне жүктеу кезінде пайдаланушы оларды АКҚҚ көмегімен шифрлайды және мемлекеттік органдардың куәландырушы орталығының тіркеу куәлігі бар электрондық цифрлық қолтаңбамен (бұдан әрі – ЭЦҚ) қол қояды.

      Таратылуы шектелген қызметтік ақпараттың электрондық құжаттарын (файлдарын) қарау кезінде пайдаланушы АКҚҚ және ЭЦҚ көмегімен құжатқа салынымдарды ашады.

      Таратылуы шектелген қызметтік ақпараттың электрондық құжаттарын (файлдарын):

      практикалық қажеттілік аяқталғанға дейін пайдаланушының жұмыс станциясындағы шифрланған дискіде;

      осы Қағидалардың 75-тармағына сәйкес сақтауға жатпайтын деректі материалдарды жоюға бөлу туралы акт бойынша жойылғанына дейін бұлтты сақтау орындарында сақтауға жол беріледі.

      Таратылуы шектелген қызметтік ақпараттың электрондық құжаттарының (файлдарының) салынымдарын электрондық құжат айналымы жүйесінен БҚҚ қызметінің қызметкерлері (жұмыскерлері) ғана басып шығарады.".

      2. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов