"Ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 19 шілдедегі № 830 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қазандағы № 700 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 17 тамыздағы № 704 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 17.08.2023 № 704 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Ғылым саласындағы сыйлықтар мен мемлекеттік ғылыми стипендиялар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 19 шілдедегі № 830 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Ғылым саласындағы сыйлықтарды, мемлекеттік ғылыми стипендияларды тағайындау қағидаларында:

      2-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) ғылыми қызметкер – ғылыми ұйымда, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында немесе ұйымның ғылыми бөлімшесінде жұмыс істейтін, жоғары білімі бар, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесіне қол жеткізетін және оны іске асыратын жеке тұлға;";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Көтермелеу мақсатында ғылым мен техниканы дамытуға үлес қосқан ғалымдар, ғылыми ұйымдар мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ғылыми қызметкерлері:

      1) үздік ғылыми зерттеулері мен жұмыстары, ғылым саласындағы аса зор жетістіктері үшін жыл сайынғы сыйлықтарды алуға ұсынылуы;

      2) мемлекеттік ғылыми стипендияларды алуға ұсынылуы мүмкін.

      Мемлекеттік ғылыми стипендиялар:

      мемлекет үшін басым бағыттарда іргелі немесе қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүргізуге, ғылыми кадрларды даярлауға белсене қатысатын ғалымдар мен ғылыми қызметкерлерге;

      ғылыми проблемаларды шешу бойынша зерттеулер жүргізуге белсене қатысатын және ғылыми қоғамдастық мойындаған, қоса алғанда отыз бес жасқа дейінгі талантты жас ғалымдарға да берілуі мүмкін.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Сыйлықтар алу үшін жұмыстарды ұсыну құқығы меншік нысанына қарамастан Қазақстан Республикасы ғылыми ұйымдарының және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – ұйымдар) консультативтік-кеңесші органдарына (ғылыми кеңестер) беріледі.";

      14-тармақтың бірінші бөлігінің 4) тармақшасы алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 41-тармақпен толықтырылсын:

      "41. Мемлекеттік стипендияны тағайындау туралы сертификаттарды уәкілетті орган береді.".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин