Дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған бюджеттен тыс ақша қаражатын бөлу жөніндегі бірыңғай операторды айқындау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 14 мамырдағы № 301 қаулысы.

Қолданыстағы

      "Дене шынықтыру және спорт туралы" 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 8-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған бюджеттен тыс ақша қаражатын бөлу жөніндегі бірыңғай операторды айқындау қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2020 жылғы 14 мамырдағы
№ 301 қаулысымен
бекітілген

Дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған бюджеттен тыс ақша қаражатын бөлу жөніндегі бірыңғай операторды айқындау қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған бюджеттен тыс ақша қаражатын бөлу жөніндегі бірыңғай операторды айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Дене шынықтыру және спорт туралы" 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 8-1) тармақшасына сәйкес әзірленген және дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған бюджеттен тыс ақша қаражатын бөлу жөніндегі бірыңғай операторды (бұдан әрі – бірыңғай оператор) айқындау тәртібін белгілейді.

      2. Бірыңғай операторды айқындау үшін дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкiлеттi органның (бұдан әрі – уәкiлеттi орган) жанынан Дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған бюджеттен тыс ақша қаражатын бөлу жөніндегі бірыңғай операторды айқындау жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылады.

      3. Комиссияның жұмыс органы оның қызметін ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті (бұдан әрі – Комитет) болып табылады.

      4. Комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан және Комиссия мүшелерінен тұрады.

      Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Комиссия төрағасы болып табылады.

      Комиссия төрағасы отырыстарда төрағалық етеді, оның қызметін жоспарлайды және оған басшылық етеді, оның шешімдерінің іске асырылуын жалпы бақылауды жүзеге асырады. Комиссия төрағасы болмаған жағдайда, төрағаның функциялары Комиссия төрағасының орынбасарына жүктеледі.

      5. Егер отырысқа Комиссия мүшелерінің жалпы санының жартысынан көбі қатысса, ол заңды деп есептеледі.

      6. Хатшы Комиссия отырысының күн тәртібін қалыптастырады, қажетті құжаттармен қамтамасыз етеді, Комиссияның отырысын ұйымдастырады.

      Комиссия хатшысы оның мүшесі болып табылмайды және шешім қабылданған кезде дауыс беруге құқығы жоқ.

2-тарау. Бірыңғай операторды айқындау тәртібі

      7. Уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында және мерзімді басылымдарда бірыңғай операторды айқындау бойынша конкурс өткізу туралы хабарландыру жариялайды.

      Конкурстық өтінімдерді қабылдауды Комитет хабарландыру орналастырылған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде жүзеге асырады.

      8. Корпоративтік қор нысанындағы коммерциялық емес ұйым конкурсқа қатысу үшін ұсынатын конкурстық өтінім Комитетке жіберіледі және онда:

      1) уәкілетті органның бұйрығымен бекітілген өтініштің нысаны бойынша конкурсқа қатысуға өтініш берушінің бірінші басшысының қолы қойылған өтініш;

      2) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік немесе анықтама;

      3) заңды тұлға жарғысының нотариалды куәландырылған көшірмесі және құрылтай шартының көшірмесі (болған жағдайда);

      4) "Дербес шоттарды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 27 ақпандағы № 306 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16601 болып тіркелген) Дербес шоттарды жүргізу қағидаларына 17-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік кірістер органдарында есепке алу жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер;

      5) өтініш берушіге қызмет көрсететін банктің өтініш берушінің банк алдындағы міндеттемелерінің барлық түрлері бойынша анықтама берілген күннің алдындағы үш айдан астам мерзімі өткен берешегінің жоқтығы туралы (егер өтініш беруші екінші деңгейдегі бірнеше банктің, сондай-ақ шетелдік банктің клиенті болып табылса, осы анықтама осындай банктердің әрқайсысынан ұсынылады) уәкілетті тұлғаның қолы қойылған және мөр басылған (болған жағдайда), конверттер ашылған күннің алдында берілгеніне бір ай болмаған анықтамасының түпнұсқасы;

      6) екінші деңгейдегі банктердің шотындағы (шоттарындағы) шарттардың көшірмелері немесе шоттан үзінді-көшірмелер немесе демеушілік және (немесе) қайырымдылық көмек көрсету шеңберінде бөлінген қаражатты бөлуді қоса алғанда, дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған қаражатты бөлу тәжірибесінің кемінде сегіз жыл болуын растайтын өзге де құжаттар қамтылады.

      Конкурстық өтінім жабық конвертте мемлекеттік және орыс тілдерінде ұсынылады. Ұсынылған құжаттардың барлық парақтары өзара тігіліп, нөмірленеді және оған уәкілетті тұлға қол қояды.

      9. Мыналар бірыңғай операторды айқындау өлшемшарттары болып табылады:

      1) өтініш берушінің заңды тұлға ретінде тіркелуі;

      2) салықтық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешегінің болмауы;

      3) демеушілік және (немесе) қайырымдылық көмек көрсету шеңберінде бөлінген қаражатты бөлуді қоса алғанда, кемінде сегіз жыл дене шынықтыру мен спортты дамытуға бағытталған қаражатты бөлу тәжірибесінің болуы;

      4) заңды тұлға банкроттық не таратылу рәсіміне жатпауы тиіс, қаржы-шаруашылық қызметі бірыңғай операторды айқындау кезінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тоқтатыла тұрмауы тиіс;

      5) Қазақстан Республикасының резиденттігі.

      10. Өтінімдерді қабылдау аяқталған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей Комиссия жабық конверттерді ашады және конкурстық өтінімдерді толықтығы мен тиісінше ресімделуі тұрғысынан қарайды. Осы Қағидалардың 8 және 9-тармақтарында көрсетілген талаптарға сәйкес келмейтін конкурстық өтінімдер қабылданбайды және өтініш берушілерге қайтарылуға жатады.

      Мәліметтерді нақтылау мақсатында Комиссия ашық деректердің интернет-порталынан қосымша ақпарат алуға құқылы.

      11. Конверттерді ашқан күні Комиссия төрағасы конкурсқа қатысуға жіберілген қатысушыларды және конкурстық өтінімдері осы Қағидалардың 8 және 9-тармақтарына сәйкес келмегендіктен қабылданбаған қатысушыларды хабарлайды.

      12. Комиссия мүшелері өтініш берушілердің құжаттарын қарау кезінде олардың Комиссия хатшысына қайтарылғанға дейін сақталуын қамтамасыз етеді.

      13. Отырыстың қорытындысы бойынша Комиссия бірыңғай операторды отырысқа қатысып отырған мүшелерінің оған қатысып отырғандар санының үштен екісі мөлшеріндегі көпшілік дауысымен айқындауды ұсынады. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасының дауысы шешуші дауыс болып табылады. Комиссия мүшелері ерекше пікір білдірген жағдайда оны жазбаша түрде баяндайды және Комиссия хаттамасына қоса береді.

      14. Егер өтінімдерді ұсыну мерзімі ішінде осы Қағидалардың 8 және 9-тармақтарының талаптарына сәйкес келетін бір ғана конкурстық өтінім берілсе, онда Комиссия осы коммерциялық емес ұйымды бірыңғай оператор етіп айқындау туралы шешім қабылдайды.

      15. Конверттерді ашу және конкурсқа қатысуға рұқсат беру, соңдай-ақ Бірыңғай операторды айқындау жөніндегі комиссия отырысының қорытындылары туралы хаттамаға Комиссия отырысы өткен күні төраға, отырысқа қатысқан барлық Комиссия мүшелері, сондай-ақ Комиссия хатшысы қол қояды және конкурстық өтінімдер қаралған кезден бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей уәкiлеттi органның интернет-ресурсына орналастырылады, соңдай-ақ ресми жариялау үшін мерзімді баспасөз басылымдарына жіберіледі.

      Конверттерді ашу және конкурсқа қатысуға рұқсат беру хаттамасының, соңдай-ақ Комиссия отырысы хаттамасының нысандары уәкілетті орган бекітеді.

      16. Егер:

      1) бірде-бір конкурстық өтінім берілмесе;

      2) өтініш берушілердің бәрі осы Қағидалардың 8 және 9-тармақтарының талаптарына сәйкес келмесе, Комиссия конкурсты өткізілмеді деп таниды.

      17. Егер конкурс өткізілмеді деп танылған болса, уәкілетті орган конкурсты қайта өткізу туралы шешім қабылдайды.

      18. Отырыстың қорытындысы бойынша Комиссия өтініш берушілердің біреуін бірыңғай оператор ретінде айқындауды ұсынады.

      Уәкілетті орган бірыңғай операторды айқындау туралы шешім қабылдайды. Шешім уәкілетті органның бұйрығымен ресімделеді.

      19. Уәкілетті органның шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шағым жасауға болады.