"Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы" 2001 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындау жөніндегі операторлардың отандық тауар өндірушілер мен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілер тізіліміне енгізілген ұйымдар арасынан мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындаушыларды таңдауды жүзеге асыруы қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 788 қаулысымен бекітілген |
Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындау жөніндегі операторлардың отандық тауар өндірушілер мен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілер тізіліміне енгізілген ұйымдар арасынан мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындаушыларды таңдауды жүзеге асыруы қағидалары
1. Осы Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындау жөніндегі операторлардың отандық тауар өндірушілер мен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілер тізіліміне енгізілген ұйымдар арасынан мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындаушыларды таңдауды жүзеге асыруы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындау жөніндегі операторлардың (бұдан әрі – операторлар) мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты (бұдан әрі – қорғаныстық тапсырыс) орындаушыларды отандық тауар өндірушілер мен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілер тізіліміне (бұдан әрі – тізілім) енгізілген ұйымдар арасынан таңдауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Қорғаныстық тапсырысты орындаушыларды таңдауды операторлар қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру кезінде мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс берушілермен келісу бойынша тізілімге енгізілген ұйымдар арасынан ұйымның мынадай:
1) өндірістің қажетті шарттарын, оның ішінде мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің қорғалуын қамтамасыз ету;
2) əскери мақсаттағы тауарларды (өнімді) жəне қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімді) өндіру қабілеті;
3) талап етілетін сападағы əскери мақсаттағы жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді неғұрлым тиімді экономикалық шарттарда жүзеге асыру мүмкіндіктеріне сүйене отырып жүргізеді.
3. Қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) ағымдағы жылғы 10 ақпаннан кешіктірмей операторға мемлекеттік тапсырыс берушінің қорғаныстық тапсырыс өнімін сатып алу ниеті туралы сұрау салуды жолдайды, ол мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің атауы және тактикалық-техникалық сипаттамалары (техникалық ерекшелігі);
2) тауар (өнім) саны, орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің көлімі;
3) тауарды (өнімді) жеткізу, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді орындау орны және талап етілетін мерзімдері;
4) берілетін тауарларға (өнімге), орындалатын жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге кепілдік мерзімі;
5) құны тауардың (өнімнің), жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құнына қосылуы тиіс қосымша көрсетілетін қызметтер тізбесі;
6) төлем шарттары, оның ішінде аванстық төлем мөлшері;
7) қажет болған жағдайда әскери және арнайы киiм нысанын, айырым белгiлерiн және жеке қорғану құралдарын сатып алу кезінде тәжірибелік үлгілерді ұсыну қажеттілігі туралы талап.
4. Оператор уәкілетті органның тиісті сұрау салуын алған күннен бастап
үш күннен кешіктірмей тізілімге енгізілген барлық ұйымдарға осы Қағидалардың 3-тармағына сәйкес қорғаныстық тапсырыс өнімін сатып алу ниеті туралы сұрау салуды жолдайды.
Сонымен қатар оператор ұйымдардан баға (коммерциялық) ұсыныстарына сұрау салады.
5. Ұйымдар сұрау салуды алғаннан кейін, оны алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде өзінің баға (коммерциялық) ұсыныстарын қоса бере отырып жауап жолдайды.
Ұйымдар қажет болған кезде оператордан осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген сұрау салудың талаптарын нақтылайды.
6. Ұйымдар жауапқа берілетін тауарлардағы, жұмыстардағы немесе көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту үлесінің пайызын растайтын құжаттарды қоса беруі мүмкін.
7. Ұйым қорғаныстық тапсырыс үшін жоспарланатын соманы ұлғайтуға әкелмейтін, тактикалық-техникалық (техникалық) сипаттамалары оператордың сұрау салуында көрсетілгенге қарағанда жақсы өнімді ұсынуы мүмкін.
8. Оператор тізілімге енгізілген ұйымдар арасынан орындаушыларды таңдау кезінде мыналарды:
1) әлеуетті орындаушылар ұсынатын қорғаныстық тапсырыс өнімі техникалық сипаттамаларының сұрау салу талаптарына сәйкес келуін;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда тиісті қызмет түрін жүзеге асыруға арналған лицензияның бар болуын;
3) тапсырыс беруші айқындаған көлемде қорғаныстық тапсырыс нысанасы болып табылатын тауарларды (өнімді), жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндіру үшін қажетті өндірістік үй-жайлардың, технологиялық жабдық пен білікті мамандардың бар болуын;
4) әскери және арнайы киiм нысанын, айырым белгiлерiн және жеке қорғану құралдарын шығару саласында мамандандырылған орындаушылар үшін тапсырыс беруші айқындаған көлемде қорғаныстық тапсырыс нысанасы болып табылатын тауарларды (өнімді), жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндіру үшін қажетті меншік құқығындағы өндірістік (қоймалық) үй-жайлар мен технологиялық жабдықтардың, білікті мамандардың бар болуын ескереді.
9. Операторлар іргелі жəне қолданбалы ғылыми зерттеулерді орындаушыларды таңдауды қорғаныстық зерттеулер жүргізу үшін бекітілген тәртіпке сәйкес жүргізеді.
10. Егер екі немесе одан да көп ұйымда тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге бірдей тиімді экономикалық шарттар бар болса, таңдау жергілікті қамтудың анағұрлым көп үлесі бар тауардың, жұмыстың және көрсетілетін қызметтің пайдасына шешіледі.
11. Егер тізілімге енгізілген ұйым қорғаныстық тапсырыс өнімінің жалғыз отандық берушісі болып табылса, жауапқа өнім құнының калькуляциясы бар бір баға (коммерциялық) ұсынысы қоса беріледі.
12. Операторлар орындаушыларды таңдауды тізілімге енгізілген, анағұрлым төмен баға ұсынған және уәкілетті органның сұрау салуында көрсетілген талаптарға сәйкес келетін қорғаныстық тапсырыс өнімін ұсынған ұйымдар арасынан жүзеге асырады.
13. Оператор қорғаныстық тапсырысты орындаушыны таңдау қорытындылары бойынша уәкілетті органға оның сұрау салуына жауапты қорғаныстық тапсырысты орындаушыны көрсете отырып, ағымдағы жылғы 1 наурыздан кешіктірмей жолдайды.
Операторлар жауапқа уәкілетті органға тізілімнен ұйым тауарының (өнімінің), жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерінің әрбір атауына үш баға (коммерциялық) ұсынысын береді.
Сонымен қатар оператор уәкілетті органға тізілімге енгізілген ұйымды таңдау туралы негіздеме ұсынады.
14. Қорғаныстық тапсырысты дербес орындауға қабілетті операторлар уәкілетті органның сұрау салуына жауапқа тізілімдегі ұйым тауарының (өнімінің), жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерінің әрбір атауына үш баға (коммерциялық) ұсынысын беру жолымен берілетін қорғаныстық тапсырыс өніміне арналған баға негіздемесін қоса береді.
15. Қорғаныстық тапсырыс өнімінің жалғыз отандық берушісі болып табылатын операторлар жауапқа өнім құнының калькуляциясы бар бір баға (коммерциялық) ұсынысын қоса береді.
16. Ұйымда қорғаныстық тапсырыс өнімін өндірудің осындай түрінің болмауына байланысты тізілімге енгізілген ұйымдар арасынан орындаушыны таңдау мүмкін болмаған жағдайда, оператор уәкілетті органның мекенжайына жауап беруді сұрау салуды алған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмейтін мерзімде жүзеге асырады.
Жауапқа тізілімнен орындаушы таңдаудың мүмкін болмау себептерін көрсете отырып, негіздеме де қоса беріледі.