Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру және пайдалану қағидаларын бекiту туралы" 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1420 және "Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларын бекіту туралы" 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 26 желтоқсандағы № 1072 қаулысы

Қолданыстағы

      2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне мынадай өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлсiн:
      1) «Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру және пайдалану қағидаларын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1420 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 5, 88-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру және пайдалану қағидаларында:
      2-тармақ мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:
      «7) ведомстволық тұрғын үй қоры – мемлекеттік мекемелердің теңгерімінде тұрған, тұрғынжай комиссиясының шешімі бойынша ротация тәртібімен лауазымға тағайындалатын мемлекеттік қызметшілерге лауазымдық міндеттерін орындау кезеңінде тұру үшін одан әрі жекешелендіру құқығынсыз беруге арналған қызметтік тұрғынжайлар.»;
      6-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «6-1. Мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қорынан тұрғын жайлар, осы Қағидалардың 6-2 және 6-5-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы мекеменің осы елді мекендегі тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлерінің пайдалануына беріледі.»;
      мынадай мазмұндағы 6-5-тармақпен толықтырылсын:
      «6-5. Ведомстволық тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар ауысу тәртібімен лауазымға тағайындалған, осы елді мекендегі тұрғын үйге мұқтаж мемлекеттік қызметшілерге лауазымдық міндеттерін орындау кезеңіне пайдалануға беріледі.»;
      2) «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 40, 585-құжат).
      көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендiру қағидаларында:
      2-тармақта:
      7) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «7) қызметтік тұрғын үй – мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан берілетін және өздерінің еңбек қатынастарының сипатына байланысты міндеттерін орындауы кезеңінде, оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің ротациясын жүзеге асырған кезде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарын қоныстандыруға арналған айрықша құқықтық режимі бар тұрғын үй;»;
      мынадай мазмұндағы 15) тармақшамен толықтырылсын:
      «15) ведомстволық тұрғын үй қоры – мемлекеттік мекемелердің теңгерімінде тұрған, тұрғын үй комиссиясының шешімі бойынша ауысу тәртібімен лауазымға тағайындалатын мемлекеттік қызметшілерге лауазымдық міндеттерін орындау кезеңінде тұру үшін одан әрі жекешелендіру құқығынсыз беруге арналған қызметтік тұрғын үйлер.»;
      4-тармақтың бірінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк мекемелердің қызметкерлері мен судьялар, егер олар мемлекеттiк қызметте, бюджеттiк ұйымдарда, мемлекеттік кәсіпорындарда немесе судья лауазымында (мемлекеттiк сайланбалы қызметте болу мерзiмiн қоса алғанда) кемiнде он жыл (жиынтығында) жұмыс iстесе, сондай-ақ, егер еңбек қатынастары мынадай негіздер бойынша:»;
      10-тармақ мынадай мазмұндағы 8-1) тармақшамен толықтырылсын:
      «8-1) ауысу тәртібімен лауазымға тағайындалған мемлекеттік қызметшілерге лауазымдық міндеттерін орындау кезеңіне ведомстволық тұрғын үй қорынан берілген;»;
      2. Осы қаулы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  К.Мәсімов