Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің отандық өндірушілер мен экспорттаушыларды қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі № 271 қаулысы

Жаңартылған

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.11.2015 № 913 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің отандық өндірушілер мен экспорттаушыларды қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары (бұдан әрі – Жоспар) бекітілсін.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.11.2015 № 913 қаулысымен.
      2. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы (келісім бойынша) «Қазақстан Даму Банкі» акционерлік қоғамымен келісім бойынша) бірлесіп:
      1) Жоспардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін;
      2) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігіне тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күніне қарай Жоспардың орындалуы туралы ақпарат берсін.
      3. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Қазақстан Республикасының Үкіметіне тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 20-күніне қарай Жоспардың орындалуы туралы жиынтық ақпарат берсін.
      4. Осы қаулы қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

      Қазақстан Республикасы
      Үкіметінің      
      2015 жылғы 23 сәуірдегі
      № 271 қаулысымен  
      бекітілген      

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің отандық өндірушілер мен экспорттаушыларды
қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен
іс-қимыл жоспары

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.11.2015 № 913 қаулысымен.

Ағымдағы жағдайды талдау

      Ескерту. Бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.11.2015 № 913 қаулысымен.

      Соңғы жылдары Қазақстан Республикасында экономикалық өсу қарқынының бәсеңдеуі байқалады - 2007 жылғы дағдарысқа дейінгі деңгеймен салыстырғанда жалпы ішкі өнімнің (бұдан әрі - ЖІӨ) өсу қарқыны екі еседен астамға төмендеді. 2014 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы ЖІӨ-нің өсу қарқыны 4,3%-ды құрады.
      Дағдарыстан кейінгі кезеңде экономиканың өсуіндегі негізгі рөл соңғы жылдары ЖІӨ жалпы өсімінде ЖІӨ жиынтық өсімінің 70%-ына дейін алатын көрсетілетін қызметтер секторына тиесілі. Бұл ретте, өнеркәсіптің елдің экономикалық өсуіне қосатын үлесі айтарлықтай төмендеді. Өнеркәсіптік өндірістің ЖІӨ өсіміндегі үлесі 2008 жылғы 21 %-дан 2013 жылғы 12 %-ға дейін төмендеді, 2014 жылдың алдын ала қорытындысы бойынша өнеркәсіптің экономикалық өсуге қосқан үлесі теріс мәнде.
      Соңғы жылдары өндірістік салалардың өсу қарқыны көрсетілетін қызметтер саласының дамуынан орташа алғанда 3 есе артта қалып қойғанын атап өту қажет. 2008 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда Қазақстан Республикасындағы өнеркәсіптік өндірістің көлемі 20 %-ға өсті, сол уақытта сауда секторындағы өсім 79 %-ды құрады. Нәтижесінде ЖІӨ-нің салалық құрылымындағы өнеркәсіптің үлесі 2008 жылғы 35 %-дан 2014 жылғы 29,9 %-ға дейін төмендеді.
      Өңдеу өнеркәсібіндегі басым салалардың дамуы да бәсеңдеген. 2014 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі 1%-ға артты, ЖІӨ құрылымдағы үлесі 10,5 %-ға дейін төмендеді. Елдің экспортында шикізаттық емес енімнің үлестік салмағы алты жылдың ішінде 28 %-дан 3 %-ға дейін қысқарды.
      Ұлттық валюта бағамына жүргізілген түзету 2014 жылы өңдеуші өнеркәсіп саласына теріс әсер етті, бұл импорттық шикізат пен жинақтаушы материалдар құнының артуына ықпал етті. Қайта өңдеуші секторлар үшін қосымша жағымсыз сәт сұраныстың отандық өндірушілердің пайдасына қайта бөлінбеуіне әсер еткен 2014 жылдың соңғы айларында ресей рублі бағамының құлдырауы болып табылады. Ұлттық валюта бағамының түзетуінен зиян шеккен барынша осал салалар автомобиль жасауды, ұшатын әуе құралдарын өндіруді және теміржол техникасын өндіруді қоса алғанда, машина жасау секторлары болып табылады.
      2014 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда машина жасау өнімін өндіру көлемі 0,5 %-ға азайды. Бұл ретте жеңіл автомобильдер шығарудың 0,8 %-ға, теміржол жүк вагондары – 5,2 %-ға, жолаушы вагондары – 55 %-ға, дизельді локомотивтер – 44 %-ға азайғаны байқалады.
      Бұдан басқа, отандық машина жасау өнімін өндірушілерге ішкі тұтынушылық сұраныстың төмендеуі мен шығарудың өзіндік құнының өсуінен басқа негізгі сауда әріптестермен байқалатын валюталық сәйкессіздіктер нәтижесінде бәсекеге қабілеттіліктің төмендеуі теріс әсер етуде. 2014 жылғы қаңтар – желтоқсан аралығында отандық өндірушілердің шығару көлемінің азаюы аясында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша Қазақстан Республикасына жеңіл автомобильдер импорты алдыңғы жылдың осындай кезеңіндегі деңгейге қатысты 0,4 %-ға артқан. Бұл ретте Ресей Федерациясынан автомобильдер импорты 2014 жылы 7,9 %-ға, Өзбекстан Республикасынан – 58 %, Беларусь Республикасынан – 4,4 есеге артты.
      Нарықтың ішкі сыйымдылығының қысқаруынан туындаған теміржол жүк вагондарының жалпы импорты деңгейінің төмендеуіне қарамастан, Ресей Федерациясынан вагондар импорты 2014 жылдың 11 айында 3,1 есеге артқан, қазақстандық нарықтағы Ресей өңдірушілерінің үлесі бір жылдың ішінде 15 %-дан 52 %-ға дейін өскен.
      Сондай-ақ экономика дамуындағы және өңдеу өнеркәсібіндегі жағымсыз сәт, атап айтқанда, елдегі инвестициялық белсенділіктің төмендеуі болып табылады. Соңғы алты жылдың ішінде инвестициялардың жыл сайынғы өсімі 9%-дан 2014 жылы 3,9%-ға дейін төмендеді, ал өңдеуші өнеркәсібіне салынған инвестициялардың өсуі 2014 жылы 0,9%-ды құрады. Бұл ретте 2014 жылдың қорытындысы бойынша ірі компаниялардың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 7,5%-ға дейін төмендеген.
      Екінші деңгейдегі банктердің (бұдан әрі - ЕДБ) консервативтік саясатының нәтижесінде негізгі капиталға салынған инвестицияларды қаржыландырудың негізгі көзі үлесіне барлық күрделі салымдардың жартысынан астамы тиесілі кәсіпорындардың меншікті қаражаты болып қалуда.
      Инвестициялық белсенділіктің төмендеуімен қатар, Қазақстанда банктік кредит берудің төмен серпіні байқалатынын атап өту қажет. 2014 жылдың соңғы айларындағы төмен кредиттік белсенділіктің негізгі себебі нарықтың ұлттық валюта бағамының қайта түзетілуін және тиісінше, теңгеде тартылатын қарыз капиталының жоғары құнын күтуі болды. Осылайша, өңдеу өнеркәсібіне және машина жасау секторларына ұлттық валютадағы кредиттік қаражаттың қолжетімділігін арттыру қажеттігіне байланысты, атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің айналым капиталын толықтыруда және негізгі қорларды жаңартуда кәсіпорындар қажеттілігін ескеретін қаржы қаражатын бөлу бойынша қосымша шараларды қабылдау қажеттігі атап өтіледі.
      Осы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – ҚР ҰБ) отандық өндірушілер мен экспорттаушыларды қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарында (бұдан әрі – Жоспар) «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – «ҚДБ» АҚ) еншілес ұйымы «ҚДБ-Лизинг» акционерлік қоғамымен бірлесіп, лизинг және/немесе қарыз тетігі арқылы мынадай үш бағыт бойынша қаржыландыруды ұсынуы арқылы 2015 – 2016 жылдары орта және ірі кәсіпкерлік субъектілерін (бұдан әрі - ОІКС) қолдауға бағытталған шаралар кешені айқындалады:
      1) бірінші бағыт: отандық автоөндірушілерді қолдау;
      2) екінші бағыт: жолаушы вагондарының өндірісін қолдау;
      3) үшінші бағыт: экспорттаушыларды қолдау.

Жалпы ережелер

Мақсатқа қол жеткізу және қойылған міндеттерді іске асыру тетіктері

      Ескерту. Кіші бөлім жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.11.2015 № 913 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының (бұдан әрі – Ұлттық қор) қаражатынан 2015 – 2016 жылдары отандық өндірушілер мен экспорттаушыларды қолдау үшін ОІКС жалпы қаржыландыру көлемі 100 миллиард теңгені құрайды.
      Осы мақсаттар үшін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ) облигациялар айналымының басталу күнінен бастап 20 жылға дейінгі мерзімге жылдық 0,1 % сыйақы мөлшерлемесі бойынша 100 миллиард теңге сомасына (2015 жылы 85 миллиард теңге және 2016 жылы 15 миллиард теңге) облигациялар шығару арқылы Ұлттық қордан қарыз алуды жүзеге асырады. Облигациялық қарыздарды өтеу мерзімі – эмитенттің бастамасы бойынша мерзімінен бұрын өтеу құқығымен айналым мерзімінің соңында.
      Қаражат алғаннан кейін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ жоғарыда аталған үш бағыт бойынша шараларды іске асыру үшін мынадай негізгі шарттарда қарыз шартын жасасу арқылы «ҚДБ» АҚ-ға 2015 жылы 85 миллиард теңге және 2016 жылы 15 миллиард теңге көлемінде қарыз қаражатын береді:
      1) сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 0,15%;
      2) қарыз мерзімі – 20 жылға дейін;
      3) негізгі қарызды төлеу – қарыз алушының бастамасы бойынша мерзімінен бұрын өтеу құқығымен айналым мерзімінің соңында;
      4) қарыз бойынша сыйақыны төлеу – жылына 2 рет;
      5) қарыздың нысаналы мақсаты – отандық автоөндірушілер, жолаушы вагондарын өндірушілер үшін лизинг және/немесе қарыз тетігі арқылы қаржыландыруды ұсыну; экспорттық және экспорт алдындағы кредит беру;
      6) қарыз көлемі – 100 миллиард теңге, оның ішінде 2015 жылы: отандық автоөндірушілерді қолдауға – 30 миллиард теңге, жолаушы вагондарының өндірісін қолдауға – 5 млрд. теңге және экспорттаушыларды қолдауға – 50 миллиард теңге; 2016 жылы экспорттаушыларды қолдауға – 15 миллиард теңге.
      «ҚДБ» АҚ Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттан төлемдер жасау үшін ҚР ҰБ-да жеке банктік шот ашады.
      «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ «ҚДБ» АҚ-ның ҚР ҰБ-дағы жеке банктік шотында жасалған қарыз шартының талаптарына сәйкес қаражат сомасын орналастырады.
      «ҚДБ» АҚ осы Жоспарда айқындалған шарттарда үш бағыт бойынша ОІКС-ті қаржыландыруды ұсынады.

Қаржыландыру тетіктері мен шарттары

1. Отандық автоөндірушілерді қолдау

Екінші деңгейдегі банктер арқылы отандық автоөндірушілерді қолдау шеңберінде негізделген қаржыландыру 

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.11.2015 № 913 қаулысымен.

      Ұлттық қор қаражаты отандық өндірістің жеңіл автокөлігін сатып алушыларға - жеке тұлғаларға кредит беру үшін екінші деңгейдегі банктерді (бұдан әрі - ЕДБ) негізделген қаржыландыру арқылы отандық автоөндірушілерді қолдау үшін бөлінеді.
      1. Қаржыландырудың жалпы лимиті – кемінде 23 миллиард теңге.
      2. Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі – Мемлекеттік комиссия) отандық автоөндірушілердің тізбесін және олардағы лимиттер сомаларын, сондай-ақ ЕДБ тізбесін және ЕДБ-дегі лимиттер сомаларын мақұлдайды.
      3. «ҚДБ» АҚ және ЕДБ Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттан төлемдер жасау үшін ҚР ҰБ-де жеке банктік шоттар ашады.
      4. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ «ҚДБ» АҚ-ның ҚР ҰБ-дағы жеке банктік
шотында жасалған қарыз шарттарына сәйкес қаражат сомасын орналастырады.
      5. «ҚДБ» АҚ ЕДБ-мен мынадай негізгі шарттарда банктік қарыз шартын жасасады:
      1)  ЕДБ-нің ҚР ҰБ-дағы жеке банктік шоттарында Мемлекеттік комиссия мақұлдаған лимиттер шегінде қамтамасыз етусіз қарыз қаражатын орналастыру;
      2) сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 1,0%-дан аспайды;
      3) ЕДБ қарызының мерзімі - 20 жылға дейін;
      4) қарыз бойынша сыйақы төлеу - жылына 2 рет;
      5) ЕДБ-нің кредит қаражатын игеру мерзімі – қарыз сомасын ұлғайту туралы ҚДБ мен ЕДБ арасындағы банктік қарыз шартын/банктік қарыз шартына қосымша келісім жасасу күнінен бастап 18 айға дейін;
      6) ЕДБ қарыз валютасы - теңге;
      7) негізгі қарызды өтеу - мерзімінен бұрын ішінара немесе толық  өтеу құқығымен тиісті қарыз шартының талаптарына сәйкес мерзімнің соңында;
      8) «ҚДБ» АҚ және ЕДБ арасында жасалған банктік қарыз шарты шеңберінде қаражат отандық өндірістің жеңіл автокөлігін сатып алушыларға - жеке тұлғаларға кредит беру мақсаттары үшін ЕДБ-ге жіберіледі.
      6. ЕДБ орналастырылған кредиттік қаражаттың нысаналы пайдаланылуы және игерілуі бойынша «ҚДБ» АҚ алдында есеп береді.
      ЕДБ есептерін ұсыну тәртібі, нысаны және мерзімділігі, сондай-ақ осы Жоспарда көзделмеген ЕДБ кредиттерін берудің өзге шарттары тиісті банктік қарыз шартында белгіленеді.
      ЕДБ-ға бөлінетін қаражатты шетел валютасына инвестициялауға жіберуге тыйым салынады.
      ЕДБ ай сайынғы негізде бұрын берілген қарыздарды түпкілікті қарыз алушылардың өтеуі есебінен босатылған қаражатты ҚР ҰБ-дағы өзінің жеке банктік шоттарына есепке жазуды жүзеге асырады.
      7. Түпкілікті қарыз алушылар отандық өндірістің жеңіл автокөлігін сақтандыру және кепілге ресімдеу бойынша шығыстарды төлейді.
      8. Бөлінген қаражат мақсатты пайдаланылмаған және/немесе уақтылы игерілмеген, сондай-ақ «ҚДБ» АҚ мен ЕДБ арасындағы банктік қарыз шартында көзделген жағдайлар, «ҚДБ» АҚ тиісті банктік қарыз шартын мерзімінен бұрын бұзуға және жоғарыда аталған бұзушылықтар анықталған орналастырылған қаражатты кері қайтарып алуға құқылы.
      9. «ҚДБ» АҚ мен ЕДБ арасында жасалған банктік қарыз шарттары бойынша қарыздарды ЕДБ мерзімінен бұрын өтеген жағдайда, аталған қаражатты қайта пайдалану Мемлекеттік комиссияның тиісті шешімінің негізінде жүзеге асырылады.

Отандық өндірістің автомобильдерін сатып алушыларды - түпкілікті қарыз алушыларды қаржыландыру шарттары

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.11.2015 № 913 қаулысымен.

      Нысаналы топ - отандық өндірістің жеңіл автокөлігін сатып алушылар - жеке тұлғалар.
      1. Түпкілікті қарыз алушылардың мақұлданған өтінімдеріне кредит беру мақсатында ЕДБ «ҚДБ» АҚ-пен ЕДБ-ның ҚР ҰБ-дағы жекелеген банктік шотынан қаражатты есептен шығару үшін қажетті сомаларды алдын ала келісуді жүзеге асырады.
      2. Кредиттер түпкілікті қарыз алушыларға нысананы пайдалану, ақылылық, мерзімділік, қайтарымдылық және қамтамасыз етілу шарттарында беріледі, оның ішінде:
      1) жеңіл автокөліктің 1 бірлігінің құны – 9000000 теңгеден аспайды;
      2) кредит беру мерзімі - 5 жылдан аспайды;
      3) түпкілікті қарыз алушы үшін номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 4,0%-дан аспауы тиіс. Бұл ретте, ҚР ҰБ* талаптарына сәйкес айқындалатын түпкілікті қарыз алушы үшін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі түпкілікті қарыз алушының автокөлікті сақтандыру және кепілге ресімдеу бойынша шығындарын ескере отырып, жылдық 7,5%-дан аспауы тиіс;
      4) кредит беру валютасы - теңге;
      5) бастапқы жарна (бар болса) – автокөлік құнының 20 %-ынан аспайды;
      6) түпкілікті қарыз алушы ЕДБ алдындағы қарызды өтеген кезде,  ЕДН-нің отандық өндірістің жеңіл автокөлігін сатып алушыларға қайтарылған қаражат есебінен және осы Жоспарда айқындалған шарттарда  қайта кредит беруге жол беріледі.

      ___________________________________
      *ҚР ҰБ 2012 жылғы 26 наурыздағы № 137 қаулысымен бекітілген қарыздары мен салымдары бойынша шынайы, жылдық, тиімді, салыстырмалы есептеудегі сыйақы мөлшерлемелерін (нақты құнын) есептеу қағидалары.

ЕДБ-ге қойылатын талаптар

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.11.2015 № 913 қаулысымен.

      1. Халықаралық рейтинг агенттіктерінің бірі берген «В-»-дан төмен емес кредиттік рейтингтің болуы.
      2. Кредитті игеру кезінде Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде филиалдық желінің болуы.
      3. Қарыз қаражатын беру күніне негізгі қарыз және (немесе) есептелген сыйақы бойынша 90 күннен астам мерзімі өтіп кеткен берешегі бар кредиттер деңгейі ЕДБ-нің кредиттік қоржынының 15%-ынан жоғары ЕДБ үшін қосымша талап белгіленеді - ҚР ҰБ-мен жазбаша келісімдер жасасу. Жазбаша келісім негізгі қарыз және (немесе) есептелген сыйақы бойынша 90 күннен астам мерзімі өтіп кеткен берешегі бар кредиттер деңгейін ҚР ҰБ белгілеген мерзімде ЕДБ-нің кредиттік қоржынының 15%-ына дейін төмендету бойынша ЕДБ-нің міндетін көздейтін болады.

ЕДБ арқылы отандық автоөндірушілерді қолдау шеңберінде негізделген қаржыландыру қаражатын мониторингтеу

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.11.2015 № 913 қаулысымен.

      ЕДБ арқылы отандық автоөндірушілерді қолдау шеңберінде негізделген қаржыландыру қаражатын мониторингтеу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
      1. «ҚДБ» АҚ ЕДБ-нің банктік қарыз шарттары бойынша өзінің қаржылық және қаржылық емес міндеттемелерін орындауын мониторингтеуді жүзеге асырады.
      2. «ҚДБ» АҚ ҚР ҰБ-да ашылған ЕДБ арнайы шоттарынан қаражатты есептен шығаруды алдын ала келісуді мынадай тәртіппен жүзеге асырады:
      ЕДБ «ҚДБ» АҚ-пен белгілеген нысанға сәйкес қаржыландыруға мақұлданған қарыз алушылардың тізімі бар хат пен қарыз алушыларды мақұлдау туралы ЕДБ-нің уәкілетті органдарының шешімдерін ұсыну арқылы ҚР ҰБ-да ашылған ЕДБ-нің арнайы шотынан қарыз қаражатын есептен шығару үшін қажетті сомаларды алдын ала келісуді жүзеге асырады;
      «КДБ» АҚ ЕДБ ұсынған деректердің мынадай шарттарға сәйкес келуі тұрғысынан тексереді: автомобильдің 1 (бір) бірлігінің ең жоғары құны, сыйақы мөлшерлемесі, кредит беру мерзімі, бастапқы жарнаның (бар болса) мөлшері және ескертулер болмаған жағдайда, ҚР ҰБ-ға тиісті хат жібереді.
      3. Апта сайынғы негізде «ҚДБ» АҚ ЕДБ-нен мақұлданған және берілген қарыздар бойынша ақпаратты жинау мен жинақтауды жүзеге асырады.
Жиынтық ақпарат апта сайынғы негізде ҚР ҰБ-ге жіберіледі.

Отандық автомобильдер өндірісін қолдау шеңберінде лизингтік қаржыландыру

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.11.2015 № 913 қаулысымен.

      Нысаналы топ - отандық өндірістің ауыл шаруашылығы техникасын қоспағанда, автокөлік құралдарын және арнайы мақсаттағы автотехниканы лизингке сатып алатын заңды тұлғалар және дара кәсіпкерлер.
      «ҚДБ» АҚ «ҚДБ-Лизинг» АҚ-пен мынадай шарттарда қарыз шартын жасасады:
      1) қарыз сомасы – 7 миллиард теңгеден аспайды;
      2) сыйақы мөлшерлемесі — жылдық 0,25%;
      3) қарыз мерзімі - 20 жылға дейін;
      4) қарыз бойынша сыйақы төлеу - жылына 2 рет;
      5) негізгі қарызды өтеу - «ҚДБ-Лизинг» АҚ бастамасы бойынша мерзімінен бұрын ішінара немесе толық өтеу құқығымен тиісті қарыз шартының талаптарына сәйкес мерзімнің соңында;
      6) қарыз валютасы - теңге.
      «ҚДБ-Лизинг» АҚ кейіннен лизингке ұсына отырып, оның ішінде нысаналы пайдалану, ақылылық, мерзімділік, қайтарымдылық және қамтамасыз етілу шарттарында агенттерді тарта отырып, автокөлік құралдарын және арнайы мақсаттағы автотехниканы отандық автоөндірушілерден ауыл шаруашылығы техникасын қоспағанда, автокөлік құралдарын және арнайы мақсаттағы автотехниканы сатып алады, оның ішінде:
      1) лизинг беруші - «ҚДБ-Лизинг» АҚ;
      2) лизингтің мәні - ауыл шаруашылығы техникасын қоспағанда, автокөлік құралдары және арнайы мақсаттағы автотехника (бұдан әрі - автокөлік құралдары);
      3) лизинг алушы - автокөлік құралдарын лизингке сатып алатын заңды тұлғалар және дара кәсіпкерлер;
      4) лизинг мерзімі - 3 жылдан 5 жылға дейін;
      5) номиналды сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 4%-дан аспайды;
      6) қаржыландыру валютасы - теңге;
      7) лизинг бойынша бастапқы жарна (аванс) - лизинг мәні құнының 30%-ы;
      8) Негізгі қарыз төлеу бойынша жеңілдікті кезең - 6 айға дейін;
      9) сыйақы төлеу бойынша жеңілдікті кезең - жоқ;
      10) қосымша шығыстар (сақтандыру, сервистік және агенттік қызмет көрсету) - лизинг алушының есебінен;
      11) лизинг алушылар «ҚДБ-Лизинг» АҚ алдындағы төлемдерді өтеген  кезде, қайтарылған қаражат есебінен және осы Жоспарда айқындалған шарттарда қайта лизингтік қаржыландыруға жол беріледі.

2. «Еурокоптер» тікұшақтарының өндірісін қолдау

      Ескерту. Тарау алып тасталды - ҚР Үкіметінің 16.11.2015 № 913 қаулысымен.

3. Жолаушылар вагондарының өндірісін қолдау

      Нысаналы топ - «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - «ҚТЖ» ҰК» АҚ) не «ҚДБ» АҚ ішкі актілерінің талаптарына сәйкес келетін «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның еншілес ұйымы.
      «ҚДБ» АҚ «ҚТЖ» ҰК» АҚ-қа не «ҚДБ» АҚ ішкі актілерінің талаптарына сәйкес келетін «ҚТЖ» ҰК» АҚ еншілес ұйымына нысаналы пайдалану, ақылылық, мерзімділік, кайтарымдылық және қамтамасыз етілу шарттарында кредит береді, оның ішінде:
      1) кредит сомасы - 5 млрд. теңгеге дейін;
      2) номиналды сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 2%-ға дейін;
      3) кредит беру мерзімі - 20 жылға дейін;
      4) негізгі қарызды төлеу бойынша жеңілдікті кезең - 120 айға дейін;
      5) сыйақы төлеу бойынша жеңілдікті кезең - жоқ;
      6) кредит беру валютасы - теңге;
      7) кредит бойынша қамтамасыз ету - белгіленген тәртіппен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының немесе «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның кепілдігін беру.

4. Отандық экпорттаушыларды қолдау

Отандық экспорттаушыларды қолдау шеңберінде тікелей кредит беру, негізделген және лизингтік қаржыландыру

      Ескерту. Кіші бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.11.2015 № 913 қаулысымен.

      Нысаналы топ – өңдеу өнеркәсібі саласында Қазақстан Республикасының аумағында шығарылатын отандық тауарлардың экспортын және өнімдер импортын жүзеге асыратын ОІКС (оның ішінде резидент емес). Қаржыландырудың жалпы сомасы – 2015 жылы 50 миллиард теңге және 2016 жылы 15 миллиард теңге.
      1. Экспорттаушыларды қолдау «ҚДБ» АҚ және/немесе «ҚДБ-Лизинг» АҚ-ның (бұдан әрі - кредиторлар) ішкі актілерінің талаптарына сәйкес қолданыстағы құралдар арқылы қаржыландыру ұсыну, оның ішінде қаржы институттарына/Қазақстан Республикасының аумағында шығарылатын өнімдерді импорттаушы (резидент емес) ұйымдарға кредит беру жолымен жүзеге асырылатын болады.
      2. Кредит беру және/немесе лизигтік қаржыландыру нысаналы пайдалану, ақылылық, мерзімділік, қайтарымдылық және қамтамасыз етілу шарттарында беріледі, оның ішінде:
      1) кредит беру/лизинг мерзімі - 20 жылға дейін;
      2) номиналды сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 6%-дан аспайды. Бұл ретте жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі қаржы институттарының/импорттаушы ұйымының (резидент емес) комиссиясын және кредиторлардың саяси тәуекелдерін сақтандырған жағдайда экспорттық-кредиттік агенттіктердің комиссиясын жабуды қамтуы мүмкін;
      3) кредит беру/лизинг валютасы - теңге немесе мәміле шарттарына  байланысты өзге валюта;
      4) қарыз/лизинг бойынша қамтамасыз ету - «ҚДБ» АҚ және/немесе «ҚДБ-Лизинг» АҚ талаптарына сәйкес.
      3. Отандық экспорттаушыларды қолдауды қаржыландыру бойынша рәсімдер мен қарау мерзімдерін оңайлату мақсатында «ҚДБ» АҚ-тың және/немесе «ҚДБ-Лизинг» АҚ-ның жобаларды қарау тәртібін және оларға қойылатын талаптарды регламенттейтін ішкі қағидаларына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.