Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорынды айқындау және "Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 29 сәуірдегі № 343 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 30 қыркүйектегі № 1045 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – РҚАО) Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорын болып айқындалсын.
      2. «Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 29 сәуірдегі № 343 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 15, 149-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізу ережесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-тармақты қоспағанда, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
 
 

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

К. Мәсімов


Қазақстан Республикасы


Үкіметінің


2014 жылғы 30 қыркүйектегі


№ 1045 қаулысына


қосымша


Қазақстан Республикасы


Үкіметінің


2006 жылғы 29 сәуірдегі


№ 343 қаулысымен


бекітілген

Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерінің мемлекеттiк тiзiлiмiн, нормативтiк құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкiн жүргiзу ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ережеде пайдаланылатын негiзгi ұғымдар:
      1) Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімі (бұдан әрі – Мемлекеттік тізілім) – нормативтік құқықтық актілердің деректемелерін және осы актілер туралы басқа да ақпараттық-анықтамалық сипаттағы мәліметтерді қамтитын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік есепке алудың бірыңғай жүйесі;
      2) Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкi – (бұдан әрі – эталондық банк) олар туралы мәлiметтер Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген, электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған нормативтiк құқықтық актiлердiң (өзгерiстермен және толықтырулармен бірге) баспа және электрондық-цифрлық нысандағы жиынтығы;
      3) эталондық бақыланатын нормативтік құқықтық актi – бұл «Нормативтiк құқықтық актiлер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Заң) түсінігі айқындалған, бастапқы нормативтік құқықтық актіден (өзгерістермен және толықтырулармен бірге) тұратын, қалыптасқан және «Қазақстан Республикасы Әділет министрілігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының (бұдан әрі – РҚАО) лауазымды адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылған баспа және электрондық цифрлық нысандағы туынды нормативтік құқықтық акті;
      4) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар терімі;
      5) мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының ақпараттық жүйелері – өзара алмасуды жүзеге асыратын және Эталондық банкті жүргізу мақсатында пайдаланылатын мемлекеттік органдардың электрондық құжаттармен алмасу жүйелерінің жалпы ұғымы.
      2. Мемлекеттік тізілім және эталондық банк Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін бірыңғай мемлекеттік есепке алуды қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
      3. Мемлекеттік тізілімді және эталондық банкті жүргізуді РҚАО жүзеге асырады.
      4. Эталондық банкке енгізілген нормативтік құқықтық актілер хронологиялық тәртіппен есепке алуға жатады.
      5. Эталондық бақыланатын нормативтік құқықтық актілерді сақтау мерзімі – үнемі.
      6. Заңның 1-бабының 2)3)4)5)6)7) тармақшасына сәйкес «қызмет бабында пайдалану үшін», «баспасөзге арналмаған», «жариялауға жатпайды» деген белгілері бар нормативтік құқықтық актілер электрондық түрде эталондық банкте деректемелер түрінде орналасады.
      «Ерекше маңызды», «өте құпия», «құпия» белгілері бар нормативтік құқықтық актілер Мемлекеттік тізілімге және Эталондық банкке енгізілуге жатпайды.
 

2. Мемлекеттік тізілімді және Эталондық банкті жүргізу тәртібі

      7. Мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасы Президентiнің, Қазақстан Республикасының Парламентi мен оның Палаталарының, Қазақстан Республикасы Yкiметiнің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнің және Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының нормативтiк құқықтық актілерін мемлекеттік органның мөрімен расталған және Заңның 29-бабында көрсетілген нормативтік құқықтық актілерге қол қоюға уәкілетті адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған мемлекеттік және орыс тілдеріндегі бір данада қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде баспа және электрондық түрде РҚАО-ға жібереді.
      8. Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде және оның аумақтық органдарында мемлекеттiк тiркеуден өткен орталық мемлекеттiк органдардың және жергiлiктi мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық актілері мемлекеттік органның мөрімен расталған және Заңның 29-бабында көрсетілген нормативтік құқықтық актілерге қол қоюға уәкілетті адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған мемлекеттік және орыс тілдеріндегі бір данада олар алынған күнінен бастап он күн iшiнде баспа және электрондық түрде РҚАО-ға жiберіледi. 
      Бұл ретте бірлесіп қабылданған нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуші мемлекеттік орган Мемлекеттік тізілімге және Эталондық банкке енгізу үшін жібереді.
      9. Осы Ереженің 8 және 9-тармақтарында көзделген электрондық түрдегі нормативтік құқықтық актілерді РҚАО-ға жіберу мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының ақпараттық жүйелері арқылы жүргізіледі.
      Мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының ақпараттық жүйелері арқылы РҚАО-ға нормативтік құқықтық актілердің электрондық мәтіндерін жіберу және электрондық цифрлық қолтаңбамен растау мүмкін болмаған кезде, мұндай нормативтік құқықтық актілер оларға электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылуын қамтамасыз ете отырып, электрондық цифрлық жеткізгіштерде РҚАО-ға ұсынылады.
      Нормативтік құқықтық актіні бірлесіп қабылдаған мемлекеттік органдардың бірлесіп қабылданған аталған актілерге электрондық цифрлық қолтаңба қойылуын қамтамасыз етуі, сондай-ақ оларды кейіннен электрондық цифрлық жеткізгіштерде РҚАО-ға беруі әзірлеуші мемлекеттік органға жүктеледі.
      10. Келіп түскен нормативтік құқықтық актілерді эталондық банкте тіркеу оның қағаз және электрондық түрде болуы кезінде жүзеге асырылады.
      11. Келіп түскен электрондық түрдегі нормативтік құқықтық актілер өзі расталған электрондық цифрлық қолтаңбаның түпнұсқалылығын және оның деректемелік және мазмұндық бөліктеріне сәйкестігін тексеру рәсімінен өтеді.
      Тексерудің нәтижесі теріс болған жағдайда, нормативтік құқықтық актілер электрондық түрде алынбаған деп есептеледі, бұл туралы жөнелтушіге құжаттың алынбау себептерін көрсете отырып, хабарлама жіберіледі.
      Құжаттың алынбауы туралы хабарлама алынған күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде мемлекеттік органдар нормативтік құқықтық актілерді РҚАО-ға электрондық түрде қайта жібереді.
      12. Мемлекеттік тізілімге енгізілуге тиіс нормативтік құқықтық актілер РҚАО-ға келіп түскен сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде енгізіледі және оларға тіркеу нөмірі беріледі.
      13. Осы Ереженің 7, 8-тармақтарында көрсетілген келіп түскен нормативтік құқықтық актілерді Эталондық банкке енгізу олар РҚАО-ға келіп түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
      14. Эталондық банкке енгізілген нормативтік құқықтық актілер оларға ағымдағы өзгерістер мен толықтыруларды енгізу, нормативтiк құқықтық актілердің жекелеген бөлiктерiнiң күшi жойылды деп тану не олардың қолданылуын тоқтата тұру арқылы бақыланатын жағдайда ұсталады.
      Нормативтiк құқықтық актілерге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзілген, нормативтiк құқықтық актілердің жекелеген бөлiктерiнiң күшi жойылды деп танылған не олардың қолданылуы тоқтатыла тұрған кезде актінің қабылданған күнi, нөмiрi және нысаны, сондай-ақ оның мәтiнiне енгiзiлетiн нормалардың тұжырымы туралы ақпаратты нақты көрсететiн белгi енгiзiледi.
      15. Нормативтiк құқықтық актінің күшi жойылды деп танылған не оның қолданылуы белгiлі бiр мерзiмге тоқтатыла тұрған кезде Мемлекеттiк тiзiлiмге тиiстi жазбалар және Эталондық банкке енгiзiлген нормативтiк құқықтық актінің баспа және электрондық мәтініне тиiстi нормативтiк құқықтық актіге сiлтеме жасай отырып, оның күшi жойылды деп тану не қолданылуын тоқтата тұру туралы белгi жасалады.
      16. Эталондық банктi қалыптастыру кезiнде нормативтiк құқықтық актілердің мемлекеттiк және орыс тiлдеріндегi мәтiндерi салыстырылып тексерілмейді.
      17. Эталондық банкті қалыптастыру жөніндегі нұсқаулықты, сондай-ақ оған мәліметтер енгізуді Қазақстан Республикасының Әділет министрі айқындайды.