Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 14 сәуірдегі № 354 қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары (бұдан әрі – Жоспар) бекітілсін.
      2. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы (келісім бойынша) «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамымен (келісім бойынша) бірлесіп:
      1) Жоспардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін;
      2) 2014 жылғы 15 маусымға қарай Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне Жоспардың іске асырылуы туралы ақпарат берсін.
      3. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі 2014 жылғы 1 шілдеге дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне Жоспардың орындалуы туралы жиынтық ақпарат берсін.
      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2014 жылғы 14 сәуірдегі
№ 354 қаулысымен    
бекітілген       

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта
кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі
бірлескен іс-қимыл жоспары

1. Ағымдағы жағдайды талдау

      2014 жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның (бұдан әрі – ҮИИДМБ) алғашқы бесжылдығы аяқталады. ҮИИДМБ алдын ала қорытындысы оның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізгенін айғақтайды. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 2008 жылмен салыстырғанда нақты мәнде 22,5 % ұлғайды, өңдеуші сектордағы еңбек өнімділігінің деңгейі 37,3 мың АҚШ долларынан 58,5 мың АҚШ долларына дейін ұлғайды. ҮИИДМБ іске асыру шеңберінде 651 жоба пайдалануға беріліп, оларда 67 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.
      Оң үрдістерге қарамастан, республикада салалардың дамуындағы теңгерімсіздік сақталып отыр, экономиканың өсуіндегі өндірістік секторлардың маңыздылығы төмендеп барады, негізгі капиталға шетелдік инвестицияның құйылуы және республика экспортындағы шикізат емес өнімнің үлесі азаю үстінде. Егер өңдеу өнеркәсібі өнімінің өсу серпінін қарастыратын болсақ, оның қарқыны соңғы жылдар ішінде төмендеп кеткен: өсу қарқыны 13,6 %-ға жеткен 2010 жылмен салыстырғанда 2013 жылдың қорытындысы бойынша өсу деңгейі тек 1,6% болып отыр. Бұдан басқа, жалпы ішкі өнімнің (бұдан әрі – ЖІӨ) озыңқы қарқынмен өсуі есебінен оның да құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі азайып келеді. 2010 – 2013 жылдар ішінде өңдеу өнеркәсібі секторының ЖІӨ-ге үлесі 0,7 пайыздық тармаққа қысқарып, 10,6 %-ды құрады. Бұл ретте ҮИИДМБ-ның 2015 жылғы нысаналы индикаторы өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ құрылымындағы үлесін кемінде 12,5 % деңгейіне дейін жеткізу болып табылады.

      Секторды қаржыландыруды қалпына келтіру процесінің ұзаққа созылуы өңдеу өнеркәсібіндегі өсу қарқынының баяулауының негізгі себептерінің бірі болып табылады. Соңғы тоғыз жыл ішінде өңдеу өнеркәсібіне кредит берудегі үш кезеңді бөліп көрсетуге болады:
      1) дағдарысқа дейінгі кезең (2008 жылға дейін) – екінші деңгейдегі банктердің (бұдан әрі – ЕДБ) несие қоржынының біртіндеп ұлғаюы;
      2) дағдарыс кезеңі (2008 – 2010 жылдар) – кредит беруді тоқтата тұру және несие қоржынын 440 – 455 млрд. теңге деңгейінде тіркеу;
      3) дағдарыстан кейінгі кезең – соңғы 4 жылда қоржынның 455 млрд. теңгеден 876 млрд. теңгеге дейін 2 есеге артуы.

      2010 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының іске қосылуы ЕДБ кредит беруі үшін өңдеуші секторды тартымдырақ етті. Өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлікті қаржылай қолдаудың көрсетілген бағдарламада көзделген сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау және кредиттерге кепілдік беру сияқты шаралары жыл сайын берілетін қаржы көлемін 383 млрд. теңгеден 938 млрд. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бұл шаралар ЕДБ-дағы өтімділікті экономиканың басым секторларына кредит беруге тартуға бағытталған болатын. ЕДБ-ны мемлекет тарапынан қорландыру жүзеге асырылған жоқ.
      Дегенмен, қазіргі уақытта өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны бәсеңдеген кезде экономиканың осы секторының кәсіпорындары үшін, әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлік (бұдан әрі – ШОК) үшін қаржы қаражатына деген тапшылықтың қалыптасқаны айқындала түсті. Егер өңдеу өнеркәсібі өнімінің жалпы көлеміндегі ШОК өнімінің үлесін қарастырар болсақ, 2010 – 2013 жылдары ол 22,8 %-дан 15,4 %-ға дейін төмендеген. Мұндай төмендеу ЕДБ кредиттерінің жалпы көлемінде өнеркәсіптегі шағын кәсіпкерлікке берілетін кредиттер үлесінің азаюы аясында орын алғанының маңызы аз емес: 2010 жылғы 19,4 %-дан 2013 жылы 12,3 %-ға дейін азайды, ал 2013 жылы жедел деректер бойынша кредиттің абсолютті мәнде 20 млрд. теңгеге азаюымен бірге, өңдеу өнеркәсібіндегі ШОК өнімін шығару 85 млрд. теңгеге төмендеді.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – ҚРҰБ) зерттеу деректері бойынша өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының кредитке деген сұранысы жалпы экономикаға қарағанда жоғары.
      ЕДБ ұсынатын сыйақы мөлшерлемелері экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындар межелегеннен едәуір жоғары. Өңдеу өнеркәсібіндегі ұзақ мерзімді кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі орта есеппен 11,4 % деңгейінде болса, ҚРҰБ зерттеуіне сәйкес экономиканың нақты секторындағы (оның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі) кәсіпорындар үшін қолайлы пайыздық мөлшерлеме теңгемен 8,7 % және шетел валютасында 6,9 % деңгейінде. Соңғы бірнеше жылдар бойы межелі (қолайлы) пайыздық мөлшерлеме деңгейін экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындардың азайту үрдісі байқалып келеді, яғни экономиканың басым секторларындағы кәсіпорындар бүгінде неғұрлым төмен пайыздық мөлшерлеме бойынша қарыз капиталын қажет етеді.
      Бұл ретте, өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарына кредит беруге деген ЕДБ қызығушылығы өткен кезеңмен салыстырғанда біршама төмендеп кетті – кредит бөлгісі келетін ЕДБ саны 47 %-дан 35 %-ға дейін азайды.
      Сондай-ақ, теңгенің құнсыздануы да өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын қаржыландыруға келеңсіз әсерін тигізді. Банктік емес заңды тұлғалар кредиттерінің 37 %-ға жуығын шетел валютасындағы кредиттер құрайды. Бағамдық айырма нәтижесінде кредиттерге қызмет көрсету бойынша өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарына түсетін жүктеме 570 млрд. теңгеге немесе жиынтық несие берешегінің 7 %-ына өсті.
      Осылайша, өңдеу өнеркәсібінің жобалары үшін кредит қаражатының қолжетімділігін арттыру қажеттігі өндеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі қосымша жаңа шаралар қабылдауды талап етеді.

2. Мақсатқа қол жеткізу және алға қойылған міндеттерді іске асыру тетіктері

      Қазақстан Республикасының Үкіметі кейіннен өндеу өнеркәсібіндегі ШОК жобаларына кредит беру үшін ЕДБ қаржыландыру бойынша шара қолданылатын болады.
      Өңдеу өнеркәсібіндегі ШОК жобаларын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатынан қаржыландырудың жалпы көлемі 100 млрд. теңгені құрайды.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын пайдалану «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – «Даму» КДҚ» АҚ) қаражатын өндеу өнеркәсібіндегі ШОК субъектілерін қаржыландыру үшін ЕДБ-ге шартты түрде орналастыру жолымен жүзеге асырылады.
      Бұл мақсат үшін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ) облигациялар айналысы басталған күннен бастап 20 жылға дейінгі мерзімге жылдық 0,1 % сыйақы мөлшерлемесі бойынша 100 млрд. теңге сомасына облигациялар шығару жолымен Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан қарыз алуды жүзеге асырады. Облигациялық қарызды өтеу мерзімі – айналыс мерзімінің соңында, 2024 жылдан бастап эмитенттің бастамасы бойынша мерзімінен бұрын өтеу құқығы болады.
      Қаражат алғаннан кейін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ «Даму» КДҚ» АҚ-на жасалған тиісті Кредит шартының талаптарына сәйкес мерзім соңында қаражатты бір сомамен өтеу шартымен жылдық 0,15 %сыйақы мөлшерлемесі бойынша 20 жылға дейінгі мерзімге 100 млрд. теңге сомасына кредит береді.

3. Қаражатты екінші деңгейдегі банктерге шартты түрде орналастырудың шарттары мен тетіктері

      Ескерту. 3-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119 қаулысымен.

      ЕДБ тізбесі мен олар бойынша лимиттер сомасы Қазақстан Республикасының Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның (бұдан әрі – Мемлекеттік комиссия) тиісті шешімімен айқындалады. Мемлекеттік комиссия соңғы қарыз алушылар үшін сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін қалыптастыру тәсілдерін айқындайды.
      «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Даму» КДҚ» АҚ және ЕДБ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінетін қаражат бойынша төлемдер өткізу үшін ҚРҰБ-да жеке банктік шот ашады.
      «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ «Даму» КДҚ» АҚ-ның ҚР ҰБ-дағы жеке банктік шотына Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған кредиттік шарт бойынша қаражат сомасын орналастырады.
      «Даму» КДҚ» АҚ Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес ЕДБ-мен кредиттік келісімдер жасасуды жүзеге асырады.
      «Даму» КДҚ» АҚ алынған кредит қаражатын ЕДБ-да жылдық 2,0 %-дан аспайтын мөлшерлемемен орналастырады.
      «Даму» КДҚ» АҚ кредит қаражатын ЕДБ-ның ҚРҰБ-дағы жеке банктік шотына орналастыруды Мемлекеттік комиссия мақұлдаған лимиттер шегінде қамтамасыз етпей жүзеге асырады.
      ЕДБ кредит беру валютасы – теңге.
      ЕДБ кредит беру мерзімі – 20 жылға дейін.
      ЕДБ үшін «Даму» КДҚ» АҚ-дан қаражат тарту мөлшерлемесі мен ШОК субъектілеріне кредит беру мөлшерлемесі арасындағы айырма жылдық 4,0 %-дан аспауы тиіс.
      ЕДБ-ның кредит қаражатын игеру мерзімі – қаражат ЕДБ шотына түскен күннен бастап 6 ай.
      Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу шарттары мен тәртібі кредиттік  келісімде белгіленеді.
       ДБ орналастырылған кредит қаражатының мақсатты пайдаланылуы мен игерілуі бойынша «Даму» КДҚ» АҚ алдында есеп береді.
      ЕДБ есептерін ұсыну тәртібі, нысаны мен кезеңділігі, сондай-ақ ЕДБ-ге кредит берудің осы Жоспарда көзделмеген өзге де шарттары кредиттік келісімде белгіленеді.
      ЕДБ бөлінетін қаражатты ШОК субъектілерінің қолданыстағы инвестициялық кредиттерін орналастырылған қаражат сомасының 50%-ына дейін қайта қаржыландыру мақсатына жібереді. Бұл талап кәсіпкерлерді қаржылай қолдау бағдарламаларына («Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы, «Даму Өндіріс» бағдарламасы, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының сауықтыру бағдарламалары) қатысатын қолданыстағы қарыздарға қолданылмайды.
      Соңғы қарыз алушылардың техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті орган бекіткен экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктемесінің С секциясының (Өңдеу өнеркәсібі) 10-бөліміне (Тамақ өнімдерінің өндірісі) және 11-бөлімінің (Сусындар өндірісі) 11.06. және 11.07-сыныбына сәйкес келетін, экономика саласында іске асырылатын жаңа жобаларын қаржыландыру мақсатына Банк жіберетін қарыздардың үлесі – Кредит сомасының кемінде 25 %.
      «Даму» КДҚ» АҚ босаған кредит қаражатын ЕДБ-ға қайтадан кредит беруге жұмсайды.
      ЕДБ орналастырылатын қаражатты мақсатына сай пайдаланбаған, толықтай немесе ішінара игермеген жағдайларда, сондай-ақ кредиттік келісімде көзделген өзге де жағдайлар туындаған кезде «Даму» КДҚ» АҚ ЕДБ-ге қатысты кредиттік келісімнің талаптарына сай шаралар қолданады, оның ішінде кредиттік келісімдерді мерзімінен бұрын бұзу және (немесе) орналастырылған қаражатты, кейін оларды басқа ЕДБ-лер арасында қайта бөле отырып кері қайтарып алу мәселесіне бастама көтеруге құқылы. Қайтарылған, сондай-ақ ЕДБ мерзімінен бұрын өтеген қаражатты ЕДБ арасында қайта бөлу Мемлекеттік комиссияның тиісті шешімі негізінде жүзеге асырылады.

4. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру шарттары

      Ескерту. 4-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119 қаулысымен.

      Нысаналы топ – осы Жоспарға қосымшаға сәйкес жобаларын өңдеу өнеркәсібінде іске асыратын ШОК субъектілері.
      Мынадай:
      1) акцизделетін тауарлар шығаруды көздейтін жобаларды іске асыратын;
      2) құрылтайшылары ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей және жанама түрде мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тиесілі ұйымдар, сондай-ақ меншік нысаны жеке мекеме ретінде ресімделген заңды тұлғалар болып табылатын;
      3) жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар қайта құрылған және (немесе) кредиттің сомасы 20 миллион теңгеден аспайтын жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік тіркелген кезден бастап алты айдан аз уақыт өткен;
      4) кредиттің мақсаты қайта қаржыландыру болып табылатын жағдайларды қоспағанда, кредиттік бюроның деректеріне сәйкес кредит берілген немесе кредиттік өтінім берілген сәтте күнтізбелік тоқсан күннен астам мерзімге кешіктірілген несиелік берешегі бар;
      5) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6058 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 10 ақпандағы № 52 бұйрығында және (немесе) «Банктік және сақтандыру қызметінің, бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушылары қызметінің және бағалы қағаздар рыногында лицензияланатын басқа да қызмет түрлерінің, жинақтаушы зейнетақы қорлары мен акционерлік инвестициялық қорлар қызметінің мақсаттары үшін оффшорлық аймақтардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2008 жылғы 2 қазандағы № 145 қаулысында көрсетілген оффшорлық аймақтарда тіркелген, сондай-ақ қатысушылары және (немесе) акционерлері оффшорлық аймақтарда тіркелген ШОК субъектілері қатысушы бола алмайды.
      ШОК субъектілерінің мақұлданған өтінімдеріне кредит беру мақсатында ЕДБ ҚР ҰБ-дегі жеке банктік шотынан қаражатты есептен шығару үшін қажетті соманы «Даму» КДҚ» АҚ-мен алдын ала келісуді жүзеге асырады. Бұл ретте қаражаттың мақсатты пайдаланылуына түпкілікті тексеруді «Даму» КДҚ» АҚ ШОК субъектілері жобаны іске асыратын жерге барғаннан кейін жүзеге асырады.
      Кредиттер ШОК субъектілеріне мақсатты пайдалану, ақылылық, мерзімділік, қайтарымдылық және қамтамасыз етілу шарттарымен беріледі.
      Кредит валютасы – теңге.
      ШОК субъектілеріне кредит беру мақсаты:
      1) негізгі құралдардың жаңаларын сатып алу, құру және қолданыстағыларын жаңғырту;
      2) әрбір ЕДБ-ге кредит қаражаты сомасының 50 %-ына дейін қолданыстағы инвестициялық кредиттерді қайта қаржыландыру.
      Басқа шарттар кредиттік келісімде айқындалады.
      ШОК Субъектілері үшін номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық  6,0 %-дан аспайды;
      Бір ШОК Субъектісіне берілетін ең көп қаржыландыру лимиті 1 850 000 000 теңге.
      ШОК Субъектілеріне кредит беру мерзімі – 10 жылға дейін.
      Соңғы қарыз алушылардың техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті орган бекіткен экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктемесінің С секциясының (Өңдеу өнеркәсібі) 10-бөліміне (Тамақ өнімдерінің өндірісі) және 11-бөлімінің (Сусындар өндірісі) 11.06. және 11.07.-сыныбына сәйкес келетін, экономика саласында іске асырылатын жаңа жобаларын қаржыландыру мақсатына Банк жіберетін қарыздардың үлесі – кредит сомасының кемінде 25 (жиырма бес) %-ы.

5. Екінші деңгейдегі банктерге қойылатын талаптар

      Халықаралық рейтинг агенттігі берген кредит рейтингінің «В-» төмен болмауы.
      Қазақстан Республикасының кемінде 5 өңірінде филиалдар желісінің болуы.
      Қаражат берілген күні жұмыс істемей тұрған кредиттерінің деңгейі 15 %-дан жоғары ЕДБ үшін ҚРҰБ-мен жеке келісім жасасу талабы қосымша белгіленеді. Жеке келісімде ЕДБ-ның жұмыс істемей тұрған кредиттер деңгейін ҚРҰБ белгілеген мерзімде 15 %-ға дейін төмендету міндеті көзделетін болады. ЕДБ жеке келісімнің шарттарын орындамаған жағдайда, қаражатты «Даму» КДҚ» АҚ-ға қайтару көзделеді.

6. Мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралары

      Ескерту. 6-бөлім жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119 қаулысымен.

      Осы Жоспар шеңберінде қаражат алатын ШОК субъектілерінің жаңа жобаларын қаржыландыруды ынталандыру үшін «Даму» КДҚ» АҚ «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында жаңа жобалар бойынша кредиттерді кепілдендіру тетігін қолдана алады.

7. Мониторинг

      Ескерту. 7-бөлімге өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119 қаулысымен.

      «Даму» КДҚ» АҚ:
      1) ЕДБ-ның қаражатты мақсатты пайдаланылуы мен уақтылы игерілуіне;
      2) ШОК субъектілері алған қаражаттың мақсатты пайдаланылуына;
      3) ЕДБ-нің бұрын берілген қарыздарды өтеуден босатылатын қаражат есебінен ШОК субъектілерін уақтылы қаржыландыруына мониторингті жүзеге асырады.
      Бөлінетін қаражаттың экономикалық нәтижелеріне мониторинг жүргізу мақсатында ШОК субъектілерінің келісімі болған жағдайда,  Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Даму» КДҚ» АҚ-ға салықтық құпия болып табылатын мынадай мәліметтерді: салық салуға жатпайтын кірістерді ескере отырып, жиынтық жылдық кіріс, шетелдік көздерден түсетін кірістер, салық салынатын кіріс, сатылған тауарлар (жұмыстар, көрсетілген қызметтер) бойынша жұмсалған шығыстар, жұмыскерлердің есепке жазылған кірістері бойынша жұмсалған шығыстар, таза кіріс, жұмыскерлердің саны (адам), бір жұмыскерге есептегенде орташа айлық жалақы, салықтық төлемдердің сомалары туралы ақпаратты ұсынады.
      «Даму» КДҚ» АҚ осы Жоспарды іске асыруға қатысатын ЕДБ-ның қаржы-экономикалық жағдайын талдауды тұрақты түрде жүзеге асыратын болады.
      ЕДБ «Даму» КДҚ» АҚ-ға тұрақты түрде қаражаттың игерілуі туралы есеп жіберіп тұрады, есеп беру нысаны мен мерзімдері тиісті кредиттік келісімде көрсетіледі. Бұл ақпаратты «Даму» КДҚ» АҚ Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 18 сәуірдегі № 281 өкімімен құрылған Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау комиссиясына (бұдан әрі – Комиссия) және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ға береді.
      ЕДБ қаржыландырылған ШОК субъектілеріне мониторинг жүргізеді. Бұл ретте ШОК субъектісінің қаржыландырылған әрбір жобасы бойынша жеке кредит досьесі жүргізіледі, онда ШОК субъектісінің қаражатты мақсатты пайдаланғанын растайтын құжаттар сақталуы тиіс.
      «Даму» КДҚ» АҚ Жоспар шеңберінде бөлінетін қаражат бойынша ЕДБ төлем тәртібін қадағалайтын болады.
      «Даму» КДҚ» АҚ Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатының есебінен ЕДБ-ден қарыздар алған түпкілікті қарыз алушылар және ЕДБ-ге кредит беру жөнінде өтініш білдірген, сондай-ақ ЕДБ-нің кредит беру туралы оң шешімін алған кәсіпкерлік субъектілері туралы ақпаратты, оның ішінде банктік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын, «Даму» КДҚ» АҚ мен ЕДБ арасында жасалған кредиттік келісімдердің талаптарына сәйкес ЕДБ-ден алынған ақпаратты Комиссияға және оның құрамына кіретін мемлекеттік органдар мен ұйымдарға ұсынады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі
мен Қазақстан Республикасы Ұлттық
Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі  
шағын және орта кәсіпкерлік   
жобаларын қаржыландыруды    
қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен
іс-қимыл жоспарына 1-қосымша  

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларын қаржыландыру үшін өңдеу өнеркәсібі салаларының тізбесі

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119 қаулысымен.

Секция

Атауы

ЭҚЖЖ коды

С

Өңдеу өнеркәсібі

10-33.


Тамақ өнімдерінің өндірісі

10


Сусындар өндірісі

11


Тоқыма бұйымдарының өндірісі

13


Киім өндірісі

14


Былғары және оған қатысты өнімдер өндірісі

15


Жиһаздан басқа ағаш және тығын бұйымдарының өндірісі; сабаннан және тоқуға арналған материалдардан жасалған бұйымдар өндірісі

16


Қағаз және қағаз өнімдерінің өндірісі

17


Жазып алынған материалдарды басып шығару және тыңдатып көрсету

18


Кокс және мұнай өңдеу өнімдерінің өндірісі

19


Химия өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі

20


Негізгі фармацевтикалық өнімдер мен препараттар өндірісі

21


Резеңке және пластмасса бұйымдарының өндірісі

22


Өзге де металл емес минералды өнімдер өндірісі

23


Металлургия өнеркәсібі

24


Машиналар мен жабдықтардан басқа, дайын металл бұйымдардың өндірісі

25


Компьютерлер, электрондық және оптикалық өнімдер өндірісі

26


Электр жабдықтарының өндірісі

27


Басқа да санаттарға енгізілмеген машиналар мен жабдықтар өндірісі

28


Автокөлік құралдары, трейлерлер мен жартылай тіркемелер өндірісі

29


Өзге де көлік құралдарының өндірісі

30


Жиһаз өндірісі

31


Өзге де дайын өнімдер өндірісі

32


Машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнату

33

Қазақстан Республикасының  
Үкіметі мен Қазақстан     
Республикасы Ұлттық Банкінің  
өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және
орта кәсіпкерлік        
жобаларын қаржыландыруды    
қамтамасыз ету жөніндегі    
бірлескен іс-қимыл жоспарына 
2-қосымша          

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы мен екінші
деңгейдегі банктер арасындағы өңдеу өнеркәсібі саласындағы
шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне кейіннен кредит беру
үшін қаражатты екінші деңгейдегі банктерге орналастыру туралы
кредиттік келісім

      Ескерту. 2-қосымша алып тасталды - ҚР Үкіметінің 26.02.2016 № 119 қаулысымен.