Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 14 сәуірдегі № 354 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары (бұдан әрі – Жоспар) бекітілсін.
      2. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы (келісім бойынша) «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамымен (келісім бойынша) бірлесіп:
      1) Жоспардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін;
      2) 2014 жылғы 15 маусымға қарай Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне Жоспардың іске асырылуы туралы ақпарат берсін.
      3. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі 2014 жылғы 1 шілдеге дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне Жоспардың орындалуы туралы жиынтық ақпарат берсін.
      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2014 жылғы 14 сәуірдегі
№ 354 қаулысымен    
бекітілген       

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта
кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі
бірлескен іс-қимыл жоспары

1. Ағымдағы жағдайды талдау

      2014 жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның (бұдан әрі – ҮИИДМБ) алғашқы бесжылдығы аяқталады. ҮИИДМБ алдын ала қорытындысы оның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізгенін айғақтайды. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 2008 жылмен салыстырғанда нақты мәнде 22,5 % ұлғайды, өңдеуші сектордағы еңбек өнімділігінің деңгейі 37,3 мың АҚШ долларынан 58,5 мың АҚШ долларына дейін ұлғайды. ҮИИДМБ іске асыру шеңберінде 651 жоба пайдалануға беріліп, оларда 67 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.
      Оң үрдістерге қарамастан, республикада салалардың дамуындағы теңгерімсіздік сақталып отыр, экономиканың өсуіндегі өндірістік секторлардың маңыздылығы төмендеп барады, негізгі капиталға шетелдік инвестицияның құйылуы және республика экспортындағы шикізат емес өнімнің үлесі азаю үстінде. Егер өңдеу өнеркәсібі өнімінің өсу серпінін қарастыратын болсақ, оның қарқыны соңғы жылдар ішінде төмендеп кеткен: өсу қарқыны 13,6 %-ға жеткен 2010 жылмен салыстырғанда 2013 жылдың қорытындысы бойынша өсу деңгейі тек 1,6% болып отыр. Бұдан басқа, жалпы ішкі өнімнің (бұдан әрі – ЖІӨ) озыңқы қарқынмен өсуі есебінен оның да құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі азайып келеді. 2010 – 2013 жылдар ішінде өңдеу өнеркәсібі секторының ЖІӨ-ге үлесі 0,7 пайыздық тармаққа қысқарып, 10,6 %-ды құрады. Бұл ретте ҮИИДМБ-ның 2015 жылғы нысаналы индикаторы өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ құрылымындағы үлесін кемінде 12,5 % деңгейіне дейін жеткізу болып табылады.

      Секторды қаржыландыруды қалпына келтіру процесінің ұзаққа созылуы өңдеу өнеркәсібіндегі өсу қарқынының баяулауының негізгі себептерінің бірі болып табылады. Соңғы тоғыз жыл ішінде өңдеу өнеркәсібіне кредит берудегі үш кезеңді бөліп көрсетуге болады:
      1) дағдарысқа дейінгі кезең (2008 жылға дейін) – екінші деңгейдегі банктердің (бұдан әрі – ЕДБ) несие қоржынының біртіндеп ұлғаюы;
      2) дағдарыс кезеңі (2008 – 2010 жылдар) – кредит беруді тоқтата тұру және несие қоржынын 440 – 455 млрд. теңге деңгейінде тіркеу;
      3) дағдарыстан кейінгі кезең – соңғы 4 жылда қоржынның 455 млрд. теңгеден 876 млрд. теңгеге дейін 2 есеге артуы.

      2010 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының іске қосылуы ЕДБ кредит беруі үшін өңдеуші секторды тартымдырақ етті. Өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлікті қаржылай қолдаудың көрсетілген бағдарламада көзделген сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау және кредиттерге кепілдік беру сияқты шаралары жыл сайын берілетін қаржы көлемін 383 млрд. теңгеден 938 млрд. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бұл шаралар ЕДБ-дағы өтімділікті экономиканың басым секторларына кредит беруге тартуға бағытталған болатын. ЕДБ-ны мемлекет тарапынан қорландыру жүзеге асырылған жоқ.
      Дегенмен, қазіргі уақытта өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны бәсеңдеген кезде экономиканың осы секторының кәсіпорындары үшін, әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлік (бұдан әрі – ШОК) үшін қаржы қаражатына деген тапшылықтың қалыптасқаны айқындала түсті. Егер өңдеу өнеркәсібі өнімінің жалпы көлеміндегі ШОК өнімінің үлесін қарастырар болсақ, 2010 – 2013 жылдары ол 22,8 %-дан 15,4 %-ға дейін төмендеген. Мұндай төмендеу ЕДБ кредиттерінің жалпы көлемінде өнеркәсіптегі шағын кәсіпкерлікке берілетін кредиттер үлесінің азаюы аясында орын алғанының маңызы аз емес: 2010 жылғы 19,4 %-дан 2013 жылы 12,3 %-ға дейін азайды, ал 2013 жылы жедел деректер бойынша кредиттің абсолютті мәнде 20 млрд. теңгеге азаюымен бірге, өңдеу өнеркәсібіндегі ШОК өнімін шығару 85 млрд. теңгеге төмендеді.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – ҚРҰБ) зерттеу деректері бойынша өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының кредитке деген сұранысы жалпы экономикаға қарағанда жоғары.
      ЕДБ ұсынатын сыйақы мөлшерлемелері экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындар межелегеннен едәуір жоғары. Өңдеу өнеркәсібіндегі ұзақ мерзімді кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі орта есеппен 11,4 % деңгейінде болса, ҚРҰБ зерттеуіне сәйкес экономиканың нақты секторындағы (оның ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі) кәсіпорындар үшін қолайлы пайыздық мөлшерлеме теңгемен 8,7 % және шетел валютасында 6,9 % деңгейінде. Соңғы бірнеше жылдар бойы межелі (қолайлы) пайыздық мөлшерлеме деңгейін экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындардың азайту үрдісі байқалып келеді, яғни экономиканың басым секторларындағы кәсіпорындар бүгінде неғұрлым төмен пайыздық мөлшерлеме бойынша қарыз капиталын қажет етеді.
      Бұл ретте, өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындарына кредит беруге деген ЕДБ қызығушылығы өткен кезеңмен салыстырғанда біршама төмендеп кетті – кредит бөлгісі келетін ЕДБ саны 47 %-дан 35 %-ға дейін азайды.
      Сондай-ақ, теңгенің құнсыздануы да өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын қаржыландыруға келеңсіз әсерін тигізді. Банктік емес заңды тұлғалар кредиттерінің 37 %-ға жуығын шетел валютасындағы кредиттер құрайды. Бағамдық айырма нәтижесінде кредиттерге қызмет көрсету бойынша өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарына түсетін жүктеме 570 млрд. теңгеге немесе жиынтық несие берешегінің 7 %-ына өсті.
      Осылайша, өңдеу өнеркәсібінің жобалары үшін кредит қаражатының қолжетімділігін арттыру қажеттігі өндеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі қосымша жаңа шаралар қабылдауды талап етеді.

2. Мақсатқа қол жеткізу және алға қойылған міндеттерді іске асыру тетіктері

      Қазақстан Республикасының Үкіметі кейіннен өндеу өнеркәсібіндегі ШОК жобаларына кредит беру үшін ЕДБ қаржыландыру бойынша шара қолданылатын болады.
      Өңдеу өнеркәсібіндегі ШОК жобаларын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатынан қаржыландырудың жалпы көлемі 100 млрд. теңгені құрайды.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын пайдалану «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – «Даму» КДҚ» АҚ) қаражатын өндеу өнеркәсібіндегі ШОК субъектілерін қаржыландыру үшін ЕДБ-ге шартты түрде орналастыру жолымен жүзеге асырылады.
      Бұл мақсат үшін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ) облигациялар айналысы басталған күннен бастап 20 жылға дейінгі мерзімге жылдық 0,1 % сыйақы мөлшерлемесі бойынша 100 млрд. теңге сомасына облигациялар шығару жолымен Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан қарыз алуды жүзеге асырады. Облигациялық қарызды өтеу мерзімі – айналыс мерзімінің соңында, 2024 жылдан бастап эмитенттің бастамасы бойынша мерзімінен бұрын өтеу құқығы болады.
      Қаражат алғаннан кейін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ «Даму» КДҚ» АҚ-на жасалған тиісті Кредит шартының талаптарына сәйкес мерзім соңында қаражатты бір сомамен өтеу шартымен жылдық 0,15 %сыйақы мөлшерлемесі бойынша 20 жылға дейінгі мерзімге 100 млрд. теңге сомасына кредит береді.

3. Қаражатты екінші деңгейдегі банктерге шартты түрде орналастырудың шарттары мен тетіктері

      ЕДБ тізбесі мен олар бойынша лимиттер сомасы Қазақстан Республикасының Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның (бұдан әрі – Мемлекеттік комиссия) тиісті шешімімен айқындалады. Мемлекеттік комиссия соңғы қарыз алушылар үшін сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін қалыптастыру тәсілдерін айқындайды.
      «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Даму» КДҚ» АҚ және ЕДБ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінетін қаражат бойынша төлемдер өткізу үшін ҚРҰБ-да жеке банктік шот ашады.
      «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ «Даму» КДҚ» АҚ-ның ҚРҰБ-дағы жеке банктік шотына осы Жоспарға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жасалған Кредит шартына сәйкес қаражат сомасын орналастырады.
      «Даму» КДҚ» АҚ осы Жоспарға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ЕДБ-мен Кредиттік келісімдер жасауды жүзеге асырады.
      «Даму» КДҚ» АҚ алынған кредит қаражатын ЕДБ-да жылдық 2,0 %-дан аспайтын мөлшерлемемен орналастырады.
      «Даму» КДҚ» АҚ кредит қаражатын ЕДБ-ның ҚРҰБ-дағы жеке банктік шотына орналастыруды Мемлекеттік комиссия мақұлдаған лимиттер шегінде қамтамасыз етпей жүзеге асырады.
      ЕДБ кредит беру валютасы – теңге.
      ЕДБ кредит беру мерзімі – 20 жылға дейін.
      ЕДБ үшін «Даму» КДҚ» АҚ-дан қаражат тарту мөлшерлемесі мен ШОК субъектілеріне кредит беру мөлшерлемесі арасындағы айырма жылдық 4,0 %-дан аспауы тиіс.
      ЕДБ-ның кредит қаражатын игеру мерзімі – қаражат ЕДБ шотына түскен күннен бастап 6 ай.
      Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу шарттары мен тәртібі Кредиттік келісімде белгіленеді.
       ДБ орналастырылған кредит қаражатының мақсатты пайдаланылуы мен игерілуі бойынша «Даму» КДҚ» АҚ алдында есеп береді.
      ЕДБ есептерін ұсыну тәртібі, нысаны мен кезеңділігі, сондай-ақ ЕДБ-ге кредит берудің осы Жоспарда көзделмеген өзге де шарттары Кредиттік келісімде белгіленеді.
      ЕДБ бөлінетін қаражатты ШОК субъектілерінің қолданыстағы инвестициялық кредиттерін алынған қаражат сомасының 50 %-ына дейін қайта қаржыландыру мақсатына жібереді. Бұл талап кәсіпкерлерді қаржылай қолдау бағдарламаларына («Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы, «Даму Өндіріс» бағдарламасы, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Сауықтыру бағдаламалары) қатысатын қолданыстағы қарыздарға таратылмайды.
      Соңғы қарыз алушылардың техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті орган бекіткен экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктемесінің С секциясының (Өңдеу өнеркәсібі) 10-бөліміне (Тамақ өнімдерінің өндірісі) және 11-бөлімінің (Сусындар өндірісі) 11.06. және 11.07-сыныбына сәйкес келетін, экономика саласында іске асырылатын жаңа жобаларын қаржыландыру мақсатына Банк жіберетін қарыздардың үлесі – Кредит сомасының кемінде 25 %.
      «Даму» КДҚ» АҚ босаған кредит қаражатын ЕДБ-ға қайтадан кредит беруге жұмсайды.
      Бөлінген қаражат мақсатына сай пайдаланылмаған және/немесе уақтылы пайдаланылған жағдайда, сондай-ақ «Даму» КДҚ» АҚ мен ЕДБ арасындағы Кредиттік келісімде көзделген жағдайлар орын алса, «Даму» КДҚ» АҚ Кредиттік келісімдерді мерзімінен бұрын бұзады және жоғарыда аталған бұзушылықтар анықталған орналастырылған қаражатты кері қайтарып алады. Босаған және кері қайтарып алынған қаражатты ЕДБ арасында қайта бөлу жөніндегі мәселе Мемлекеттік комиссияның қарауына шығарылады.

4. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру шарттары

      Нысаналы топ – техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті орган бекіткен экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктемесіне сәйкес жобаларын өңдеу өнеркәсібінде іске асыратын ШОК субъектілері.
      Мынадай:
      1) акцизделетін тауарлар шығаруды көздейтін жобаларды іске асыратын;
      2) құрылтайшылары ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей және жанама түрде мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тиесілі ұйымдар, сондай-ақ меншік нысаны жеке мекеме ретінде ресімделген заңды тұлғалар болып табылатын ШОК субъектілері қатысушы бола алмайды.
      Кредиттер ШОК субъектілеріне мақсатты пайдалану, ақылылық, мерзімділік, қайтарымдылық және қамтамасыз етілу шарттарымен беріледі.
      Кредит валютасы – теңге.
      ШОК субъектілеріне кредит беру мақсаты:
      1) негізгі құралдардың жаңаларын сатып алу, құру және қолданыстағыларын жаңғырту;
      2) әрбір ЕДБ-ге кредит қаражаты сомасының 50 %-ына дейін қолданыстағы инвестициялық кредиттерді қайта қаржыландыру.
      Басқа шарттар Кредиттік келісімде айқындалады.
      ШОК Субъектілері үшін номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық  6,0 %-дан аспайды;
      Бір ШОК Субъектісіне берілетін ең көп қаржыландыру лимиті 1 850 000 000 теңге.
      ШОК Субъектілеріне кредит беру мерзімі – 10 жылға дейін.
      Соңғы қарыз алушылардың техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті орган бекіткен экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктемесінің С секциясының (Өңдеу өнеркәсібі) 10-бөліміне (Тамақ өнімдерінің өндірісі) және 11-бөлімінің (Сусындар өндірісі) 11.06. және 11.07.-сыныбына сәйкес келетін, экономика саласында іске асырылатын жаңа жобаларын қаржыландыру мақсатына Банк жіберетін қарыздардың үлесі – кредит сомасының кемінде 25 (жиырма бес) %-ы.

5. Екінші деңгейдегі банктерге қойылатын талаптар

      Халықаралық рейтинг агенттігі берген кредит рейтингінің «В-» төмен болмауы.
      Қазақстан Республикасының кемінде 5 өңірінде филиалдар желісінің болуы.
      Қаражат берілген күні жұмыс істемей тұрған кредиттерінің деңгейі 15 %-дан жоғары ЕДБ үшін ҚРҰБ-мен жеке келісім жасасу талабы қосымша белгіленеді. Жеке келісімде ЕДБ-ның жұмыс істемей тұрған кредиттер деңгейін ҚРҰБ белгілеген мерзімде 15 %-ға дейін төмендету міндеті көзделетін болады. ЕДБ жеке келісімнің шарттарын орындамаған жағдайда, қаражатты «Даму» КДҚ» АҚ-ға қайтару көзделеді.

6. Мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралары

      Осы Жоспар шеңберінде қаражат алатын ШОК субъектілерінің жаңа жобаларын қаржыландыруды ынталандыру үшін «Даму» КДҚ» АҚ «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясындағы жаңа жобалар бойынша кредит сомасының 10 %-ынан 20 %-ына дейінгі мөлшерде кредиттерге міндетті түрде кепілдік беру тетігін қолдана алады.

7. Мониторинг

      «Даму» КДҚ» АҚ:
      1) ЕДБ-ның қаражатты мақсатты пайдаланылуы мен уақтылы игерілуіне;
      2) ШОК субъектілері алған қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторингті жүзеге асырады.
      «Даму» КДҚ» АҚ осы Жоспарды іске асыруға қатысатын ЕДБ-ның қаржы-экономикалық жағдайын талдауды тұрақты түрде жүзеге асыратын болады.
      ЕДБ «Даму» КДҚ» АҚ-ға тұрақты түрде қаражаттың игерілуі туралы есеп жіберіп тұрады, есеп беру нысаны мен мерзімдері тиісті Кредиттік келісімде көрсетіледі.
      ЕДБ қаржыландырылған ШОК субъектілеріне мониторинг жүргізеді. Бұл ретте ШОК субъектісінің қаржыландырылған әрбір жобасы бойынша жеке кредит досьесі жүргізіледі, онда ШОК субъектісінің қаражатты мақсатты пайдаланғанын растайтын құжаттар сақталуы тиіс.
      «Даму» КДҚ» АҚ Жоспар шеңберінде бөлінетін қаражат бойынша ЕДБ төлем тәртібін қадағалайтын болады.
      «Даму» КДҚ» АҚ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органға қаражаттың игерілуі туралы ақпарат береді.

Қазақстан Республикасының  
Үкіметі мен Қазақстан     
Республикасы Ұлттық Банкінің  
өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және
орта кәсіпкерлік        
жобаларын қаржыландыруды    
қамтамасыз ету жөніндегі    
бірлескен іс-қимыл жоспарына 
1-қосымша           

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы мен
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы арасындағы
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын орналастыру
туралы кредит шарты

      Астана қ.                          2014 жылғы «__» ________

      Бұдан әрі «кредитор» деп аталатын «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы атынан ____________ негізінде әрекет ететін ______________ және
      бұдан әрі «қарыз алушы» деп аталатын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы атынан ____________ негізінде әрекет ететін ______________, бұдан әрі бірлесіп «Тараптар», жеке алғанда жоғарыда көрсетілгендей немесе «Тарап» деп аталатындар төмендегілер жөнінде осы Кредит шартын (бұдан әрі – Шарт) жасасты.

1. Шарттың мәні

      1. Кредитор осы Шарт талаптарына сәйкес Шартта көзделген талаптарда және тәртіппен қарыз алушыға Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатынан кредит қаражатын (бұдан әрі – кредит) береді.

2. Шарт жасасу негіздері

      1. Шарт жасасу мен іске асыру үшін мыналар негіз болып табылады:
      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес отырысының 2014 жылғы «___» ________ № ___ хаттамасы;
      2) Қазақстан Республикасының Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссиясы отырысының 2014 жылғы «___» ________ № ___ хаттамасы;
      3) кредитордың Директорлар кеңесі отырысының 2014 жылғы «__» __________ шешімі (№ ___ хаттама);
      4) кредитордың Басқарма отырысының «__» __________ шешімі (№ ___ хаттама);
      5) қарыз алушының Директорлар кеңесі отырысының 2014 жылғы «___» _________ шешімі (№ ___ хаттама);
      6) қарыз алушының Басқарма отырысының 2014 жылғы «___» __________ шешімі (№ ___ хаттама).

3. Кредиттің негізгі шарттары

      1. Кредит мынадай шарттармен беріледі:
      1) Кредит сомасы – 100 (жүз) миллиард теңге;
      2) Кредит мерзімі – «____ » __________ ж. дейін;
      3) сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 0,15 % (нөл бүтін жүзден он бес пайыз);
      4) Кредит валютасы – теңге;
      5) Кредиттің нысаналы мақсаты – өңдеу өнеркәсібінің шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне кейіннен кредит беру үшін екінші деңгейдегі банктерде қарыз алушы арқылы қаражатты шартты түрде орналастыру;
      6) негізгі борышты төлеу – кредит мерзімінің соңында;
      7) сыйақы төлеу – сыйақы төлеудің алғашқы мерзімі: ____ жылғы «____» __________.
      Одан кейін сыйақы төлеу: Шарттың осы тармақшасында қарастырылған бірінші төлем уақытынан бастап жартыжылдық төлемдермен.
      Сыйақы төлеу күні жұмыс істемейтін күнге келсе, онда төлем жұмыс істемейтін күннен кейінгі бірінші жұмыс күні жүзеге асырылады.
      Шартта анықталған мөлшерлеме бойынша сыйақы есептеу қарыз алушының арнайы шотына түскен күнінен бастап негізгі борыш толық өтелген күнге дейін кредит бойынша негізгі борыш сомасына жүзеге асырылады. Негізгі борыштың бүкіл сомасы кредитордың арнайы шотына түскен күн негізгі борыштың толық өтелген күні болып есептеледі. Сыйақы бір жылдағы 360 (үш жүз алпыс) және айына 30 (отыз) күн есебінен есептеледі.
      Қазақстан Республикасының Салық заңнамасында қарастырылған жағдайларды қоспағанда, кредиторға төленетін сыйақыдан төлем күнінде қолданыстағы сыйақы бойынша төлем көзінен корпоративтік табыс салығы ұсталады. Бұл ретте, сыйақы төлеген кезде төлем тапсырмасында төлем көзінен ұсталатын корпоративтік табыс салығының сомасын көрсету қажет, сондай-ақ тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың оныншы күнінен кешіктірмей, әр айға бөле отырып, кредиторға төлем көзінен ұсталатын корпоративтік табыс салығының ұсталғаны және төленгені туралы анықтама беру қажет:
      8) қамтамасыз ету – қамтамасыз етілмейді;
      9) төлемдерді қабылдау реттілігі мынадай кезектілікпен:
      тұрақсыздық айыбы (айыппұлдар, өсімпұлдар);
      Шартты орындаумен байланысты және қарыз алушы өтеуге тиісті шығыстар сомалары және кредитор шеккен шығындардың сомалары;
      есептелген сыйақы;
      Кредит бойынша негізгі борышты өтеу;
      10) қарыз алушының бастамасы бойынша мерзімнен бұрын өтеуге шектеу (мораторий) – кредит берілген күнінен бастап 20 (жиырма) жыл.

4. Кредит беру және қайтару тәртібі

      1. Кредит беру Шарт күшіне енгізілген күнінен бастап __ (___) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
      2. Кредит беру қарыз алушының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған № _____________ арнайы банктік шотына (Шарт мәтіні бойынша – қарыз алушының арнайы шоты) аудару арқылы жүзеге асырылады.
      3. Қарыз алушы кредитті қайтаруды және сыйақы төлеуді кредитордың Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған № _____________ арнайы шотына (Шарт мәтіні бойынша – кредитордың арнайы шоты) ақша аудару арқылы жүргізеді.
      4. Қарыз алушы кредит бойынша негізгі борышты қайтару, сыйақыны, тұрақсыздықты (айыпұл, өсімпұл) және Келісімшартта қарастырылған өзге де төлемдерді төлеу жөніндегі өзінің міндеттемелерін толық көлемде орындаған кезде кредит өтелді деп есептеледі.

5. Тараптардың құқықтары мен міндеттері

      1. Кредитор:
      1) қарыз алушыдан кредитті игеру, мақсатты пайдалану, қызмет ету және қайтару туралы ақпаратты сұрауға және алуға, сондай-ақ қажетті тексерістер жүргізуге;
      2) қарыз алушы кредит бойынша негізгі борышты қайтару және сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемелерін бұзған жағдайда, Шартқа сәйкес қайтару бойынша төлем жүзеге асырылуы тиіс күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кейін, сондай-ақ қарыз алушы кредитті мақсатты пайдалану жөніндегі міндеттемелерін бұзған жағдайда (осындай бұзушылық анықталған күннен бастап кез келген уақытта):
      Қарыз алушы алған кредитті есептелген сыйақымен бірге мерзімінен бұрын өтеуді, Шартта қарастырылған тұрақсыздық айыбының және келтірілген шығындар мен өзге төлемдерді төлеуді қарыз алушыдан талап етуге;
      Қарыз алушының Қазақстан Республикасының аумағындағы және одан тыс жерлердегі кез келген банктерде (қаржылық, кредиттік ұйымдар мен мекемелерде) ашылған банктік шоттарына қарыз алушының акцептін талап ететін төлем тапсырмаларын (шарттың нотариат куәландырған көшірмесін немесе өзге де құжаттарды қоса бере отырып) беру жолымен қарыз алушының мерзімі өткен берешектерінің барлық сомасын талап етуге. Қарыз алушының банктік шотындағы ақша жеткілікті болған жағдайда, кредитордың төлем құжаты онда көрсетілген ақша сомасына орындалуға тиіс, ал ақша жеткіліксіз болған жағдайда – қарыз алушының банктік шотының картотекасында сақталуға тиіс. Ақшаны басқа валютада (кредит валютасынан басқа) алған жағдайда, алынған ақшаны кредит валютасына айырбастау қарыз алушының есебінен жүргізіледі;
      Кредитті мақсатты пайдаланбағаны үшін (мақсатты пайдаланбау анықталған кезде) Шартта көзделген айыппұлды төлеуді талап етуге;
      Шартта және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де кез келген іс-қимылдарды жүзеге асыруға;
      3) қарыз алушы осы баптың 4-тармағының 3), 5), 8), 11), 13),  14) және 15) тармақшаларында қарастырылған міндеттерді орындамаған немесе тиісінше орындамаған кезде қарыз алушыдан сыйақыларды және Шарт бойынша кредиторға тиесілі өзге де сомаларды төлеп, берілген кредитті мерзімінен бұрын қайтаруды және/немесе Шартты мерзімінен бұрын бұзуды талап етуге;
      4) қарыз алушы Шарттың 5-бабының 4-тармағының 4), 6), 9), 10) және 16) тармақшаларында қарастырылған міндеттерді орындамаған немесе тиісінше орындамаған кезде қарыз алушыдан Шартта қарастырылған тұрақсыздық айыбын (айыппұл) төлеуді талап етуге құқылы.
      2. Кредитор:
      1) Шарт талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және Шартқа сәйкес қарыз алушының банктік және коммерциялық құпиясы болып табылатын және Шарт талаптарына сәйкес қарыз алушы ұсынатын ақпаратта қамтылатын мәліметтердің құпиялығын сақтауға;
      2) Шартта көрсетілген мерзімнен кешіктірмей қарыз алушының шотына кредиттің аударылуын қамтамасыз етуге міндеттенеді.
      3. Қарыз алушы:
      1) кредитордан Шарт талаптарын толық, нақты және уақтылы орындауға қажетті ақпаратты сұрауға және алуға;
      2) Шартта көрсетілген мерзімде кредит алуға;
      3) Келісімшартта және Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған басқа да құқықтарын жүзеге асыруға құқылы.
      4. Қарыз алушы:
      1) Шартқа сәйкес кредитор алдындағы міндеттемелердің орындалуын жүзеге асыруға;
      2) толық көлемде және Шартта белгіленген мерзімде кредитті қайтаруға және сыйақы төлеуге;
      3) осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайда, кредитор тиісті хабарлама жіберген күнінен бастап 30 (отыз) жұмыс күні ішінде кредит сомасын, есептелген сыйақыны және Шарт талаптары бойынша кредиторға тиесілі өзге де сомаларды қайтаруға;
      4) Кредитордың өкілдерін мақсатты тексерулер жүргізу үшін жұмыс уақытында қызметтік және басқа үй-жайларға кіргізуге және осындай тексерулер барысында жан-жақты көмек көрсетуге;
      5) Шарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін осы Шарт бойынша құқықтары мен міндеттерін үшінші тұлғаларға бермеуге және табыс етпеуге;
      6) кредитор белгілеген мерзімде Шарт талаптарына сәйкес ол талап ететін ақпаратты және құжаттарды, оның ішінде кредиттің мақсатты пайдаланылуы туралы есепті қоса алғанда, бірақ онымен шектелмей беруге;
      7) кредитті Шартта қарастырылған нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға;
      8) кредит қаражатын депозитте (салым үшін) орналастырмауға, қандай да болмасын қаржы құралдарына және/немесе олармен жасалатын операцияларға инвестицияламауға, шетел валютасын сатып алу үшін валюта нарығына бағыттамауға, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер тарапынан осы тармақшаның орындалуын қамтамасыз етуге;
      9) Шартқа қол қойылған күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде кредиторға Қазақстан Республикасының аумағындағы және одан тыс жерлердегі кез келген банктердегі (қаржылық, кредиттік ұйымдар мен мекемелердегі) қарыз алушының барлық банктік шоттарының тізбесін, сондай-ақ олардың алдындағы қарыз алушының берешектерінің бар-жоғы және мөлшері туралы мәліметтерді беруге;
      10) Қазақстан Республикасының аумағындағы және одан тыс жерлердегі кез келген банктерде (қаржылық, кредиттік ұйымдар мен мекемелерде) жаңа банктік шот ашқан күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде кредиторға: банктік шот ашылған банктің (қаржылық, кредиттік ұйымдар мен мекемелердің) атауы, шот нөмірі, БСК, шот валютасы туралы жазбаша мәліметтер беруге;
      11) қарыз алушының Шарт бойынша өз міндеттемелерін бұзуы нәтижесінде кредитор нақты шеккен және құжаттамамен расталған шығындарды өтеуге;
      12) кредитті пайдалануға байланысты үшінші тұлғалармен жасалатын шарттарға берілген/аударылған ақша сомалары туралы мәліметтерді қоса алғанда, бірақ онымен шектелмей, банктік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтер мен шарт бойынша міндеттемелердің орындалғаны туралы мәліметтерді кредиторға, сондай-ақ кез келген уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға ашуға екінші тараптың келісім беруі туралы ереже енгізуге;
      13) кредит қаражатын пайдалану кезінде оларды қолма-қол ақшаға айналдыруға жол бермеуге, оның ішінде консалтингтік көрсетілетін қызметтерді және оффшорлық компанияларға аударымдарды болдырмауға;
      14) Шарт қолданылатын бүкіл мерзім ішінде кредит қаражаты есебінен кез келген ақша аударымдарын қарыз алушының арнайы шоты арқылы ғана жүзеге асыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ қарыз алушының арнайы шотына кредит қаражаты мен Шарт бойынша Қарыз алушының міндеттемелерін орындауға арналған ақшадан басқа, кез келген өзге ақша қаражатының аударылуына жол бермеуге;
      15) кредитті екінші деңгейдегі банктер тарапынан басқа қаржы құралдарына айналдыруды қоса алғанда, оны кез келген қайта құрылымдауды болдырмауды қамтамасыз етуге;
      16) Шарт талаптарын мүлтіксіз орындауға, сондай-ақ ақша қаражатын алған екінші деңгейдегі банктердің оны нысаналы мақсаты бойынша пайдалануын қамтамасыз етуге міндеттенеді.

6. Тараптардың жауапкершілігі

      1. Қарыз алушы кредит сомасын және есептелген сыйақыны Шартта белгіленген мерзімде және талаптарға сәйкес қайтару бойынша міндеттемелерді бұзған жағдайда, кредитор қарыз алушыдан кредиторға мерзімі өткен әрбір күн үшін мерзімі өткен берешек сомасының 0,1 % (нөл бүтін оннан бір пайызы) мөлшерінде, бірақ кредит бойынша негізгі борыш сомасының 10 % (он пайызынан) аспайтын мөлшерде өсімпұл төлеуді талап етуге құқылы.
      2. Кредиттің мақсатты пайдаланылуы бұзылған жағдайда, кредитор қарыз алушыдан Кредиттің мақсатсыз пайдаланылған сомасын (бөлігін) мерзімнен бұрын қайтаруды және (немесе) мақсатсыз пайдаланылған соманың 10 % (он пайызы) мөлшерінде тұрақсыздық айыбын (айыппұл) төлеуді талап етуге құқылы.
      3. Шарттың 5-бабы 4-тармағының 8) тармақшасында көзделген тыйымдар бұзылған жағдайда, кредитор қарыз алушыдан кредит сомасын мерзімінен бұрын қайтаруды және (немесе) Шарттың 5-бабы 4-тармағының 8) тармақшасында тыйым салынған мақсаттарға жұмсалған қаражат сомасының 10 % (он пайызы) мөлшерінде тұрақсыздық айыбын (айыппұл) төлеуді талап етуге құқылы.
      4. Қарыз алушы Шарттың 5-бабы 4-тармағының 4), 6), 9), 10),  16) тармақшаларында қарастырылған міндеттемелерді бұзған жағдайда, кредитор қарыз алушыдан міндеттемелерді бұзудың әрбір фактісі үшін кредит сомасының 0,0001 % (нөл бүтін он мыңнан бір пайызы) мөлшерінде тұрақсыздық айыбын (айыппұл) төлеуді талап етуге құқылы.
      5. Шарттың өзге де талаптары орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда, Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.
      6. Шарт бойынша міндеттемелер орындамаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда, тұрақсыздық айыбын (өсімпұл, айыппұл) төлеу және шығындардың орнын толтыру қарыз алушыны бұзған міндеттемесін тиісінше орындау міндетінен босатпайды.

7. Еңсерілмейтін күш мән-жайлары

      1. Егер Шарт бойынша міндеттемелерін орындамау Шарт жасалған соң Тараптар алдын ала болжай алмайтын, ойға қонымды шаралармен алдын алуға болмайтын төтенше сипаттағы оқиғалар нәтижесінде орын алған еңсерілмейтін күш мән-жайларының салдары болса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы баптың 4 және 5-тармақтарына сәйкес осы мән-жайлардың әрекет ету мерзіміне Тараптар міндеттемелерін ішінара немесе толық орындамағаны үшін жауапкершіліктен босатылады.
      2. Еңсерілмейтін күш мән-жайлары орын алған жағдайда, Шарт бойынша мiндеттемелердi орындау мерзiмi осындай жағдайлар мен салдары созылатын уақытқа тең мерзiмге кейiнге шегеріледі.
      3. Еңсерілмейтін күш мән-жайларына Тараптар ықпал ете алмайтын және олардың туындағаны үшін жауапты болмайтын оқиғалар жатады.
      4. Осындай мән-жайларға сілтеме жасаған Тарап 5 (бес) жұмыс күні iшiнде екінші Тарапты осындай мән-жайлардың орын алғаны туралы жазбаша түрде хабардар етуге міндетті. Екінші Тараптың талап етуі бойынша мұндай мән-жайлардың басталған соң құзыретті орган берген куәландыратын құжат көрсетілуі тиіс.
      5. Тарап 5 (бес) жұмыс күні ішінде Шарт бойынша міндеттемелерін орындаудың межеленген мерзімін көрсете отырып, мұндай мән-жайлардың әрекет етуінің тоқтағаны туралы жазбаша түрде хабарлауға міндетті.

8. Дауларды шешу

      1. Тараптар Шарт талаптарын орындау барысында өздерінің араларында туындауы мүмкін барлық даулар мен келіспеушіліктерді келіссөздер жүргізу жолымен шешуге міндеттенеді.
      2. Егер келіссөздер басталғаннан кейін 30 (отыз) жұмыс күні ішінде Тараптар Шартқа қатысты дауды шеше алмаса, Тараптардың кез келгені бұл мәселені Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген сот тәртібімен шешуді талап ете алады.
      3. Даулар мен келіспеушіліктердің орын алуы Тараптарды Шарт бойынша міндеттемелерін орындаудан босатпайды.

9. Құпиялылық

      1. Тараптар Шарттың және оған қосымша келісімдердің талаптарын өздерінің орындауы нәтижесінде екі Тарап та алған қаржылық, коммерциялық және өзге ақпараттың құпиялылығын қатаң сақтауға және олардың жария етілуін болдырмау үшін қажетті барлық ықтимал шараларды қабылдауға міндетті.
      2. Жоғарыда көрсетілген ақпаратты үшінші тұлғаларға беруді, ақпаратты жариялау немесе өзге түрде жария етуді Тараптардың бірі тек мұндай беру талаптарын екінші Тараппен алдын ала жазбаша келіскеннен кейін ғана жүзеге асырады.
      3. Осы бапта көзделген құпиялылық (және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банктік құпия) туралы ережелер мынадай жағдайларда қолданылмайды:
      1) Шарт бойынша қарыз алушының берешектерін өтеу үшін қарыз алушының барлық банктік шоттарынан кредитордың акцептісіз ақша алуы және осыған байланысты өзге банктерге (қаржылық, кредиттік ұйымдар мен мекемелерге) қажетті ақпарат беруі;
      2) капиталдың ішкі және сыртқы нарықтарында қарыз алуды іске асыру мақсатында, оның ішінде рейтингілер алу үшін кредитордың үшінші тұлғаларға қажетті ақпарат беруі;
      3) берілген сауалдар шеңберінде Кредитордың Қазақстан Республикасының Парламентіне, уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға, Кредитордың акционеріне Кредит бойынша қажетті ақпарат беруі.

10. Қорытынды ережелер

      1. Шарт Тараптардың уәкілетті өкілдері оған қол қойып, мөр бедерлері басылған күнінен бастап күшіне енеді және Тараптар Шарт бойынша өздерінің барлық міндеттемелерін толық орындағанға дейін әрекет етеді.
      2. Осы Шарт Тараптардың әрқайсысына 1 (бір) данадан бірдей заңды күші бар бірдей 2 (екі) данада мемлекеттік және орыс тілдерінде жасалды.
      3. Осы Шартқа өзгерістер мен толықтырулар мөрлердің бедерлерін қоя отырып, Тараптардың уәкілетті өкілдері қол қойған Тараптардың жазбаша қосымша келісімдерімен ресімделеді.
      4. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізілген жағдайда, Шарттың қандай да бір тармағы Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келсе, мұндай қайшылық Шарттың өзі жарамсыз дегенді білдірмейді. Мұндай қайшылық Тараптар арасындағы қосымша келісім арқылы жойылады.
      5. Осы Шарттың талаптары мен міндеттемелерін орындаудан Тараптардың біржақты бас тартуына жол берілмейді.
      6. Тараптардың бірінің деректемелері өзгерген жағдайда, соңғысы бұл туралы екінші Тарапты 3 (үш) жұмыс күні ішінде жазбаша хабардар етеді.

11. Тараптардың мекенжайлары, деректемелері және қолдары

           кредитор:                       қарыз алушы:
  «Бәйтерек» ұлттық басқарушы   «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры»
  холдингі» акционерлік қоғамы           акционерлік қоғамы

        ________________                   ________________

      м.о.                               м.о.

Қазақстан Республикасының  
Үкіметі мен Қазақстан     
Республикасы Ұлттық Банкінің  
өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және
орта кәсіпкерлік        
жобаларын қаржыландыруды    
қамтамасыз ету жөніндегі    
бірлескен іс-қимыл жоспарына 
2-қосымша          

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы мен екінші
деңгейдегі банктер арасындағы өңдеу өнеркәсібі саласындағы
шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне кейіннен кредит беру
үшін қаражатты екінші деңгейдегі банктерге орналастыру туралы
кредиттік келісім

      Бұдан әрі «Қор» деп аталатын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы атынан _______ негізінде әрекет ететін ________________ және
      бұдан әрі «Банк» деп аталатын, «________» акционерлік қоғамы атынан ________ негізінде әрекет ететін ________________, бірлесіп «Тараптар», ал әрқайсысы жеке «Тарап» деп аталып,
      өңдеу өнеркәсібі саласындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатын басшылыққа ала отырып,
      осы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы мен екінші деңгейдегі банктер арасындағы өңдеу өнеркәсібі саласындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне кейіннен кредит беру үшін қаражатты екінші деңгейдегі банктерге орналастыру туралы № ___ кредиттік келісімді (бұдан әрі – Келісім) жасасты.

1. Келісімде пайдаланылатын анықтамалар мен ұғымдар

      Осы Келісімде мынадай анықтамалар мен ұғымдар пайдаланылады:
      ҚР ҰБ – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі;
      соңғы қарыз алушы – «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген өлшемдерге сәйкес айқындалатын және өз Жобасын осы Келісімге 1-қосымшаға сәйкес өңдеу өнеркәсібі саласында іске асыратын шағын және/немесе орта кәсіпкерлік субъектісі. Бұл ретте акцизделетін тауарлар шығаруды көздейтін жобаларды іске асыратын және құрылтайшылары ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей және жанама түрде мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тиесілі ұйымдар, сондай-ақ меншік нысаны жеке мекеме ретінде ресімделген заңды тұлғалар болып табылатын шағын және/немесе орта кәсіпкерлік субъектілері соңғы қарыз алушы бола алмайды;
      банктік қарыз шарты – соңғы қарыз алушыға осы Келісімде айқындалған мақсат үшін кредит қаражаты есебінен қарыз беру үшін Банк пен Соңғы қарыз алушы арасында жасалатын жазбаша келісім;
      кредит – осы Келісім негізінде Қор Банкке беретін ақша сомасы;
      қарыз – Банктік қарыз шартының талаптарына сәйкес соңғы қарыз алушыға Банк беретін ақша сомасы;
      кредитті игеру – Банктің соңғы қарыз алушылардың жобаларын осы Келісімде айқындалған талаптарда кредиттің бүкіл сомасына қаржыландыруы және осы Келісімде көзделген құжаттарды Қорға ұсынуы;
      жоба – соңғы қарыз алушы Банктік қарыз шарты бойынша алынған қарыз есебінен іске асыратын бизнес жоба;
      банктің кредитті мақсатты пайдалануы – банктің банктік қарыз шартын жасасу жолымен осы Келісімде белгіленген талаптар мен мақсатта соңғы қарыз алушыларға қарыз беруі;
      соңғы қарыз алушының қарызды мақсатты пайдалануы – соңғы қарыз алушының Банктік қарыз шарты бойынша алған қарызды Банктік қарыз шартында белгіленген, осы Келісімнің талаптарына сәйкес келетін мақсатта пайдалануы. Соңғы қарыз алушының қарызды мақсатты пайдалануы тиісті шарттармен, қабылдау актілерімен, шот-фактуралармен, төлем құжаттарымен және соңғы қарыз алушының тауарларды, жұмысты, көрсетілетін қызметтерді толық көлемде алғанын және/немесе Банктік қарыз шартында қарастырылған өзге де мақсаттарға қол жеткізетінін сөзсіз растауы тиіс болатын өзге де құжаттармен куәландырылады;
      қайта қаржыландыру – соңғы қарыз алушыға бұдан бұрын берілген қарыздарды кредит қаражатының есебінен алмастыру. Соңғы қарыз алушының қолданыстағы қарыздарын қайта қаржыландыру кезінде соңғы қарыз алушының мәртебесі алынған қарызды қайта қаржыландыру кезінде соңғы қарыз алушы ұсынған құжаттар негізінде айқындалады. Бұл ретте қарыздың қайта қаржыландыруға бөлінетін ең көп сомасы осы Келісімнің
5-бөлімі 2-тармағының 4) тармақшасына сәйкес айқындалады;
      еңсерілмес күш мән-жайлары – кез келген Тараптың осы Келісім бойынша міндеттемелерін толық немесе ішінара орындауы мүмкін болмайтын мән-жайлар (мыналарды қоса алғанда, бірақ бұлармен шектелмей: су тасқыны, жер сілкінісі, жарылыстар, теңіз дауылы, індет, эпизоотия, дүлей өрт, ереуілдер, соғыс, көтерілістер, мемлекеттік органдардың ресми актілері). Бұл ретте, еңсерілмес күш мән-жайларының сипаты, әрекет ету кезеңі, орын алу фактісі уәкілетті мемлекеттік органдардың тиісті құжаттарымен расталуы тиіс;
      жұмыс күні – Банктер Қазақстан Республикасында өз қызметін жүзеге асыру үшін ашық болатын күндер (сенбі немесе жексенбіні немесе ресми мереке күндерін қоспағанда);
      дефолт – Банктің осы Келісім бойынша өз міндеттемелерін орындамау және/немесе тиісінше орындамау жағдайы немесе осы Келісімде айқындалған өзге жағдайлардың туындау фактісі;
      кросс-дефолт – Банктің Қормен және/немесе «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ компаниялар тобының кез келген қатысушысымен жасасқан кез келген шарты бойынша міндеттемелерінің біреуін орындамауы немесе тиісті деңгейде орындамауы;
      Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы (бұдан әрі – КҚКО) – Қордың жеке кәсіпкерлік субъектілеріне және экономикалық белсенді тұрғындар арасынан кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарға қаржылай емес қолдау көрсететін бөлімшесі;
      орташа жылдық табыс – жылдық жиынтық табыс сомасы немесе арнайы салық тәртібін патент немесе жеңілдетілген декларация негізінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес қолданатын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің соңғы үш жылда үшке бөлінген табыс сомасы.
      жұмыскерлердің орташа жылдық саны – осы субъектінің филиалдарының, өкілдіктері мен басқа да оқшауланған бөлімшелерінің жұмыскерлерін, сондай-ақ жеке кәсіпкердің өзін қоса алғанда (егер субъект жеке кәсіпкер болса), барлық жұмыскерлерді ескере отырып, анықталған кәсіпкерлік субъектілерінің орташа жылдық саны;
      кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту комитеті;
      Банктің арнайы шоты – осы Келісімнің мақсаты үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде ашылған Банктің арнайы шоты;
      қордың арнайы шоты – осы Келісімнің мақсаты үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде Қордың ашылған арнайы шоты.

2. Келісімнің мәні

      1. Банктің Соңғы қарыз алушыларды осы Келісімде көзделген талаптарда қаржыландыруы үшін Қор осы Келісімге сәйкес _________ (________) теңге сомасындағы кредитті Банктің арнайы шотына орналастырады.
      2. Кредитті Банктің арнайы шотына орналастыру бір мәрте жүзеге асырылады.
      3. Қарыз алатын соңғы қарыз алушылардың Жобаларын қаржыландыруды ынталандыру үшін Қор «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберіндегі жаңа жобалар бойынша Қарыз сомасының 10 %-ынан 20 %-ына дейінгі мөлшеріндегі қарыздарға міндетті кепілдік беру тетігін қолдана алады.

3. Кредит беру шарттары

      1. Қор кредитті Банктің арнайы шотына мақсатты пайдалану, мерзімділік, ақылылық, қайтарымдылық талаптарын сақтай отырып орналастырады.
      2. Банк кредитті соңғы қарыз алушыларға осы Келісімде көзделген мақсаттарға қарыз беру үшін ғана пайдалануға міндетті. Кредиттің осы нысаналы мақсатын Банктің өз бетімен ауыстыруына болмайды. Кредитті басқа мақсаттарға пайдалану Банктің осы Келісімде және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілігіне әкеп соқтырады.
      3. Кредит мерзімі – 240 айға дейін.
      Кредит мерзімі кредит Банктің арнайы шотына осы Келісімде көрсетілген күні түскен кезден басталады және ол толық қайтарылған күні аяқталады. Кредит сомасы Қордың арнайы шотына толық көлемде түскен күн кредит қайтарылған күн болып табылады.
      4. Банктің кредитті игеру мерзімі – кредит қаражаты Банктің арнайы шотына түскен күннен бастап 6 ай.
      5. Кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,0 %-ды құрайды.
      6. Кредиттің нысаналы мақсаты – Банктің соңғы қарыз алушыға қарызды осы Келісімнің шарттарымен, сондай-ақ төменде келтірілген барлық талаптардың сақталуын ескере отырып ұсынуы:
      1) Банк кредитті жобаларын өңдеу өнеркәсібінде іске асыратын соңғы қарыз алушыларды кейіннен осы Келісімнің 1-қосымшасына сәйкес қаржыландыру үшін ғана пайдалануға міндетті;
      2) соңғы қарыз алушыларға ұсынылатын қарыздардың шарттары осы Келісімнің 5-бөлімінде белгіленген талаптарға сәйкес болуы тиіс;
      3) Банктің қолданыстағы қарыздарды қайта қаржыландыруға жіберілетін қарыздарының үлесі осы Келісімнің 5-бөлімі 2-тармағының 1) тармақшасында белгіленген шектеулерді ескере отырып, кредит сомасының 50 (елу) %-ынан аспауы тиіс. Банк бұл талапты кредиттің барлық сомасының игерілу мерзімі аяқталатын күні осы бөлімнің 4-тармағына сәйкес орындауы тиіс;
      4) соңғы қарыз алушылардың техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті орган бекіткен экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктемесінің С секциясының (Өңдеу өнеркәсібі) 10-бөліміне (Тамақ өнімдерінің өндірісі) және 11-бөлімінің (Сусындар өндірісі) 11.06. және 11.07.-сыныбына сәйкес келетін, экономика саласында іске асырылатын жаңа жобаларын қаржыландыру мақсатына Банк жіберетін қарыздардың үлесі – кредит сомасының кемінде 25 %. Банк бұл талапты кредиттің игерілу мерзімі аяқталатын күні осы бөлімнің 4-тармағына сәйкес орындауы тиіс.
      7. Осы Келісімнің әрекет ету мерзімі ішінде соңғы қарыз алушыларға осы Келісім бойынша бұрын берілген қарыздарды өтеу есебінен босап қалған кредит қаражатын Банк соңғы қарыз алушыларға осы Келісімнің талаптары бойынша кейіннен кредит беру үшін 3 (ай) ішінде жолдауы тиіс не қаражат осы Келісімнің 10-бөлімінің 1-тармағына сәйкес Қорға мерзімінен бұрын қайтарылуы тиіс.
      Бұл тармақ осы Келісімнің 3-бөлімінің 4-тармағында көрсетілген кредитті игеру мерзімі өткеннен кейін ғана күшіне енеді.
      8. Банк кредиттің игерілуін осы Келісімнің 3-қосымшасына сәйкес кредитті игеру кестесіне сәйкес жүзеге асырады.

4. Кредитті өтеу тәртібі

      1. Банк тарапынан төленетін сыйақы негізгі борыш қалдығына есептеледі, бұл ретте бір жылдағы 360 (үш жүз алпыс) күн және бір айдағы 30 (отыз) күн және толық аяқталмаған айдағы өткен күндердің нақты саны, оның ішінде соңғы күнді есепке алмастан, бірінші күнді қоса ала отырып, есепке алынады.
      2. Банктің кредитті өтеу тәртібі:
      1) Қорға берілетін сыйақы төлем кестесіне сәйкес жарты жылда бір рет төленеді (осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын осы Келісімнің 2-қосымшасы);
      2) негізгі борыш Қорға осы Келісім бойынша төлем кестесіне сәйкес кредит мерзімінің соңында төленеді (осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын осы Келісімнің 2-қосымшасы).
      3. Егер жасалған төлем сомасы осы Келісім бойынша міндеттемені орындау үшін жеткіліксіз болған жағдайда, ол алдымен Қордың орындауды алуы бойынша шыққан шығындарын, содан кейін тұрақсыздық айыбы мен сыйақыны, ал қалған бөлігінде борыштың негізгі сомасын төлейді.
      Қор белгіленген тәртіппен Банк берешегін өтеудің өзге кезектілігін белгілеуге құқылы.
      4. Егер төлем күні жұмыс істемейтін күнге сәйкес келген жағдайда, төлем одан кейінгі жұмыс күні жүргізіледі.
      5. Қорға сыйақы төлеуді Банк Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес төлем көзінен ұсталып қалынуы тиіс табыс салығын алып тастай отырып (егер мұндай ұстап қалу сыйақы төленетін кезде қолданыста болған заңнамада қарастырылған болса) жүзеге асырады, Қорға табыс салығының төлем көзінен ұсталып қалғанын растайтын тиісті анықтамаларды ұсынады.

5. Соңғы қарыз алушыларға қарыз беру шарттары

      1. Осы Келісімнің шеңберінде соңғы қарыз алушыларды қаржыландыруды Банк осы Келісімнің 1-қосымшасына сәйкес соңғы қарыз алушылардың өңдеу өнеркәсібі саласындағы жобалары бойынша жүзеге асырады.
      2. Банк соңғы қарыз алушыларға берілетін қарызды тек төменде берілген талаптар орындалған жағдайда мақсатқа сай пайдалану, мерзімділік, ақылылық, қайтарымдылық және қамтамасыз етілу шарттарында ғана кредит қаражаты есебінен ұсынады:
      1) қарыз:
      осы Келісімде анықталатын шарттарда және тәртіппен негізгі құралдардың жаңаларын сатып алуға, құруға және қолданыстағыларын жаңғыртуға;
      кәсіпкерлерді қаржылай қолдау бағдарламаларына («Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы, «Даму Өндіріс» бағдарламасы, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Сауықтыру бағдарламалары) қатыспайтын қолданыстағы инвестициялық қарыздарды қайта қаржыландыруға беріледі;
      2) Қарыз валютасы – теңге;
      3) Қарыз мерзімі – 120 айдан аспайды;
      4) бір соңғы қарыз алушыға бөлінетін ең көп қаржыландыру лимиті – 1 850 000 000 (бір миллиард сегіз жүз елу миллион) теңге;
      5) қарыз бойынша сыйақының номиналды мөлшерлемесі жылдық 6,0 %-дан (алты пайыздан) аспайды.
      Соңғы қарыз алушылардың қарыздарын қаржыландыру кезіндегі сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі ҚР ҰБ талаптарына сәйкес белгіленеді. Бұл ретте, соңғы қарыз алушының қарыз бойынша міндеттемелерін бұзуына байланысты өндіріп алынатын комиссия, алым және/немесе өзге төлемдерден бөлек, соңғы қарыз алушының қарызына байланысты қандай да бір комиссия, алым және/немесе өзге төлемдерді өндіріп алуға Банкке тыйым салынады және мұндай комиссияның, алымның және/немесе өзге төлемдердің мөлшері Қормен алдын ала жазбаша келісілуі тиіс. Мүлікті бағалау және сақтандыру қызметтерін соңғы қарыз алушы төлейді;
      6) негізгі құралдардың жаңаларын сатып алуға, құруға және қолданыстағыларын жаңғыртуға берілген қарыздар бойынша сыйақыны өтеудің жеңілдікті мерзімі – 18 айға дейін;
      7) соңғы қарыз алушыларға заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу мақсаты үшін қарыз беруге тыйым салынады;
      8) кредит желісі бойынша қолжетімділік кезеңі – 1 (бір) жылға дейін.

6. Кредиттің игерілгенін растау

      1. Мына құжаттар кредиттің игерілгенін растайды:
      1) Соңғы қарыз алушыларға берілген қарыз бойынша:
      Соңғы қарыз алушымен жасалған Банктік қарыз шарты;
      Соңғы қарыз алушыға қарыз беру туралы Банктің кредит комитетінің шешімінен үзінді көшірме;
      ақшаның Банктік қарыз шарты бойынша соңғы қарыз алушының шотына аударылу фактісін растайтын құжаттар (соңғы қарыз алушының банктік шотынан үзінді көшірме және (немесе) Банктің төлем тапсырмасы және (немесе) төлем ордері);
      2) соңғы қарыз алушылардың қарыздары қайта қаржыландырылған жағдайда:
      қайта қаржыландырылатын қарыз бойынша Банктік қарыз шарты;
      Банктік қарыз шартына қосымша келісім/Банк пен соңғы қарыз алушы арасында қайта жасалған Банктік қарыз шарты;
      Қарызды қайта қаржыландыру туралы Банктің кредит комитетінің шешімінен үзінді көшірме.
      2. Кредитті немесе оның бір бөлігін осы Келісімнің 3-бөлімінің
4-тармағында белгіленген игеру мерзімі өткеннен кейін игеру Кредиттің осы Келісім бойынша уақытылы игерілмеуі болып табылады.
      3. Кредитті игергеннен кейін Банк осы Келісімде белгіленген кредиттің игерілгенін растайтын құжаттарды (уәкілетті тұлғаның қолымен және Банк мөрімен куәландырылған көшірмелер) кредиттің осы Келісімде белгіленген игеру мерзімі аяқталған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде осы бөлімнің 1-тармағына сәйкес Қорға бір мәрте тапсырады.
      4. Банк ұсынған құжаттарда кредиттің игерілмегені/уақтылы игерілмегені бөлігінде осы Келісім талаптарының бұзылғанын/олар бойынша жасалған ескертулерді Қор анықтаған жағдайда, Қордың игерілмеген қаражатты кері қайтарып алуға құқығы бар. Бұл ретте Банк тарапынан ұсынылған құжаттарға жасалған барлық ескертулерді Қор кредиттің игерілгенін растайтын Банк құжаттарын алған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күнінен кешіктірмей Банкке жазбаша нысанда жеткізеді.
      5. Банк кредиттің уақтылы игерілуіне және мақсатқа сай пайдаланылуына, сондай-ақ оның қайтарылуына қатысты барлық тәуекел үшін жауапты болады.

7. Тараптардың құқықтары мен міндеттері

      1. Қор осы Келісімнің талаптарына сәйкес:
      1) Банктің кредитті игергенін және мақсатқа сай пайдаланғанын, сонымен қатар Банктің соңғы қарыз алушыларды қаржыландыру шарттары мен мақсатын сақтауына тексеру жүргізуге құқылы. Бұл ретте тексеру Қор өкілдерінің Банкке барып тексеру жүргізуімен қатар, Қор өкілдерінің соңғы қарыз алушы жобасының іске асырылатын жеріне баруы арқылы да жүзеге асырылады;
      2) осы Келісімнің шарттарын Келісімге тиісті қосымша келісім жасау жолымен өзгерту туралы ұсыныс жасай отырып, Банкке өтініш жіберуге;
      3) Банктен кредиттің игерілгені және осы Келісімнің іске асырылуы бойынша қажетті жедел ақпаратты сұратуға;
      4) мынадай:
      дефолт және/немесе кросс-дефолт орын алған;
      Банк негізгі борышты және/немесе сыйақыны дер кезінде аудармаған және/немесе толық емес көлемде аудармаған;
      мақсатқа сай пайдаланылмаған соманың 15 %-ы (он бес пайызы) мөлшерінде айыппұл (кредиттің қайтарылуы мақсатқа сай емес пайдаланылған соманың мөлшерінде Қор талаптары бойынша жүзеге асырылады) төлей отырып, Банк кредитті мақсатқа сай пайдаланбаған;
      Қор талаптары бойынша кредиттің игерілмеген/уақтылы игерілмеген сомасының 5 (бес) %-ы мөлшерінде айыппұл төлей отырып, Банктің кредитті және/немесе оның бір бөлігін игермеген және/немесе уақтылы игермеген;
      соңғы қарыз алушыларды осы Келісімнің 5-бөлімінде қарастырылған қаржыландыру талаптарын Банк бұзған;
      егер бұл жағдай Банктің қызметіне немесе қаржылық жағдайына едәуір жағымсыз ықпал ететін және Банк стратегиясының өзгеруіне алып келетін болса, Банк акцияларының 10 %-дан (он пайыздан) астамына қатысты меншік құқығы сатылған немесе бір уақытта өзгеге берілген және/немесе иелік ету және пайдалану құқығы өзгеге берілген;
      Standard&Poor’s, Fitch Ratings, Moody’s Investors Service сияқты рейтингтік агенттіктердің бірі Банктің кредит рейтингін «В-» деңгейінен төмендеткен;
      Банктің ҚРҰБ пруденциялық нормативтерін екі айдан астам уақыт бойына бұзған, сонымен қатар Банк лицензиясының әрекетін уәкілетті орган тоқтата тұрған;
      қаржы нәтижесі 2 (екі) тоқсан бойы қатарынан жағымсыз болған;
      Банк ақпарат пен есептілікті осы Келісім бойынша міндеттемелерге сәйкес осы Келісімде қарастырылған мерзімде ұсынбаған;
      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіппен Банк төлемге қабілетсіз деп жарияланған;
      Банк осы Келісімде қарастырылған тексерулерді жүргізуге кедергі келтірген;
      Банк қызметін жүзеге асыруға шектеулер немесе тыйымдар орын алғаны туралы Банк Қорды хабардар етпеген;
      Банк осы Келісім шеңберінде алынған ақпараттың құпиялылық шарттарын бұзған;
      Банк «Paripassu» қағидатын бұзған (кредиттік келісімдер бойынша Банктің өзге кредиторлар алдындағы қамтамасыз етілмеген өзге де міндеттемелері бойынша Банк артықшылық берген);
      Банктің жұмыс істемейтін кредиттерінің (ҚРҰБ деректеріне сәйкес төлемдердің өтіп кеткен мерзімі 90 күннен асатын кредиттерінің) деңгейі ҚРҰБ мен Банк арасында жасалған жеке келісімге сәйкес белгіленген шекті мәннен асып кеткен. Бұл тармақ осы Келісім жасалған күні Банктің жұмыс істемейтін кредиттерінің (ҚРҰБ деректеріне сәйкес төлемдердің өтіп кеткен мерзімі 90 күннен асатын кредиттерінің) деңгейі 15 %-дан асатын екінші деңгейдегі банктерге қолданылады;
      Банк осы Келісімнің 3-қосымшасында қарастырылған кредитті тиісті есепті күнге толық игермеген сомаға игеру кестесін сақтамаған;
      Банк осы Келісім, сондай-ақ Қордың Банкпен жасасқан өзге шарттары бойынша өз міндеттемелерін орындамаған өзге жағдайларда және егер осындай бұзушылық Банк тарапынан бұзушылық орын алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жойылмаған жағдайларда, кредитті мерзімінен бұрын өтеуді және/немесе осы Келісімді мерзімінен бұрын бұзуды талап етуге.
      Көрсетілген жағдайларда Қордың уәжделген алғашқы жазбаша талап етуі бойынша Қор осы Келісім бойынша Банкке орналастырған ақшаны Банк осы талапты алған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде қайтаруға міндеттенеді.
      Банк Қордың талабы бойынша ақшаны осы талапты алған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде аудармаған болса, соңғысының берешек сомасын, оған қоса кредит сомасын, сыйақыны, тұрақсыздық айыбы мен осы Келісім шеңберіндегі талаптарды орындамауға байланысты өзге де шығыстарды акцептсіз және даусыз тәртіппен Банктің қосымша келісімінсіз Қордың Банкке уәжделген алғашқы жазбаша талабын, кредитті акцептсіз және/немесе даусыз тәртіппен жүзеге асыру үшін осы Келісімнің нотариалды куәландырылған қажетті көшірмелерімен қоса, төлем талап-тапсырмаларын ұсыну жолымен Банктің ҚРҰБ кез келген корреспонденттік шоттарынан кез келген валютада шығарып тастауға (кредитті алып қою) құқығы бар. Банктің ҚРҰБ корреспонденттік шоттарындағы Банк қаражаты Қор алдындағы міндеттемелерін орындауға жетпеген жағдайда, Қор қаражатты Банктің қосымша келісімінсіз акцептсіз және даусыз тәртіппен Банктің кез келген өзге шоттарынан кез келген валютада есептен шығаруға (алып қоюға) құқығы бар.
      Егер қаражат кредит орналастырылған валютадан басқа валютада акцептсіз алынған жағдайда, алып қойылған қаражатты орналастырылған қаражат валютасына ауыстыру алып қойылған валюта айырбасталатын күнге ҚРҰБ белгілеген бағам бойынша жүзеге асырылады;
      5) егер Келісім шарттары Банк тарапынан бұзылатын болса, айыппұл (тұрақсыздық айыбын) төлеуді талап етуге;
      6) Банкті кемінде 10 (он) жұмыс күні бұрын алдын ала жазбаша хабардар ете отырып, жоба іске асырылатын жерге барып, Банктің Қор кредитін мақсатқа сай пайдалануына Банк пен соңғы қарыз алушы арасында жасалған Банктік қарыз шартында қарастырылған құқықтар шеңберінде мониторнг жүргізуге;
      7) Банк тарапынан қаржыландырылған соңғы қарыз алушыдан Қарыздың игерілгені және мақсатты пайдаланылғаны туралы, атап айтқанда соңғы қарыз алушының Банктен қарыз алғаны-алмағаны (осы Келісім шеңберінде) және мұндай қарыздың қандай мақсатқа берілгені туралы қосымша ақпарат сұратуға құқылы.
      2. Осы Келісімнің шарттарына сәйкес Қор осы Келісім шарттарында белгіленген талаптарда Банкке кредит беруге міндетті.
      3. Осы Келісімнің шарттарына сәйкес Банк:
      1) осы Келісімде қарастырылған қаражат есебінен кредит беру үшін соңғы қарыз алушыны осы Келісімнің критерийлеріне сәйкес өзі таңдауға;
      2) соңғы қарыз алушының шетел валютасында алған қарызын қарыз валютасы ҚР ҰБ қайта қаржыландырылатын күнге белгілеген бағамы бойынша теңгеге ауыстырылатын болса, қайта қаржыландыруға құқылы.
      4. Осы Келісімнің талаптарына сәйкес Банк:
      1) соңғы қарыз алушыларды жеңілдік талаптарында қолдау жөніндегі осы Келісімді жасасудағы негізгі мақсатты қатаң сақтауға;
      2) кредитті осы Келісімнің 3-бөлімінің 4-тармағында көрсетілген мерзімде игеруге;
      3) осы Келісімде көрсетілген шарттарда және тәртіппен, сондай-ақ мерзімде соңғы қарыз алушыға қарыз беруге;
      4) осы Келісімнің әрекет ету мерзімі аяқталғанға дейін осы Келісім бойынша өз құқықтары мен міндеттемелерін Қордың алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тұлғаларға тапсырмауға және қайта табыстамауға.
      Банктің соңғы қарыз алушыларға Банктік қарыз шарты бойынша талап ету құқығы қаржы нарығын бақылау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік актілеріне сәйкес үмітсіздер санатына өткен қарыздың қайтарылуын қамтамасыз ету мақсатында үшінші тұлғаларға берілген жағдайларға осы тармақ қолданылмайды;
      5) соңғы қарыз алушының қарызды өтегеніне немесе өтемегеніне қарамастан, Банк Қорға негізгі борыш сомасын, яғни есептелген сыйақы мен тұрақсыздық төлемін осы Келісімде белгіленген мерзімде өтеу бойынша сөзсіз міндеттеме қабылдайды;
      6) осы Келісімнің іске асырылуы бойынша негізделген қажетті ақпаратты, сонымен қатар банктік құпияны құрайтын ақпаратты, соңғы қарыз алушылардың жобасына мониторинг жүргізуге қатысты ақпаратты, оған қоса банктік құпияны қордың тиісті талаптарында көрсетілген мерзімде ашуға соңғы қарыз алушылардың келісімін алған жағдайда, Қор талаптарын алған кезден бастап 20 (жиырма) күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде Қорға ұсынуға;
      7) Банктің және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеушінің ішкі талаптарына сәйкес соңғы қарыз алушының қарызды мақсатты пайдалануына мониторинг жүргізуге;
      8) ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 20 күніне дейінгі мерзімде «Даму» КДҚ» АҚ-ға осы Келісімнің 5-қосымшасына сәйкес соңғы қарыз алушылардың жобаларын кредит қаражаты есебінен қаржыландыру туралы есеп беруге;
      9) Қордың талап етуі бойынша кредиттің игерілмеген/уақтылы игерілмеген бөлігін кредиттің игерілмеген/уақтылы игерілмеген сомасының 5 (бес) %-ы мөлшерінде айыппұл төлей отырып, Қор тиісті хабарлама жолдаған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде қайтаруға;
      10) Қор тиісті хабарлама жолдаған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде Қорға Банктің мақсатқа сай емес пайдаланған кредит сомасының 15 %-ы (он бес пайызы) мөлшерінде айыппұл төлеуге;
      11) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес кіруге шектеу қойылған үй-жайлардан басқа, қызметтік үй-жайларға Қор өкілдерінің мониторинг және нысаналы тексеру жүргізу үшін кіруіне рұқсат беруге және мұндай тексерулер барысында жан-жақты жәрдем беруге;
      12) резидент банктердегі корреспонденттік және өзге шоттар туралы барлық ақпаратты осы Келісімге қол қойылған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде, сонымен қатар осы Келісімге қол қойылғаннан кейін резидент-банктерде ашылған шоттар бойынша ақпартты Қорға ашылған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жазбаша хабарлауға. Банктің ҚРҰБ корреспонденттік шоттарындағы және/немесе резидент банктердегі қаражаты осы Келісім аясында Қор алдындағы міндеттемелерін орындауы үшін жеткіліксіз болған жағдайда, өзге банктердегі (банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы) барлық шоттар туралы ақпаратты Қордан тиісті хабарлама алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде Қорға жазбаша хабарлауға;
      13) заңды мекенжай, пошта және банктік деректемелер, сонымен қатар Банктің нақты мекенжайы өзгерген жағдайда, осы сияқты өзгерістер жайлы ақпаратты 10 (он) жұмыс күні ішінде Қорға дереу хабырлауға. Хабарламаған және/немесе уақтылы хабардар етілмеген жағдайда, оның салдарынан туындайтын қиындықтар үшін Банк жауапты болады;
      14) қарыздың игерілуіне және Банктің кредитті мақсатқа сай пайдаланғанына тексеру жүргізу туралы хабарламаны алған және Банктің соңғы қарыз алушыларды қаржыландыру шарттарын сақтаған кезден бастап, Банк хабарламаны алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде кредиттің игерілгенін, кредиттің мақсатқа сай пайдаланылғанын растайтын құжаттардың түпнұсқаларын дайындауға, сонымен қатар тексеру жүргізу үшін (жай, кеңсе техникасы мен жиһаз) тиісті жағдайды қамтамасыз етуге. Тексеру кредитті игеру мерзімі аяқталғаннан кейін жүргізіледі;
      15) осы Келісімнің 6-бөлімінің 1-тармағында көрсетілген кредиттің игерілгенін растайтын құжаттарды (уәкілетті тұлғаның қолымен және Банк мөрімен куәландырылған көшірмелерді) кредитті игеру мерзімі өткен күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде Банктің Қор кредиті есебінен игерген қарыздарының тізімін бірге қоса отырып, сонымен қатар осы Келісімнің 4-қосымшасына сәйкес нысан бойынша есепті Қорға ұсынуға. Осы Келісімнің 6-бөлімінің 1-тармағында көрсетілген құжаттар орталықтандырылған түрде Қордың бас кеңсесіне ұсынылады;
      16) Банк қызметін жүзеге асыруға шектеулер немесе тыйым салу орын алғаны туралы, сонымен қатар Банк акцияларының 10 %-дан (он пайыздан) астамына қатысты меншік құқығы сатылғаны немесе бір уақытта өзгеге берілгені және/немесе иелік ету және пайдалану құқығы өзгеге берілгені туралы ақпаратты 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей тез арада жазбаша түрде Қорға хабарлауға. Банк жазбаша хабарламамен бірге толық ақпаратты және орын алған жағдайлар фактісін растайтын құжаттарды Қорға ұсынады;
      17) соңғы қарыз алушылармен жасалған Банктік қарыз шарттарына мынадай талаптар мен параметрлерді жазуға:
      егер қаржыландыру кредит есебінен берілетін болса, Қорды қарызды қаржыландыратын дереккөз етіп белгілеу;
      шығыс баптарын ақшалай қаражаттың тиісті сомасымен нақтылай отырып, соңғы қарыз алушының қарызды мақсатты пайдалануы көрсетілетін арнайы қосымшаны қарастыру;
      жоба іске асырылатын жерге барып, Банктік қарыз шарты бойынша алынған қарызды соңғы қарыз алушының мақсатты пайдалануына мониторингті жүзеге асыру бойынша Қорға құқық бекіту;
      Қордың қарызды алумен және пайдаланумен байланысты кез келген ақпаратты ашуы үшін соңғы қарыз алушыға Банкке келісім беру міндеттемесін бекіту;
      қол жеткізілген қарызға қатысты Банк пен Қор сұратқан кез келген ақпаратты Банкке және Қорға ұсыну бойынша міндеттемені соңғы қарыз алушыға бекіту;
      соңғы қарыз алушының және қаржыландырылатын саланың атауын Қордың бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауы үшін соңғы қарыз алушының келісімін қарастыру;
      18) есепті айдан кейінгі айдың 10 күніне дейінгі мерзімде есепті айдан кейінгі айдың алғашқы күніндегі жағдай бойынша теңгерімдік және теңгерімнен тыс шоттардағы қалдықтар туралы есепті (700-Н нысан) ай сайын (электронды және қағаз жеткізгіштерде) Қорға ұсынуға;
      19) қажет болған жағдайда, Қордың талап етуі бойынша осы Келісімнің 7-бөлімі 4-тармағының 18) тармақшасында көрсетілген есептілікті айдың кез келген күні, алайда айына 2 реттен асырмай ұсынуға. Сұрату электронды пошта арқылы Банктің тиісті бөлімшелерінде жүзеге асырылады;
      20) есепті тоқсаннан кейінгі айдың 20 күніне дейінгі мерзімде мынадай есептіліктің түпнұсқаларын тоқсан сайын (электронды және қағаз жеткізгіштерде) Қорға ұсынуға:
      тоқсан сайынғы бухгалтерлік теңгерім (№ 1 нысан);
      табыс пен шығыс туралы тоқсан сайынғы есеп (№ 2 нысан);
      ақша қозғалысы туралы тоқсан сайынғы есеп (№ 3 нысан);
      меншікті капиталдағы өзгерістер туралы тоқсан сайынғы есеп (№ 4 нысан);
      ҚР Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі агенттік Басқармасының 2006 жылғы 17 маусымдағы № 136 қаулысына сәйкес (№ 1, 2, 3 қосымшалар) есепті тоқсаннан кейінгі айдың алғашқы күніндегі жағдай бойынша пруденциялық (экономикалық) нормативтердің орындалғаны туралы есеп;
      жиырма ірі қарыз алушы туралы есеп (осы Келісімге 6-қосымша);
      жиырма ірі салымшы туралы есеп (осы Келісімге 7-қосымша);
      өтеу мерзімдері бойынша активтер мен міндеттемелердің айырмасы туралы есеп (осы Келісімге 8-қосымша);
      21) есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 1 күніне дейін Қорға осы Келісім аясында қаржыландырылған соңғы қарыз алушылардың кредит қоржынының сапасы бойынша осы Келісімнің 8-қосымшасына сәйкес нысан бойынша тоқсан сайын ақпарат беруге;
      22) жыл сайынғы қаржылық есептің түпнұсқасын жыл сайынғы аудиттелген қаржылық есептілікті уәкілетті органға ұсыну мерзімі өткеннен кейін 10 (он) жұмыс күніне дейінгі мерзімде Қорға жыл сайын ұсынуға;
      23) әлеуетті соңғы қарыз алушылар үшін Қарыз алудың басты талаптарын көрсете отырып, осы Келісімнің жасалғаны туралы ақпаратты Банктің корпоративтік сайтына орналастыруға;
      24) Қордың корпоративтік сайтына қатысты сілтемені Банктің корпоративтік сайтына орналастыруға;
      25) жобаны қаржыландыру басталғанға дейін әлеуетті соңғы қарыз алушыны тіркеу рәсіміне өту үшін КҚКО-ға жіберуге;
      26) тиісті салыстырып тексеру актісіне қол қоя отырып, есепті жылдың соңындағы жағдай бойынша кредитке қатысты берешек бойынша есеп айырысуды Қормен бірге жыл сайын салыстырып тексеруді жүзеге асыруға;
      27) Банктің активтерінің және (немесе) міндеттемелерінің қайта құрылымдалуына алып келетін (немесе алып келуі мүмкін) қаржылық жағдайы құлдыраған жағдайда, кредиттің кез келген нысанда қайта құрылымдалуына, оның ішінде өзге қаржы құралдарына айырбасталуына жол бермеу үшін барлық шараларды қолдануға. Банк осы тармақта қарастырылған міндеттемелерді орындау мақсатында Банктің Келісім бойынша кредит түрінде алған ақшасының кез келген нысанда қайта құрылымдалуға жатпайтыны жайлы ережені Банктің барлық өзге кредиторлармен жасасқан және келешекте жасалатын шарттарына (келісімдеріне) аса қысқа мерзімде енгізуге міндеттенеді;
      28) арнайы шотта жатқан кредит қаражатын осы Келісімде көзделмеген мақсатқа пайдаланбауға;
      29) кредит қаражатын депозитке (салымға) орналастырмауға, қандай да бір қаржы құралына және/немесе олармен жасалатын қандай да бір операцияға инвестицияламауға, шетел валютасын сатып алу үшін валюта нарығына жібермеуге;
      30) соңғы қарыз алушының қарыз бойынша міндеттемелерін бұзуына байланысты Банк соңғы қарыз алушыдан өндіріп алатын комиссияның, алым және/немесе өзге төлемдердің мөлшерін Қормен жазбаша келісуге;
      31) осы Келісімде көзделген өзге де міндеттерді атқаруға міндетті.

8. Мониторинг

      1. Осы Келісімнің әрекет ету мерзімі ішінде Қор кредиттің игерілгеніне және мақсатты пайдаланылғанына, Банктің соңғы қарыз алушыға қарыз беру шарттарына мониторинг жүргізеді, Банктің осы Келісімнің талаптарын сақтауына, оның ішінде Қор өкілдерінің Банкке баруы арқылы тексеру жүргізеді, банктік және коммерциялық құпияны ашпау талаптарын сақтай отырып, құжаттарды (уәкілетті тұлғаның қолымен және Банк мөрімен куәландырылған көшірмелері) Банктен сұратады.
      2. Осы Келісімнің әрекет ету мерзімі ішінде Қор соңғы қарыз алушылардың Банктік қарыз шарты бойынша алған қарызды мақсатты пайдалануына мониторингті, оның ішінде Қор өкілдерінің жоба іске асырылатын жерге баруы арқылы жүзеге асырады.
      3. Мониторингті өткізу тәртібі мен мерзімі Қордың ішкі құжаттарымен және осы Келісіммен реттеледі.
      4. Қор мониторинг жүргізген кезде Банк оған жәрдем беруге міндетті, сонымен қатар мониторинг жүргізу үшін қажетті барлық құжаттарды Қорға ұсынуға міндеттенеді.
      5. Мониторингті өткізу тәртібі мен мерзімі:
      1) Банктің мониторингі басталатын күнге дейін кемінде 10 (он) жұмыс күні қалғанда Қор Банктің атына мониторинг жүргізу мерзімін көрсете отырып, мониторинг өткізілетіні туралы хабарлама жолдайды;
      2) өткізілген құжаттамалық мониторингтеу қорытындысы бойынша Қор 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей Банкке жүргізілетін мониторинг туралы анықтама/есеп қалыптастырады;
      3) Банкке жүргізілетін мониторинг туралы анықтамаға/есепке Банктің өңірдегі уәкілетті өкілі Қор анықтаманы/есепті қол қоюға ұсынған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей қол қоюы тиіс.
      6. Банк кредитті мерзімнен бұрын толық өтеген жағдайда, Қор Банк кредитті нақты өтегеннен кейін 90 (тоқсан) күнтізбелік күннен кешіктірмейтін мерзімде қосымша мониторинг өткізе алады.
      7. Банк Қорға заңды тұлға құрмастан жеке кәсіпкерлерге берілген Қарыз бойынша мониторинг өткізу үшін қажетті келесі құжаттардың көшірмелерін (уәкілетті тұлғаның қолымен және Банк мөрімен куәландырылған көшірмелері) ұсынуға міндеттенеді:
      1) дара кәсіпкерлерді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік /патент;
      2) салық төлеушінің жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН)
      3) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидалары мен Қызметкерлердің орташа жылдық жанын және орташа жылдық табысты есептеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) заңды күшіне енгізілген күннен бастап – кәсіпкерлік санаты туралы анықтама;
      4) қарыздың мақсатты пайдаланылғанын растауға ұсынылған қаржы нарығын бақылау жөніндегі уәкілетті органның талаптарына сәйкес құжаттар.
      8. Банк мониторинг өткізу үшін заңды тұлғаларға берілген қарыз бойынша қажетті мынадай құжаттардың көшірмелерін (уәкілетті тұлғаның қолымен және Банк мөрімен куәландырылған көшірмелері) Қорға ұсынуға міндеттенеді;
      1) бизнес сәйкестендіру нөмірімен (БСН) бірге мемлекеттік тіркеу/қайта тіркеу туралы куәлік/ мемлекеттік тіркеу туралы анықтама;
      2) жарғы;
      3) Қағидалар заңды күшіне енгізілген күннен бастап – кәсіпкерлік санаты туралы анықтама;
      4) Қағидалар заңды күшіне енгізілген күнге дейін: қарыз беру туралы шешім қабылданғанға дейінгі бір жыл үшін салық органының білгісі қойылған есептілік және қарыз алуға өтініш берілген күні жұмыс істеп жүргендер саны туралы анықтама (бекітілген штат кестесі);
      5) қарыздың мақсатты пайдаланылғанын растауға ұсынылған қаржы нарығын бақылау жөніндегі уәкілетті органның талаптарына сәйкес құжаттар.
      9. Қор жұмыскерлерінің сауалы бойынша Банк жобаға мониторингті жүзеге асыру үшін қажетті өзге де құжаттарды ұсынуға міндетті.

9. Куәландырулар мен кепілдіктер

      1. Банк осы Келісімде көрсетілген куәландырулар мен кепілдіктердің шын екендігін және шындыққа сәйкес келетінін растайды. Қор көрсетілген куәландырулар мен кепілдіктердің шын екендігін тексеруге міндетті емес.
      2. Банк мына жағдайларды куәландырады және оларға кепілдік береді:
      1) осы Келісімге сай қарызды өз қызметін жүзеге асыру үшін қажетті лицензиясы мен рұқсаты бар соңғы қарыз алушыларға ғана беру үшін пайдаланады;
      2) Банк өз бизнесіне, қаржылық жағдайына, активтеріне және осы Келісім бойынша өз міндеттемелері бойынша жауап беру мүмкіндігіне келеңсіз әсер етуі мүмкін қандай да бір жағдайлар туралы бейхабар. Сондай-ақ Банктің жарғылық құзыреті осы Келісімге қол қоятын тұлғаға осы Келісімді жасасуға мүмкіндік беретінін Банк растайды;
      3) Банк осы Келісімді жасасу кезінде осы Келісімнің бұзылуына, оны орындамаудың мүмкін еместігіне, оның шындыққа сай келмейтініне себеп болатын негіздің жоқ екенін растайды;
      4) Келісімнің шарттарын мүлтіксіз орындайтын болады.
      3. Банк барлық ақпараттың, сондай-ақ Қорға тапсырылатын (ұсынылатын) барлық құжаттың дәл және шындыққа сәйкес келетінін куәландырады және оларға кепілдік береді. Қор тапсырылатын немесе ұсынылатын құжаттаманың дәл және шындыққа сәйкес келетінін тексеруге міндетті емес. Жалған, толық емес және/ немесе дұрыс емес мәліметтерді ұсынғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған жауапкершілік туралы Банкке ескертілген.
      4. Тараптарының бірі Банк болып табылатын жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру жөніндегі келісімдер Банк жарғысын немесе Қазақстан Республикасы заңнамасының Банкке қатысты қолданылатын өзге талаптарын бұзбауы тиіс.
      5. Осы арқылы Банк осы Келісімдегі барлық талаптардың Банк үшін ауыртпалық болып табылмайтынын, өзі жасайтын әрекеттердің құқықтық мәнінің өзіне анық және түсінікті екенін хабарлайды.

10. Кредитті мерзімінен бұрын қайтару

      1. Осы Келісім бойынша Кредитті Қор бастамасы бойынша мерзімінен бұрын қайтару осы Келісімде көзделген тәртіппен және талаптарда ғана мүмкін болады.
      2. Осы Келісім бойынша кемінде 10 (он) жұмыс күні бұрын Қорды жазбаша хабардар ету негізінде Кредиттің бүкіл сомасын немесе бір бөлігін Банк бастамасы бойынша мерзімінен бұрын қайтаруға мынадай жағдайларда жол беріледі:
      1) кредитті игерудің белгіленген мерзімі кезінде, бұл ретте Банк Қорға есептелген сыйақыны, өтелетін соманың 5 %-ы (бес пайызы) мөлшерінде айыппұл төлейді. Бұл ретте осы Келісімнің 6-бөлімінің 1-тармағын ескере отырып, кредиттің игерілгені құжаттамалық түрде толық расталатын болса, Банк осы Келісім аясында кредит шарттары бойынша алынған қаражатты қайтарған кезде айыппұл төленбейді;
      2) кредитті игерудің белгіленген мерзімі аяқталған соң, бұл ретте Банк Қорға кредитті нақты пайдаланған уақыты үшін есептелген барлық сыйақыны төлейді.

11. Тараптардың жауапкершілігі

      1. Тарап осы Келісімнен туындайтын міндеттемелерін Келісімге және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орындамағаны және/немесе тиісті деңгейде орындамағаны үшін жауапкершілікте болады.
      2. Осы Келісімнің 3-бөлімінің 4-тармағында белгіленген мерзімде кредит немесе оның бір бөлігі игерілмеген/уақтылы игерілмеген жағдайда, Банк Қордан жазбаша талап алған кезден бастап 20 (жиырма) күні ішінде игерілмеген/уақтылы игерілмеген соманың 5 %-ы (бес пайызы) мөлшерінде Қорға айыппұл төлейді.
      3. Кредит мақсатсыз пайдаланылған (осы Келісімнің 3-бөлімінің 6-тармағында белгіленген талаптар бұзылған) жағдайда, Қордың жазбаша талабын алған кезден бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде Банк Қорға мақсатсыз пайдаланылған соманың 15 %-ы (он бес пайызы) мөлшерінде айыппұл төлейді.
      4. Егер Банк кез келген соманы осы Келісімге сәйкес төлеу бойынша өз міндеттемелерін орындамайтын болса, онда мерзімі өткен сомаға мерзімі өткен бірінші күннен бастап нақты төлем төленетін күнге дейін әрбір күн үшін мерзімі өткен берешек сомасының 0,2 %-ы (нөл бүтін оннан екі пайызы) мөлшерінде тұрақсыздық айыбы есептеледі.
      5. Тұрақсыздық айыбын төлеу кінәлі Тарапты осы Келісім бойынша міндеттемелерін тиісті деңгейде орындаудан босатпайды.
      6. Соңғы қарыз алушының өзінің қарыз алуын мақұлдауға ықпал еткен жалған мәліметтерді немесе құжаттарды ұсынуы фактілері анықталған жағдайда, Банк ол үшін Қор алдында жауапты болмайды. Мұндай жағдайда Банк осы Келісім аясында алған Қор қаражатын Қордың жазбаша талабын алған кезден бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде өз қаражатына алмастырады.
      7. Соңғы қарыз алушының Қарызды мақсатсыз пайдалану фактісі анықталған жағдайда, Банк осы Келісімнің 11-бөлімінің 3-тармағын орындаудан бөлек, осы Келісім аясында алынған Қордың қаражатын Қордың жазбаша талабын алған кезден бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде өз қаражатына алмастыруға немесе босаған қаражатты осы Келісімнің талаптарына сай келетін басқа Соңғы қарыз алушыларды қаржыландыруға жіберуге не кредиттің тиісті бөлігін (Қордың қалауы бойынша Қор талаптарында көрсетіледі) Қорға мерзімінен бұрын қайтаруға міндеттенеді.

12. Хабарламалар

      1. Келісім аясында талап етілетін немесе жасалатын кез келген хабарлама, хабар, хат немесе сауал жазбаша нысанда ұсынылатынына Тараптар келіседі. Мұндай хабарлама, хабар, хат немесе сауал Тараптардың уәкілетті өкілінің жеке өзіне тапсырылған, поштамен немесе курьерлік қызмет арқылы, қатысушы Тараптың Келісімде көрсетілген мекенжайы бойынша факсимильді және телекс байланысы арқылы жеткізілген кез келген жағдайларда олар тиісті деңгейде берілді немесе табысталды деп қарастырылады.
      2. Кез келген хабарлама, хабар, хат немесе сауал мынадай жағдайда алынды деп есептеледі:
      1) қолма-қол (курьермен) жөнелту – тиісті белгісімен алынған күні;
      2) тапсырыс хатпен, жеделхатпен жөнелту – жөнелткеннен кейін үшінші күні (жөнелту кезінде пошта кәсіпорны берген құжатта көрсетілген күннен бастап);
      3) факсимильді немесе телекс байланысы арқылы жөнелту – жөнелту сәтті аяқталған уақытта факсимильді аппараттың растауы болған кезде жөнелтілген күні. Бұл ретте Тараптар осындай хабарламаны, хабарды, хат немесе сауалды 2 жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қолма-қол немесе тапсырысты хатпен жөнелтуге міндеттенеді;
      4) электронды пошта арқылы жөнелту – жеткізілгені туралы есеп бар болатын болса, жөнелтілген күні.
      3. Ай сайынғы және тоқсан сайынғы есептілікті қол қойылған материалдарды электронды пошта арқылы – Банк кейіннен құжаттың түпнұсқаларын Қорға табыстай отырып, жөнелтудің сәтті аяқталғаны туралы электронды поштаның растауы болатын болса, жөнелтілетін күні ұсынуға болады.

13. Құпиялылық

      1. Осы арқылы Тараптар осы Келісімнің шарттарына қатысты ақпараттың, сонымен қатар қаржылық, коммерциялық және Келісім жасасу және оны орындау барысында өздері алған өзге де ақпараттың (Тараптардың шоттары туралы, Банктің толық ашылған қаржылық есептілігі, қаржыландырылған Соңғы қарыз алушылар туралы егжей-тегжейлі ақпарат және оларға жүргізілген мониторинг туралы, қаржы ағымы мен Банктің Қор алдындағы қаржылық міндеттемелері туралы ақпарат, есептелген және өндіріп алынған айыппұлдар мен төлемақы өсімі туралы ақпарат) құпия болып табылатынымен және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және/немесе осы Келісімде тікелей қарастырылған жағдайларды қоспағанда, үшінші тұлғаларға жариялауға жатпайтынымен келіседі.
      Осы Келісімге қол қою арқылы Банк осы тармаққа сәйкес құпия деп танылған ақпаратты Қор өзінің Жалғыз акционеріне және осы Келісім аясында ақпаратты тексеруге ол өкілдік берген өзге тұлғаларға, сонымен қатар осы Келісім аясында ақпаратты тексеру құқығы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тұлғаларға Бере алатыны растайды және онымен келіседі.
      2. Тараптар құпия ақпаратты осы Келісіммен және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тікелей қарастырылған жағдайларда ғана үшінші тұлғаларға табыстауына, жария етуіне немесе өзгеше жариялауына болады.
      3. Тараптар Келісімнің құпиялылығы мен талаптарын сақтау үшін қажетті барлық шараларды, оның ішінде құқықтық сипаттағы шараларды қолданады. Қордың лауазымды тұлғалары мен жұмыскерлеріне Қордың өз құқықтарын осы Келісім бойынша іске асыруы барысында алған мәліметтерін жариялауына немесе үшінші тұлғаларға табыстауына тыйым салынады.
      4. Кез келген Тарап құпия ақпаратты Келісім талаптарын бұза отырып жариялаған немесе таратқан жағдайда, кінәлі Тарап осы ақпаратты тарату салдарынан екінші Тарапқа келтірілуі мүмкін шығындардың орнын толтыра отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған жауапкершілікті көтереді.
      5. Тараптар ынтымақтастық туралы мәліметтерді (осы Келісім аясында Соңғы қарыз алушыларды қаржыландырудың жалпы шарттары туралы ақпарат) бұқаралық ақпарат құралдарында жария етуге, сонымен қатар көрсетілген ақпаратты жарнама мақсатында таратуға бір-біріне құқық береді.

14. Еңсерілмес күш мән-жайлары

      1. Егер Тараптардың осы Келісім бойынша өз міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісті деңгейде орындамағаны еңсерілмес күш мән-жайларының салдарынан болған болса, онда олар жауапкершіліктен босатылады.
      2. Еңсерілмес күш мән-жайлары орын алған жағдайда, осы Келісім бойынша өз міндеттемелерін орындау мүмкін болмай қалған Тарап мұндай жағдай орын алған сәттен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде екінші Тарапты осындай мән-жайлар туралы уақтылы хабардар етуі тиіс.
      3. Хабарлама уақтылы жіберілмеген жағдайда, Тарап зиян шеккен екінші Тарапқа хабарламағанының немесе уақтылы хабарламағанының салдарынан келтірілген залалдың орнын толтыруға міндетті.
      4. Еңсерілмес күш мән-жайларының туындауы Келімді орындау мерзімін олардың әрекет ету кезеңіне ұзартуға алып келеді.
      5. Егер мұндай мән-жай 2 (екі) айдан астам уақытқа созылатын болса, онда Тараптардың әрқайсысы осы Келісім бойынша міндеттемелерін одан әрі орындаудан бас тартуға құқылы. Бұл ретте Қор осындай талаптарын мәлімдеген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде Банк негізгі борыш сомасын есептелген сыйақысыз қайтаруға міндетті.

15. Дауларды шешу

      1. Осы Келісімге байланысты немесе одан туындайтын барлық даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасында келіссөздер жүргізу жолымен шешіледі. Реттелмеген даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шешіледі.
      2. Осы Келісім Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес түсіндіріледі және реттеледі.

16. Қорытынды ережелер

      1. Осы Келісімнің ережелерін өзгертуге және/немесе толықтыруға болады. Осы Келісімде көзделген жағдайларды қоспағанда, Тараптардың келісімі бойынша жазбаша нысанда жасалған және Тараптардың уәкілетті өкілдері қол қойған өзгерістер мен толықтырулар ғана жарамды және міндетті деп танылады.
      2. Осы Келісім Тараптардың әрқайсысы үшін 1 (бір) данадан мемлекеттік және орыс тілдерінде бірдей 2 (екі) данада жасалды, әрқайсысының бірдей заңды күші бар. Тараптар арасында келіспеушіліктер мен даулар туындаған жағдайларда, Келісімнің орыс тіліндегі мәтіні артықшылықты мәнге ие болады.
      3. Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және Тараптар осы Келісім бойынша өз міндеттемелерін толық орындағанға дейін әрекет етеді.
      4. Осы Келісімге қол қойылғаннан кейін мұның алдындағы барлық талқылаулар, түсіндірулер, сондай-ақ хат алмасу заңды күшін жоятынымен және Келісім мәтінімен алмастырылатынымен Тараптар келіседі.
      5. Келісімде көзделмеген өзге жағдайлардың бәрінде Тараптар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын басшылыққа алады.

17. Тараптардың заңды мекенжайлары, банктік деректемелері мен қолдары

      Банк:                                 Қор:
___________________                         ___________________

жылғы « »
№ Кредиттік келісімге
1-қосымша

Соңғы қарыз алушылардың Жобаларын қаржыландыру үшін өңдеу
өнеркәсібі салаларының тізбесі

Секция

Атауы

ЭҚЖЖ коды

С

Өңдеу өнеркәсібі

10-33.


Тамақ өнімдерінің өндірісі

10


Сусындар өндірісі

11


Тоқыма бұйымдарының өндірісі

13


Киім өндірісі

14


Былғары және оған жататын өнімдер өндірісі

15


Жиһаздан басқа, ағаш және қасаң бұйымдар өндірісі; сабаннан және өруге арналған материалдар өндірісі

16


Қағаз және қағаз өнімдерінің өндірісі

17


Баспа және жазып алынған материалдарды шығару

18


Кокс және мұнай өңдеу өнімдерінің өндірісі

19


Химия өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі

20


Негізгі фармацевтикалық өнімдер мен препараттар өндірісі

21


Резеңке және пластмасса бұйымдарының өндірісі

22


Бейметалл өзге минерал өнімдерінің өндірісі

23


Металлургия өнеркәсібі

24


Машиналар мен жабдықтардан басқа, дайын металл өнімдерінің өндірісі

25


Компьютер, электрондық және оптикалық өнім өндірісі

26


Электр жабдықтарының өндірісі

27


Өзге санаттарға енгізілмеген машиналар мен жабдықтар өндірісі

28


Автокөлік құралдарының, трейлерлер мен жартылай тіркемелер өндірісі

29


Өзге көлік құралдарының өндірісі

30


Жиһаз өндірісі

31


Өзге дайын өнімдер өндірісі

32


Машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнату

33

Ескертпе: кіші салалар тізбесі техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті орган бекіткен Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктемесіне сәйкес келеді

      Банк:                                         Қор:
___________________                         ___________________

жылғы « »
№ Кредиттік келісімге
2-қосымша

Төлемдер кестесі  

Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу күні

Негізгі борыш қалдығы, теңге

Негізгі борышты өтеу сомасы, теңге

Сыйақыны өтеу сомасы, теңге

Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу сомасы, теңге











      * сыйақыны өтеу бойынша бірінші төлем Кредит Банк шотына түскен күннен бастап нақты пайдаланған күн үшін есептеледі.

      Банк:                                        Қор:
___________________                         ___________________

жылғы « »
№ Кредиттік келісімге
3-қосымша

Кредитті игеру кестесі

Р/с №

Кезең

Кредитті игеру көлемі

пайызбен

теңгемен

1




2




3




4





ЖИЫНЫ



      Банк:                                       Қор:
___________________                         ___________________

жылғы « »
№ Кредиттік келісімге
4-қосымша

Кредиттің игерілуі туралы есеп

Кредиттің игерілуін өңірлерге бөлу

Облыс

Жобалар саны

Игеру сомасы, теңге

Оның ішінде, қайта қаржыландыру

1

Ақмола облысы



0

2

Ақтөбе облысы




3

Алматы облысы




4

Атырау облысы




5

ШҚО




6

Жамбыл облысы




7

БҚО




8

Қарағанды облысы




9

Қостанай облысы




10

Қызылорда облысы




11

Маңғыстау облысы




12

Павлодар облысы




13

СҚО




14

ОҚО




15

Астана қ.




16

Алматы қ.





ЖИЫНЫ:




      Банк:                                       Қор:
___________________                         ___________________

жылғы « »
№ Кредиттік келісімге
5-қосымша

Жобаларды Кредит қаражаты есебінен қаржыландыру туралы есеп

Жалпы №

Банк

Облыс

Қазақстан Республикасы облыстарының бөлінісінде Қарыз алушының атауы

Заңды мәртебесі
(ЖШС, ДК, ШҚ, ӨК)

Берілген күн

Қарыз мерзімі, айлар

Қарыз сомасы

Қор қаражаты есебінен мақұлданған қарыз сомасы

Банк қаражаты есебінен мақұлданған қарыз сомасы

Нақты берілетін қаражат сомасы

Кредит қаражаты есебінен нақты берілетін сома

Банк қаражаты есебінен нақты берілетін сома

Негізгі борышты өтеу бойынша жеңілдікті кезең

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12

13

14

Сыйақы төлеу бойынша жеңілдікті кезең

Кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі

Кредит бойынша тиімді сыйақы мөлшерлемесі

Кредиттеу объектісі

Қарыз қаражатының нысаналы мақсаты (қарыз қаражатының әрбір бағытының атауы мен сомасын көрсете отырып)

Іске асырылатын орын (аудан, қала)

ЭҚЖЖ негізгі топтары бойынша экономика саласы

ЭҚЖЖ бойынша экономиканың кіші саласы

Жобаны іске асыру есебінен құрылған жаңа жұмыс орындары

ЕДБ Уәкілетті органы шешімінің №

ЕДБ Уәкілетті органы шешімінің күні

Банктік қарыз шарттарының/Кредит желілерін ашу туралы келісімнің №

Банктік қарыз шарттарының/Кредит желілерін ашу туралы келісімнің күні

Қарыз алушының БСН

15

16

17

18

19

20

21

22

23

24

25

26

27

28

      Банк:                                       Қор:
___________________                         ___________________

жылғы « »
№ Кредиттік келісімге
6-қосымша

«___________» АҚ жиырма ірі қарыз алушысы туралы __________ ж.
жағдай бойынша есеп

Қарыз алушының атауы*

Қарыз сомасы

Негізгі борыш қалдығы

Ашылатын күн

Өтеу күні

Провизия сомасы**

Мерзімі өткен негізгі борыш сомасы**

Валюта

№ 1 Қарыз алушы








№ 2 Қарыз алушы








№ 3 Қарыз алушы








....








      Ескертпе:
      *- Нақты салымшының атауын көрсету міндетті емес
      **- Бар болған жағдайда

      Банк:                                        Қор:
___________________                         ___________________

жылғы « »
№ Кредиттік келісімге
7-қосымша

«__________» АҚ жиырма ірі салымшысы туралы ____________ ж.
жағдай бойынша есеп

Салымшының атауы*

Ағымдағышоттағы салым, қалдық сомасы

Ашылған күн

Жабылатын күн

Пайыздық мөлшерлеме

Валюта

Мерзімінен бұрын алып қою мүмкіндігі(иә/жоқ)

Азаймайтын қалдық сомасы

№ 1 салымшы








№ 2 салымшы








№ 3 салымшы








....








      Ескертпе:
      *- Нақты салымшының атауын көрсету міндетті емес

      Банк:                                        Қор:
___________________                         ___________________

жылғы « »
№ Кредиттік келісімге
8-қосымша

«____________» АҚ өтеу мерзімдері бойынша активтері мен
міндеттемелердің айырмасы туралы_____________ ж. жағдай бойынша
есеп


3 айға дейін

6 айға дейін

1 жылға дейін

3 жылға дейін

5 жылдан астам

Қажет болғанға дейін

Активтер







Міндеттемелер







      Банк:                                       Қор:
___________________                         ___________________

жылғы « »
№ Кредиттік келісімге
9-қосымша

Келісім шеңберінде қаржыландырылған соңғы қарыз алушылардың
кредит қоржынының сапасы бойынша __________ ж. жағдай бойынша
ақпарат

Әріптес банктің атауы

Қарыз алушының атауы

Басталатын күні

Аяқталатын күні

Қарыз сомасы

Мерзімі өткен берешектің барлығы

Негізгі борыш сомасы

Сыйақы сомасы

Мерзімі өткізіле бастаған күн

Кесте бойынша соңғы төлем жасалғаннан бері күндер саны

Қарыздар бойынша несие берешегінің қалдығы

____  ҚЕХС бойынша қарыз провизияларының мөлшері

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12

13

Жиыны:













      Банк:                                       Қор:
___________________                         ___________________