Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала болу бойынша шығыстарын өтеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 02 сәуірдегі № 301 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса беріліп отырған Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала болу бойынша шығыстарын өтеу қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің        
2014 жылғы 02 сәуірдегі  
№ 301 қаулысымен     
бекітілген        

Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала болу
бойынша шығыстарын өтеу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала болу бойынша шығыстарын өтеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 21-1-бабына, 2009 жылғы 18 қыркүйектегі «Халықтық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 184-1-бабына, «Алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертiне шалдыққан ауруларды ерiксiз емдеу туралы» 1995 жылғы 7 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-1-бабына, «Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде ұстау тәртібі мен шарттары туралы» 1999 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 46-10-бабына, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» 2002 жылғы 8 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 47-1-бабына, «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына сәйкес әзірленді.
      Қағидалар Қазақстан Республикасының шегінде ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала болу бойынша шығыстарын өтеу тәртібі мен шарттарын айқындайды.

2. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала
шығыстарын өтеу тәртібі

      2. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының алдын ала болу бойынша шығыстарын өтеу тиісті қаржы жылына көзделген республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
      3. Алдын ала болуға жататын ұйымдар мен мекемелердің тізбесі мен мерзімдерін, сондай-ақ алдын ала болуды өткізу үшін ұлттық алдын алу тетігі тобының қатысушыларының құрамын айқындайтын Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесінің (бұдан әрі - Үйлестіру кеңесі) хаттамасы, үстеме шығындарды қоса алғанда, ақша қаражатының шығындары өндірілгенін растайтын құжаттар, сондай-ақ болу туралы есепті дайындауға байланысты шығыстар алдын ала болу бойынша шығыстарды республикалық бюджет қаражаты есебінен өтеу үшін негіз болып табылады.
      4. Үйлестіру кеңесі хаттамасының көшірмесі тиісті жылғы 10 қаңтардан кешіктірілмей бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне жіберіледі.
      5. Бюджеттік бағдарламаның әкімшісі ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына мынадай шығыстарды өтейді:
      1) ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының басқа жерге шығуына байланысты, оның ішінде Үйлестіру кеңесінің жұмысына қатысуы бойынша шығыстар:
      алдын ала болу орнында болған әрбір күн үшін алдын алу тетiгiнің қатысушысына екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тәулікақы төленеді;
      ұсынылған растау құжаттары (фискалдық чек, кассалық кіріс ордері, шот-фактура, шот, жүкқұжат, хабарлама қағаз, тұру үшін құжаттарды дара кәсіпкер ұсынған жағдайда, адамның мүлікті жалға беруге құқығын растайтын құжаттар (жалға беру шарты, патент, куәлік) және мейманханалық қызмет беруші ұсынатын басқа да растайтын құжаттар қосымша ұсынылады) бойынша тұрғын үй-жайды жалдау бойынша, бұл ретте тұрғын үй-жайды тәулігіне жалдау бойынша шығыстар сомасы Астана, Алматы, Атырау, Ақтау және Байқоңыр қалаларында айлық есептік көрсеткіштің жеті еселенген мөлшерінен, облыс орталықтары мен облыстық маңызы бар қалаларда айлық есептік көрсеткіштің алты еселенген мөлшерінен, аудан орталықтары мен аудандық маңызы бар қалаларда айлық есептік көрсеткіштің төрт еселенген мөлшерінен, ауылдық округтерде айлық есептік көрсеткіштің екі еселенген мөлшерінен аспауға тиіс;
      растайтын құжаттар болмаған жағдайда, тұрғын үй-жайды жалдау бойынша шығыстар тәулікақы нормасының 50 пайызы мөлшерінде өтеледі;
      болу орнына және тұрақты жұмыс орнына кері жол жүру бойынша – ұсынылған жол жүру құжаттарының негізінде теміржолмен жол жүргенде – купелі вагонның тарифі бойынша (төменде орналасқан жұмсақ дивандары бар, күйін реттейтін отыруға арналған құрылғылы жұмсақ креслолары бар екі орындық купелі вагондарды (СВ), сондай-ақ «Турист» және «Бизнес» жүрдек пойыздар кластарын қоспағанда); су жолдары бойынша, тас жол мен топырақты жолдар бойынша – осы жерде қалыптасқан жол жүру құны бойынша;
      осы шығыстарды растайтын құжаттар болған кезде, болу орнына және жұмыс (қызмет) орнына кері жол жүру кезінде жол жүру билеттері мен қонақ үйлердегі орынды брондау, сондай-ақ пойызбен жол жүру кезінде төсек-орын жабдықтарын пайдалану құны;
      болу орнына және негізгі жұмыс (қызмет) орнына кері жол жүру құжаттары болмаған кезде шығыстар көлікпен (әуе көлігін қоспағанда) жүрудің ең төменгі құны бойынша өтеледі;
      теміржол станциясы, кемежай, әуежай елді мекеннің шегінен тыс жерде орналасса, растайтын құжаттар болған кезде, оларға автокөлікпен (таксиден басқа) жол жүру бойынша;
      ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының күн сайын тұрақты тұратын жеріне қайтуға мүмкіндігі бар жерде алдын ала болу кезінде шығыстар мынадай тәртіппен өтеледі:
      егер ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы жұмыс күні аяқталғаннан кейін өз еркімен болу жерінде қалатын болса, онда тұрғын үй-жайды жалдау туралы ақтайтын құжаттарды ұсынған кезде тәуліктік және көліктік шығыстар осы Қағидалардың 5-тармағының 1) тармақшасында көзделген мөлшерде өтеледі;
      егер ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы күн сайын негізгі жұмыс (қызмет) орнына қайтып келетін болса, онда тәулікақы төленбей, жол жүру құжаттары болған кезде көліктік шығыстар ғана өтеледі;
      2) ұлттық алдын алу тетігінің әрбір қатысушысына алдын ала болудың қорытындылары бойынша жыл сайынғы шоғырландырылған баяндама үшін жинақталған материалдарды өңдеуді, ұсыныстар мен ұсынымдар, ақпарат дайындауды қоса алғанда, болудың қорытындылары бойынша есепті дайындауға байланысты ең төменгі бір жалақы мөлшеріндегі шығыстар;
      3) кеңсе тауарларын сатып алуға арналған, телефон байланысын, интернет пен почта қызметтерін пайдаланғаны үшін шығыстарды қамтитын, алдын ала болуды жүзеге асыратын ұлттық алдын алу тетігінің әрбір қатысушысына ең төменгі екі айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшердегі жүкқұжат шығыстары.
      6. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының басқа жерге баруына байланысты шығыстар мынадай тәртіппен өтелуге жатады:
      1) алдын ала болу орнында (бұдан әрі – болу орны) нақты болған уақыты ұлттық алдын алу тетігі тобының басшысы беретін алдын ала болу қатысушысының куәлігіндегі болу орнына келу күні және болу орнынан кету күні туралы белгілер бойынша айқындалады. Егер ұлттық алдын ала болудың қатысушысы әртүрлі елді мекендерде алдын ала болуды жүзеге асыратын болса, келу күні мен кету күні туралы белгілер олардың әрқайсысында жасалады. Тиісті белгілер болатын мекемелер мен ұйымдардың кадр қызметтерінде қойылады;
      2) алдын ала болудан кейін басқа жерге (бұдан әрі – болу орны) шығатын және негізгі жұмыс орнында (қызметінде) болатын ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларын тіркеуді ұлттық алдын алу тетігі тобының басшысы арнайы журналда жүргізеді;
      3) алдын ала болу үшін жіберілетін ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының негізгі жұмыс орнынан (қызметінен) пойыздың, автобустың немесе басқа да көлік құралының жөнелтілетін күні бару орнына шығу күні, ал аталған көліктің ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының негізгі жұмыс орнына (қызметіне) келген күні – келу күні болып есептеледі. Шығу күні көлік құралын 24 сағатты қоса алғанға дейін жөнелткен кезде ағымдағы тәуліктер, 0 сағаттан бастап және одан кешірек – кейінгі тәуліктер болып есептеледі;
      4) егер жөнелту станциясы елді мекеннің шегінен тысқары орналасса, онда басқа жерге шығу күні көліктің жөнелту жеріне жетуі үшін қажетті уақытты ескере отырып, жоғарыда аталған тәсілмен есептеледі.
      Пойыз, автобус немесе басқа да көлік құралы уақтылы келмеген немесе жөнелтілмеген жағдайда, тасымалдаушы жолаушының өтініші бойынша оған пойыздың, автобустың немесе басқа да көлік құралының кешігуі туралы куәландыратын құжатты береді;
      5) ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының басқа жерге шығу күнін және негізгі жұмыс (қызмет) орнына келу күнін қамтитын алдын ала болу уақыты ішінде негізгі жұмыс (қызмет) орны сақталады және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі 149-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес жалақы төленеді.
      7. Ұлттық алдын алу тетігі тобының басшысы алдын ала болу кезіндегі ақша қаражатының нақты шығыстары туралы есепті бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірмей тапсырыс хатпен жібереді. Есепке алдын ала болу мақсатында басқа жерге баруға, болудың қорытындысы бойынша есеп дайындауға, өткізілген болулар, осы Қағидаларға сәйкес төленуге тиіс үстеме шығыстар туралы ақпаратқа байланысты шығыстарды растайтын құжаттар қоса беріледі.
      8. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының алдын ала болуды жүргізу кезіндегі шығыстары туралы растауды бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірмей жібереді.
      9. Бюджеттік бағдарламаның әкімшісі осы Қағидалардың 7 және  8-тармақтарындакөрсетілген құжаттарды алған сәттен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей, ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының шығыстарын өтеуді ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысына тиесілі соманы ұлттық алдын алу тетігі тобының басшысы ұсынған және тиісті банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым растаған соманы оның ағымдағы банк немесе өзге шотына есептеу арқылы жүргізеді.