Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 11 сәуірдегі № 333 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтыру бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2013 жылғы 11 сәуірдегі
№ 333 қаулысымен  
бекітілген      

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне
енгізілетін өзгерістер мен толықтыру

      1. «Норма шығармашылығы қызметiн жетiлдiру жөнiндегi шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 30 мамырдағы № 598 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 16, 172-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Ғылыми сараптама жүргiзу ережесiнде:
      36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «36. Сараптама қорытындысында қозғалатын мәселелерді қарау құзыретіне кіретін мемлекеттік органдар ғылыми құқықтық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, криминологиялық сараптамалардың қорытындыларын алғаннан кейін жеті жұмыс күні ішінде берілген ескертулер мен ұсыныстарды қарау бойынша шаралар қабылдауға және тиісті ақпаратты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне беруге міндетті.
      Сарапшылардың ескертулерімен және ұсыныстарымен келіспеген жағдайда, әзірлеуші мемлекеттік орган оларды қабылдамау негіздемесімен бірге жобаны қосымша сараптамаға жібереді.
      Бұл тәртіп Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен оның аумақтық органдарына мемлекеттік тіркеуге ұсынылатын нормативтік құқықтық актілерге қолданылмайды.».
      2. «Заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жобаларын ресiмдеудiң және келiсудiң кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 16 тамыздағы № 773 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 30, 326-құжат):
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Нормативтiк құқықтық актiлердi ресімдеу және келісу қағидаларын бекіту туралы»;
      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Нормативтiк құқықтық актiлер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 38-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:»;
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Қоса берiлiп отырған Нормативтiк құқықтық актілерді ресiмдеу және келiсу қағидалары бекiтiлсiн.»;
      Заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық кесiмдердің жобаларын ресiмдеу және келiсу ережесi осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      3. «Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттiк тiркеу ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2006 жылғы 17 тамыздағы № 778 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 30, 330-құжат):
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттiк тiркеу қағидаларын бекiту туралы»;
      көрсетілген қаулымен бекітілген Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттiк тiркеу ережесiнде:
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттiк тiркеу қағидалары»;
      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Осы Нормативтiк құқықтық актілердi мемлекеттiк тiркеу қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар):
      1) Қазақстан Республикасының министрлерi мен орталық мемлекеттiк органдардың өзге де басшыларының нормативтiк құқықтық бұйрықтарын, орталық мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық қаулыларын, Орталық сайлау комиссиясының нормативтiк қаулыларын, мәслихаттардың нормативтiк құқықтық шешiмдерiн, сондай-ақ әкiмдiктердiң нормативтiк құқықтық қаулылары мен әкiмдердiң нормативтiк құқықтық шешiмдерiн (бұдан әрі – нормативтік құқықтық актілер) мемлекеттiк тiркеу мерзiмдерiн, мемлекеттік тіркеуге ұсыну тәртiбiн;
      2) мемлекеттiк тiркеуге ұсынылатын нормативтiк құқықтық актілерге қойылатын талаптарды;
      3) нормативтiк құқықтық актілердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiн жүргiзудi;
      4) нормативтiк құқықтық актілердi мемлекеттiк тiркеуден бас тарту тәртiбiн;
      5) тiркелген нормативтiк құқықтық актілердi қолданысқа енгiзудi;
      6) тiркелген нормативтiк құқықтық актілердiң қолданысын тоқтата тұрудың, тоқтатудың тәртiбiн айқындайды.
      2. «Нормативтік құқықтық актілер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 38-бабына сәйкес қолданыс мерзіміне (тұрақты немесе уақытша) қарамастан, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты Қазақстан Республикасының министрлері мен орталық мемлекеттік органдардың өзге де басшыларының, орталық мемлекеттік органдардың, Орталық сайлау комиссиясының (бұдан әрі - орталық органдар) нормативтік құқықтық актілері, мәслихаттардың, сондай-ақ, әкімдіктер мен әкімдердің (бұдан әрі - жергілікті органдар) нормативтік құқықтық актілері әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жатады.»;
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Нормативтік құқықтық актінің Қағидалардың 2-тармағында белгіленген өлшемдерге сәйкестігін Әділет министрлігі мен оның аумақтық органдары айқындайды.»;
      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «5. Орталық органдардың нормативтiк құқықтық актілерiн мемлекеттiк тiркеудi Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi, жергiлiктi органдардың нормативтiк құқықтық актілерiн - аумақтық әдiлет органдары құжаттардың ұсынылған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн iшiнде жүзеге асырады.»;
      6-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «4) негiзгi нормативтiк құқықтық актінiң бiрiншi парағының жоғарғы оң бұрышында нормативтiк құқықтық актінi мемлекеттiк тiркеу туралы мөртабан қою, сондай-ақ нормативтiк құқықтық актінi мемлекеттiк тiркеу туралы қорытындының бiрiншi парағының жоғарғы оң бұрышында Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң немесе оның аумақтық органының елтаңбалық мөрiн қою. Нормативтiк құқықтық актінi мемлекеттiк тiркеу туралы қорытындының және мөртабанның үлгiлiк нысанын Қазақстан Республикасының Әдiлет министрi бекiтедi;»;
      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «7. Мемлекеттiк тiркеуден өткен нормативтiк құқықтық актілерге енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулар осы Қағидалармен белгiленген тәртiппен мемлекеттiк тiркелуге тиiс.»;
      8 және 9-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «8. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, осы орган басқармасының отырысында осы актілер қабылданған күнінен бастап күнтізбелік жиырма күннің ішінде ұсынылатын нормативтік құқықтық актілерін қоспағанда, орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілері Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне немесе оның аумақтық органдарына бекітілген күнінен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде, елтаңбалық мөрмен расталған баспа және электрондық түрде немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған, мемлекеттік және орыс тілдеріндегі түпнұсқасын (түпнұсқа мәтіндерін) қоса алғанда, төрт данада ұсынылады.
      Егер нормативтік құқықтық актіні екі және одан да көп мемлекеттік орган бірлескен акті түрінде қабылдаған жағдайда, әзірлеуші мемлекеттік орган нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік органдар саны бойынша нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік және орыс тілдеріндегі түпнұсқасын (түпнұсқа мәтіндерін) қосымша ұсынады.
      Нормативтік құқықтық акті мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген (бекітілген) жағдайда, нормативтік құқықтық акт мемлекеттік тіркеуге мүдделі мемлекеттік органдардың соңғысы келіскен (бекіткен) күнінен бастап екі апта ішінде ұсынылады.
      Орталық немесе жергілікті органның бiрiншi басшысы болмаған жағдайда, оның мiндетiн атқаратын адам бекiткен нормативтiк құқықтық актінi ұсынған осы орган оған тиiстi мiндеттер жүктелгенi туралы құжаттың көшiрмесiн де ұсынуға тиiс.
      Тіркеуден бас тартылған нормативтiк құқықтық актінi мемлекеттiк тiркеуге қайта ұсынған жағдайда, ол тиiстi орталық немесе жергiлiктi органның қайта бекiтуiне жатады және Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігіне немесе оның аумақтық органдарына осы тармақта белгiленген тәртiппен және мерзiмде ұсынылады.
      Бұл ретте, нормативтік құқықтық актіге ғылыми сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманың қайталама қорытындысының көшірмесі және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актіге қайталама сараптамалық қорытындының көшірмесі қоса беріледі.
      9. Нормативтiк құқықтық актіге Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігі белгілеген нысан бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде анықтама-негiздеме қоса берiледi және мыналарды:
      1) нормативтік құқықтық актіні ұсынған мемлекеттік органның атауын;
      2) нормативтік құқықтық актінің тиісті нормасына сілтемемен нормативтік құқықтық актіні қабылдау негіздемесін (органның құзыреті);
      3) нормативтік құқықтық актіні қабылдау қажеттілігінің негіздемесін (нақты мақсаттар, дәлелдер және акті неге байланысты қабылданды);
      4) осы мәселе бойынша бұрын қабылданған нормативтік құқықтық актілер мен нормативтік құқықтық актіні қабылдауға байланысты олардың өзгергені немесе күші жойылды деп танылғаны туралы ұсыныстарды әзірлеу туралы мәліметтерді;
      5) осы Қағидалардың 17-тармағының талаптарын ескере отырып, олардың жойылғаны туралы актілердің деректемелерін көрсете отырып, осы мәселе бойынша бұрын қабылданған, мемлекеттік тіркеуден бас тартылған нормативтік құқықтық актілер туралы мәліметтерді;
      6) осы нормативтік құқықтық акт республикалық немесе жергілікті бюджет шығыстарының ұлғаюын немесе түсімдердің қысқаруын көздейтіндігі;
      7) нормативтік құқықтық актіні мүдделі мемлекеттік органдармен келісу туралы мәліметтерді;
      8) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілер жобаларын, интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау (тарату) туралы мәліметтерді;
      9) сараптамалық қорытындыларды ұсынбаған кәсіпкерлердің аккредиттелген бірлестіктерінің тізімін (жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын актілер үшін) қамтуға тиіс.
      Қоса берiлетiн анықтама-негіздемеге осы актінi шығарған орган заң қызметiнің басшысы, ол болмаған жағдайда оның міндетін атқаратын адам не осы актіні шығарған органның заң қызметi басшысын алмастыратын адам қол қояды.
      Бірлескен нормативтік құқықтық актіні ұсынған жағдайда қоса берілетін анықтама-негіздемеге оны мемлекеттік тіркеуге ұсынған орган заң қызметінің басшысы, ол болмаған жағдайда оның міндетін атқаратын адам не осы актіні шығарған органның заң қызметi басшысын алмастыратын адам қол қояды.
      Мемлекеттік органда заң қызметі болмаған жағдайда, анықтама-негіздемеге осы нормативтік құқықтық актіні әзірлеген тиісті құрылымдық бөлімше басшысы, ол болмаған жағдайда оның міндетін атқаратын адам қол қояды.
      Жергілікті органда заң қызметі болмаған жағдайда, анықтама-негіздемеге осы актіні мемлекеттік тіркеуге ұсынған органда заңгер функцияларын орындайтын адам не жергілікті органның бірінші басшысы, ол болмаған жағдайда оның міндетін атқаратын адам қол қояды.»;
      10-тармақта:
      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «1) нормативтiк құқықтық актінi қабылдау рәсiмiнiң сақталуына:
      алқа (сайланбалы) органы үшiн - Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкестігі;
      орталық және жергiлiктi орган үшiн - бiрiншi басшының не ол болмаған жағдайда оның мiндетiн атқаратын адамның қолының болуы;»;
      10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «10) нормативтiк құқықтық актінiң барлық парақтарына осы актінi қабылдаған (келiскен) органның заң қызметi басшысының, ол болмаған жағдайда оның міндетін атқаратын адамның не заң қызметi басшысын алмастыратын адамның әрбір парағына қол қоюы жүргiзiледі.
      Мемлекеттік органда заң қызметі болмаған жағдайда әрбір параққа қол қоюды осы нормативтік құқықтық актіні әзірлеген тиісті құрылымдық бөлімшенің басшысы, ол болмаған жағдайда оның міндетін атқаратын адам жүргізеді.
      Жергілікті органда заң қызметі болмаған жағдайда әрбір параққа қол қоюды осы органда заңгер функцияларын орындайтын адам не мемлекеттік органның бірінші басшысы, ол болмаған жағдайда оның міндетін атқаратын адам жүргізеді;»;
      6-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «6. Нормативтiк құқықтық актілердi мемлекеттiк тiркеуден бас тарту тәртiбi»;
      1516 және 17-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «15. Нормативтiк құқықтық актілердi мемлекеттiк тiркеуден, егер мұндай акті:
      1) азаматтардың заңнамада белгiленген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасаса;
      2) жоғары деңгейде тұрған нормативтiк құқықтық актілерге қайшы келсе;
      3) оны шығарған органның құзыретi шегiнен шықса;
      4) егер келiсу қажет болған мүдделi органдармен келiсiлмесе;
      5) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғаса және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері ұсынған сараптамалық қорытындылар түрінде қосымшалары болмаса;
      6) осы Қағидаларда, сондай-ақ Нормативтiк құқықтық актілерді ресiмдеу және келiсу қағидаларында белгiленген тәртiп бұзыла отырып қабылданса, бас тартылады.
      Бас тарту туралы бас тартудың негiздері көрсетiле отырып, нормативтiк құқықтық актінi мемлекеттiк тiркеуге ұсынған органға жазбаша хабарланады.
      Мемлекеттiк тiркеуден бас тартқан жағдайда нормативтiк құқықтық актінiң бiр данасы (көшiрмесi) Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде немесе оның аумақтық органында қалады.
      16. Нормативтік құқықтық акті мынадай талаптар сақталмаған жағдайда бір жұмыс күні ішінде әзірлеуші мемлекеттік органға қараусыз керi қайтарылады:
      1) нормативтік құқықтық актіде Заңның 17-бабында көрсетілген деректемелердің біреуінің болмауы;
      2) нормативтік құқықтық актіні елтаңбалық мөрмен расталған баспа және электрондық түрде немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған мемлекеттік және орыс тілдеріндегі түпнұсқасын (түпнұсқа мәтіндерін) қоса алғанда төрт данада ұсынбау;
      3) нормативтік құқықтық актіге мемлекеттік және орыс тілдеріндегі анықтама-негіздеменің қоса берілмеуі;
      4) қоса берілген анықтама-негіздеменің осы Қағидалардың 9-тармағының талаптарына сәйкес келмеуі;
      5) нормативтік құқықтық актінің барлық парақтарына қол қою жүргізілмеуі;
      6) осы Қағидалардың 10-тармағының 11) тармақшасында көрсетілген нормативтік құқықтық актіге сараптамалық қорытынды көшірмесінің болмауы;
      7) бiрiншi басшы болмаған жағдайда оның мiндетiн атқаратын адамға тиiстi мiндеттер жүктелгенi туралы құжат көшiрмесiнің болмауы.
      Бұл жағдайда орталық немесе жергілікті орган анықталған бұзушылықтарды жояды және осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген мерзім сақталған кезде оны қайта бекітпей мемлекеттік тіркеуге қайта ұсынады.
      17. Нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеуден бас тартуды алған күнінен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде орталық немесе жергілікті органның басшысы не ол болмаған жағдайда оның міндетін атқаратын адам тіркеуден бас тартылған нормативтік құқықтық актінің күшін жою туралы тиісті акт шығарады және оның көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне немесе оның аумақтық органдарына жібереді.
      Бұл тәртіп алқалы түрде шешім қабылдайтын орталық органдарға және кезекті (кезектен тыс) отырыста немесе сессияда бекіткен күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде нормативтік құқықтық актінің күшін жою туралы актіні ұсынатын мәслихатқа қолданылмайды.
      Егер нормативтік құқықтық акт бірлескен актімен қабылданса және оны тіркеуден бас тартылса, нормативтік құқықтық актіні бірлесе отырып қабылдаған мемлекеттік органдардың басшылары не олар болмаған жағдайда олардың міндеттерін атқарушы адамдар нормативтік құқықтық актіні жою туралы бірлескен акті шығарады.»;
      мынадай мазмұндағы 17-1-тармақпен толықтырылсын:
      «17-1. Пысықтау мақсатында, әзірлеуші мемлекеттік орган өзінің бастамасы бойынша осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген тәртіппен мемлекеттік тіркеуге ұсынылған нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеуден қайтаруы мүмкін.
      Нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеуден қайтару әзірлеуші мемлекеттік орган хатының негізінде жүргізіледі.
      Мемлекеттік тіркеуге ұсынылған нормативтік құқықтық актіні қайтаратын әзірлеуші-мемлекеттік органның хаты әділет органдарына келіп түскеннен кейін, осы нормативтік құқықтық акт хаттың келіп түскен күнінен бастап екі жұмыс күні ішінде әзірлеуші мемлекеттік органға тиісті хатпен қайтарылады.
      Хатты алған күнінен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде орталық немесе жергілікті органның басшысы не ол болмаған жағдайда оның міндетін атқаратын адам мемлекеттік тіркеуден қайтарылған нормативтік құқықтық актінің күшін жою туралы тиісті акт шығарады және оның көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне немесе оның аумақтық органдарына жібереді.».

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің       
2013 жылғы 11 сәуірдегі
№ 333 қаулысына  
қосымша        

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2006 жылғы 16 тамыздағы
№ 773 қаулысымен   
бекітілген      

Нормативтiк құқықтық актілерді ресiмдеу және келiсу
қағидалары 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Нормативтiк құқықтық актілерді ресiмдеу және келiсу қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар) «Нормативтiк құқықтық актiлер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелуге жататын Қазақстан Республикасының министрлерi мен орталық мемлекеттiк органдардың өзге де басшыларының нормативтiк құқықтық бұйрықтарын, орталық мемлекеттiк органдардың нормативтiк құқықтық қаулыларын, Орталық сайлау комиссиясының нормативтiк қаулыларын, мәслихаттардың нормативтiк құқықтық шешiмдерiн, сондай-ақ әкiмдiктердiң нормативтiк құқықтық қаулылары мен әкiмдердiң (бұдан әрі - мемлекеттік органдар) нормативтiк құқықтық шешiмдерiн (бұдан әрі - нормативтік құқықтық актілер) ресімдеу мен келісу тәртібін айқындайды.

2. Нормативтiк құқықтық актілердi ресiмдеу

      2. Нормативтiк құқықтық актілерде мынадай деректемелер:
      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы;
      2) нормативтiк құқықтық актінің нысанына сiлтеме: орталық органның бұйрығы, қаулысы, мәслихаттың шешiмi, әкiмдiктiң қаулысы, әкiмнiң шешiмi;
      3) нормативтiк құқықтық актінің реттеу нысанасын белгілейтін тақырыбы;
      4) нормативтiк құқықтық актінің қабылданған жерi мен күнi;
      5) нормативтiк құқықтық актінің тiркеу нөмiрi;
      6) нормативтік құқықтық актілерге қол қоюға уәкілетті адамның немесе адамдардың қолтаңбалары;
      7) Қазақстан Республикасының әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелуге жататын нормативтiк құқықтық актілерде нормативтiк құқықтық актілердің мемлекеттік тiркелген күнi мен нөмiрiне сiлтеме;
      8) елтаңбалық мөр болуға тиiс.
      3. Қосымшаларды қоса алғанда, нормативтiк құқықтық актінің негiзгi де, туынды да түрлерiнiң де әрбiр бетi тыныс белгiлерiнсiз парақтың үстiңгi жағының ортасынан нөмiрленген болуы тиiс.
      Нормативтiк құқықтық актінің негiзгi және туынды түрi нормативтiк құқықтық актінің негiзгi де, туынды да түрiнiң бiрiншi парағынан басталатындай жеке нөмiрленуді қамтуға тиiс.
      Бұл ретте, нормативтiк құқықтық актінiң негiзгi түрiнiң бiрiншi парағы нөмiрленбейдi.
      4. Нормативтiк құқықтық актінің негiзгi немесе туынды түріне қосымшалар толассыз нөмірленуі тиіс.
      5. Тармақтар маңыздылығына қарай қисынды кезектiлiкпен, сондай-ақ мәселенi шешу кезеңдерiнiң хронологиясын ескере отырып орналастырылады.
      6. Нормативтiк құқықтық актінің тармақтары тармақшаларға, бөліктерге және абзацтарға бөлiнуi мүмкiн.
      7. Нормативтiк құқықтық актінiң тақырыбы қысқа болуға және қабылданатын нормативтiк құқықтық актінің реттеу нысанасын белгілеуге тиiс.
      8. Нормативтiк құқықтық актінiң тақырыбында сөздердi тасымалдауға жол берiлмейдi.
      Нормативтiк құқықтық актінің негiзгi түрiндегi тақырып нормативтiк құқықтық актіні мемлекеттiк тiркеу туралы мөртабан үшiн оң жағынан кемінде 7,5 сантиметр (бұдан әрі - см) орын қалдыра отырып, парақтың жоғарғы бөлiгiнiң сол жағында орналасуға тиiс.
      9. Бұрын қабылданған актіге өзгерiстер мен (немесе) толықтырулар енгiзуді көздейтiн нормативтiк құқықтық актінiң тақырыбында актінiң нысанына, қабылданған күнiне, тіркеу нөмiрiне, соңғысының тақырыбына сiлтеме (көрсетiлген кезектiлiкпен) қамтылуға тиiс.
      10. Нормативтiк құқықтық актіні қабылдаудың мақсаты мен себептерiн, оның алдында тұрған негiзгi мiндеттердi түсiндiру талап етiлген жағдайларда құқық нормаларын баяндаудың алдында кiрiспе бөлiгi (кiрiспе) болады.
      Нормативтiк ережелер нормативтiк құқықтық актінің кiрiспе бөлiгiне (кiрiспеге) енгiзiлмейдi.
      Нормативтiк құқықтық актінің кiрiспе бөлiгiнде (кiрiспеде) iске асыруға осы акт қабылданатын Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілеріне сiлтеме келтiрiлуi мүмкiн.
      11. Бұл ретте, нормативтiк құқықтық актілер жобалары, әдетте, мынадай өлшемдерді ескере отырып ресiмделедi (6.0 және одан жоғары нұсқасындағы «WORD for WINDOWS» мәтiн редакторын қолдана отырып):
      1) сол жақ шет сызығы - 2,5 см, оң жақ шет сызығы - 1,5 см, колонтитулдар - 2,5 см;
      2) қарiп – «Times New Roman» № 14 мөлшерi (қосымшаларда кiшi мөлшерлi, бiрақ № 10-нан кiшi емес қарiп қолданылуы мүмкiн);
      3) жоларалық интервал - бiр жолдық;
      4) абзацтық азат жол (бiрiншi жолдың азат жолы) - 1,25 см.
      12. Нормативтiк құқықтық актілердің мәтiндерi нақты тұжырымдалған және бiрыңғай қарiппен, бояусыз және түзетусiз, орфографиялық және грамматикалық қатесіз басылуға тиiс.
      13. Нормативтiк құқықтық актінің мәтiнiнде ерекшеленген әрiптермен жазылатын параграфтардың, тараулардың, кiшi бөлiмдердiң, бөлiмдердiң, бөлiктердiң тақырыбын, атауларын, «БIРЛЕСКЕН ҚАУЛЫ», «БIРЛЕСКЕН БҰЙРЫҚ (ШЕШIМ)», «ҚАУЛЫ және БҰЙРЫҚ (ШЕШIМ)», «БҰЙЫРАМЫН (МЫЗ)», («ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ», «ҚАУЛЫ ЕТЕДI (МIЗ)») деген сөздердi, қол қоятын адамның лауазымын, аты-жөнi мен тегiн қоспағанда, жекелеген сөздер мен сөз тiркестерiн бөлiп көрсетуге және олардың астын сызуға жол берiлмейдi.
      «БҰЙЫРАМЫН (МЫЗ)», «ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ», «ҚАУЛЫ ЕТЕДI (МIЗ)» деген сөздер бас әрiптермен жазылады және оларды тасымалдауға жол берiлмейдi.
      14. Абзацтарға, жолдарға және сөйлемдерге сiлтеме жасаған кезде олардың нөмiрленуi реттiк сан есімдермен (жазумен) белгіленеді, бұл ретте абзацқа сiлтеме «абзац» деген сөздi көрсете отырып жүргiзіледi.
      15. Егер нормативтiк құқықтық актінің мәтiнiнде нормативтiк құқықтық актіге сiлтеме болған жағдайда, осы нормативтік құқықтық актінің нысаны, қабылданған күнi, тiркеу нөмiрi, атауы көрсетiледi. Әдiлет органдарында тiркелген нормативтiк құқықтық актіге сiлтеме жасаған кезде Нормативтiк құқықтық актілердің мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде тiркелген нөмiрi (көрсетiлген кезектiлiкпен) қосымша көрсетiледi.
      Заңнамалық актілерге сілтеме жасаған кезде, Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар жарлықтарын қоспағанда, олар тіркелген нөмірлерді көрсету талап етілмейді.
      16. Нормативтiк құқықтық актінің мәтiнiнде күнiн белгiлеген кезде айдың атауы жазумен көрсетiледi, ал жылы толық көрсетiледi, мысалы: «2008 жылғы 25 қараша».
      17. Нормативтiк құқықтық актінiң нормаларына ескертпелерге мәтiнде тиiстi нұсқауларды норманың мәнiне нұқсан келтiрмей жазу мүмкiн болмаған ерекше жағдайларда жол берiледi.
      18. Нормативтiк құқықтық акті парақтарының терiс жағына қандай да бiр жазуларға немесе қол қоюға жол берiлмейдi.
      19. Бiрнеше мемлекеттiк орган қабылдайтын нормативтiк құқықтық актілер ресми бланкiлер пайдаланылмай, бiрлескен актілер түрiнде ресiмделедi.
      Бұл актілер осы Қағидалардың 2-тармағында белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
      20. Екi және одан да көп мемлекеттiк орган әзiрлеген бiрлескен актінi ресiмдеген кезде осы органдардың ресми атаулары мемлекеттік тілде әліпби тәртiбімен орналастырылады.
      Орыс тіліндегі жазылған мемлекеттік органдардың ресми атаулары олардың мемлекеттік тілінде жазылған тәртібіне сәйкес келуге тиіс.
      Егер мемлекеттік орган атауларының бірінші сөздері бірдей әріптен басталған жағдайда, онда мемлекеттік орган атауының келесі әрпі ескеріледі.
      21. Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бiрiншi парақтың үстiңгi бөлiгiнiң ортасында орналасуға тиiс. Қабылданған орны мен күнi, сондай-ақ тiркеу нөмiрi мемлекеттiк органның әрбiр ресми атауының астында орналасуға тиiс.
      22. Мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшыларының не олар болмаған жағдайда, олардың мiндеттерiн атқаратын адамдардың қолдары осы Қағидалардың 20-тармағында көрсетiлген талаптар ескерiле отырып, негiзгi нормативтiк құқықтық акт мәтiнiнiң соңында орналасады және елтаңбалық мөрмен куәландырылады.
      23. Нормативтiк құқықтық актінi шешiмдерi қаулылар түрiнде ресiмделетін, екi немесе одан да көп мемлекеттiк орган қабылдаған жағдайда актінің нысаны: «БIРЛЕСКЕН ҚАУЛЫ» деп көрсетiледi.
      Нормативтiк құқықтық актілердi шешiмдерi бұйрықтар (шешiмдер) түрiнде ресiмделетін, екi немесе одан да көп мемлекеттiк орган қабылдаған жағдайда актінің нысаны: «БIРЛЕСКЕН БҰЙРЫҚ (ШЕШIМ)» деп көрсетiледi.
      Егер нормативтiк құқықтық актінi бiреуiнiң шешiмi қаулы түрінде, ал екiншiсiнiң шешiмi бұйрық (шешiм) түрінде ресiмделетiн екi немесе одан да көп мемлекеттiк орган қабылдаса, онда актінің нысаны: «ҚАУЛЫ және БҰЙРЫҚ (ШЕШІМ)» деп көрсетiледi.
      24. Нормативтік құқықтық актілерге өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзудi, сондай-ақ олардың күшi жойылды деп тануды көздейтiн нормативтiк құқықтық актілерді дайындаған кезде осындай нормативтік құқықтық актілердің қабылданған күнiнен, тіркелген нөмiрiнен, тақырыбынан кейiн жақшаның ішінде сол нормативтiк құқықтық актінің мәтiнiнде Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде тiркелген нөмiрi, бірінші ресми жарияланған күнi мен басылымның атауы көрсетiледi (көрсетiлген кезектiлiкпен).
      Бұл ретте, нормативтік құқықтық актілер «Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілері жинағы» жинағында жарияланған жағдайда, жақшаның ішінде, басылымның атауынан кейін көрсетілген жинақтардағы олардың жариялану жылы, нөмірі және құжаты көрсетіледі.
      25. Егер тармақшалардың нөмiрлерi соңғы, ал нормативтiк құқықтық актінің тармақтары мен тарауларының нөмiрлерi тұйықтаушы нөмiрлер болып табылған жағдайда, онда қосымша енгізілетін құрылымдық элементтерге келесі реттегi нөмiрлер берiледi.
      26. Нормативтік құқықтық актіге қосымшалар жаңа редакцияда жазылған не жаңа қосымшалармен толықтырылған кезде, олар негізгі актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізетін нормативтік құқықтық актіге дербес қосымшалармен ресімделеді.
      27. Күшi жойылды деп танылатын актілердiң тiзбесiндегi сияқты өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлетiн актілердiң тiзбесiндегi барлық актілер оларды шығару (қабылдау) күнi бойынша хронологиялық тәртiппен орналастырылады.
      28. Нормативтiк құқықтық актінi қолданыстағысының (-ларының) орнына қабылдаған кезде соңғысы (-лары) сол актімен (толық немесе бiр бөлiгi) жойылуға тиіс.
      Нормативтiк құқықтық акті күшi жойылды деп танылған кезде бiр мезгiлде бұл нормативтiк құқықтық актілердiң барлығының не осы актіге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзілген олардың бөлiктерiнiң күшi жойылды деп танылады.
      Әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелуге жататын, бiрақ одан өтпеген нормативтiк құқықтық акт күшi жойылды деп таныла алмайды.
      Қолданысқа енгізілмеген нормативтік құқықтық актілер де күші жойылды деп таныла алмайды.
      Қажет болған кезде, мұндай нормативтік құқықтық актілер жойылуы мүмкін.
      29. Егер бұрын қабылданған үш және одан да көп нормативтiк құқықтық актілердің күштері жойылуға қойылған жағдайда, жекелеген қосымшамен ресiмделетiн тiзбе жасалады.
      30. Нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты күші жойылды деп танылуға жататын нормативтік құқықтық актілердің немесе олардың құрылымдық элементтерінің тізбесі нормативтік құқықтық актінің өзінде қамтылуға тиіс.
      31. Тiзбеге дербес тармақтар түрiнде жаңа нормативтiк құқықтық актіге қайшы келетiн немесе ол қамтыған барлық актілер енгiзiледi.
      32. Қолданыс мерзімі өткен нормативтік құқықтық актілер және нормативтік құқықтық актілердің құрылымдық элементтері күші жойылды деп танылмайды.
      Нормативтік құқықтық актіде қолданыс мерзімі аяқталған құқық нормаларымен қатар күші жойылды деп танылуға жататын құқық нормалары қамтылған жағдайда, тізбеге бүкіл нормативтік құқықтық акт енгізіледі.
      33. Нормативтiк құқықтық актінің құрылымына қосымшалар кiруi мүмкін.
      Егер нормативтiк құқықтық актіде қосымшаларға сiлтемелер болса, онда нормативтiк құқықтық актіге бiр қосымша болатын жағдайларды қоспағанда, акт мәтiнiндегi қосымшалардың ескертілуі тәртiбiнде берiлетін қосымшаларын нөмiрлерi көрсетiледi.
      Бұл ретте, қосымшаға жасалған сілтеме қосымшаның атауына сәйкес келуге тиіс.
      34. Нормативтiк құқықтық актіге графиктерді, кестелердi, схемаларды, карталарды, тiзбелердi және басқаларын қосу қажет болған жағдайда, соңғылары жекелеген қосымшалармен ресiмделедi.
      35. Туынды нормативтiк құқықтық актінің не қосымшаның бiрiншi парағының жоғарғы оң жақ бұрышында ол арқылы қабылданған негiзгi нормативтiк құқықтық актінің нысаны, бекiтiлу күнi, тiркеу нөмiрi көрсетілуі тиiс.
      Егер нормативтiк құқықтық актіге екі және одан да көп қосымша болған жағдайда, әрбiр қосымшаның жоғарғы оң жақ бұрышында оның реттiк нөмiрi, сондай-ақ тиiстi актінің нысаны, бекiтiлу күнi, тiркеу нөмiрi көрсетiледi.
      Егер негiзгi нормативтiк құқықтық актінің мәтiнiнде мынадай сiлтеме келтiрiлсе:
      1, 2,... – қосымшаға не (1, 2,... – қосымша) сәйкес, онда қосымшаның жоғарғы оң жақ бұрышында:
      20__ жылғы __________ № ____
      нормативтiк құқықтық актіге
      1, 2... - қосымша деп жазылады,
      (қоса берiлiп отырған)... ереже,... нұсқаулық бекiтiлсiн, онда туынды нормативтік құқықтық актінің жоғарғы оң жақ бұрышында:
      20__ жылғы __________ № ____
      негізгі нормативтiк құқықтық актімен
      бекiтiлген деп жазылады.
      Егер негізгі актімен бекiтiлетiн туынды актілерге қосымшалар бар болса, онда соңғысының жоғарғы оң жақ бұрышында:
      Туынды нормативтiк құқықтық актіге
      1, 2,... - қосымша деп көрсетiледi.
      Егер негізгі және туынды нормативтiк құқықтық актінiң мәтiнiнде мынадай сiлтеме келтiрiлсе:
      1, 2,... – қосымшаға сәйкес нысан бойынша, онда қосымшаның жоғарғы оң жақ бұрышында:
      20__ жылғы __________ № ____
      негізгі нормативтiк құқықтық актіге
      1, 2... - қосымша
      нысан
      және
      Туынды нормативтiк құқықтық актіге
      1, 2... - қосымша
      нысан деп жазылады.

3. Нормативтiк құқықтық актілерді келiсу

      36. Нормативтiк құқықтық актінің жобасын мүдделi мемлекеттiк органдармен және ұйымдармен келiсу олардың құзыретiне қарай жүзеге асырылады, бұл ретте нормативтiк құқықтық актінің жобасын келiсудегi мұндай мүдделiлiк қаралатын мәселелердiң мәнiн негізге ала отырып белгiленедi.
      37. Келiсуге нормативтiк құқықтық актінің туынды түрi де, бекiтiлген негiзгi нормативтiк құқықтық акті де ұсынылады.
      38. Нормативтiк құқықтық акті келiсуге мемлекеттiк органның бiрiншi басшысының не оның орынбасарының қолы қойылған iлеспе хатпен ұсынылады.
      39. Нормативтiк құқықтық актіні келiсуге алу кезiнде мемлекеттiк органдар оны басқа мемлекеттiк органдармен келiсудi талап етуге және формальды немесе өзге негiзсiз себептер бойынша нормативтiк құқықтық актіні келiсуден бас тартуға тиiс емес.
      40. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында нормативтiк құқықтық актіні мiндеттi түрде келiсу көзделген жағдайда, сондай-ақ онда басқа мемлекеттiк органдарға қатысты ережелер, нормалар мен тапсырмалар қамтылса, мұндай нормативтiк құқықтық актінің жобасы тиiстi мүдделi мемлекеттiк органдармен алдын ала келiсуге жiберiлуі мүмкін.
      Бұл ретте, нормативтiк құқықтық актінің жобасын келiсуге барлық мүдделi мемлекеттiк органдарға бiр мезгiлде, бiр iлеспе хатпен, тиiстi мүдделi мемлекеттiк органдардың тiзiмiн қоса бере отырып, «Мемлекеттiк органдарға (тiзiм бойынша)» деген адресат көрсетіле отырып жiберiледi.
      41. Нормативтік құқықтық актінің жобасы келісуге жіберілген мемлекеттік органдар мен ұйымдар, егер уәкілетті орган өзгеше, неғұрлым қысқа мерзім белгілемесе, оны алған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша өз ескертулері мен ұсыныстарын дайындауға немесе олардың жоқтығы туралы нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеген органға хабарлауға тиіс.
      Мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертулері кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстарды қамтуға, сондай-ақ оның құзыретіндегі мәселелерге тікелей қатысты, негізделген және толық болуға тиіс.
      Нормативтiк құқықтық актінің жобасына ескертулер болған кезде, қажеттілігіне қарай оны әзiрлеген орган пысықтайды.
      Нормативтiк құқықтық актінің жобасын әзiрлеген орган келiсушi мемлекеттiк органдардың ескертулерiмен келiспеген жағдайда, бiрiншiсi әрбір мұндай ескерту бойынша келiспеудiң жазбаша негiздемесiн қоса бере отырып, нормативтiк құқықтық актіні бұрыштама соғуға жiбередi.
      Келiсiм мерзiмi аяқталғаннан кейiн жобаны әзiрлеушi мүдделi мемлекеттiк органдардың барлық ұсыныстарын жобаның соңғы нұсқасына жинақтайды (ескертулердi жояды).
      Бұл ретте, әзiрлеушi соңғы нұсқаны дайындау процесінде мемлекеттiк органдардың өзi келiскен ескертулерiн жояды.
      42. Нормативтiк құқықтық актіні мемлекеттiк органдарда түпкілікті келiсу мерзiмi жеті жұмыс күнiнен аспауға тиiс және осы мемлекеттiк органға нормативтiк құқықтық актінің келiп түскен күнiнен бастап есептеледi.
      43. Нормативтік құқықтық актінің барлық парақтарына оны келісуге жіберген мемлекеттік органның заң қызметінің басшысы, ол болмаған жағдайда, оның міндетін атқаратын не заң қызметi басшысын алмастыратын адам қол қояды.
      44. Нормативтiк құқықтық актіні қарау қорытындылары бойынша келiсушi орган әзiрлеушiге бiрiншi басшы, не ол болмаған жағдайда, оның мiндетiн атқарушы не басшыны алмастыратын адам қол қойған жауаптың мынадай нұсқаларының бiрiн ұсынады:
      1) нормативтiк құқықтық акт ескертулерсiз келiсiлдi (нормативтiк құқықтық актідегі бұрыштама);
      2) нормативтiк құқықтық актіні келiсуден бас тартылды (дәлелденген бас тарту қоса беріледі).
      Егер акт бойынша бар ескертулерді жою кезінде акт келісілуі мүмкін болған жағдайда, бұл ескертулер бiрiншi басшы не ол болмаған жағдайда оның мiндетiн атқарушы адам қол қоятын хатта жазылады және ол мiндеттi түрде бар ескертулердi жою бойынша ұсыныстарды қамтуға тиiс.
      Келiсушi мемлекеттiк органдарға нормативтiк құқықтық актілерді «ескертулермен» келiсуге жол берілмейді.
      Келiсушi мемлекеттiк орган тұжырымдық сипаттағы ескертулерге байланысты актіні келiсуден бас тартқан жағдайда, мұндай мемлекеттiк орган осындай ескертулердi жоюдың өзара қолайлы шешiмдерiн көрсете отырып, дәлелдi жауап бередi.
      Бұл ретте, мемлекеттiк органдарға өздерi берген ескертулердi жоюдың өзара қолайлы шешiмдерiн көрсетпей, нормативтiк құқықтық актіні келiсуден бас тартуға жол берiлмейдi.
      45. Нормативтiк құқықтық актіні түпкiлiктi келiсу келiсушi мемлекеттiк органның бiрiншi басшысының не ол болмаған жағдайда, оның мiндетiн атқаратын адамның бұрыштамасымен ресiмделедi және мөрмен куәландырылады.
      Бұрыштамада мемлекеттiк орган басшысы немесе ол болмаған жағдайда, оның мiндетiн атқаратын адамның лауазымының атауы, қол қоюшының жеке қолтаңбасы, қолтаңбасының толық жазылуы, күнi мен елтаңбалық мөр қамтылады.
      Келiсу таңбасы нормативтiк құқықтық актінің негiзгi түрiнiң соңғы парағының астыңғы сол жақ бұрышына орналасады және «КЕЛIСIЛДI», («КЕЛIСIЛГEH») деген сөзден тұрады.
      Нормативтiк құқықтық актінi екi немесе одан да көп мемлекеттiк орган келiскен жағдайда, келiсу белгілері ұйымдардың ресми атауларының мемлекеттік тілдегі әліпби тәртiбімен орналастырылады.
      Бұл органдардың орыс тіліндегі ресми атаулары олардың мемлекеттік тілде жазылу тәртібіне сәйкес келуге тиіс.
      Егер мемлекеттік органдар атауларының бірінші сөздері бірдей әріптен басталған жағдайда, мемлекеттік орган атауының келесі әрпі ескеріледі.
      46. Мемлекеттiк органдармен түпкілікті келiсiлген нормативтiк құқықтық актіге түзетулер мен толықтырулар енгiзуге жол берiлмейдi.
      47. Келісуші мемлекеттік органның заң қызметінің басшысы, ол болмаған жағдайда оның міндетін атқаратын адам не органның заң қызметінің басшысын алмастыратын адам келісілген нормативтік құқықтық актінің әрбір парағына қол қояды.
      Келісуші мемлекеттік органда заң қызметі болмаған жағдайда, тиісті құрылымдық бөлімшенің басшысы, ол болмаған жағдайда оның міндетін атқаратын адам әрбір парағына қол қояды.
      Жергілікті органда заң қызметі болмаған жағдайда, осы органда заңгер функцияларын атқаратын адам не мемлекеттік органның бірінші басшысы, ол болмаған жағдайда, оның міндетін атқаратын адам әрбір парағына қол қояды.
      48. Бiрлесiп қабылданған не басқа мемлекеттiк органдармен келiсiлген нормативтiк құқықтық актінi ұсынған кезде, әзiрлеушi мемлекеттiк орган нормативтiк құқықтық актінің негiзгi де, туынды да түрiнiң де бiрiншi парағында әрбiр қолдың тұсына мемлекеттiк органның аббревиатурасын жақшаға алу жолымен әрбір бетке қойылған қолдардың тиесiлігін көрсетедi.