Қазақстан Республикасының аумағынан ғарыш объектілерін ұшыру, сондай-ақ оны одан тыс жерлерде ғарыш қызметіне қазақстандық қатысушылар жүзеге асыратын жағдайда ұшыру туралы шешімдерді келісу және қабылдау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 26 маусымдағы № 838 Қаулысы.

Жаңартылған

      "Ғарыш қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аумағынан ғарыш объектілерін ұшыру, сондай-ақ оны одан тыс жерлерде ғарыш қызметіне қазақстандық қатысушылар жүзеге асыратын жағдайда ұшыру туралы шешімдерді келісу және қабылдау қағидалары бекітілсін.

      2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 44, 443-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті мынадай мазмұндағы 41-1-тармақпен толықтырылсын:

      "41-1. Қазақстан Республикасының аумағынан ғарыш объектілерін ұшыру, сондай-ақ оны одан тыс жерлерде ғарыш қызметіне қазақстандық қатысушылар жүзеге асыратын жағдайда ұшыру туралы шешімдерді келісу және қабылдау мәселелері Үкімет бекіткен тиісті қағидалармен айқындалады.".

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 26 маусымдағы
№ 838 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының аумағынан ғарыш объектілерін ұшыру, сондай-ақ оны одан тыс жерлерде ғарыш қызметіне қазақстандық қатысушылар жүзеге асыратын жағдайда ұшыру туралы шешімдерді келісу және қабылдау қағидалары

      1. Осы Қазақстан Республикасының аумағынан ғарыш объектілерін ұшыру, сондай-ақ оны одан тыс жерлерде ғарыш қызметіне қазақстандық қатысушылар жүзеге асыратын жағдайда ұшыру туралы шешімдерді келісу және қабылдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ғарыш қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының аумағынан ғарыш объектілерін ұшыру, сондай-ақ оны одан тыс жерлерде ғарыш қызметіне қазақстандық қатысушылар жүзеге асыратын жағдайда ұшыру туралы шешімдерді келісу және қабылдау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалардың қолданысы 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенін жалға алу шартына сәйкес және 1999 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшырулардың және зымырандарды сынақтық ұшырулардың жоспарлары бойынша қорытындыны (келісуді) ұсыну және алу тәртібі туралы келісімге сәйкес "Байқоңыр" кешенінен Ресей Федерациясы жүзеге асыратын ғарыш объектілерін ұшыруға таралмайды.

      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) ғарыш кеңістігі – теңіз деңгейінен жүз километрден астам биіктіктегі әуе кеңістігінен тысқары жатқан кеңістік.

      2) ғарыш қызметi – ғылыми, экономикалық, экологиялық, қорғаныс, ақпараттық және коммерциялық мақсаттарға қол жеткізу үшін ғарыш кеңістігін зерттеуге және пайдалануға бағытталған қызмет;

      3) ғарыш қызметіне қатысушылар – "Ғарыш қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде ғарыш қызметін жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар;

      4) ғарыш қызметіне қазақстандық қатысушылар – "Ғарыш қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ ғарыш кеңістігінде ғарыш қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жеке және (немесе) заңды тұлғалары;

      5) ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – ғарыш қызметі саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      6) ғарыш объектісi – ғарыш аппараты және (немесе) оны ғарыш кеңістігіне шығару құралы және олардың құрамдас бөліктері;

      7) тасымалдағыш зымыран – ғарыш аппараттарын ғарыш кеңістігіне шығаруға арналған техникалық құрылғы;

      8) тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлау ауданы – ұшу барысында тасымалдағыш зымырандардың істен шыққан және бөлінген элементтері және (немесе) фрагменттері құлайтын (қонатын) жер учаскесі.

      4. Қазақстан Республикасының аумағынан ғарыш объектісін ұшыруды жүзеге асыруды жоспарлайтын ғарыш қызметіне қатысушылар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде ғарыш объектісін ұшыруды жүзеге асыруды жоспарлайтын ғарыш қызметіне қазақстандық қатысушылар ұшырудың жоспарланған күніне дейін күнтізбелік 90 (тоқсан) күннен кешіктірмей, уәкілетті органға ғарыш объектісін ұшыруды жүзеге асыруға жазбаша өтінім жасайды.

      Өтінімде: ғарыш объектісінің атауы, ұшыру орны, шығару құралының атауы, шығару құралын іске қосу азимуты, отын құрауыштары мен олардың саны (сатылы зымыранның, екпіндеткіш блоктың, ғарыш аппаратының), тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлау аудандары, күні (негізгі және резервтік), ғарыш объектісін ұшырудың есепті уақыты көрсетіледі. Өтінімде ғарыш объектісін ұшыруды жүзеге асыру негізінде жоспарланатын құжаттардың көшірмелері:

      1) ғарыш объектісіне құқық белгілейтін құжаттың (салыстыру үшін түпнұсқа берілмеген жағдайда нотариат растаған) көшірмесі;

      2) ғарыш кеңістігін пайдалану аясындағы қызметті жүзеге асыру құқығына лицензияның (салыстыру үшін түпнұсқа берілмеген жағдайда нотариат растаған) көшірмесі қоса беріледі.

      5. Уәкілетті орган келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік 5 күн ішінде өтінімді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне, азаматтық қорғау, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдарға және тиісті жергілікті атқарушы органдарға келісуге жібереді.

      Жоғарыда қөрсетілген мемлекеттік органдар өтінім түскен күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде өз құзыреті шегінде жоспарланған ғарыш объектісін ұшырудың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігінқарайды және келісу нәтижелері туралы уәкілетті органды жазбаша хабардар етеді.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 02.04.2015 № 173 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      6. Уәкілетті орган өтінім түскен күнінен бастап күнтізбелік 25 күннен кешіктірмей Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті шешім жобасын әзірлейді, оны күнтізбелік он күн ішінде мүдделі мемлекеттік органдармен келіседі және Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесіне ұсынады. Бұл ретте мүдделі мемлекеттік органдармен келісу мерзімі күнтізбелік екі күннен аспауы тиіс. Шешім жобасына осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдардың хаттарының көшірмесі қоса беріледі.

      7. Қазақстан Республикасының Үкіметі өтінім бойынша тиісті шешім қабылдап, оның көшірмесін уәкілетті органға жібереді.

      Осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдармен келісілген өтінімнің теріс нәтижелері Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұшыруды жүзеге асырудың мүмкін еместігі туралы шешіміне негіз болады.

      8. Уәкілетті орган өтінім бойынша шешімнің көшірмесі түскен күнінен бастап күнтізбелік 5 күн ішінде өтініш берушіні Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған шешім туралы жазбаша хабардар етеді.