Қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын атқаратын мекемелердің қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтiк және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі консультативтік-кеңесші орган туралы үлгі ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 8 маусымдағы № 766 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 шілдедегі № 808 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 21.07.2014 № 808 қаулысымен.

      «Қазақстан Республикасының ішкi iстер органдары туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Заңының 6-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Қоса берiлiп отырған Қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын атқаратын мекемелердің қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі консультативтік-кеңесші орган туралы үлгі ереже бекiтiлсiн.
      2. «Қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал етудiң өзге де шараларын атқаратын мекемелердің қызметіне жәрдемдесу жөніндегі, сондай-ақ қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтiк және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі консультативтiк-кеңесшi орган туралы үлгі ереженi бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 3 қазандағы № 988 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 37, 511-құжат) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң     
2012 жылғы 8 маусымдағы
№ 766 қаулысымен   
бекiтiлген     

Қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де
шараларын атқаратын мекемелердің қызметіне жәрдемдесу,
сондай-ақ қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік және
өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі консультативтік-кеңесші
орган туралы үлгі ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже «Ішкі істер органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының облыстары (республикалық маңызы бар қалалар, астана), аудандары (облыстық маңызы бар қалалар) жергілiктi атқарушы органдарының жанынан құрылатын консультативтік-кеңесші органның (бұдан әрi – консультативтік-кеңесші орган) мәртебесін және өкiлеттiктерiн айқындайды.
      2. Консультативтік-кеңесші орган қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтiк және өзге де көмек көрсету, оларды оңалту, сондай-ақ Қазақстан Республикасы жергілiктi атқарушы органдарының құзыретiне жатқызылған қылмыстық-атқару жүйесінің органдары мен мекемелерi қызметінiң мәселелерi бойынша ұсыныстар әзiрлеу үшiн құрылады.

2. Консультативтік-кеңесші органның мiндеттерi

      3. Консультативтік-кеңесші органның негізгі мiндеттерi:
      1) қылмыстық жазаны және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын атқаратын қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерi мен бөлiністерiнiң қызметiне көмек көрсету;
      2) заңнамаға сәйкес қылмыстық-атқару жүйесiнің кәсіпорындарында тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулерді) сатып алуға тапсырыстар орналастыру;
      3) сотталғандардың еңбегін, оның iшiнде бас бостандығынан айыру түрiнде қылмыстық жазасын өтеп жатқан адамдарды еңбекпен қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық қызметтер мен кәсiпорындардың қажеттілігі үшiн түзеу мекемелерiнің жанындағы өндiрiстi дамытуды ұйымдастыру;
      4) заңнамаға сәйкес сотталғандарды еңбекте пайдалану жолымен қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерi мен кәсіпорындарын өңiрлiк және жергілiктi маңызы бар проблемаларды шешуге тарту;
      5) бас бостандығынан айыруға сотталғандармен тәрбие жұмысын ұйымдастыру;
      6) қайырымдылық концерттерін, кездесулер, дәрістер, сотталғандарға заң кеңесі мен өзге де құқықтық көмекті, спорттық, ағартушылық және мәдени iс-шараларды ұйымдастыруға, мекемелердің кітапхана қорларын толықтыруға көмек көрсету;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
      4. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары жанындағы консультативтік-кеңесші органның мiндеттерiне:
      1) босатылатын сотталғандарды еңбекке және тұрмыстық орналастыруға көмек көрсету бойынша жергiлiктi атқарушы органдардың қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерімен өзара іс-қимыл жасасуын үйлестіру;
      2) қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтiк және өзге де көмектi, оның iшiнде мүгедектер мен зейнеткерлерді мүгедектер және қарттар үйлерiне орналастыруды ұйымдастыру;
      3) сотталғандардың шағымдары мен өтiнiштерiн түзеу мекемелерi әкiмшiлiгiнің уақтылы және дұрыс шешуiне көмек көрсету;
      4) жергiлiктi атқарушы органдар өкiлдерiнiң түзеу мекемелерi комиссиясының қызметiне қатысуы;
      5) сотталғандарды ұстаудың коммуналдық-тұрмыстық және медициналық-санитарлық жағдайларын жақсартуға көмек көрсету;
      6) түзеу мекемелерінде жалпы бiлiм беретiн және кәсiптiк мектептердi ұйымдастыру бойынша ұсыныстарды қарау жатады.
      5. Ауданның (облыстық және республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілiктi атқарушы органдары жанындағы консультативтік-кеңесші органның мiндеттерiне:
      1) қылмыстық жаза қолдану тәртiбiнде қоғамдық жұмыстарға тартылған адамдар үшiн қоғамдық жұмыс объектiлерiн белгілеу бойынша жергілiктi атқарушы органдардың жұмысын ұйымдастыру;
      2) түзеу мекемелерінен босатылған, сондай-ақ қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазасын өтеп жүрген адамдарға еңбекке және тұрмыстық орналасуға, әлеуметтiк және өзге де көмектiң басқа түрлерiн ұйымдастыруға көмек көрсету бойынша ұсыныстарды қарау жатады.

3. Консультативтік-кеңесші органның өкiлеттiктерi

      6. Консультативтік-кеңесші орган:
      1) өзінің құзыретіне кiретiн мәселелер бойынша мемлекеттiк органдарға ұсыныстар енгізуге;
      2) мемлекеттiк органдардан консультативтік-кеңесші органның мiндеттерiн іске асыру үшін қажетті ақпаратты, материалдарды сұратуға және алуға;
      3) заңнамада белгiленген тәртiппен түзеу мекемелеріне, түзеу жұмыстарындағы сотталғандардың жұмыс орындарына, мерзiмiнен бұрын шартты түрде, шартты түрде босатылғандарға және бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазалау шараларына сотталған басқа да адамдарға баруға;
      4) қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнің басшыларын, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдардың басшыларын консультативтік-кеңесші органның құзыретіне кiретiн мәселелер бойынша, алайда жылына кемінде екi рет тыңдауға құқылы.

4. Консультативтік-кеңесші органның жұмысын ұйымдастыру

      7. Жергiлiктi атқарушы органдардың жанындағы консультативтік-кеңесші орган жергiлiктi атқарушы органның қаулысымен құрылады.
      8. Консультативтік-кеңесші органның құрамы денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, әлеуметтiк бағдарламалар, мәдениет, бiлiм беру, кәсiпкерлiк, өнеркәсiп, жер қатынастары, дене шынықтыру салаларында басқаруды және үйлестiрудi жүзеге асыратын жергiлiктi атқарушы органдар басшыларының қатарынан қалыптастырылады.
      9. Консультативтік-кеңесші органның құрамына лауазымы бойынша қылмыстық-атқару жүйесi аумақтық органының бастығы кiредi.
      10. Консультативтік-кеңесші органның құрамына орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлiмшелерiнiң басшылары, сондай-ақ келiсiм бойынша прокуратура өкiлдерi, мәслихат депутаттары кiреді.
      11. Консультативтік-кеңесші органды жергiлiктi атқарушы орган басшысының орынбасары басқарады.
      12. Консультативтік-кеңесші органның дербес құрамын жергілiктi атқарушы орган айқындайды және мәслихат бекiтедi.
      13. Консультативтік-кеңесші органның отырыстары қажеттiлiгіне қарай, бiрақ жарты жылда кемінде бiр рет өткiзiледi.
      14. Консультативтік-кеңесші органның кезекті отырысының күн тәртiбiн, сондай-ақ оның өткiзiлетiн орнын, уақытын, тәртiбiн және мерзiмiн консультативтік-кеңесші органның басшысы белгілейдi.
      15. Консультативтік-кеңесші органның шешiмдерi ұсынымдық сипатта болады.