Индустриялық-инновациялық қызмет субьектілеріне берілетін қарыздар бойынша кепілдік міндеттемелерді және кепілдемелерді ұсыну шарттары мен тетіктерін айқындау туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 5 маусымдағы № 744 Қаулысы

Қолданыстағы

      БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

      «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы Заңының 15-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес индустриялық-инновациялық қызмет субьектілеріне берілетін қарыздар бойынша кепілдік міндеттемелерді және кепілдемелерді ұсыну шарттары мен тетіктері айқындалсын.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2012 жылғы 5 маусымдағы
№ 744 қаулысына   
қосымша       

Индустриялық-инновациялық қызмет субьектілеріне берілетін қарыздар бойынша кепілдік міндеттемелерді және кепілдемелерді ұсыну шарттары мен тетіктері

1. Кепілдік міндеттемелерді және кепілдемелерді ұсыну шарттары

      1. Қарыздар бойынша кепілдік міндеттемелерді және кепілдемелерді ұсынуды индустриялық-инновациялық жобаларды (бұдан әрі – жобалар) іске асыру үшін индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне (бұдан әрі – субъектілер) берілетін екінші деңгейдегі банктердің қарыздары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын қаржы агенті жүзеге асыратын шарттар мыналар болып табылады:
      1) қаржы агентінің кепілдік міндеттемелерді және кепілдемелерді ұсынуға қатысу мөлшері жоба сметасы сомасының 80 %-ынан (сексен пайызынан) аспауы тиіс;
      2) жоба сметасы шеңберіндегі субъектінің және (немесе) өзге үшінші тұлғаның қаржыландыру үлесі ақшалай қаражатпен жүзеге асырылады;
      3) жобаны іске асыру бойынша тәуекелдер толық көлемде жабылған, оның ішінде қамтамасыз етілген;
      4) кепілдік міндеттемелер және кепілдемелер жиырма жылдан аспайтын мерзімге ұсынылады;
      5) жобалық шешімдердің технологиялық және техникалық негізделуі.

2. Кепілдік міндеттемелерді және кепілдемелерді ұсыну тетіктері

      2. Екінші деңгейдегі банктердің қарыздары бойынша кепілдік міндеттемелерді және кепілдемелерді ұсыну үшін субъекті қаржы агентіне еркін түрде өтініш беру жолымен жүгінеді және мына құжаттарды ұсынады:
      1) жеке тұлға үшін – жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, дара кәсіпкер ретінде тіркелгені туралы құжаттың көшірмесі; заңды тұлға үшін – мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі;
      2) заңды тұлғалар үшін құрылтайшы құжаттардың көшірмелері;
      3) жобаның бизнес жоспары;
      4) өтініш берердің алдындағы соңғы есептік жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша заңды тұлғаның бухгалтерлік балансы;
      5) салық берешектерінің, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша қарыздардың болмауы туралы салық органының анықтамасы;
      6) құқықты куәландыратын құжаттардың көшірмесі, оның ішінде кепіл түрінде шығарылатын жылжымалы және жылжымайтын мүлікке ауыртпалықтың бар болуы немесе жоқтығы туралы;
      7) қайта жаңғыртуға (техникалық қайта жарақтандыруға) және жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейтуге бағытталған жобаның сипаттамасы және оны іске асырудан жоспарланатын экономикалық және қаржылық тиімділік;
      8) жобаны қаржыландыруда субъектінің және (немесе) өзге үшінші тұлғаның ақшалай қаражатымен қатысуын растайтын құжаттар.
      3. Кепілдік міндеттемелерді және кепілдемелерді ұсынуды қаржы агенті субъект ұсынған құжаттарды қарау және талдау нәтижелері бойынша жүзеге асырады.
      4. Қаржы агенті өтініш түскен күнінен бастап екі ай ішінде осы субьектілерге берілетін қарыздар бойынша кепілдік міндеттемелерді және кепілдемелерді ұсыну шарттары мен тетіктерінің (бұдан әрі – шарттар мен тетіктер) 2-тармағына сәйкес ұсынылған құжаттарды қарайды.
      5. Тиісті құжаттарды қарау нәтижелері бойынша қаржы агенті үш жұмыс күні ішінде кепілдік міндеттемелерді және кепілдемелерді ұсыну немесе ұсынудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      6. Кепілдік міндеттемелерді және кепілдемелерді ұсынудан бас тарту туралы шешім қабылданған жағдайда қаржы агенті үш жұмыс күні ішінде субъектіге тиісті негізделген хабарлама жібереді.
      7. Кепілдік міндеттемелерді және кепілдемелерді ұсынудан бас тарту туралы шешім мына негіздемелер бойынша қабылданады:
      1) субъектінің осы шарттар мен тетіктердің 1-тармағына сәйкес айқындалған шарттарға сәйкес болмауы;
      2) субъектінің осы шарттар мен тетіктердің 2-тармағына сәйкес айқындалған қажетті құжаттарды ұсынбауы.
      8. Кепілдік міндеттемелерді және кепілдемелерді ұсыну туралы шешім қабылданған жағдайда қаржы агенті бес жұмыс күні ішінде субъектімен кепілдік міндеттемелерді және кепілдемелерді ұсыну туралы шарт жасасады.