Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 94-5-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 7 мамырдағы
№ 586 қаулысымен
бекітілген
Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлу тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) базалық желі - көміртегі қос тотығының баламасына тоннамен белгіленген кезеңде немесе жылда өндірілген парниктік газдар шығарындылары көлемінің шамасы;
2) квоталар көлемінің резерві - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын экономиканың басым секторларында және парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлудің ұлттық жоспарына (бұдан әрі – ұлттық жоспар) сәйкес алғашқы бөлу кезінде парниктік газдар шығарындыларына квота алмаған, бірақ оның қолданысы кезеңінде пайдалануға енгізілген және квоталау бойынша талапқа жатқызылатын жаңа қондырғыларға арналған парниктік газдар шығарындыларына квоталардың көлемі;
3) парниктік газдар шығарындыларына квоталар - ұлттық жоспардың қолданылу кезеңіне қондырғыға бөлінген парниктік газдар шығарындыларының реттелетін сандық көлемі;
4) парниктік газдардың реттелетін шығарындылары - Қазақстан Республикасында мемлекеттік реттеу объектісі болып табылатын бекітілген парниктік газдар тізбесіне енгізілген парниктік газдар шығарындылары.
3. Қазақстан Республикасында парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлу парниктік газдар шығарындыларымен сауда жасаудың нарықтық тетігі негізінде парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі ұлттық және халықаралық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
4. Осы Қағидаларға сәйкес парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлу Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 94-2-бабының талаптарына жатқызылатын табиғат пайдаланушылар бойынша жүргізіледі.
2. Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлу тәртібі
5. Қазақстан Республикасында парниктік газдар шығарындыларына квоталар белгілі бір қолданылу кезеңіне әзірленетін және бекітілетін ұлттық жоспарға сәйкес бөлінеді.
6. Парниктік газдар шығарындыларына квоталар тиісті ұлттық жоспардың қолданылу мерзімі ішінде қондырғыларды пайдалану кезеңіне бөлінеді.
7. Әзірлеу сәтіне пайдалануға енгізілген және ұлттық жоспарға енгізілген қондырғылар бойынша квоталарды бөлу оның барлық қолданылу кезеңіне жүргізіледі.
8. Қолданыстағы қондырғыларға арналған квоталар ұлттық жоспарда тиісті қондырғы үшін базалық желі ретінде анықталған, олардың алдыңғы жылдардағы парниктік газдар шығарындыларының көлемдерін есепке ала отырып есептеледі.
9. Бірінші есептік кезеңге ұлттық жоспардың мақсаттары үшін базалық желі ретінде парниктік газдар шығарындыларының соңғы жылдағы көлемі анықталады, ол бойынша табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға парниктік газдар шығарындыларын түгендеу туралы есеп ұсынады.
Парниктік газдар шығарындыларын квоталаудың келесі кезеңдері үшін базалық желі парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша міндеттемелерді есепке ала отырып, парниктік газдар шығарындыларын квоталау кезеңінің алдындағы соңғы 2 жылдың парниктік газдар шығарындыларының көлемі бойынша тәуелсіз аккредиттелген ұйымдар растаған қолжетімді деректердің орташа шамасы бойынша анықталады.
10. Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын экономиканың басым секторларында жаңа қондырғылар үшін квоталарды бөлу ұлттық жоспардың квоталар көлемінің резервінен жүргізіледі.
11. Ұлттық жоспарға енгізілмеген жаңа қондырғылар бойынша квоталар тиісті ұлттық жоспардың қолданылу кезеңінде оларды пайдалану жоспарланып отырған мерзімге бөлінеді.
12. Ұлттық жоспардың қолданылу кезеңінде жаңа қондырғылар үшін квоталар оның жоспарланып отырған қуатын (қуатының жоспарланып отырған ұлғаюын) бағалау және жаңа қондырғылар бойынша энергия үнемдеу сараптамасын жүргізу негізінде анықталады.
13. Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 94-5-бабының 4-тармағына сәйкес опцион шарттарында сату ұлттық жоспардың квота көлемі резервінен квоталар бөлінген жағдайда жүзеге асырылады.
14. Парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлу парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша міндеттемелерді есепке ала отырып, парниктік газдар шығарындыларының базалық деңгейіне сәйкес жүзеге асырылады.
15. Екінші ұлттық жоспардан бастап парниктік газдар шығарындыларына квоталар бөлген кезде тиісті ұлттық жоспардың қолданылу кезеңі басталғанға дейінгі үш жылдан кем емес уақытта тиісті қондырғылар бойынша енгізілген парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша бұрын қабылданған ерікті шаралардың есебі жүргізіледі.
16. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұлттық жоспардың жобасын әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне оның қолдану мерзімі басталатын күнге дейін төрт айдан кешіктірмей бекітуге ұсынады.
17. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсынғанға дейін ұлттық жоспардың жобасын мүдделі тұлғалармен талқылауды ұйымдастырады.
18. Мүдделі қоғамдастықпен талқылау үшін тиімді мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мақсатында ұлттық жоспардың жобасы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның веб-сайтына ол Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсынылғанға дейін екі айдан кешіктірілмей орналастырылады.
19. Ұлттық жоспардың жобасын мүдделі тұлғалармен талқылау рәсімі ұзақтығы кемінде күнтізбелік отыз күн уақыт кезеңі ішінде жазбаша түсіндірулер мен ескертулер беру үшін мүмкіндіктерді көздеуі тиіс.
20. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мүдделі қоғамдастықтардың алынған жазбаша түсіндірулері мен ескертулерін қоса алғанда, талқылау нәтижелерін қарайды, Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсынылғанға дейін және ұлттық жоспардың жобасын ол осы қарауды ескере отырып пысықтайды.
21. Ұлттық жоспар оның қолданылу кезеңінің алдындағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірілмей бекітіледі.