Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы № 380 қаулысы

Жаңартылған

      «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Кодексінің 84-бабының 6-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға беру қағидалары бекітілсін.
      2. «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды шетелдiктерге асырап алуға беру ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 12 қарашадағы № 1197 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 40, 407-құжат) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің       
2012 жылғы 30 наурыздағы 
№ 380 қаулысымен    
бекітілген       

Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды
асырап алуға беру қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Кодексінің 84-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленген және:
      1) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды (бұдан әрі – балалар) азаматтығы мен тұратын жеріне қарамастан туыстарына асырап алуға беру;
      2) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына асырап алуға беру;
      3) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың орталықтандырылған есебінде тұрған (бұдан әрі – орталықтандырылған есепке алу) балаларды Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктерге асырап алуға беру тәртібін айқындайды.
      2. Тууы осы Кодексте белгіленген тәртіппен тіркелген және толық тән саулығы, психикалық, рухани және адамгершілік жағынан дамуын баланы тәрбиелеуді және білім беруді қамтамасыз ету, мүмкіндіктері ескеріле отырып, кәмелетке толмаған балаларға қатысты тек қана солардың мүддесінде асырап алуға жол беріледі.
      Бұл ретте баланың жасы, естиярлық дәрежесі және өзін асырап алуға келісімі ескеріледі.
      3. Жалғыз ата-анасы немесе екеуі де:
      1) қайтыс болған;
      2) баладан бас тартқан;
      3) ата-ана құқықтарынан айрылған және олар қалпына келтірілмеген;
      4) баланы асырап алуға келісім берген;
      5) сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз, хабар-ошарсыз кеткен деп танылған немесе қайтыс болған деп жарияланған;
      6) белгісіз болған жағдайда, балалар асырап алуға жатады.
      Ата-аналары белгісіз тауып алынған (тастанды) баланы асырап алу Кодексте белгіленген тәртіппен ішкі істер органдары, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган берген тиісті хаттама немесе акті, оның туу туралы куәлігі және бала тууының тіркелуін растайтын туу туралы акті жазбасының көшірмесі болған жағдайда Кодекстің 196-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
      Перзентханада (бөлімшеде) немесе өзге де медициналық ұйымда қалдырылған баланы асырап алу бала қалдырылған мекеме әкімшілігі жасаған тиісті акті болған кезде Кодексте белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      Асырап алу балалардың мүдделерiне сай келетiн және балалар өздерінің туыстығы туралы білмеген, бірге тұрмаған және бірге тәрбиеленбеген жағдайларды қоспағанда, бір отбасында тәрбиеленген ағалы-iнiлілер мен апалы-сiңлiлілердi (қарындастарды) әртүрлi адамдардың асырап алуына жол берiлмейдi.
      4. Мыналарды:
      1) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі деп таныған адамдарды;
      2) сот біреуін әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлеті шектеулі деп таныған ерлi-зайыптыларды;
      3) сот ата-ана құқықтарынан айырған немесе сот ата-ана құқықтарын шектеген адамдарды;
      4) өзiнің қамқорлығындағы балаларды күтіп-бағу, оларға күтім жасау мен емдеуді қамтамасыз ету, құқықтары мен мүдделерін қорғау туралы қамқорлық жасау жөніндегі мiндеттерiн тиiсiнше орындамағаны үшiн қорғаншы немесе қамқоршы мiндеттерінен шеттетiлген адамдарды;
      5) егер сот олардың кінәсінен бала асырап алудың күшiн жойса, бұрынғы бала асырап алушыларды;
      6) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген аурулар тізбесіне сәйкес денсаулық жағдайына байланысты ата-ана құқықтарын жүзеге асыра алмайтын адамдарды;
      7) тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдарды;
      8) дәстүрлi емес жыныстық бағдар ұстанатын адамдарды;
      9) бала асырап алу кезінде қасақана қылмыс жасағаны үшін соттылығы өтелмеген адамдарды;
      10) азаматтығы жоқ адамдарды;
      11) анасының қайтыс болуына немесе оның ата-ана құқықтарынан айырылуына байланысты баланың кемінде үш жыл іс жүзінде тәрбиелену жағдайларын қоспағанда, тіркелген некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) еркек жынысты адамдарды;
      12) асырап алған кезде асырап алынған баланы «Республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ететін табысы жоқ адамдарды;
      13) наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұратын адамдарды қоспағанда, кәмелетке толған адамдар бала асырап алушылар болуы мүмкін.
      Бiр-бiрiмен некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты болмаған) адамдар сол бiр баланы бiрлесiп асырауға ала алмайды.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 10.12.2015 № 989 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      5. Бала асырап алушы мен асырап алынушы баланың жас айырмасы кемінде он алты жасты құрайды және қырық бес жастан аспайды. Сот дәлелді деп таныған себептер бойынша жас айырмасы қысқартылуы мүмкін.
      6. Органның балаларды асырап алуға беруге рұқсат беруі үшін қызмет тәртібі мен құрамын Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы айқындайтын комиссияның (бұдан әрі – комиссия) қорытындысы негіз болып табылады.
      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 10.12.2015 № 989 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын
балаларды асырап алуға беру тәртібі

Балаларды азаматтығы мен тұратын жеріне қарамастан туыстарына
асырап алуға беру тәртібі

     7. Балалар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын туыстарына және Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын туыстарына асырап алуға беріледі.
      8. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын және балаларды асырап алуға тілек білдірген туыстары бала тұратын жердегі органға:
      1) баланы асырап алуға тілек білдіргені туралы жазбаша өтінішті;
      2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін;
      3) жақын туыстарының баланы асырап алуға жазбаша келісімін;
      4) жиынтық табыстың мөлшері туралы анықтаманы;
      5) отбасы жағдайы туралы анықтаманы;
      6) азаматтардың және жақын туыстарының денсаулық жағдайы, оның ішінде психикалық саулығы, есірткіге (уытқұмарлыққа), алкогольге тәуелді еместігі туралы анықтаманы;
      7) сотталмағандығы туралы анықтаманы;
      8) тұрғын үй-жайға меншік құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын растайтын құжатты ұсынады.
      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.06.2013 № 584 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      9. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын туыстары баланың тұратын жері бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың білім беруді басқару органына одан әрі жөнелту үшін Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына (бұдан әрі – уәкілетті орган):
      1) баланы асырап алуға тілек білдіргені туралы жазбаша өтінішті;
      2) табыстары туралы анықтаманы;
      3) отбасы жағдайы туралы анықтаманы;
      4) паспорттардың көшірмелерін;
      5) денсаулық жағдайы, оның ішінде психикалық саулығы, есірткіге (уытқұмарлыққа), алкогольге тәуелді еместігі туралы анықтаманы;
      6) сотталмағандығы туралы анықтаманы;
      7) жақын туыстарының бала асырап алуға жазбаша келісімін;
      8) достарының немесе көршілерінің кемінде үш ұсыным хатын;
      9) тұрғын үйінің бар-жоқтығын растайтын құжатты;
      10) бала асырап алу жөніндегі уәкілетті шетелдік мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ықтимал бала асырап алушылардың жеке басының адамгершілік қасиеттері туралы арнайы берген анықтамасын;
      11) бала асырап алуға құқығын растайтын қабылдаушы мемлекеттің құзыретті органы берген құжатты;
      12) асырап алынған баланың Қазақстан Республикасынан қабылдаушы мемлекетке баруына рұқсатты;
      13) мынадай:
      асырап алынған баланың Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде тіркелуі;
      18 жасқа толғанға дейін асырап алынған балада Қазақстан Республикасы азаматтығының сақталуы және оның Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерiнде есепте болуы;
      кездейсоқ жағдаяттар кезінде қамқоршыларды белгілеу туралы міндеттемелерді ұсынады.
      Ескерту. 9-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 07.06.2013 № 584 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      10. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын және бала асырап алуға үміткер туыстар Қазақстан Республикасына кіру визалары болған кезде Қазақстан Республикасына келеді. Кіру визаларын Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерi береді.
      Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, визаларды беруге облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың білім беруді басқару органының шақыруы негіз болып табылады.
      11. Бала білім беру, медициналық және өзге де ұйымда болған жағдайда бала тұратын жердегі орган балаға бару және онымен қарым-қатынас жасау үшін туыстарына осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес жолдама береді.
      12. Азаматтығы мен тұратын жеріне және баланың болу жеріне (отбасында немесе білім беру, медициналық және өзге де ұйымда) қарамастан туыстар жеке өзі:
      1) баланың тұрақты тұрғылықты жерінде онымен кемінде екі апта тікелей қатынасады (баламен, оның әдеттерімен, талғамымен, мінезінің ерекшеліктерімен танысу, серуендеу, ойындар);
      2) бала туралы толық ақпарат алады және оның құжаттарымен танысады;
      3) баланың денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындымен танысу фактісін осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес жазбаша нысанда растайды;
      4) тілек білдірсе, бала тұратын білім беру, медициналық және өзге де ұйым өкілінің қатысуымен асырап алынатын баланы тәуелсіз медициналық куәландырудан өткізу үшін медициналық мекемеге жүгінеді.
      13. Асырап алынатын бала тұратын жердегі орган комиссияның қорытындысы негізінде баланы асырап алуға беру туралы рұқсатты азаматтығына қарамастан туыстарының онымен жеке қарым-қатынас жасау фактісі туралы мәліметтерді көрсете отырып сотқа жолдайды.
      14. Азаматтығы мен тұратын жеріне қарамастан туыстарының бала асырап алуы олардың өтініштері негізінде бала асырап алушылардың өздерінің, орган өкілінің, сондай-ақ прокурордың міндетті қатысуымен баланың болу жері бойынша соттың шешімімен жүргізіледі.
      15. Бала асырап алушылар бала асырап алушының жеке басын растайтын құжатты және заңды күшіне енген сот шешімін ұсына отырып, баланы ол тұратын жерден жеке өзі алып кетуге міндетті.
      16. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын және Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын туыстары асырап алған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында асырап алынған баланың тұрғылықты жері бойынша орган оның тұрмыс жағдайлары мен тәрбиесін бақылауды жүзеге асырады.
      17. Азаматтығы мен тұратын жеріне қарамастан туыстары бала он сегіз жасқа толғанға дейін жылына кемінде бір рет бала асырап алу туралы сот шешімі шыққан жер бойынша органға асырап алынған баланың тұрмыс, оқу, тәрбие жағдайы және денсаулық жағдайы туралы есептер ұсынады.

Балаларды Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын
Қазақстан Республикасының азаматтарына асырап алуға беру
тәртібі

      18. Балалар Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына асырап алуға беріледі.
      19. Бала асырап алушылар болу мүмкіндігі туралы қорытындының және бала асырап алуға үміткерлерді тіркеу жері бойынша органның сұрау салуы негізінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың білім беруді басқару органы Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары үшін осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес баланы таңдап алуға жолдама дайындайды, оны орган бала асырап алуға үміткерлерге береді.
      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.06.2013 № 584 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      20. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары қолда бар жолдамаға сәйкес жеке өзі:
      1) баланы таңдайды, орган өкілінің қатысуымен тиісті білім беру, медициналық және өзге де ұйымның ережесіне сәйкес режим талаптарын сақтай отырып, баланың тұрақты тұрғылықты жерінде онымен кемінде екі апта тікелей қатынасады (баламен, оның әдеттерімен, талғамымен, мінезінің ерекшеліктерімен жеке танысу, серуендеу, ойындар);
      2) бала асырап алу туралы толық ақпарат алады және оның құжаттарымен танысады;
      3) баланың денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындымен танысу фактісін осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес жазбаша нысанда растайды;
      4) тілек білдірсе, бала орналасқан білім беру, медициналық және өзге де ұйым өкілінің қатысуымен асырап алынатын баланы тәуелсіз медициналық куәландырудан өткізу үшін медициналық мекемеге жүгінеді;
      5) бала асырап алу рәсімінен бас тартуды немесе оған одан әрі қатысуды осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес жазбаша растайды.
      21. Асырап алынатын баланың болу жері бойынша орган комиссияның қорытындысы негізінде баланы асырап алуға беру туралы рұқсатты Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының онымен жеке қарым-қатынас жасау фактісі туралы мәліметтерді көрсете отырып сотқа жібереді.
      22. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының бала асырап алуы олардың өтініштері негізінде бала асырап алушылардың өздерінің, орган өкілінің, сондай-ақ прокурордың міндетті қатысуымен баланың болу жері бойынша соттың шешімімен жүргізіледі.
      23. Бала асырап алушының жеке басын растайтын құжатты және заңды күшіне енген сот шешімін ұсына отырып, бала асырап алушылар баланы ол тұратын жерден жеке өзі алып кетуге міндетті.
      24. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары асырап алған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында асырап алынған баланың тұрғылықты жері бойынша орган оның тұрмыс жағдайлары мен тәрбиесін бақылауды жүзеге асырады.
      25. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары бала он сегіз жасқа толғанға дейін жылына кемінде бір рет бала асырап алу туралы сот шешімі шыққан жер бойынша органға асырап алынған баланың тұрмыс, оқу, тәрбие жағдайы және денсаулық жағдайы туралы есептер ұсынады.

Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды
Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан
Республикасының азаматтарына және шетелдіктерге асырап алуға
беру тәртібі

      26. Шетелдіктердің бала асырап алуына балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласында Қазақстан Республикасымен тең мәнді халықаралық міндеттемелері бар елдердің азаматтарына ғана рұқсат етіледі.
      Орталықтандырылған есепте тұрған балаларды шетелдіктердің асырап алуына беру оларды азаматтығы мен тұратын жеріне қарамастан туыстарына, Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына тәрбиелеуге беру мүмкін болмаған жағдайда, орталықтандырылған есепке қойылған күннен бастап үш ай өткен соң жүзеге асырылады.
      Шетелдіктерге асырап алуға берілген балалар Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығуға дейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде есепке қойылуы тиіс.
      Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді- ҚР Үкіметінің 07.06.2013 № 584 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      27. Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары, бала асырап алуға үміткер және белгіленген тәртіппен бала асырап алу жөніндегі аккредиттелген агенттіктер арқылы тіркелген шетелдіктер уәкілетті органға:
      1) баланы асырап алуға тілек білдіргені туралы жазбаша өтінішті;
      2) табыстары туралы анықтаманы;
      3) отбасы жағдайы туралы анықтаманы;
      4) паспорттардың көшірмелерін;
      5) денсаулық жағдайы, оның ішінде психикалық саулығы, есірткіге (уытқұмарлыққа), алкогольге тәуелді еместігі туралы анықтаманы;
      6) сотталмағандығы туралы анықтаманы;
      7) жақын туыстарының бала асырап алуға жазбаша келісімін;
      8) достарының немесе көршілерінің кемінде үш ұсыным хатын;
      9) тұрғын үйінің бар-жоқтығын растайтын құжатты;
      10) бала асырап алу жөніндегі уәкілетті шетелдік мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ықтимал бала асырап алушылардың жеке басының адамгершілік қасиеттері туралы арнайы берген анықтамасын;
      11) бала асырап алуға құқығын растайтын қабылдаушы мемлекеттің құзыретті органы берген құжатты;
      12) асырап алынған баланың Қазақстан Республикасынан қабылдаушы мемлекетке баруына рұқсатты;
      13) мынадай:
      асырап алынған баланың Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде тіркелуі;
      18 жасқа толғанға дейін асырап алынған балада Қазақстан Республикасы азаматтығының сақталуы және оның Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерiнде есепте болуы;
      кездейсоқ жағдаяттар кезінде қамқоршыларды белгілеу туралы міндеттемелерді ұсынады.
      Ескерту. 27-тармаққа өзгеріс енгізілді- ҚР Үкіметінің 07.06.2013 № 584 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      28. Уәкілетті орган аккредиттелген агенттік арқылы Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктерге баланың құжаттарын танысу үшін жібереді.
      29. Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер баланың құжаттарымен танысу фактісі туралы жазбаша растауды және онымен одан әрі танысуға келісімді ұсынады.
      30. Бала асырап алуға үміткер шетелдіктер Қазақстан Республикасына кіру визалары болған кезде Қазақстан Республикасына келеді. Кіру визаларын Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерi береді.
      Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, визаларды беруге уәкілетті органның шақыруы негіз болып табылады.
      Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын азаматтар уәкілетті органнан келу мерзімдері туралы хабарлама алғаннан кейін Қазақстан Республикасына кіреді.
      31. Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, бала асырап алуға үміткер шетелдіктердің келуі туралы хабарламаны және құжаттарын уәкілетті орган баланың болу жері бойынша тиісті органды одан әрі хабардар ету үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың білім беруді басқару органына белгіленген мерзімде жібереді.
      32. Уәкілетті орган берген жолдамаға сәйкес баланың болу жері бойынша органға келгеннен кейін Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер бала орналасқан білім беру, медициналық және өзге де ұйымға барады және:
      1) баланы таңдайды, орган өкілінің және қажет болған жағдайда аудармашының қатысуымен тиісті білім беру, медициналық және өзге де ұйымның ережесіне сәйкес режим талаптарын сақтай отырып, онымен кемінде төрт апта тікелей қатынасады (баламен, оның әдеттерімен, талғамымен, мінезінің ерекшеліктерімен жеке танысу, серуендеу, ойындар);
      2) баланың денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындымен танысу фактісін осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес жазбаша нысанда растайды;
      3) тілек білдірсе, бала орналасқан білім беру, медициналық және өзге де ұйым өкілінің қатысуымен асырап алынатын баланы тәуелсіз медициналық куәландырудан өткізу үшін медициналық мекемеге жүгінеді;
      4) бала асырап алу ресімінен бас тартуды немесе оған одан әрі қатысуды осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес жазбаша растайды.
      33. Асырап алынатын баланың болу жері бойынша орган комиссияның қорытындысы негізінде баланы асырап алуға беру туралы рұқсатты Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, бала асырап алуға үміткер шетелдіктердің осы баламен жеке қарым-қатынас жасау фактісі туралы мәліметтерді көрсете отырып сотқа жібереді.
      34. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің бала асырап алуы олардың өтініштері негізінде бала асырап алушылардың өздерінің, орган өкілінің, сондай-ақ прокурордың міндетті қатысуымен баланың болу жері бойынша соттың шешімімен жүргізіледі.
      35. Бала асырап алушылар бала асырап алушының жеке басын растайтын құжатты және заңды күшіне енген сот шешімін ұсына отырып, баланы оның болу жері бойынша жеке өзі алып кетуге міндетті.
      36. Бала асырап алудан бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын азаматтарға, шетелдіктерге олардың құжаттары аккредиттелген агенттік арқылы қайтарылады.
      37. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары және шетелдіктер бала асырап алушының және баланың тұрғылықты елінде орналасқан бала асырап алу жөніндегі аккредиттелген агенттіктер арқылы бала он сегіз жасқа толғанға дейiн оның тұрмыс жағдайы, білім алу, тәрбиелену және денсаулық жағдайы туралы есептерді уәкілетті органға бала асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін алғашқы үш жылда әр алты ай сайын, кейінгі жылдары – жылына кемінде бір рет фотосуреттерiн қосып жiберiп отырады.
      38. Кодекстің 86-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда есептерді ұсынудың кезеңділігі уәкілетті органның шешімі бойынша белгіленеді.
      39. Бала асырап алушының және баланың тұрғылықты елінде орналасқан бала асырап алу жөніндегі аккредиттелген агенттіктер есептерді уәкілетті органға Қазақстан Республикасының аумағындағы өз филиалдары және (немесе) өкілдіктері арқылы ұсынады.
      40. Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын туыстарына және Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктерге асырап алуға берілген балаларға бақылау жасауды Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерi және уәкілетті орган жүзеге асырады.
      41. Қазақстан Республикасының консулдық лауазымды адамы консулдық округ шегінде, сондай-ақ аккредиттелген агенттіктің қызметкерлері шетелдіктердің асырап алуына берілген балаларға бақылау жасауды жүзеге асырады, сондай-ақ кәмелет жасқа толғанға дейін баланың тұрмыс және тәрбиелену жағдайларына сәйкестігін тексеру мақсатында бала асырап алушыларға барады.
      Шетелдіктер асырап алған Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде есепке қою мен Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің бақылауды жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі айқындайды.
      Ескерту. 41-тармаққа өзгеріс енгізілді- ҚР Үкіметінің 07.06.2013 № 584 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      42. Қазақстан Республикасының аумағында аккредиттелген агенттіктер асырап алынған балалардың өлімі, оларға қатыгездік көрсету, олардың бала асырап алушылар отбасында бейімделуінің мүмкін еместігі, бала асырап алудың күшін жою және (немесе) балаларды қайта орналастыру жағдайларының анықталу фактілері туралы уәкілетті органды және баланы асырап алу туралы сот шешімі шыққан жер бойынша органды бес жұмыс күні ішінде хабардар етеді.

Қазақстан Республикасының 
азаматтары болып табылатын
балаларды асырап алуға беру
қағидаларына 1-қосымша    

Жолдама берген
ұйымның бланкісі

_____________________________________________________________________
(мекенжайы және телефоны)               (емдеу-профилактикалық
                                    мекемесінің, жетім балалар мен
                                  ата-анасының қамқорлығынсыз қалған
                                  балаларға арналған мекеменің атауы)
                                        директоры (бас дәрігері)
_____________________________________________________________________
                          (мекеме басшысының Т.А.Ә.)

______________ № _______ 

Баланы таңдауға және баруға
ЖОЛДАМА

      201_ жылғы ______________ № _____ болып бала асырап алуға үміткер ретінде тіркелген бала асырап алуға үміткерлерге берілді

Бала асырап алуды ресімдеу үшін баланы таңдауға және баруға

Т.А.Ә._______________________________________________________________
                    (бала асырап алуға үміткерлер)

Баланы таңдау бойынша тілектер:
жасы _______________________________________________________________,
жынысы _____________________________________________________________,
көздерінің түсі ____________________________________________________,
шашының түсі _______________________________________________________,
өзге тілектер _______________________________________________________
_____________________________________________________________________
     (баланың денсаулық жағдайы, этникалық шығуы бойынша және т.б.)
Қабылданған шешім туралы мәліметтер
_____________________________________________________________________
                       (келісу, бас тарту)
_____________________________________________________________________
            (бала асырап алуға үміткерлердің қолдары)

жолдама берген органның басшысы

Т.А.Ә. қолы _______________________________________________

      М.О.

Қазақстан Республикасының 
азаматтары болып табылатын
балаларды асырап алуға беру
қағидаларына 2-қосымша     

Қорғаншылық және қамқоршылық
жөніндегі функцияларды жүзеге
асыратын органға            
_____________________________
(Т.А.Ә.)          

Баланың денсаулық жағдайы туралы медициналық
қорытындымен танысу туралы
ӨТІНІШ

Мен (біз),
____________________________________________________________________
                              (Т.А.Ә.)
маған (бізге) бала асырап алуды ресімдеу үшін ұсынылған бала
____________________________________________________________________
               (баланың/балалардың Т.А.Ә., туған күні)
____________________________________________________________________
денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындымен таныстым (тық).

      Баланың денсаулық жағдайы менің (біздің) тілегімізге (тілектерімізге) сай келеді/келмейді.

Т.А.Ә.

(қолы)

Қазақстан Республикасының 
азаматтары болып табылатын
балаларды асырап алуға беру
қағидаларына 3-қосымша    

Білім беру органы         
___________________________
(Т.А.Ә.)         

Баламен қарым-қатынас жасау нәтижелері бойынша
ӨТІНІШ

Мен (біз),
_____________________________________________________________________
                                (Т.А.Ә.)
баламен _____________________________________________________________
_____________________________________________________________________
                            (Т.А.Ә.)
(жолдама ____________________________________________________________
                     (жолдама берген орган атауы)
___________ № _____________),
оның жеке ісімен, медициналық картасымен жеке таныстым (таныстық),
_____________________________________________________________________
               (қандай мәліметтер қосымша ұсынылды)
_____________________________________________________________________
                     (себептер көрсетіледі)
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
себептен бала асырап алуды ресімдеуден бас тартамын (мыз)/бала асырап алуға келісемін (міз)

      Т.А.Ә.                      ___________________________
                                  ___________________________
                                        (қолы, күні)

      Аудармашының деректері
                        ___________________________