Арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметтің қосалқы түрін жүзеге асыратын тұлға ретінде рұқсат алу үшін өтінімге қоса берілетін құжаттар тізбесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 6 желтоқсандағы № 1474 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 21 шілдедегі Заңының 13-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметтің қосалқы түрін жүзеге асыратын тұлға ретінде рұқсат алу үшін өтінімге қоса берілетін құжаттар тізбесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2011 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 1474 қаулысымен  
бекітілген  

Арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметтің қосалқы түрін жүзеге асыратын тұлға ретінде рұқсат алу үшін өтінімге қоса берілетін құжаттар тізбесі

      Арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметтің қосалқы түрін жүзеге асыратын тұлға ретінде рұқсат алу үшін өтінімге заңды тұлға немесе дара кәсіпкер мынадай құжаттарды қоса береді:
      заңды тұлға үшін – салыстыру үшін түпнұсқаларын бірмезгілде ұсына отырып, заңды тұлға жарғысының және мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің көшірмесі;
      дара кәсіпкер үшін – салыстыру үшін түпнұсқаларын бірмезгілде ұсына отырып, дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі;
      салыстыру үшін түпнұсқаларын бірмезгілде ұсына отырып, мердiгерлiк жұмыстың жекелеген түрлерін және/немесе қызметтерді орындауға арнайы экономикалық аймақтың қатысушысымен жасалған шарттың көшірмесі;
      заңды тұлға үшін – салыстыру үшін түпнұсқаларын бірмезгілде ұсына отырып, бірінші басшының жеке куәлігінің көшірмесі;
      дара кәсіпкер үшін – салыстыру үшін түпнұсқаларын бірмезгілде ұсына отырып, жеке куәлігінің көшірмесі.