Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру және пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1420 Қаулысы

Жаңартылған

      «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңының 80-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру және пайдалану қағидалары;
      2) Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi жалдаудың (қосымша жалдаудың) үлгі шарты бекітілсін.
      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2011 жылғы 1 желтоқсандағы
№ 1420 қаулысымен
бекітілген    

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын
үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған
тұрғын үй беру және пайдалану қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру және пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңын (бұдан әрі – Заң) іске асыру мақсатында әзірленді және мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру және пайдалану тәртібін белгілейді.
      2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) мемлекеттік тұрғын үй қоры – мемлекетке меншік құқығымен тиесілі және коммуналдық тұрғын үй қорына, мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорына, сондай-ақ мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорына кіретін тұрғын үйлер;
      2) коммуналдық тұрғын үй қоры – тұрғын үйлерді пайдалануға беру жөніндегі арнайы мемлекеттік мекемеге бекітілген, жергілікті атқарушы органдардың қарауындағы тұрғын үйлер;
      3) мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қоры – мемлекеттік кәсіпорынның қарауындағы тұрғын үйлер;
      4) мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қоры – тұрғын үйлерді пайдалануға беру жөніндегі арнайы мемлекеттік мекемені қоспағанда, мемлекеттік мекемелердің қарауындағы тұрғын үйлер;
      5) тұрғын жай – тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын, белгіленген техникалық, санитариялық және басқа да міндетті талаптарға сай келетін жеке тұрғын үй бірлігі (дара тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме).
      3. Кондоминиум объектісінен тұрғын үй берген орган меншік иесінің бірі ретінде кондоминиумға қатысушы және кондоминиум объектісін бірлесіп басқару үшін меншік иелері құрған бірлестіктің мүшесі болып табылады.
      Кондоминиум объектісінен тұрғын үй берген орган меншік иесінің бірі ретінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй-жайды жалдаушыға (қосымша жалдаушыға) кондоминиум объектісін басқаруға қатысу жөніндегі өзінің құқығын береді. Бұл орайда, жалдаушы (қосымша жалдаушы) мемлекеттік тұрғын үй қорындағы үйлерден тұрғын үйді пайдаланғаны үшін төлемдерден басқа, егер меншік иелерінің келісімінде өзгеше көзделмесе, ортақ мүлікті өздерінің үлестеріне тең мөлшерде тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға жұмсалған жалпы шығыстарға қатысады.
      4. Тұрғын үй комиссиялары туралы үлгі ережені тұрғын үй қатынастары саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекітеді.

2. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке
тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған
тұрғын үй беру тәртібі

      5. Коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйлер немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлер тұрғын үйге мұқтаж, осы елді мекенде (тұру мерзіміне қарамастан) тұрақты тұратын және:
      1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына;
      1-1) жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
      2) Заңның 68-бабының 1-1)2)3)4)5)7)8)9)10)11) тармақшаларында көрсетілген, тұрғын үй беру туралы өтініш жасаудың алдында соңғы он екі ай ішінде жиынтық орташа айлық табысы бар отбасының әрбір мүшесіне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болатын, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдалануына беріледі.
      Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшеріндегі коэффициент мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасыларға қолданылмайды;
      3) мемлекеттiк қызметшiлерге, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерiне, әскери қызметшiлерге, ғарышкерлікке кандидаттарға, ғарышкерлерге және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдарға;
      4) жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған Қазақстан Республикасының азаматтарына жататын Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдалануына беріледі.
      Ескерту. 5-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.04.20 № 500 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.10.2013 N 1090 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.
      6. Коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйлер немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлер өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша тұрғын үй комиссиясы шешімінің және жасалған тұрғын үйді жалдау шартының негізінде жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша беріледі.
      Мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғын үй қорынан тұрғын үйлер мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй комиссиясының тұрғын үй беру туралы шешімінің және жасалған тұрғын үйді жалдау шартының негізінде беріледі.
      Мемлекеттік мекеменің тұрғын үй қорынан тұрғын үйлер мемлекеттік мекеменің тұрғын үй комиссиясының тұрғын үй беру туралы шешімінің және жасалған тұрғын үйді жалдау шартының негізінде беріледі.
      7. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйлер немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлер тиісті тұрғын үй комиссиясының осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша ресімделген Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру туралы шешімінің негізінде тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдалануына беріледі.
      8. Тұрғын үй комиссиясының шешімі екі данада жасалады, олардың біреуі тұрғын үй берген органда қатаң есептілік құжаты ретінде сақталады, ал екіншісі өтініш берушіге беріледі және мемлекеттік тұрғын үйге қоныстануға құқық беретін бірден-бір құжат болып табылады.
      9. Тұрғын үй алу үшін азаматтар тұрғын үй комиссиясының қарауына мынадай құжаттарды:
      1) тұрғын үй комиссиясы төрағасының атына тұрғын үй комиссиясы белгілейтін нысан бойынша өтініш;
      2) өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің жеке куәліктерінің не паспорттарының көшірмелерін;
      3) некеге тұру (бұзу), отбасы мүшелерінің қайтыс болуы, балалардың тууы туралы (болған жағдайда) куәліктің көшірмесін;
      4) еңбек кітапшасының кадр қызметі растаған көшірмесін немесе қызметтік тізімінен үзіндіні;
      5) аумақтық әділет органының (өтініш берушінің және онымен ұдайы тұратын отбасы мүшелерінің меншік құқығында оларға тиесілі үй-жайдың жоқтығы туралы) анықтамасын;
      6) басқа адамдар өтініш берушінің отбасының мүшесі деп танылған жағдайда өтініш берушіге оларды отбасының мүшесі деп тану туралы соттың шешімін ұсынады;
      7) азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесін (құжатты салыстыру үшін) не тиісті елді мекенде тұратынын растайтын анықтама бюросының немесе селолық округ әкімнің анықтамасын (коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй берген кезде);
      8) өтiнiш берушiнiң (отбасының) азаматтардың осал тобына жататынын растайтын әлеуметтiк қорғау органының анықтамасын не мемлекеттiк қызметшiнiң, бюджеттiк ұйымдар қызметкерлерiнiң, әскери қызметкерлердiң, ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің жұмыс (қызмет) орнынан анықтаманы (коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй берген кезде);
      9) жалғыз тұрғын үйі авариялық жағдайда деп танылған азаматтар жергілікті атқарушы органдардың осы жағдайды растайтын анықтамасын тапсырады;
      10) халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар (мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасыларды қоспағанда) өтініш жасаудың алдында отбасының әрбір мүшесінің соңғы он екі ай ішінде табысы туралы қосымша мәлімет (коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй берген кезде) тапсырады.
      Ескерту. 9-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.04.20 № 500 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.10.2013 N 1090 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.
      10. Тұрғын үй комиссиясы өтініш беруші осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген құжаттарды тапсырған күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде тұрғын үйді беру не жазбаша түрде дәлелді бас тарту туралы шешім шығарады.
      11. Тұрғын үй комиссиясы тұрғын үйді беру туралы шешім шығарған жағдайда он бес күнтізбелік күн ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi жалдаудың (қосымша жалдаудың) үлгi шартына сәйкес) тұрғын үйдi жалдау (қосымша жалдау) шарты (өтініш беруші мен тұрғын үйді берген органның арасында жасалады.
      12. Тұрғын үйдi жалдау (қосымша жалдау) шарты үш данада жасалады. Олардың біреуі мемлекеттік мекеменің (мемлекеттік кәсіпорынның) әкімшілігінде сақталады, екіншісі жергілікті атқарушы органға беріліп, қатаң есептілік құжаты ретінде сақталады, үшіншісі өтініш берушіге беріледі және мемлекеттік тұрғын үйге қоныстануға құқық беретін бірден-бір құжат болып табылады.

3. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке
тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған
тұрғын үйді пайдалану тәртібі

      13. Азаматтар тұрғын үйді жалдау (қосымша жалдау) шарты бойынша берілген мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйлер немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлерге кіргізіледі.
      14. Жалға алушының (қосымша жалға алушының) онымен бірге тұрып жатқан отбасы мүшелері жалға алушымен тең құқықтарды пайдаланады және тұрғын үйді жалдау (қосымша жалдау) шартынан туындайтын міндеттерді атқарады.
      15. Жалға алушы (қосымша жалға алушы) және өзімен бірге тұрып жатқан оның отбасы мүшелерi тұрғын үйдің сақталуын қамтамасыз етеді, кондоминиумның ортақ мүлкіне ұқыптылықпен қарайды.
      16. Тұрғын үйдің жекелеген конструкцияларында авариялық жағдайлар және бүліну анықталған жағдайда жалға алушы (қосымша жалға алушы) және онымен бірге тұрып жатқан оның отбасы мүшелері қолжетімді барлық байланыс құралдары арқылы кідіртпестен не жеке өзі жалға берушіге болған жағдайды хабарлайды.
      17. Егер тұрғын үйге (тұрғын ғимаратқа) күрделi жөндеу жүргiзiлген кезде жөндеудi жалға алушыларды (қосымша жалға алушыларды) көшiрмей жүргiзу мүмкiн болмаса, жалға берушi жөнделетiн тұрғын үйді жалдау (қосымша жалдау) шартын бұзбастан, күрделi жөндеу жүргiзiлетiн техникалық, санитарлық және басқа да міндетті талаптарға жауап беретін уақытқа басқа тұрғын үй береді.
      18. Жалға алушылар (қосымша жалға алушылар) тұрғын үйді босатқан кезде жалға берушіге тұрғын үйді берген орган белгілеген нысанға сәйкес тапсыру актісі бойынша тұрғын үйді береді.

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан
тұрғын үй немесе жеке тұрғын
үй қорынан жергілікті атқарушы
орган жалдаған тұрғын үй беру
және пайдалану қағидаларына
қосымша          

Нысан

Тұрғын үй комиссиясының мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын
үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган
жалдаған тұрғын үй беру туралы шешімі

____________ облыс, қала               20 __ жылғы «__» _____________

      Тұрғын үй беру туралы тұрғын үй комиссиясының № _______ шешімі
_________________________________________________________ комиссиясы
      (тұрғын үй берген органның атауы)
отбасында ______ адамы бар _________________________________ азаматқа
         (жазумен)
_____________________________________________________________________
            (жалға алушының тегі, аты, әкесінің аты)
мынадай мекенжайда орналасқан: _____________________________________,
_______ бөлмеден тұратын, пайдалы алаңы, _______ шаршы метр, оның
iшiнде _______ тұрғын алаңы бар тұрғын үйді жалға (қосымша жалға) беруді шешті.

Отбасының құрамы:

Туысқандық дәрежесі

Аты-жөні







Комиссия төрағасы:                Комиссия мүшелері:
____________________              1. ________________________
      (аты-жөні)                                  (аты-жөні, қолы)
Қолы _______________              2. ________________________
       (аты-жөні)                                (аты-жөні, қолы)
                                  3. ________________________
М.О.                                     (аты-жөні, қолы)
                                  4. ________________________
                                         (аты-жөні, қолы)
                                                  М.О.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2011 жылғы 1 желтоқсандағы
№ 1420 қаулысымен
бекітілген     

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйді немесе
жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған
тұрғын үйді жалдаудың (қосымша жалдаудың) үлгі шарты

____________ облыс, қала               20 __ жылғы «__» _____________

№ ___ шарт

      Бұдан әрi бірлесіп «Тараптар» деп аталатын жалға берушi _______
______________________________________________________________ атынан
              (тұрғын үй берген органның атауы)
_____________________________________________ негiзiнде әрекет ететiн
              (құрылтай құжаттары)
_____________________________________________________________________
       (тұрғын үй комиссиясы төрағасының тегі, аты, әкесінің аты)
және ________________________________ берген жеке куәлiгiнiң/ паспорттың № ________ азамат(ша) тұлғасындағы Жалға алушы ______________________ мына төмендегiлер туралы осы Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берiлетiн тұрғын үйдi немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi жалдаудың (қосымша жалдаудың) үлгi шартын (бұдан әрi – Шарт) жасасты:

1. Шарттың мәнi

      1. Жалға беруші Жалға алушыға және оның отбасы мүшелеріне:

Отбасы мүшелерінің аты-жөні

Туысқандық дәрежесі










мынадай мекенжайда орналасқан:_______________________________________
____________________________________________________________________,
_______ бөлмеден тұратын, пайдалы алаңы, _______ шаршы метр, оның iшiнде тұрғын алаңы ________ шаршы метр, тұрғын емес алаңы ________ шаршы метр тұрғын үйді жалға (қосымша жалға) береді, оның сипаттамасы осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын тұрғын үйді қабылдау-беру актісінде көрсетілген.

2. Шартты жасасудың негіздері

      2. Тұрғын үй комиссиясының ___________________________________
                                    (тұрғын үй берген органның атауы)
тұрғын үй беру туралы 20 __ жылғы «___» _____________ № ___ шешімі осы Шартты жасасудың негізі болып табылады.

3. Есеп айырысуды жүргізу тәртібі

      3. Тұрғын үйді пайдаланғаны үшін төлем айына ____ теңгені құрайды. Төлем мөлшерін есептеу Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасының 2011 жылғы 26 тамыздағы № 306 бұйрығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылы 6 қыркүйекте нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7163 болып тіркелген Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерін есептеу әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады.
      Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берiлетiн тұрғын үйдi немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін төлем шоттарын Жалға беруші Жалға алушыға береді.
      4. Тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстар үшін төлемді Жалға алушы кондоминиум объектісін басқару органының немесе тұрғын үй (тұрғын ғимарат) иесінің шоттары бойынша жүргізеді.
      5. Жеке шарт бойынша Жалға алушыға көрсетілетін коммуналдық және өзге де қызметтер үшін төлемді тікелей қызмет көрсетуші жүзеге асырады.
      6. Шарт бойынша бүкіл есеп айырысулар мынадай тәртіппен жүргізіледі:
      1) Жалға алушы (қосымша жалға алушы) осы Шартты жасасқан сәттен бастап он күнтізбелік күн ішінде тұратын алғашқы айға толық көлемде алдын ала төлем жасайды;
      2) одан кейінгі төлемді Жалға алушы есептесу кезеңінен кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірмей жүргізеді. Төлем мерзімдері сақталмаған жағдайда мерзімі өткен әрбір күнге төлем сомасының 0,1 %-ы мөлшерінде өсімпұл есептеледі.
      7. Шарт бойынша бір айдан артық ақы төленбеген жағдайда Жалға беруші соттың шығындардың орнын толтыра отырып, Жалға алушыдан төлемді мәжбүрлеп өндіріп алу туралы сотқа жүгінуге құқылы.
      8. Жалға алушы тұрғын үйді, инженерлік желілерді және ортақ пайдаланылатын орындарды тұрғын үй-жай, тұрғын үй (тұрғын ғимарат) элементтерінің техникалық сипаттамасының нашарлауына, ақауына, бүлінуіне, қирауына алып келетіндей күтіп ұстамаған кезде Жалға беруші Жалға алушы өтеуге тиіс келтірілген зиян мөлшерін көрсете отырып, акт жасайды. Келтірілген зиянның көрсетілген мөлшерінің құнына Жалға алушы келісім берген кезде Тараптар актіге қол қояды. Жалға алушы өтеуге жататын келтірілген зиянның құнымен келіспеген жағдайда өндіріп алу сот тәртібінде жүргізіледі.

4. Тараптардың құқықтары

      9. Жалға беруші:
      1) Жалға алушының немесе Жалға алушы отбасының кәмелетке толған мүшесінің келісімі бойынша және қатысуымен берілген тұрғын үйдің тұрғын және қосымша үй-жайларының техникалық қондырғылары конструкцияларының жай-күйіне тексеру жүргізуге;
      2) осы Шартты «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңының (бұдан әрі – Заң)103-бабының негізінде бұзуға;
      3) Жалға алушыны және онымен бірге тұратын адамдарды Заңның 107108-баптарында көзделген негіздер бойынша басқа тұрғын үй берместен одан шығаруға;
      4) тұрғын үйді пайдаланғаны үшін уақытында және толық аударым жасауға бақылауды жүзеге асыруға;
      5) тұрғын үйді мақсатты пайдалануға бақылауды жүзеге асыруға құқылы.
      10. Жалға алушы:
      1) өзі және (немесе) өзінің отбасы мүшелері алты айдан артық мерзімде болмаған кезде Жалға берушіні бұл туралы жазбаша хабардар еткен және осы Шарт бойынша міндеттемелерін орындаған жағдайда тұрғын үйді пайдалану құқығын өзіне қалдыруға;
      2) Жалға алушы уақытша болмайтын тұрғын үйде тұрып жатқан Жалға алушының отбасы мүшелері бұрынғы талаптар бойынша тұрғын үйді пайдалануға құқылы. Бұл ретте олар осы Шарт бойынша құқықтарды жүзеге асырады және міндетті болады;
      3) қажет болған жағдайда, Жалға берушіден тексеру актісін жасай отырып, берілген тұрғын үйдің, оның ішінде конструкциялар мен техникалық құрылғылардың жай-күйіне жоспардан тыс тексеру жүргізуді талап етуге;
      4) тұрғын үйді пайдаланғаны үшін аванспен төлемдер жасауға құқылы.

5. Тараптардың міндеттері

      11. Жалға беруші:
      1) осы Шартқа Тараптар қол қойғаннан кейін он бес күнтізбелік күн ішінде қабылдау-беру актісі бойынша Жалға алушыға белгіленген техникалық, санитарлық және басқа да міндетті талаптарға жауап беретін жай-күйдегі тұрғын үй беруге;
      2) тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізуге;
      3) Жалға алушы (оның талабы бойынша) тұрғын үйді күтіп-ұстауға және коммуналдық қызметтерге арналған тарифтермен және есептемелермен таныстыруға;
      4) егер тұрғын үй-жай не тұрғын үй (тұрғын ғимарат) Тараптарға байланысы жоқ мән-жайлардың әсерінен мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз жай-күйге, авариялық жай-күйге түссе немесе бұзылуға тиіс болса, Жалға беруші үш ай мерзім ішінде Жалға алушымен өзге тұрғын үй-жайды жалдау шартын жасасуға не Жалға алушының қалауы бойынша осы Шартты бұзуға;
      5) авариялар болған және форс-мажорлық ахуал туындаған жағдайда, оларды жою үшін дереу барлық қажетті шараларды қабылдауға;
      6) Жалға алушыға осы Шартта белгіленген тәртіпте тұрғын үйге иелік етуге және пайдалануға кедергі келтірмеуге;
      7) осы Шарттың талаптары немесе тұрғын үйді пайдаланғаны үшін төлем мөлшері өзгерген жағдайда тұрғын үйді пайдаланғаны үшін кезекті төлем енгізуге отыз күнтізбелік күн қалғанда Жалға алушыға осы жағдайды хабарлауға;
      8) тұрғын үйді пайдаланғаны үшін кезекті төлем енгізгенге кейін он күнтізбелік күннен кешіктірмей мерзімі өтіп кеткен төлемдер үшін өсімпұл және айыппұл есептелгені туралы Жалға алушыға хабарлауға міндетті.
      12. Жалға алушы:
      1) тұрғын үйді мақсатына сай пайдалануға;
      2) тұрғын үйді техникалық жарамды және тиісті санитарлық жағдайда күтіп-ұстауға;
      3) тұрғын үйді, ортақ пайдаланылатын орындарды пайдаланудың қағидаларын, кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін және үй маңындағы аумақты күтіп-ұстау қағидаларын, өртке қарсы және техникалық қауіпсіздік қағидаларын сақтауға;
      4) жалға (қосымша жалға) берілген тұрғын үйдің суды, электр энергиясын, жылу энергиясын есептеу аспаптарының, электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау жүйелерінің, басқа элементтерінің анықталған ақаулары туралы Жалға берушіге уақтылы хабарлауға;
      5) тұрғын үйді қайта жаңартуды, қайта жоспарлауды және қайта жабдықтауды жүргізбеуге;
      6) тұрып жатқан тұрғын үйді (пәтерді, бөлмені) басқа жалға алушылармен ауыстыруды жүргізбеуге;
      7) осы Шарттың талаптарына сәйкес белгіленген мөлшерде тұрғын үйді пайдаланғаны және коммуналдық қызметтер үшін уақытында төлем енгізуге;
      8) күндізгі уақытта, ал төтенше жағдайлар кезінде түнгі уақытта да тұрғын үйдің элементтерін қарауды және жөндеуді жүргізу үшін Жалға берушінің жұмысшылары мен тұрғын үйге қызмет көрсететін және жөндейтін кәсіпорынның өкілдерін кіргізуге;
      9) Жалға берушіге Жалға алушының немесе онымен бірге тұрып жатқан адамдардың кінәсінен болған тұрғын үй-жайдың, жалпы пайдаланылатын орындардың, тұрғын үй (тұрғын ғимарат) мен оның жабдықтарының бүлінуіне байланысты залалдарды өтеуге;
      10) осы Шарт бойынша өз құқықтарын кепілге бермеуге;
      11) осы Шартты бұзған немесе оның мерзімі өтіп кеткен кезде он күнтізбелік күн ішінде Тараптар қол қойған тұрғын үйді беру актісі бойынша Жалға берушіге тұрғын үйді қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.

6. Жалдау шартын тоқтатудың негіздері, зардаптары және тәртібі

      13. Осы Шарт Тараптардың бірінің бастамасы бойынша кемінде бір ай бұрын басқа Тарапқа жазбаша ескерте отырып, кез келген уақытта бұзылуы, тоқтатылуы мүмкін.
      14. Осы Шарт мынадай:
      1) Шарт мерзімінің аяқталған;
      2) Заңның 107-бабына сәйкес осы Шарттың қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылған;
      3) Жалға алушы және оның отбасы мүшелері басқа жерге тұрғылықты мекенге кеткен жағдайларда өзінің қолданысын тоқтатады.
      15. Осы Шарт тоқтатылған жағдайда, Заңның 103-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Жалға алушы және оның отбасының мүшелері басқа тұрғын үй берілместен, шығарылуға тиіс.
      Заңның 105-бабындағы негіздер бойынша осы Шарттың қолданысы тоқтатылған жағдайда Жалға алушы және оның отбасының мүшелері басқа тұрғын үй беріліп, шығарылуы мүмкін.
      16. Жалға алушының жеке қаражатына жүргізілген жөндеу және үйдің конструкцияларына зиян келтірмей бөліп алынбайтын тұрғын үйді жақсарту Жалға берушіге тұрғын үймен бірге тапсырылады және Жалға берушінің тарапынан өтеуге жатпайды.
      17. Осы Шартты тоқтату, бұзу кезінде екі Тарап өкілдерінің қатысуымен тұрғын үйді Жалға алушыдан Жалға берушіге тапсыру актісі жасалады.

7. Тұрғын үйді қабылдау-беру мерзімі және тәртібі

      18. Жалға беруші осы Шартқа қол қойғаннан кейін он бес күнтізбелік күн ішінде Жалға алушыға тұрғын үйді қабылдау-беру актісі бойынша тапсырады.
      19. Жалға алушы тұрғын үйді осы Шартты тоқтату, бұзу мерзімдері аяқталған кезден бастап он күнтізбелік күн ішінде Жалға берушіге Тараптар қол қойған тұрғын үйді тапсыру актісі бойынша тапсырады.
      20. Тұрғын үйді қабылдау-беру актісі және тұрғын үйді тапсыру актісі осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылады және оған тиісті актіге қол қойған кездегі санитарлық, техникалық жай-күйі мен басқа сипаттамалары тіркеледі.

8. Дауларды қарау тәртібі

      21. Осы Шарттан немесе оған байланысты туындауы мүмкін Тараптардың арасындағы даулар келіссөздер арқылы, ал келісімге қол жеткізбеген жағдайда сот тәртібінде шешіледі.

9. Қорытынды ережелер

      22. Осы Шарт бірдей заңдық күші бар мемлекеттік және орыс тілдерінде үш данада жасалады. Осы Шарттың бір данасы мемлекеттік мекеменің (мемлекеттік кәсіпорынның) әкімшілігінде сақталады, екіншісі жергілікті атқарушы органға беріліп, қатаң есептілік құжаты ретінде сақталады, ал үшіншісі Жалға алушыға беріледі және мемлекеттік тұрғын үй-жайға қоныстануға құқық беретін бірден-бір құжат болып табылады.
      23. Осы Шартқа барлық өзгерістер мен толықтырулар жазбаша нысанда жазылса және оларға Тараптар қол қойса, олар жарамды болады.
      24. Осы Шарт 20 __ жылғы «___» _________ бастап күшіне енеді және 20 __ жылғы «___» _________ дейін қолданылады.

10. Тараптардың мекенжайы және деректемелері

Жалға беруші                    Жалға беруші
__________________              __________________
__________________              __________________
__________________              __________________

Тараптардың қолдары

Жалға беруші __________________     Жалға алушы __________________
               (аты-жөні, қолы)                           (аты-жөні, қолы)

Осы Шарттың талаптарымен таныстым:
Жалға алушының отбасы мүшелері:

Туысқандық дәрежесі

Жалға алушының және отбасының кәмелетке толған, іс-әрекетке қабілетті мүшелерінің аты-жөні










Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2011 жылғы 1 желтоқсандағы
№ 1420 қаулысына
қосымша      

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір
шешімдерінің тізбесі

      1. «Жергілікті атқарушы органдардың қарамағындағы мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй-жай беру, жалдау және пайдаланудың тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 2 қыркүйектегі № 1292 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 44, 401-құжат).
      2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 21 шілдедегі № 761 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбiр шешiмдерiне енгізiлетiн өзгерістер мен толықтырулардың 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 31, 404-құжат).
      3. «Мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғын үй қорынан тұрғын үй берудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қыркүйектегі № 1482 қаулысының 1-тармағының 1) және  2)тармақшалары, 3-тармағының 1) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 40, 391-құжат).
      4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қыркүйектегі № 1482 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 29 желтоқсандағы № 2227 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 3, 24-құжат).