"Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асырудың кейбір мәселелері

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 20 қазандағы № 1192 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының ҮкіметіҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Қазақстан Республикасының құқық қорғау органының қызметкері өзінің қызметтік міндеттерін атқару кезеңінде мертіккен кезде, сондай-ақ ол қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда оның алуына құқығы бар біржолғы өтемақы төлеу қағидалары;
      2) Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының қызметкерлерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберу қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2011 жылғы 20 қазандағы
№ 1192 қаулысымен  
бекітілген    

Қазақстан Республикасының құқық қорғау органының қызметкері өзінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертіккен кезде, сондай-ақ ол қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда оның алуына құқығы бар біржолғы өтемақыны төлеу қағидалары

      1. Осы Қағидалар «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының құқық қорғау органының қызметкері өзінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертіккен кезде, сондай-ақ ол қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда оның алуына құқығы бар біржолғы өтемақыны төлеу тәртібін айқындайды.
      2. Біржолғы өтемақыны төлеу құқық қорғау органының қызметкеріне не оны алуға құқығы бар адамға мынадай жағдайларда жүргізіледі:
      1) құқық қорғау органының қызметкері қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда не орындалуы міндетті қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған жарақат салдарынан қызметтен босатылғаннан кейінгі бір жыл ішінде;
      2) құқық қорғау органының қызметкеріне қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертіккен (жарақат алған, жараланған, контузия алған) жағдайда, науқастануы салдарынан болған мүгедектік белгіленгенде;
      3) құқық қорғау органының қызметкері қызметтік міндеттерін атқару кезінде мүгедектікке соқтырмайтын ауыр немесе жеңіл зақымданған (жарақат алған, жараланған, контузия алған) жағдайда.
      3. Біржолғы өтемақыны алу үшін құқық қорғау органының қызметкері немесе оны алуға құқығы бар адам қызметкердің қызмет өткеру орны бойынша құқық қорғау органының қаржы бөлімшесіне (бұдан әрі - қаржы бөлімшесі) мынадай құжаттарды ресімдеп, ұсынады:
      1) қызметкер қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) не орындалуы міндетті қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған жарақаты салдарынан қызметтен босатылғаннан кейін бір жыл ішінде қайтыс болған жағдайда:
      осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес өтініш;
      қайтыс болғандығы туралы куәліктің нотариалды расталған көшірмесі;
      қаза болған (қайтыс болған) тұлғаның қызмет өткерген орнынан берілген қаза болуының (қайтыс болуының) жағдаяттары туралы қорытындының көшірмесі;
      егер төлемақыны алуға өтініш беруші қаза тапқан (қайтыс болған) тұлғаның мұрагері болып табылса, мұраға құқығы туралы куәлік;
      қаза тапқан (қайтыс болған) тұлғаның қаза тапқан (қайтыс болған) күнгі ақшалай үлесі туралы қаржы бөлімшесінің анықтамасы.
      Бұдан басқа, Осы Қағидалардың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген оқиғалар туындаған кезде денсаулығына келтірілген зақымның салдарынан бір жыл өтпей қайтыс болған қызметкердің қаза табу (қайтыс болу) фактісі бойынша әскери-дәрігерлік комиссияның (бұдан әрі - ӘДК) қорытындысы ұсынылады;
      2) қызметкерге осы Қағиданың 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген оқиғалар туындаған кезде денсаулығына келтірілген зақымнан болған мүгедектікті белгілеу кезінде:
      осы Қағидалардағы 1-қосымшаға сәйкес өтініш;
      қызметкердің қызмет өткерген жерінен берілген мертігу (жарақат алу, жаралану, контузия алу), науқастану жағдайлары туралы қорытындының көшірмесі;
      ӘДК-ның мөрімен куәландырылған денсаулыққа келтірілген зақымның фактісін растайтын ӘДК берген қорытындының көшірмесі;
      қызметкердің мертігу (жарақат алу, жаралану, контузия алу), науқастану болған күнгі ақшалай үлесі туралы қаржы бөлімшесінің анықтамасы;
      мүгедектік туралы анықтаманың көшірмесі;
      3) қызметкер осы Қағидалардың 2-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген оқиғалар туындаған кезде денсаулығына келтірілген ауыр немесе жеңіл зақым алған жағдайда:
      осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес өтініш;
      қызметкердің қызмет өткерген жерінен ауыр немесе жеңіл зақым алған жағдаяттары туралы қорытындының көшірмесі;
      емдеу-профилактикалық мекеменің не ӘДК-ның денсаулыққа келтірілген зақымның ауырлығы туралы анықтамасы;
      қызметкердің оқиға болған күнгі ақшалай үлесі туралы қаржы бөлімшесінің анықтамасы.
      4. Қызметкер немесе біржолғы өтемақы алуға құқығы бар адам өтемақы төлеу туралы өтініш жасаған кезде қаржы бөлімшесі осы Қағиданың 3-тармағында көрсетілген құжаттар ресімделуінің толықтығы мен дұрыстығын тексереді және мекеме басшысының атына ресімделген өтінішті 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы құқық қорғау органының қызметкері қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертіккен жағдайда төленетін, сондай-ақ ол қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда өтемақы алуға құқығы бар адамдарға берілетін біржолғы өтемақыны төлеуге өтініштерді тіркеу журналында тіркейді. Осы Қағиданың 3-тармағында көрсетілген тиісті құжаттар толық ұсынылмаған жағдайда өтініш тіркелуге жатпайды.
      5. Егер құқық қорғау органы қызметкерінің қызметтік міндеттерін атқарумен байланысы жоқ жағдайлар салдарынан қаза табуы (қайтыс болуы), жарақаттануы, жаралануы (зақымдануы), науқастануы заңнамада белгіленген тәртіппен дәлелденсе, тиісті құжаттар ресімделмейді және біржолғы өтемақы төленбейді.
      6. Біржолғы өтемақы төлеуді басшының не уәкілетті органның шешімі негізінде қаржы бөлімшесі республикалық және жергілікті бюджеттерде осы мақсатқа көзделген қаражат есебінен Қазақстан Республикасы аумағындағы екінші деңгейдегі банктегі алушының жеке шотына аудару жолымен, сондай-ақ пошта арқылы өтініш берілген сәттен бастап екі ай ішінде алушының жеке шотына аудару жолымен жүргізеді.
      Кәмелетке толмаған алушыға біржолғы өтемақыны төлеу бұл туралы қамқоршылық және қорғаншылық органдарына, сондай-ақ оның заңды өкілдеріне өтініш берілген сәттен бастап екі ай ішінде бір мезгілде хабарлай отырып, оның тұрғылықты жері бойынша екінші деңгейдегі банктегі тек оның жеке шотына аудару жолымен жүргізіледі.
      7. Құқық қорғау органдарының кадр қызметтері қызметкерлерге немесе өтемақы алуға құқығы бар адамдарға біржолғы өтемақы төлеу туралы өтініштерді қаржы бөлімшелеріне беру қажеттілігі туралы міндетті түрде жазбаша хабарлайды.
      8. Қызметкерлердің қаза табуы (қайтыс болуы) немесе зақымдануы жағдайындағы зиянды өтеу бойынша жұмысқа жалпы басшылық етуді құқық қорғау органдарының кадр және қаржы қызметтері жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының құқық  
қорғау органының қызметкері өзінің
қызметтік міндеттерін атқару кезінде
мертіккен кезде, сондай-ақ ол қаза
тапқан (қайтыс болған) жағдайда оның
алуына құқығы бар біржолғы    
өтемақыны төлеу қағидасына    
1-қосымша            

Кімге________________________________
(құқық қорғау органы басшысының
лауазымы, арнайы атағы немесе сыныптық
шені, тегі, аты-жөні)
кімнен_______________________________
(өтініш берушінің тегі, аты-жөні)
___________________________мекен-жайы
бойынша тұратын өтініш жасаушының
СТН №_________________________________

Біржолғы өтемақы төлеуге арналған
өтініш

      Сізден________________________________________________
           (залалдың орны толтырылуы тиіс оқиғаның сипаты көрсетіледі)
      байланысты маған біржолғы өтемақы төлеуіңізді өтінемін.
      Маған тиісті соманы ___________________________________
      _______________________________________________________
    (банктің атауы, банктің СТН-і, банктің МФО-сы, алушының жеке есеп шотының № немесе оның байланыс Бөлімшесі арқылы аудару жағдайында оның мекен-жайы)

      Өтінішке мынадай құжаттарды:
      1.__________________________
      2.__________________________
      3.__________________________
      4.__________________________ қоса беріп отырмын.

      Өтініш иесінің қолы___________
      201_ жылғы «___» ____________

      Құжаттар 201_ жылғы «__» ___________ қабылданды.

      Қолы______________________
     (құжаттарды қабылдаған адамның қолы)

Қазақстан Республикасының құқық  
қорғау органының қызметкері өзінің
қызметтік міндеттерін атқару кезінде
мертіккен кезде, сондай-ақ ол қаза
тапқан (қайтыс болған) жағдайда оның
алуына құқығы бар біржолғы    
өтемақыны төлеу қағидасына    
2-қосымша             

Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының қызметкері қызметтік міндеттерін немесе қызметтік борышын атқару кезеңінде қаза тапқан (қайтыс болған) немесе мертіккен жағдайда оған біржолғы өтемақы төлеуге арналған өтініштерді тіркеу
ЖУРНАЛЫ

Мертіккен қызметкерді, оның ішінде қайтыс болған адамның тегі, аты-жөні, және оның мекен-жайы

Қайтыс болған қызметкердің асырауындағының, мұрагерінің Т.А.Ә. және оның мекен-жайы

Залалдың орнын толтыру себебі (қаза болу, мүгедектігі, ауыр немесе жеңіл мертігу)

Біржолғы өтемақы сомасы

Төлем құжатының № мен күні

Егер өтінішті тіркеуде бас тартылса онда бас тартудың себебі

1

2

3

4

5

6

7








Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2011 жылғы 20 қазандағы
№ 1192 қаулысымен   
бекітілген      

Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының қызметкерлерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына және халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберу қағидалары

     1. Осы Қағидалар «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына және Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдарға (бұдан әрі - халықаралық ұйымдар) іссапарға жіберу тәртібін айқындайды.
      2. Қазақстан Республикасының тиісті заңдарында айқындалған міндеттерді орындау мақсатында Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін іссапарға жіберу (бұдан әрі — іссапарға жіберілген тұлғалар):
      1) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының аппараттарына, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне - Қазақстан Республикасының Үкіметі актісінің негізінде;
      2) Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарына - олардың бірінші басшыларының келісімімен құқық қорғау органы актісінің негізінде;
      3) халықаралық ұйымдарға - егер тиісті ратификацияланған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Үкіметі актісінің негізінде жүзеге асырылады.
      3. Іссапарға жіберілген тұлғалардың тиісті құқық қорғау органдарының қызметкері мәртебесі сақталады.
      4. Іссапарға жіберілген тұлғаларға Қазақстан Республикасы резидентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының аппараттары, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі және Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдары қызметкерлерінің тиісті санаттары үшін белгіленген лауазымдық жалақылар, сондай-ақ арнайы атағы (сыныптық шені) бойынша қолданыстағы заңнамада белгіленген жалақы (қосымша төлем) төленеді.
      Бұл ретте, лауазымдық жалақысын белгілеуге құқық беретін, іссапарға жіберілген тұлғалардың мемлекеттік қызмет стажын санау, тиісті құқық қорғау органының кадр қызметі ұсынатын анықтама негізінде жүзеге асырылады.
      Іссапарға жіберілген тұлғаларға лауазымдық жалақылар, сауықтыруға арналған жәрдемақы мен сыйлықақы төлеу Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігін, Қазақстан Республикасы Парламентінің палаталары аппараттарын, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесін және Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарын ұстауға көзделген қаражат есебінен жүргізіледі.
      Іссапарға жіберілген тұлғаларға сыйлықақы беру Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің палаталарының аппараттары, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің және Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарының қызметкерлері үшін белгіленген тәртіппен лауазымдық жалақыға негізделе отырып жүзеге асырылады.
      5. Халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілген адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қаражат есебінен халықаралық ұйымдар қызметкерлерінің тиісті санаттары үшін белгіленген, егер тиісті ратификацияланған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, жалақы төленеді.
      6. Іссапарға жіберілген тұлғаларды өзге де төлемдер, сондай-ақ заттай мүлікпен қамтамасыз ету іссапарға жіберген Қазақстан Республикасының тиісті құқық қорғау органдарын, ұстауға көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылады. Бір жолғы сипаттағы қалған төлемдер іссапарға жіберілгенге дейін атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық жалақысынан есептеледі.
      7. Іссапарға жіберілген тұлғаларға кезекті арнайы атақтар мен сыныптық шендер беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      8. Мемлекеттік органдарға іссапарға жіберілген тұлғаларды аттестаттау тиісті мемлекеттік органдардың қызметкерлері үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі, ал халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілген тұлғаларды аттестаттау құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
      9. Іссапарға жіберілген тұлғаларды көтермелеу және тәртіптік жауапкершілікке тарту Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің палаталарының аппараттары, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің және Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарының қызметкерлері үшін белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған осы мемлекеттік органдардың өкілеттілігі шегінде жүргізіледі.
      10. Іссапарға жіберілген тұлғаларды зейнетақылық қамсыздандыру Қазақстан Республикасының зейнетақы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте, олардың Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде, Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының аппараттарында, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде және Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарында атқаратын лауазымдары бойынша халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілген тұлғалар үшін - іссапарға жіберілгенге дейін атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық жалақылар есепке алынады.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2011 жылғы 20 қазандағы
№ 1192 қаулысына  
қосымша      

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. «Қазақстан Республикасының өсімдік карантині жөніндегі мемлекеттік қызмет қызметкерлерін нысандық киіммен қамтамасыз ету туралы» Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 18 маусымдағы № 515 қаулысы.
      2. «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдарының қызмет өткеруі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 27 желтоқсандағы № 1644 қаулысы.
      3. «Сот приставтарының нысандық киімі мен ерекшелік белгілері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 қарашадағы № 1726 қаулысы.
      4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 27 желтоқсандағы № 1644 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 21 тамыздағы № 1287 қаулысы.
      5. «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары қызметкерінің қызметтік міндеттерін немесе қызметтік борышын атқару кезеңінде оның қаза табуы (қайтыс болуы) немесе зақымдануы жағдайында біржолғы өтемақы төлеудің ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 24 қаңтардағы № 97 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 5, 28-құжат).
      6. «Қазақстан Республикасы қаржы полициясы органдарының қызметкері қызметтік міндеттерін немесе қызметтік борышын атқару кезеңінде қаза тапқан (өлген) немесе мертіккен жағдайда және қайтыс болған немесе қаза болған қаржы полициясы органдарының қызметкерлері мен зейнеткерлерін жерлеу үшін біржолғы өтемақы төлеу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 қарашадағы № 1260 қаулысы.
      7. «Қазақстан Республикасындағы теңіз және ішкі су көлігіндегі мемлекеттік бақылау қызметкерлерінің нысанды киімінің мәселелері» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 1 қазандағы № 1013 қаулысы.
      8. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 қарашадағы № 1726 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 22 желтоқсандағы № 1283 қаулысы.
      9. «Әскери қызметшілерді, ішкі істер органдарының, қаржы полициясының, прокуратураның қызметкерлерін Қазақстан Республикасының жекелеген мемлекеттік органдарына іссапарға жіберу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 3 тамыздағы № 826 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 29, 384-құжат).
      10. «Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының қызметкері қызметтік міндеттерін атқару кезеңінде не қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған жарақат немесе мертігу салдарынан қызметтен босатылғаннан кейінгі бір жыл ішінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда олардың асырауындағылары мен мұрагерлеріне біржолғы өтемақы төлеу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 7 ақпандағы № 114 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 6, 62-құжат).
      11. «Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкері қызметтік міндеттерін немесе қызметтік борышын атқару кезеңінде мертіккен жағдайда оған, ал ол қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда өтемақы алуға құқығы бар адамдарға біржолғы өтемақы төлеу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 5 наурыздағы № 212 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 12, 118-құжат).
      12. «Қазақстан Республикасы әділет органдарының қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлеріне қызметтік міндеттерін немесе қызметтік борышын атқару кезеңінде мертіккен кезде, ал олар қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда оны алуға құқығы бар адамдарға біржолғы өтемақы төлеу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылқы 4 сәуірдегі № 299 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 14, 159-құжат).
      13. «Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қатардағы және басшы құрамының қызмет өткеруі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 15 сәуірдегі № 363 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 17, 201-құжат).
      14. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 5 наурыздағы № 212 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 11 қазандағы № 1011 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 37, 519-құжат).
      15. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 27 желтоқсандағы № 1644 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 3 қарашадағы № 1093 қаулысы.
      16. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 1 қазандағы № 1013 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 29 қарашадағы № 1172 қаулысы.
      17. «Қазақстан Республикасының әділет органдары қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлерін мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 19 шілдедегі № 614 қаулысы.
      18. «Қазақстан Республикасының әділет органдары қылмыстық-атқару жүйесінің қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың қызмет өткеруі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 шілдедегі № 639 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 26, 302-құжат).
      19. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 27 желтоқсандағы № 1644 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 қарашадағы № 1034 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 42, 488-құжат).
      20. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 шілдедегі № 639 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы № 68 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 2, 31-құжат).
      21. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің өрт қауіпсіздігі саласындағы кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 18 қарашадағы № 1068 қаулысының 30-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 43, 492-құжат).
      22. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің өрт қауіпсіздігі саласындағы кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 18 қарашадағы № 1068 каулысының 28-тармағы.
      23. «Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің мәселелері» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 16 маусымдағы № 913 қаулысының 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 30, 271-құжат).
      24. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 шілдедегі № 639 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 23 шілдедегі № 1125 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 34, 323-құжат).
      25. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 30 шілдедегі № 639 қаулысына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 24 сәуірдегі № 350 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 31, 244-құжат).
      26. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 3 тамыздағы № 826 қаулысына толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 3 шілдедегі № 694 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 42, 378-құжат).
      27. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 27 желтоқсандағы № 1644 қаулысына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 2 қыркүйектегі № 873 қаулысы.
      28. «Кеден органының лауазымды адамына қызметтік міндеттерін орындауына байланысты, өзінің кәсіби қызметімен одан әрі айналысуына мүмкіндік бермейтіндей болып мертіккен не денсаулығына өзге де зақым келген кезде, сондай-ақ ол қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда біржолғы өтемақы төлеу қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 7 қазандағы № 1034 қаулысы.