Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 16 қыркүйектегі № 1067 Қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 16 қыркүйектегі
№ 1067 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 44, 443-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентінде:

      81, 82-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "81. Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының ағымдағы және перспективалы жоспарларын қалыптастыру Президенттің тапсырмалары мен жыл сайынғы жолдаулары, Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары мен жыл сайынғы жолдаулары, Үкімет бекітетін мемлекеттік бағдарламалар мен бағдарламалар, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарлары, Үкіметтің шешімдері, нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингі нәтижелері, сондай-ақ Премьер-Министрдің шешімдері ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      Жоспар заң жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдар, нақты заң жобаларын Әділет министрлігіне, Үкіметке және Қазақстан Республикасының Парламентіне (бұдан әрі - Парламент) енгізу мерзімдері, сондай-ақ заң жобаларын әзірлеуге және Үкімет пен Парламентке енгізуге, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының Парламентінде қаралуына жауапты лауазымды адамдар көрсетілген заң жобаларының, оның ішінде қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобаларының тізбесін білдіреді.

      82. Алдағы жылға арналған Жоспардың жобасын Әділет министрлігі, Әділет министрлігіне және Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияға (бұдан әрі - Ведомствоаралық комиссия) жыл сайын заң жобаларының тұжырымдамалары түрінде 1 шілдеге дейін мемлекеттік органдар ұсынатын ұсыныстардың негізінде жасайды және жыл сайын 1 қазанға дейін Үкімет қаулыларының жобаларын енгізу үшін белгіленген тәртіппен Үкіметке ұсынады. Бұл ретте Әділет министрлігі Жоспардың жобасына енгізілген әрбір заң жобасын әзірлеу қажеттілігінің негіздемесін қамтитын анықтаманы жоспардың жобасына қоса береді.

      Жоспар жобасы Мемлекет басшысына жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 15 қарашасына дейін ұсынылады және 31 желтоқсанынан кешіктірмей бекітіледі.

      Ведомствоаралық комиссияның оң қорытындысы Жоспарға қандай да бір заң жобасын енгізу үшін міндетті шарт болып табылады.

      Перспективалық жоспарда көзделген мемлекеттік кірістердің қысқаруына немесе мемлекеттік шығыстардың ұлғаюына әкеп соқтыратын нормаларды қамтитын заң жобалары бойынша Республикалық бюджет комиссиясының оң қорытындысы болған жағдайда ғана олар алдағы жылға арналған Жоспар жобасына енгізіледі.

      Перспективалық жоспарда көзделген заң жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдар тиісті заң жобаларын әзірлеу және келісу іс-шараларын жүргізуді олар Үкімет қарауына енгізілгенге дейін кемінде бір жыл бұрын қамтамасыз етеді.";

      84-тармақтың алтыншы бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қабылданып қойған заң жобалау жұмыстарының жоспарларына енгізілетін өзгерістер және (немесе) толықтырулар Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының не оны алмастыратын адамның қолы қойылып, Президент Әкімшілігіне келісуге ұсынылады. Актінің жобасына заң жобалау жұмыстарының жоспарларына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар негізделген тиісті түсіндірме жазба міндетті түрде қоса беріледі.";

      85-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "85. Перспективалық және ағымдағы жоспарлардың орындалуын жалпы бақылауды Әділет министрлігі жүзеге асырады.

      Әділет министрлігі ай сайын Үкіметтің заң жобалау қызметінің барысын қорытады және есепті айдан кейінгі айдың 1-күніне ағымдағы Жоспардың орындалу барысы туралы есепті, басым заң жобалары және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленетін заң жобалары жөніндегі ақпаратты, сондай-ақ жоспарланған заң жобаларының мемлекеттік органдар мен Парламентте өтуі туралы мәліметті ұсынады.

      Жоспарланған заң жобаларын әзірлеу мерзімі бұзылған кезде Кеңсе Әділет министрлігі ақпаратының негізінде Премьер-Министрге заң жобаларын әзірлеу мерзімінің бұзылуына кінәлі лауазымды адамдарды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар енгізе алады.

      Жоспарда көзделген заң жобаларын Үкіметке және (немесе) Парламентке ұсыну мерзімдерін ауыстырудың объективті себептері туындаған жағдайда, әзірлеуші мемлекеттік орган Үкіметке және (немесе) Парламентке заң жобасын енгізу мерзімінен бір ай бұрын Премьер-Министр Кеңсесіне заң жобаларын Үкіметке және (немесе) Парламентке Жоспарда көзделген ұсыну мерзімдерін ауыстыру себептерін көрсете отырып, негіздеме-хат жолдайды.

      Заң жобаларын Үкіметке және (немесе) Парламентке ұсынудың заң жобалау жұмыстары жоспарында көзделген мерзімдерін қайталап ауыстыру туралы мәселе бастамасын Премьер-Министрдің Кеңсесі уәкілетті мемлекеттік органдағы заң жобасын әзірлеуге жауапты құрылымдық бөлімшенің басшысына тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтың көшірмесі және Жоспарда көрсетілген заң жобаларын әзірлеуге және енгізуге жауапты лауазымды тұлғаға тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыныс болғанда ғана қарайды.";

      87-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "87. Заң жобаларын әзірлеудің және ұсынудың сапасы, уақтылығы үшін Жоспарда көрсетілген лауазымды адамдар дербес жауапты болады.

      Заң жобаларының сапасын, уақтылы әзірленуі мен ұсынылуын жалпы үйлестіруді және бақылауды заң жобаларын әзірлеуші мемлекеттік органдарының бірінші басшылары жүзеге асырады.";

      95-тармақ мынадай мазмұндағы 9-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "9-1) заң жобасын (заң жобаларын) бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде Интернет желісінде талқылау және оларды пысықтау кезінде қоғамдық пікірді ескеру нәтижелері туралы заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы әр парағына қол қойған анықтаманы;".

      2. "Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 21 тамыздағы № 840 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 34, 344-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру ережесінде:

      2-тармақта:

      бесінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "жұмыс тобын құру. Жұмыс тобының құрамына міндетті түрде "Қазақстан Республикасы Заң шығару институты" мемлекеттік мекемесінің, белгілі бір құқық саласындағы тиісті ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері енгізіледі, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарын және ғылымның тиісті салаларының ғалымдарын тарту ұсынылады;";

      мынадай мазмұндағы тоғызыншы абзацпен толықтырылсын:

      "заңнамалық актілердің жобаларын бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде Интернет желісінде талқылау және оларды пысықтау кезінде қоғамдық пікірді ескеру;";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Уәкілетті органдар заң жобаларын Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының ағымдағы жоспарын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының келесі екі жылға арналған перспективалық жоспарын орындау үшін Мемлекет басшысының тапсырмалары мен жыл сайынғы жолдауын, Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары мен жыл сайынғы жолдауларын, мемлекеттік бағдарламалар мен Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін бағдарламаларды, Үкіметтің шешімдерін, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарларын, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің шешімдерін, нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингі нәтижелерін ескере отырып, сондай-ақ үш жылдық кезеңге арналған бюджетке сәйкес әзірлейді.

      Тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезеңінде уәкілетті органдар заң жобаларын әзірлеуге арналған бюджеттік өтінімді ұсынумен бір уақытта оларды әзірлеудің орындылығы тұрғысынан Комиссияның қорытындысын ұсынады.";

      9-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеу Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің жыл сайынғы жолдауының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының ережелері, мемлекеттік бағдарламалар мен Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін бағдарламалар, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарлары, Үкіметтің шешімдерін, нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингі нәтижелері, қоғамдық өмірдің тиісті салаларында және аясында Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдану практикасы, қолданыстағы заңнаманың проблемалары бойынша өткізілетін ғылыми-практикалық конференциялардың, семинарлардың, кеңестердің материалдары, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, үкіметтік емес ұйымдар ұсынатын материалдар, бұқаралық ақпарат құралдарында қамтылған ақпарат ескеріле отырып жүзеге асырылады.";

      11-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Уәкілетті орган баламалы жобаларды дайындауды бір немесе бірнеше тұлғаға тапсыруға құқылы. Заң жобаларының сапасы, уақытылы әзірленуі мен ұсынылуы үшін Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының жоспарында көрсетілген Уәкілетті органның лауазымды адамдары дербес жауапты болады.";

      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Заң жобасын әзірлеу Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің жыл сайынғы жолдауының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының ережелері, мемлекеттік бағдарламалар мен Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін бағдарламалар, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарлары, Үкіметтің шешімдері, нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингі нәтижелері, қоғамдық өмірдің тиісті салаларында және аясында Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдану практикасы ескеріле отырып жүзеге асырылады.";

      16-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Нормативтік құқықтық актінің мәтіні әдеби тіл нормалары, заң терминологиясы және заң техникасы сақтала отырып жазылады, оның ережелері барынша қысқа болуы, нақты және әртүрлі түсіндіруге жатпайтын мағынаны қамтуы тиіс. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде мағыналық және құқықтық жүктемесі жоқ декларативтік сипаттағы ережелер болмауға тиіс.

      Көнерген және көп мағыналы сөздер мен сөз орамдарын, эпитеттерді, метафораларды қолдануға, сөздерді қысқартуға жол берілмейді. Нормативтік құқықты актінің құрылымдық бөлігінде жазылған құқық нормасы дәл осы актінің басқа құрылымдық бөліктерінде қайталап жазылмайды.";

      19-1-тармақтың төртінші бөлігінде:

      14) тармақшада "енгізеді." деген сөз "енгізеді;" деген сөзбен ауыстырылсын;

      мынадай мазмұндағы 15) тармақшамен толықтырылсын:

      "15) заң жобасын (заң жобаларын) бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде Интернет желісінде талқылау және оны (оларды) пысықтау кезінде қоғамдық пікірді ескеру нәтижелері туралы анықтаманы.".

      3. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 06.10.2016 № 568 қаулысымен.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 16 қыркүйектегі
№ 1067 қаулысына
қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір
шешімдерінің тізбесі

      1. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары мен Премьер-Министр өкімдерінің жобаларын ресімдеу жөніндегі нұсқаулықты (заңдық техникасы) бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 22 шілдедегі № 678 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1998 ж., № 23, 199-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысының 2-тармағының 1) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 44, 443-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 22 шілдедегі № 678 және 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 168 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 14 сәуірдегі № 358 қаулысының 1-тармағының 1) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 16, 196-құжат).

      4. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 14 ақпандағы № 99 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 5, 46-құжат).

      5. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 25 маусымдағы № 641 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 1-тармағы.

      6. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 12 қарашадағы № 1198 қаулысының 1-тармағының 1) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 60, 594-құжат).