«Қазақстан Республикасында әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алуды жүргізу тәртібі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 5 мамырдағы № 371 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 27 тамыздағы № 971 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Қазақстан Республикасында әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алуды жүргізу тәртібі туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 5 мамырдағы № 371 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 17, 157-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасында әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алуды жүргізу тәртібі туралы ережеде:
      43-тармақтың 9) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «9) Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызметінің, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің (бұдан әрі - құқық қорғау органдары) арнайы есебіне алынған.»;
      55-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «55. Әскерге шақырылушыларды әскери есептен шығару және оларды құқық қорғау органдарының арнайы есебіне алу осы мемлекеттік органдардың бұйрықтарынан алынған көшірме-жазба негізінде, ал Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі және Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) (бұдан әрі - ІІМ, ТЖМ және ЭСЖКА) арнайы оқу орындарының курсанттары мен тыңдаушыларын - оқу орындарының кадр органдарының бұйрықтарынан алынған үзінді негізінде жүргізіледі.
      Әскерге шақырылушының есеп картасына және есептік-алфавиттік кітапқа белгіленген құқық қорғау органының бұйрығының күні мен нөмірін көрсете отырып, әскерге шақырылушыны әскери есептен шығару туралы белгі қойылады. Жеке іс мұрағатқа тапсырылады және олар 27 жасқа жеткенге дейін сақталады.
      Есепке алу-алфавиттік кітапқа жеке істің сақталатын орны туралы белгі қойылады.»;
      7-бөлімнің тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «7. Құқық қорғау органдарында қызмет өткеретін азаматтарды әскери есепке алу тәртібі және ерекшеліктері»;
      82-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «82. Құқық қорғау органдарында қызмет өткеретін әскери міндеттілерді, сондай-ақ ІІМ, ТЖМ мен ЭСЖКА оқу орындарының курсанттары мен тыңдаушыларын есепке алу осы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен осы Ереже белгілейтін тәртіппен жүзеге асырылады.»;
      83-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «83. ЖӘБО-да (ауданның, қаланың) құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, сондай-ақ ІІМ, ТЖМ мен ЭСЖКА арнайы оқу орындарының курсанттары мен тыңдаушыларын әскери есептен шығару екі данада атаулы тізімдерді, әскери билеттерді және/немесе тіркеу туралы куәліктерді қоса бере отырып, азаматтардың тұрғылықты жері бойынша ЖӘБО-ға (ауданның, қаланың) жіберілетін көрсетілген органдардың қолдаухаты бойынша жүргізіледі.»;
      8485 және 86-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «84. Құқық қорғау органдарының қызметінен қызметкерлерді босату кезінде кадр органдары оларға Ережеге 27-қосымшаға сәйкес нұсқама береді және оларды жеті күн мерзімде әскери есепке тұру үшін тұрғылықты жері бойынша ЖӘБО-ға (ауданның, қаланың) келуге міндеттейді, олардың шығарылғаны туралы ЖӘБО-ны (ауданның, қаланың) жазбаша хабардар етеді.
      85. Құқық қорғау органдарынан босатылған қызметкерлер, сондай-ақ оқудан шығарылған және/немесе келісім шартты бұзған, бірақ 27 жасқа толмаған және шақыру бойынша белгіленген әскери қызмет мерзімін өткермеген ІІМ, ТЖМ мен ЭСЖКА арнайы оқу орындарының курсанттары мен тыңдаушылары тұрғылықты жері бойынша әскерге шақырылушылардың әскери есебіне қабылданады.
      86. Тиісті құқық қорғау органдарының басшылары жыл сайын 1 ақпанда (ағымдағы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша) ЖӘБО-ға (ауданның, қаланың) салыстыру үшін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі белгілеген нысан бойынша көрсетілген органдарда қызмет өткеріп жатқан әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылардың саны туралы мәліметтерді ұсынады.
      Құқық қорғау органдарында қызмет өткеріп жатқан азаматтардың саны туралы мәліметтер ЖӘБО-да (ауданның, қаланың) оларға бөтен адамдардың қол жеткізуін болдырмайтын мөр қойылған жеке картотекаларда сақталады. Көрсетілген құжаттармен жұмыс істеуге тек ЖӘБО (ауданның, қаланың) бастығының бұйрығымен айқындалатын адамдарға ғана рұқсат етіледі.».
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К.Мәсімов