Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті туралы" 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 және "Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының заң қызметтері туралы үлгі ережені бекіту туралы" 2006 жылғы 9 қарашадағы № 1072 қаулыларына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 шілдедегі № 885 Қаулысы

Қолданыстағы

      БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:
      1) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 44, 443-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентінде:
      34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «34. Жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган заң қызметінің басшысы (не оның міндетін атқарушы тұлға) әр парағына алдын ала қол қойған қаулы (өкім) жобасының, оған түсіндірме жазбаның және басқа да қажетті құжаттардың көшірмелерін тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға келісуге жібереді. Қаулының (өкімнің) жобасының көшірмесін келісуге алған кезде мемлекеттік органдар олардың басқа мемлекеттік органдардың оған алдын ала бұрыштама соғуын талап етуге және үстірт және өзге де негізсіз себептермен жобаны келісуден бас тартуға тиісті емес.»;
      мынандай мазмұндағы 72-1-тармақпен толықтырылсын:
      «72-1. Үкіметтің қол қойылған қаулыларының түпнұсқаларына тіркеу нөмірі берілгеннен кейін Үкіметтің елтаңбалық мөрі қойылады.»;
      мынадай мазмұндағы 120-1-тармақпен толықтырылсын:
      «120-1. Мемлекеттік орган Кеңсе тарату барысында өзіне жіберген, кадрлық және ұйымдастырушылық сипаттағыларды қоспағанда, Үкімет қаулыларының куәландырылған көшірмелерін алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде өзінің интернет—ресурсында мемлекеттік құпияларды және (немесе) қызметтік ақпаратты қамтитын Үкімет қаулыларын қоспағанда, өзі әзірлеуші болып табылатын Үкімет қаулысының нақты мақсаттары, әлеуметтік-экономикалық және/немесе құқықтық салдары, сондай-ақ болжанатын тиімділігі туралы ақпаратты қамтитын мемлекеттік және орыс тілдеріндегі, ал қажет болған жағдайда өзге де тілдерде баспасөз релизін орналастырады.»;
      2) «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының заң қызметтері туралы үлгі ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 қарашадағы № 1072 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 41, 454-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының заң қызметтері туралы үлгі ереже мынадай мазмұндағы 10-1-тармақпен толықтырылсын:
      «10-1. Заңдық сараптама жүргізу үшін Әділет министрлігіне келісуге жіберген кезде әзірлеуші мемлекеттік органның заң қызметінің басшысы (не оның міндетін атқарушы тұлға) заң жобаларын, Қазақстан Республикасының Президенті Жарлықтары мен Үкіметі қаулыларының жобалары көшірмелерінің әр парағына қол қояды.».
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К.Мәсімов