«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 133-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі - Кәсіпорын) құрылсын.
2. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Кәсіпорынға қатысты тиісті саланың уәкілетті органы;
2) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, қолданбалы ғылыми зерттеулер саласындағы қызметті жүзеге асыру Кәсіпорын қызметінің негізгі мәні деп белгіленсін.
3. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) Кәсіпорынның жарғысын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне бекітуге ұсынуды;
2) әділет органдарында Кәсіпорынның мемлекеттік тіркелуін;
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай толықтырулар енгізілсін:
1) «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1111 қаулысында (Қазақстан Республикасының 2004 ж., № 40, 522-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қарауындағы ұйымдардың тізбесінде:
«Республикалық мемлекеттік кәсіпорындар» деген 1-бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 77-13-жолмен толықтырылсын:
«77-13 Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты»;
2) «Жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік жоғары оқу орындарының тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 6 шілдедегі № 1021 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 28, 339-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Жекешелендіруге жатпайтын мемлекеттік жоғары оқу орындарының тізбесі мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 22-1-жолмен толықтырылсын:
«
22-1. |
«Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны |
Шымкент қаласы |
».
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрі К Мәсімов