Темір жол көлігімен пошта жөнелтілімдерін тасымалдау қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 21 маусымдағы № 683 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Темір жол көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының 14-бабы 1-тармағының 9) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Темір жол көлігімен пошта жөнелтілімдерін тасымалдау қағидасы бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2011 жылғы 21 маусымдағы
№ 683 қаулысымен  
бекітілген     

Темір жол көлігімен пошта жөнелтілімдерін тасымалдау қағидасы 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Темір жол көлігімен пошта жөнелтілімдерін тасымалдау қағидасы (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасының «Темір жол көлігі туралы» 2001 жылғы 8 желтоқсандағы, «Почта туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы және «Байланыс туралы» 2004 жылғы 5 шілдедегі заңдарына сәйкес әзірленді, Темір жол көлігімен пошта жөнелтілімдерін тасымалдау тәртібін айқындайды, олар мыналарды қамтиды:
      1) жолаушылар поездарының пошта вагондарында пошта жөнелтілімдерін тасымалдау;
      2) пошта жөнелтілімдерін тасымалдау үшін есептесу;
      3) поштаны тасымалдауға арналған құжаттарды ресімдеу.
      2. Осы Қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) тасымалдау маршруты - белгіленген бастапқы және соңғы пункттерінің арасындағы пошта жөнелтілімдерінің тасымалын жүзеге асыратын тасымалдауды ұйымдастыру үдерісінде анықталған темір жол көлік құралдарының жүру жолы;
      2) пошта операторы - пошта қызметі саласында қызмет ұсынуға құқығы бар жеке немесе заңды тұлға;
      3) пошта жөнелтілімдерін тасымалдау - жолаушылар поезының құрамында жөнелту пунктінен межелі пунктіне дейін пошта жөнелтілімдерін тасымалдау;
      4) темір жол көлігіндегі тасымалдаушы (бұдан әрі - Тасымалдаушы) - жылжымалы құраммен тасымалдауды жүзеге асыратын және тасымалдау құжаттарында көрсетілген заңды тұлға;
      5) Ұлттық темір жол компаниясы - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, ұлттық басқарушы холдинг бірден бір акционері болып табылатын, магистральдық темір жол желісін күтіп-ұстауды және пайдалануды жүзеге асыратын, сондай-ақ магистральдық темір жол желісі қызметтерін көрсететін акционерлік қоғам;
      6) пошта жөнелтілімдері - жазбаша хат-хабарлар, жіберілімдер, пошта контейнерлері, сондай-ақ тиісінше буып-түйілген баспа басылымдары;
      7) пошта вагоны - пошта жөнелтілімдерінің тасымалдауға арналған және арнайы жабдықталған вагон;
      8) жолаушылар поезының айналым пункті - жолаушы поезының жүру маршрутындағы соңғы станциясы;
      9) жолаушылар поезын қалыптастыру пункті - осы поезға қызмет көрсететін поезд бригадасын және поезд құрамы қалыптастырылатын жол жүру маршрутына жолаушылар поезын жөнелту станциясы (поезд бастығы, поезд электромеханигі және вагондар жолсеріктері);
      3. Пошта жөнелтілімдерін тасымалдау барлық темір жол қатынастары бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.
      4. Тасымалда оларда қауіпті салымдардың (заттардың) болмауына
қатысты тексеруден өткен пошта жөнелтілімдеріне жол беріледі.

2. Темір жол көлігімен пошта жөнелтілімдерін тасымалдау тәртібі

      5. Пошта жөнелтілімдерін пошта операторының және/немесе арнайы байланыс қызметінің уәкілетті қызметкерлері алып жүреді.
      6. Тасымалдаушы жолаушылар поезы қозғалысының кестесіне сәйкес белгіленген орнына пошта жөнелтілімдерін және арнайы байланыс жөнелтілімдерін тасымалдау үшін барлық қажетті шараларды қолданады. Тасымалдаушы пошта вагондарын жүрдек, жолаушы, пошта-багажды поездар құрамына қосуды қамтамасыз етеді (бекітілген поездарды қалыптастыру сызбасына сәйкес, сондай-ақ жекелеген өтінімдер бойынша, егер поездың техникалық параметрлері мүмкіндік берсе).
      7. Пошта вагондары қосылатын поездарды пошта операторының ұсынуы бойынша тасымалдаушы анықтайды.
      8. Беру-жинау, пошта вагондарын тіркеу және олардың станция шегінде тұрақтауы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілетін темір жол көлігімен жүк тасымалдау қағидасында белгіленген тәртіппен келісім негізінде пошта операторы есебінен жүзеге асырылады.
      9. Егер пошта операторы ұсынған поезд құрамына техникалық параметрлері бойынша пошта вагонын қосу мүмкін болмаса, тасымалдаушы осы маршрут бойынша жүретін тиісті поезды ұсынады. Бұл ретте келіспеушілік екі жақты тәртіппен келіссөздер арқылы шешіледі.
      10. Егер белгіленген кестенің қолданылуы аралығында құрамына пошта вагондары кіретін поездардың жүру аралығы қысқартылып немесе алынып тасталса, тасымалдаушы егер техникалық параметрлері мүмкіндік берсе, пошта операторының келісімі бойынша пошта вагондарын басқа поезд құрамына қосады.
      11. Жолаушылар поездары қозғалысының жаңа кестесін әзірленген кезде ұлттық темір жол компаниясы пошта операторына кестенің қолданысқа енгізілуіне дейінгі бір ай мерзімнен кешіктірмей хабарлайды.
      12. Поездарды қалыптастыру схемасында көзделген техникалық ақаулы вагондардан басқа пошта вагондарын құрамға қоспауға немесе ағытуға рұқсат етілмейді.
      13. Поезд құрамындағы пошта вагоны орнының өзгертілуі туралы немесе техникалық қажеттілігіне байланысты жол бойында пошта вагонын техникалық және басқа да себептермен қайтсе де ажырату жөнінде тасымалдаушы дереу пошта операторына хабарлайды.
      14. Пошта вагонын ағыту кезінде станция бастығы мен пошта вагонының бастығы ағытудың себептері көрсетілген үш данадағы акт жасайды. Бір данасы вагон тіркелген пошта операторының бөлімшесіне жолданады.
      15. Пошта жөнелтілімдері тасымалданатын вагондармен ақаулық (авария) болған жағдайда поезд және маневрлық жұмыста ақаулық (авария) болған станцияның бастығы немесе ақаулық (авария) туралы хабарлама алған станция бастығы бұл жөнінде телефонмен немесе өзге де қолжетімді байланыс құралымен шұғыл түрде жақын арадағы пошта операторы бөлімшесінің бастығына хабарлайды. Мұндай жағдайда пошта операторы бөлімшесінің басшысына ақаулық (авария) болған жерге қалпына келтіру поезы құрамында жүруге рұқсат етіледі. Станция бастығы пошта операторы қызметкерлеріне пошта жөнелтілімдері мен арнайы байланыс жөнелтілімдерін қорғауға және басқа вагондарға қайта тиеуге, сондай-ақ пошта жөнелтімдерін баратын жері бойынша одан әрі жөнелту үшін жұмыс күшімен немесе басқа да құралдармен көмек көрсетуі қажет. Бұл ретте сақтау орнына қол жеткізумен байланысты және вагонда арнайы жөнелтілімдердің бар болуы туралы ақпаратты ашуға әкелетін барлық іс-қимылдар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жергілікті органы (департаменті) қызметкерлерінің қатысуымен ғана жүргізілуі мүмкін.
      16. Пошта жөнелтілімі зақымдалған немесе жойылған әрбір жағдай туралы пошта жөнелтілімдерінің жойылу немесе зақымдалу себептері мен тізбесі көрсетіле отырып, тасымалдаушы мен пошта операторының қызметкерлері бірлесіп қол қойған акт жасалады. Актінің көшірмесі пошта операторы қызметкерлеріне беріледі.
      17. Пошта вагондарын техникалық жарамды жай-күйде ұстау, техникалық қызмет көрсету, пошта вагондарын деполық және күрделі жөндеу пошта операторы есебінен жоспарға және сипаттамаларға сәйкес жолаушылар жылжымалы құрамы үшін белгіленген мерзімдерде жүргізіледі. Негізгі тораптарды қарау, техникалық қызмет көрсету (арба, доңғалақ жұптары, автотежеуіш, автотіркеу, генератор жетегі, буферлік жиынтықтар) және ағымдағы ағытпа жөндеу тасымалдаушы күшімен жүргізіледі.
      18. Электр жабдығын, тораптарды, электр және ішкі жабдықтың агрегаттарын ауыстыруды қоса алғанда, ішкі жабдыққа техникалық қызмет көрсету тасымалдаушының немесе ұлттық темір жол компаниясының (тасымалдаушының) кінәсінен болған ақаулықтардан басқа, шарт негізінде пошта операторы қаражаттары есебінен ұлттық темір жол компанияларының (тасымалдаушының) күшімен жүзеге асырылады.
      19. Пошта және арнайы байланыс жөнелтілімдерін ауыстыру белгіленген станцияларда поездарды қабылдау станцияның техника-өкім ету актілерінде айқындалған жолда жүргізіледі, ал басқа жағдайда станция бойынша кезекші алдын ала пошта операторының бөлімшесіне пошта вагонының тоқтайтын жері туралы хабарлайды.
      20. Пошта жөнелтілімдерімен алмасу кестеде белгіленген аялдау уақытында жүзеге асырылады. Поштаның дайын болмау себебі бойынша поездарды кідіртуге жол берілмейді.
      21. Құрамында пошта жөнелтілімдері тасымалданатын поездар кешіккен және айырбастау пункттерінде тұрақтарды қысқарту жағдайында тасымалдаушының қызметкері пошта вагонының бастығына және пошта операторына ауызша нысанда хабарлайды.
      22. Құрамында пошта вагондары жүретін жолаушылар поезы пошта операторының кінәсі бойынша кідіртілген жағдайда тасымалдаушы көтерген шығыстарды (шығындарды) пошта операторы өтейді.
      23. Ұзақтығы бес минуттан кем пошта алмасу жүргізілетін станцияларда поездарды аялдау уақытын қысқартуға жол берілмейді.
      24. Пошта вагондарынан пошта жөнелтілімдерін тиеуге және түсіруге тасымалдау үшін пошта операторы шағын механизация құралдарын, пошта арбалары мен контейнерлерді пайдаланады. Жолаушыларды отырғызу және түсіру уақытында шағын механизация құралдарын, арбалар мен контейнерлерді қадағалаусыз тасымалдауға және олардың тұғырлар мен перрондарда болуына рұқсат етілмейді.
      25. Тиелген пошта жөнелтілімдерінің жалпы салмағы пошта вагонының жүк көтергіштігінен артпауы тиіс. Пошта жөнелтілімдерінің салмағын вагон таразыларында тасымалдаушының уәкілетті органы тексеруіне рұқсат етіледі.
      26. Пошта вагондарын жөнелту тиісті тасымалдау құжаттарымен ресімделеді, оларды пошта операторы бөлімшелерінің өтінімдері негізінде жөнелту станциясының багаж кассасы әрбір вагонға жасайды.
      27. Пошта операторы вагонда болу тәртібін, жүру және пошта жөнелтілімдерін алып жүру, арнайы байланыспен жөнелтулер мен оларды сұрыптау, пошта вагондарын өңдеу тәртібін қызметкерлердің сақтауын тексеруді дербес жүзеге асырады. Жол парақтарын тексеру, ресімдеу және қызметкерлердің жүру тәртібі пошта операторының ішкі нормативтік құжаттарымен айқындалады.
      28. Темір жол көлігімен пошта тасымалдарын және арнайы байланыс жөнелтілімдерін тасымалдауға қызмет көрсететін пошта операторының қызметкерлері, сондай-ақ темір жол станцияларында пошта жөнелтілімдерін және арнайы байланыс жөнелтілімдерін қабылдау және тапсыруды жүргізетін қызметкерлер өздерінің қызметтік куәліктері бойынша темір жол қызметкерлері үшін белгіленген қызметтік өту жолдарын пайдалануы мүмкін.
      29. Шекаралық темір жол станцияларында поездар тоқтаған уақытта пошта вагондарын (қоймалық пломбаланғаннан басқа) шекаралық кедендік қызметтердің қарауына рұқсат етіледі. Арнайы байланыс жөнелтілімдері Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы заңнамаға, 1993 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы ратификациялаған «Арнайы байланыс жөнелтілімдерімен мемлекетаралық алмасу туралы» үкіметаралық келісімге сәйкес қарап тексеруге жатпайды.

3. Пошта жөнелтілімдерін тасымалдау үшін есеп айырысулар

      30. Жөндеу пунктіне дейін жүру жолында ағытылған техникалық жарамсыз бос пошта вагондарының жүрісі, сондай-ақ жарамсыз вагондарға айырбастауға жіберілген жарамды вагондардың жүрісі үшін, егер соңғыларының жарамсыздығы пошта операторының кінәсінен болмаса, төлем бойынша шот көрсетілген іс-қимылдарды жасауда кінәлі тараптарға ұсынылады.
      31. Пошта операторы бөлімшелерінің пайдалануындағы темір жол станциялары шектерінен тыстағы бөлінген тұйықтарда пошта вагондарын беруге, әкетуге алым станцияның шеткі нүктесінен жоғарыда көрсетілген тұйық нүктесіне дейінгі арақашықтыққа байланысты тұру жолындағы әрбір беру, әкету үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тарифтер (бағалар, ставкалар, алымдар) мөлшерінде өндіріп алынады.
      32. Пошта операторының талабы бойынша жарамды пошта вагондарының жүрісі, техникалық жарамсыз вагондардың, егер соңғыларының жарамсыздығы пошта операторының кінәсынан болса, жол жүруі және кезеңдік жөндеу мерзімі келген жөндеуге жіберілетін пошта вагондарының жүрісі пошта жөнелтімдерін тасымалдау үшін белгіленген ставкалар бойынша төленеді.
      Бос вагондарды жөнелтуге арналған тасымалдау құжаттарында пошта байланысының қызметкерлері мынадай жөнелту себептерін көрсетеді:
      жарамсыз, жөндеу үшін;
      жөндеуден кейін тіркелген орнына;
      жолдағы жарамсызды ауыстыру үшін;
      жарамсызды ауыстырғаннан кейін тіркелген орнына;
      станцияға резерв үшін;
      желіге қатынау үшін.

4. Пошта жөнелтілімдерін тасымалдауға арналған құжаттарды ресімдеу

      33. Жолаушылар тасымалдарын басқарудың автоматтандырылған жүйесін пайдаланумен ресімдеуге пошта операторы бөлімшелерінің өтінімдері негізінде жөнелту станцияларында жолаушылар поездарының (вагон бойы жөнелтулер) құрамындағы пошта вагондарында пошта жөнелтілімдерін тасымалдауға арналған құжаттар жатады.
      34. Жолаушылар тасымалдарын басқарудың автоматтандырылған жүйесімен пошта тасымалдарына арналған құжаттарды ресімдеу кезінде пошта вагоны жүрісінің құны (тасымалдау төлемі) есептеледі.
      35. Пошта вагоны жүрісінің құны (тасымалдау төлемі) мемлекет шекарасын және жүрістің вагон-километрге тарифтік ставкасын негізге ала отырып, есептеледі.
      36. Кез келген темір жол станцияларының арасында пошта вагондары жүрісіне төлеуге арналған Ф.РС-97 түбіртектерін бастапқы жөнелту пунктінде жолаушылар тасымалдарын басқарудың автоматтандырылған жүйесін пайдалана отырып, ресімдеу кезінде есепке алуға тасымалдау төлемі сомалары ғана жатады, вагон-километр жұмысты есепке алу жүргізілмейді.
      37. Пошта вагонының айналу пунктінде Ф.РС-97 түбіртектер деректері негізінде тасымалдау құжаттары ресімделеді (пошталық вагондарды жөнелтуге құқық беретін), олар бойынша пошта тасымалдары бойынша вагон-километр жұмыстарын есепке алу жүргізіледі.
      38. Пошта тасымалдарын қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бойынша ресімдеуге рұқсат етіледі.