Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 қаңтардағы № 56 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1165 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 31.12.2015 № 1165 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңының 13-бабының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі бекітілсін.
      2. Халықаралық шарттарға сәйкес уәкілеттік берілген мемлекеттік органдар тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген ақшалай қаражаттың оңтайлы және тиімді жұмсалуын бақылауды қамтамасыз етсін.
      3. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2011 жылғы 31 қаңтардағы
№ 56 қаулысымен  
бекітілген    

Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің
тізбесі

      1. Қызметінің негізгі мәні «Байқоңыр» ғарыш айлағының ғарыштық инфрақұрылым объектілерінің базасында экологиялық қауіпсіз жаңа «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру болып табылатын «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» акционерлік қоғамы 2005 жылғы 21 қазанда Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған, 2004 жылғы 22 желтоқсанда жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге сәйкес сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтер:
      1) «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінің (бұдан әрі - «Бәйтерек» ҒЗК) құрамында пайдалану болжанып отырған техникалық және ұшу кешендерінің жабдығына тексеріс жүргізу, бөлшектелетін жабдықтың құрамын анықтау, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының көлемін анықтау;
      2) «Бәйтерек» ҒЗК құрамында пайдалану болжанып отырған техникалық және ұшу кешендерінің құрылыс конструкциялары мен инженерлік-техникалық жүйелерін зерттеу;
      3) «Бәйтерек» ҒЗК-ге техникалық жобаны әзірлеу, жаңа агрегаттар мен ұшу және техникалық кешендер жүйелерінің жаңаларын жасау және жұмыс істеп тұрғандарын жетілдіру жөніндегі тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға техникалық тапсырмалар беру, инвестицияларды негіздеу үшін бастапқы деректерді беру;
      4) ұшу және техникалық кешендердің, жердегі жабдық жинақтарының, тексеру аппаратурасы мен тасымалдау құралдарының жаңадан жасалатын және жетілдірілетін технологиялық агрегаттары мен жүйелеріне эскиздік жобалар мен конструкторлық құжаттама шығару;
      5) техникалық тапсырмаларды, бағдарламалар мен әдістемелерді әзірлеу, «Бәйтерек» ҒЗК құрамында пайдалану болжанып отырған ұшу және техникалық кешендер жабдығының белгіленген көрсеткіштерін ұзарту жөнінде жұмыс жүргізу, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, қорытындылар беру;
      6) «Бәйтерек» ҒЗК жұмыстарында іске қосылмаған жабдықты бөлшектеу;
      7) кешеннің құрылыс бөлігіне бастапқы деректерді беру, ұшу және техникалық кешендерді қайта жаңартуға арналған инвестициялардың негіздемесін әзірлеу;
      8) жобаның жұмыс құжаттамасының негізінде іздестіру жұмыстарын жүргізу;
      9) ұшу және техникалық кешендерді қайта жаңарту жөніндегі құрылыс-монтаждау жұмыстарына арналған жұмыс жобасын әзірлеу;
      10) жетілдірілетін және жаңадан енгізілетін технологиялық агрегаттар мен жүйелердің, жердегі жабдық жинақтарының, тексеру аппаратурасының және тасымалдау құралдарының жабдығын жасау әрі жеткізу;
      11) технологиялық агрегаттар мен жүйелерге арналған пайдалану құжаттамасын, жердегі жабдық жинақтарын, тексеру аппаратурасы мен тасымалдау құралдарын шығару, кешенді құжаттаманы шығару;
      12) технологиялық жабдықты жасау және жеткізу;
      13) құрылыс жұмыстарын жүргізу, ұшу және техникалық кешендерде арнаулы техникалық жүйелерді монтаждау;
      14) технологиялық жабдықты, жердегі жабдық жинақтарын, тексеру аппаратурасын монтаждау;
      15) іске қосу-жөндеу жұмыстарын, ұшу және техникалық кешендердің жүйелері мен агрегаттарын автономды және кешенді сынауларды жүргізу;
      16) «Бәйтерек» ҒЗК үшін қазіргі «Байқоңыр» кешеніндегі байланыс және телекоммуникациялық қамтамасыз ету жүйесін жете жарақтандыру;
      17) «Бәйтерек» ҒЗК өлшеу, ақпарат жинау және өңдеу құралдарының кешенін құру;
      18) темір жолдарды қайта жаңарту;
      19) оттегі-азот зауытын және зымыран отын құрауыштарын сақтау кешенін қайта жаңарту;
      20) 11Г141 және 11Г12 май құю-бейтараптандыру станцияларын қайта жаңарту;
      21) бағдарламалық-әдістемелік және кешенді пайдалану құжаттамасын әзірлеу;
      22) «Бәйтерек» ГЗК-нің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі және «Бәйтерек» ҒЗК-ні құру мен пайдалану кезінде зымыран тасығыштан бөлінетін бөліктердің ұшу трассалары мен құлайтын аудандарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар;
      23) регламенттік жұмыстарды, техникалық және ұшу кешендері жабдығын, өлшеу, ақпарат жинау және өңдеу құралдарының кешенін, айдау блогын жер үсті басқару кешенін және «Бәйтерек» ҒЗК инфрақұрылымының басқа да объектілерін ұстау және ағымдағы пайдалану жөніндегі жұмыстарды жүргізу;
      24) ғарыштық мақсаттағы зымыранмен жұмыстарға технологиялық жабдық дайындау;
      25) техникалық және ұшу кешендеріндегі ғарыштық мақсаттағы зымыранды жинау және сынау жөніндегі жұмыстарды қамтамасыз_ету;
      26) зымыран отынының кұрауыштарын сатып алу және тасымалдау;
      27) іске қосқаннан кейінгі жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары;
      28) «Бәйтерек» ҒЗК-нің құрылыс ғимараттарының, техникалық және технологиялық жабдықтарының белгіленген көрсеткіштері мен ресурсын ұзарту жөніндегі жұмыстарды жүргізу.
      2. Қызметінің негізгі мәні 2001 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Газ саласындағы ынтымақтастық туралы келісім (бұдан әрі - Келісім) шеңберінде табиғи газды сатып алу оның маркетингі, тасымалдау және қайта өңдеу болып табылатын «ҚазРесейГаз» бірлескен кәсіпорны — жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Келісімге сәйкес сатып алатын тауарлар, жұмыстар және қызметтер:
      1) Қарашығанақ кен орнының табиғи газы;
      2) Қазақстан Республикасында тұтынуға арналған газдың көлемін қоса алғанда, Ресей Федерациясының газ өңдеу зауыттарында Қарашығанақ кен орнының табиғи газын тасымалдау және өңдеу жөніндегі жұмыстар мен қызметтер;
      3) Қазақстан Республикасының ішкі нарығын айырбастау
операцияларының шеңберінде басым қамтамасыз ету мақсатында басқа
көздерден алынатын табиғи газ және оны тасымалдау жөніндегі қызметтер.
      3. Қазақстан-Қытай мұнай құбырының екінші кезеңін пайдалануға
беру мақсатында жүзеге асырылатын Атырау - Кеңқияқ - Құмкөл - Атасу -
Алашанькоу бағыты бойынша магистральдық мұнай құбырлары жүйесін
(бұдан әрі - Атырау - Алашанькоу мұнай құбыры) және олардың
объектілерін қайта жаңарту және салу үшін «Қазақстан-Қытай Құбыры»
жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «МұнайТас» Солтүстік Батыс
Құбыржол компаниясы» акционерлік қоғамы «КазТрансОйл» акционерлік
қоғамы 2007 жылғы 18 тамызда жасалған 2004 жылғы 17 мамырдағы
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының
Үкіметі арасындағы Мұнай және газ саласындағы жан-жақты
ынтымақтастықты дамыту туралы негізгі келісімге өзгерістер енгізу туралы Хаттамаға сәйкес қызметтің негізгі мәні бойынша сатып алатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтер:
      1) жобалық-зерттеу жұмыстарын, авторлық қадағалауды, жобалық
жұмыстардың сараптамаларын қоса алғанда, нормативтік-техникалық
құжаттамаға сәйкес жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу;
      2) заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті мемлекеттік сараптамалардан өткен жобалық-сметалық құжаттамада көзделген көлемде және мөлшерде Атырау - Кеңқияқ - Құмкөл - Атасу - Алашанькоу бағыты бойынша магистральдық мұнай құбырлары жүйесін салу және қайта жаңарту үшін қажетті тауарлар, жұмыстар мен қызметтер:
      құбыр өнімі;
      тиекті арматура;
      сорғы жабдығы мен агрегаттары;
      термошөгінді манжеттер және оқшауландырғыш материалдар;
      дәнекерлеу материалдары мен жабдығы;
      тазалау қондырғыларын іске қосу және қабылдау камералары;
      темір-бетон бұйымдары;
      металл прокаты және металл конструкциялары;
      электр сымдары;
      жылжымалы және тұрақты дизельді электр станциялары;
      катодтық қорғау станциялары;
      бақылау, басқару және деректер жинау жүйесінің жабдығы;
      технологиялық жабдыққа арналған блок бокстар;
      талшықты-оптикалық кабель;
      байланыс жабдығы;
      периметральды қорғау жүйесінің жабдығы;
      өртке қарсы дабыл және өрт сөндіру жүйесінің жабдығы;
      күш және бақылау кабельдері;
      мұнайдың мөлшері мен сапасын коммерциялық есептеу тораптары;
      автоматтандырылған сынама алғыштар;
      жоғары вольтты жабық және ашық таратушы қондырғыларға арналған электр жабдығы;
      электр трансформаторлары;
      қысым реттегіштер;
      технологиялық фильтрлер;
      арнайы қорғау киімі мен аяқ киім;
      жанар-жағар май материалдары;
      АҚП-ға арналған арнайы машиналар, автокөлік техникасы;
      магистральдық мұнай құбыры объектілерін, жоғары вольтты желілерді, жолдарды, мұнай айдау станцияларын, сыртқы электрмен жабдықтауды және сумен жабдықтауды, технологиялық байланыс жүйесін, мұнай құбырын бақылау, басқару және деректер жинау жүйесін салу;
      3) жобалауды, тауарларды (материалдар мен жабдықтарды) жеткізуді және мұнай құбыры объектілерін салуды басқару және қадағалау;
      4) Атырау — Кеңқияқ - Құмкөл — Атасу - Алашанькоу бағыты бойынша магистральдық мұнай құбырлары жүйесін жобалауға, салуға және пайдалануға беруге байланысты консультациялық, оның ішінде заң және қаржы қызметтері.
      4. Қызметінің мәні «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қазақстандық бөлігінің инфрақұрылымын құру, дамыту және жұмыс істеуін қамтамасыз ету болып табылатын «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» акционерлік қоғамы 2005 жылғы 4 шілдеде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қызметін реттеу туралы келісімге сәйкес сатып алатын жұмыстар мен қызметтер:
      «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында мемлекеттік шекара арқылы өтетін арнайы өткелдің қазақстандық бөлігін жобалау мен салуға қажетті жұмыстар мен қызметтер.
      Ескерту. Тізбе 4-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 23.09.2011 № 1092 қаулысымен.
      5. Қызметінің мәні топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстарды жүргізу болып табылатын Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің «Қазгеодезия» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны 2001 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы мен Түркіменстан арасындағы Қазақстан-Түркіменстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау және оны демаркациялау процесі туралы шартты, 2001 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-өзбек мемлекеттік шекарасы туралы шартты, 2002 жылғы 9 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан-өзбек мемлекеттік шекарасының жекелеген учаскелері туралы шартты, 2001 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Қазақстан-қырғыз мемлекеттік шекарасы туралы шартты, 2002 жылғы 10 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-қытай мемлекеттік шекара сызығын демаркациялау туралы хаттаманы және 2005 жылғы 18 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасы туралы шартты іске асыру мақсатында сатып алатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер:
      Қазақстан Республикасының шектес мемлекеттермен мемлекеттік шекара сызығын делимитациялау және демаркациялау (редемаркациялау) жүргізу үшін қажетті жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер.
      Ескерту. Тізбе 5-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 02.08.2013 № 772 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2011 жылғы 31 қаңтардағы
№ 56 қаулысына   
қосымша       

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір
шешімдерінің тізбесі

      1. «Қазақстан Республикасының халықаралық келісімдеріне сәйкес жүзеге асырылатын қызметтің негізгі мәні бойынша оларды ұйымдардың сатып алуы мемлекеттік сатып алудың мәні болып табылмайтын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 9 қыркүйектегі № 948 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 34, 454-құжат).
      2. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 9 қыркүйектегі № 948 қаулысына толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 наурыздағы № 223 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 11, 106-құжат).
      3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 9 қыркүйектегі № 948 қаулысына толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 29 желтоқсандағы № 1320 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 50, 549-құжат).
      4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 9 қыркүйектегі № 948 қаулысына толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 6 қарашадағы № 1043 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 42, 491-құжат).