Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабы туралы

Қазақстан Респудликасы Үкіметінің 2010 жылғы 8 маусымдағы № 538 Қаулысы

Жаңартылған

      «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 12 желтоқсандағы Заңының 34-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабы (бұдан әрі - Даңқ Кітабы) тағайындалсын.
      2. Қоса беріліп отырған:
      Даңқ Кітабын жүргізу және сақтау ережесі;
      Даңқ Кітабының сипаттамасы бекітілсін.
      3. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Даңқ Кітабын қажеттілігіне қарай кейіннен дайындауды және оны «Назарбаев орталығы» көп функциялы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесіне беруді қамтамасыз етсін.
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.03.16 № 338 Қаулысымен.
      4. «Назарбаев орталығы» көп функциялы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – «Назарбаев орталығы») Даңқ Кітабын жүргізуге және сақтауға жауапты болып белгіленсін.
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.03.16 № 338 Қаулысымен.
      5. Қазақстан Республикасы Мәдениет, Байланыс және ақпарат министрліктері заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
      6. Осы қаулы 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 3 және 4-тармақтарды қоспағанда, алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2010 жылғы 3 маусымдағы
№ 538 қаулысымен  
бекітілген     

Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабын
жүргізу және сақтау ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабын жүргізу және сақтау ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 12 желтоқсандағы Заңының 34-бабына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабын (бұдан әрі - Даңқ Кітабы) жүргізу мен сақтаудың тәртібін белгілейді.
      2. Даңқ Кітабын жүргізуді және сақтауды «Назарбаев орталығы» көп функциялы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесі жүзеге асырады.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.03.16 № 338 Қаулысымен.
      3. Даңқ Кітабының жүргізілуі мен сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі жүзеге асырады.
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.03.16 № 338 Қаулысымен.

2. Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабын жүргізу және
сақтау тәртібі

      4. Даңқ Кітабын жүргізу ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісіне, «Отан» орденіне немесе «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденіне ие болған адамдарды марапаттау туралы жазбаларды Даңқ кітабына енгізуді қамтиды. Жазба мемлекеттік тілде жүргізіледі.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.02.24 № 176 Қаулысымен.
      5. Жоғары дәрежелі ерекшелік белгілері, «Отан» орденіне немесе «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденіне ие болған адамдар туралы ақпаратты (бұдан әрі – ақпарат) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі (келісім бойынша) жоғарыда көрсетілген мемлекеттік наградаларды беру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қабылданғаннан кейін
30 жұмыс күні ішінде кейінгі жылдың 1 наурызына дейін «Назарбаев орталығына» жібереді.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.03.16 № 338 Қаулысымен.
      6. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2012.03.16 № 338 Қаулысымен.
      7. «Назарбаев орталығы» кейінгі жылдың 1 мамырына дейін Даңқ Кітабына осы Ереженің 5-тармағында көзделген ақпаратты қамтитын марапатталған тұлғалар туралы жазба енгізеді.
      Даңқ Кітабына жазбаларды енгізу жылына бір рет жүргізіледі.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.03.16 № 338 Қаулысымен.
      8. Даңқ Кітабы «Назарбаев орталығының» мұражай қорына енгізіледі.
      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.03.16 № 338 Қаулысымен.
      9. Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабы «Назарбаев орталығында» жеке қойылған тұғырға орналастырылады.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.03.16 № 338 Қаулысымен.
      10. Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабын жоюға жол берілмейді.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2010 жылғы 3 маусымдағы
№ 538 қаулысымен  
бекітілген     

Қазақстан Республикасы Данқ Кітабының
сипаттамасы

Басылымның техникалық параметрлері

      1. Форматы - 60x90/4 (A3)
      2. Жолақтардың орналасуы - кітаптық
      3. Көлемі - 125 шартты баспа парақтары
      4. Мұқабасы - № 7 стандарт
      5. Мәтіннің ішкі бейнелілігі - 4+0
      6. Тілі - қазақ тілі

Басылымның көркемдік және техникалық безендірілуі

      Кітап жіптермен тігілген A3 (420x300 мм) форматындағы 500 беттен тұрады. Мұқабаның материалы - былғары немесе DEPAR (Италия) былғары орнына қолданылуы, түсі қоңыр-қызыл.
      Мұқабаның алдыңғы бетінің жоғарғы бөлігінде ортада Қазақстан Республикасы Елтаңбасының бейнесі, сол жағында мұқабаның түбіне жақын түссіз өрнекпен орындалған ою орналасқан. «Қазақстан Республикасының Даңк Кітабы» деген кітаптың атауы алтын өрнекпен мемлекеттік тілде орындалған.
      Форзацында тангирге жинақталған және алтын түстес бояумен басылған Қазақстан Республикасы Туының элементі орналасқан.
      Титулы Қазақстан Республикасының Туын бейнелей отырып, бес бояуда.
      Кітаптың ішкі бетінің әрқайсысының жоғарғы бөлігінде Аrіаl гарнитурымен 19-кегльмен басылған «Қазақстан Республикасы» деген мәтін орналасқан. Сол жағында 60x90 мм фотосуретке арналған жиектеме орналасқан.
      Кітаптың ішкі беттеріне арналған қағаз - TINTERETTO (Италия), 150 гр/2.
      Әрбір марапатталушыға 1 парақ бөлінеді, ол арнайы сиямен қазақ тілінде қолмен толтырылады.
      Қаптамасы DEPAR (Италия) былғары орнына қолданылушыдан жасалған. Мұқабаның алдыңғы бетінің жоғарғы бөлігінде ортада Қазақстан Республикасы Елтаңбасының бейнесі, сол жағында түссіз өрнекпен салынған ою орналасқан, «Қазақстан Республикасының Данқ Кітабы» деген мәтін алтын түстес хромдалған металл нақыштамамен орындалған.