Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабы туралы

Қазақстан Респудликасы Үкіметінің 2010 жылғы 8 маусымдағы № 538 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 12 желтоқсандағы Заңының 34-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабы (бұдан әрі - Даңқ Кітабы) тағайындалсын.
      2. Қоса беріліп отырған:
      Даңқ Кітабын жүргізу және сақтау ережесі;
      Даңқ Кітабының сипаттамасы бекітілсін.
      3. Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі Даңқ Кітабын дайындауды, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігіне беруді және қажеттілігіне қарай оны кейіннен дайындауды қамтамасыз етсін.
      4. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің «Президенттік мәдениет орталығы» мемлекеттік мекемесі Даңқ Кітабын жүргізу және сақтау үшін жауапты болып белгіленсін.
      5. Қазақстан Республикасы Мәдениет, Байланыс және ақпарат министрліктері заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
      6. Осы қаулы 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 3 және 4-тармақтарды қоспағанда, алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2010 жылғы 3 маусымдағы
№ 538 қаулысымен  
бекітілген     

Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабын
жүргізу және сақтау ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабын жүргізу және сақтау ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 12 желтоқсандағы Заңының 34-бабына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабын (бұдан әрі - Даңқ Кітабы) жүргізу мен сақтаудың тәртібін белгілейді.
      2. Даңқ Кітабын жүргізуді және сақтауды Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің «Президенттік мәдениет орталығы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Президенттік мәдениет орталығы) жүзеге асырады.
      3. Даңқ Кітабының жүргізілуі мен сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі жүзеге асырады.

2. Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабын жүргізу және
сақтау тәртібі

      4. Даңқ Кітабын жүргізу ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісіне, «Отан» орденіне немесе «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент! Нұрсұлтан Назарбаев» орденіне ие болған адамдарды марапаттау туралы жазбаларды Даңқ кітабына енгізуді қамтиды. Жазба мемлекеттік тілде жүргізіледі.
      5. Жоғары дәрежелі ерекшелік белгілері, «Отан» орденіне немесе «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденіне ие болған адамдар туралы ақпаратты (бұдан әрі - ақпарат) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі (келісім бойынша) жоғарыда көрсетілген мемлекеттік наградаларды беру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қабылданғаннан кейін 30 жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігіне жібереді және ол мынадай мәліметтерді қамтуы тиіс:
      1) тегі, аты, әкесінің аты;
      2) 6*9 см фотосурет;
      3) мемлекеттік награданың атауы;
      4) Қазақстан Республикасы Президент Жарлығының нөмірі және күні;
      5) жұмыс орны, лауазымы;
      6) марапатталған тұлға және оның жетістіктері туралы қысқаша мәліметтер.
      6. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі ағымдағы жылы алынған ақпаратты Президенттік мәдениет орталығына кейінгі жылдың 1 наурызына дейін жолдайды.
      7. Президенттік мәдениет орталығы марапатталған тұлғалар туралы кейінгі жылдың 1 мамырына дейін Даңқ Кітабына осы Ереженің 5-тармағында көзделген ақпаратты қамтитын жазба енгізеді.
      Даңқ Кітабына жазбаларды енгізу жылына бір рет жүргізіледі.
      8. Даңқ Кітабы Президенттік мәдениет орталығының мұражай қорына енгізіледі.
      9. Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабы Президенттік мәдениет орталығында жеке қойылған тұғырға орналастырылады.
      10. Қазақстан Республикасының Даңқ Кітабын жоюға жол берілмейді.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2010 жылғы 3 маусымдағы
№ 538 қаулысымен  
бекітілген     

Қазақстан Республикасы Данқ Кітабының
сипаттамасы

Басылымның техникалық параметрлері

      1. Форматы - 60x90/4 (A3)
      2. Жолақтардың орналасуы - кітаптық
      3. Көлемі - 125 шартты баспа парақтары
      4. Мұқабасы - № 7 стандарт
      5. Мәтіннің ішкі бейнелілігі - 4+0
      6. Тілі - қазақ тілі

Басылымның көркемдік және техникалық безендірілуі

      Кітап жіптермен тігілген A3 (420x300 мм) форматындағы 500 беттен тұрады. Мұқабаның материалы - былғары немесе DEPAR (Италия) былғары орнына қолданылуы, түсі қоңыр-қызыл.
      Мұқабаның алдыңғы бетінің жоғарғы бөлігінде ортада Қазақстан Республикасы Елтаңбасының бейнесі, сол жағында мұқабаның түбіне жақын түссіз өрнекпен орындалған ою орналасқан. «Қазақстан Республикасының Даңк Кітабы» деген кітаптың атауы алтын өрнекпен мемлекеттік тілде орындалған.
      Форзацында тангирге жинақталған және алтын түстес бояумен басылған Қазақстан Республикасы Туының элементі орналасқан.
      Титулы Қазақстан Республикасының Туын бейнелей отырып, бес бояуда.
      Кітаптың ішкі бетінің әрқайсысының жоғарғы бөлігінде Аrіаl гарнитурымен 19-кегльмен басылған «Қазақстан Республикасы» деген мәтін орналасқан. Сол жағында 60x90 мм фотосуретке арналған жиектеме орналасқан.
      Кітаптың ішкі беттеріне арналған қағаз - TINTERETTO (Италия), 150 гр/2.
      Әрбір марапатталушыға 1 парақ бөлінеді, ол арнайы сиямен қазақ тілінде қолмен толтырылады.
      Қаптамасы DEPAR (Италия) былғары орнына қолданылушыдан жасалған. Мұқабаның алдыңғы бетінің жоғарғы бөлігінде ортада Қазақстан Республикасы Елтаңбасының бейнесі, сол жағында түссіз өрнекпен салынған ою орналасқан, «Қазақстан Республикасының Данқ Кітабы» деген мәтін алтын түстес хромдалған металл нақыштамамен орындалған.