Тұжырымдама, доктрина әзірлеу ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 14 сәуірдегі № 305 Қаулысы

Жаңартылған

      «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы № 827 Жарлығын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Тұжырымдама, доктрина әзірлеу ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2010 жылғы 14 сәуірдегі
№ 305 қаулысымен    
бекітілген      

Тұжырымдама, доктрина әзірлеу ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Тұжырымдама, доктрина әзірлеу ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 18 маусымдағы № 827 Жарлығына сәйкес әзірленді және тұжырымдама, доктрина әзірлеу тәртібін айқындайды.
      2. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) тұжырымдама - бұл белгілі бір аяны, саланы (салаларды) дамытудың пайымын, тиісті мемлекеттік саясаттың негіздемесін көрсететін және оны іске асырудың негізгі принциптері мен ұстанымдарын қамтитын құжат.
      2) доктрина - бұл белгілі бір мәселе бойынша көзқарастар жүйесін, саяси принциптердің жиынтығын айқындайтын құжат.
      3. Тұжырымдама мен доктрина Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша әзірленеді.
      4. Тұжырымдаманы, доктринаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік органды Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды. Тұжырымдаманы, доктринаны әзірлеуді бірнеше мемлекеттік орган жүзеге асыруы мүмкін.
      5. Тұжырымдама, доктрина әзірлену сатысында барлық мүдделі мемлекеттік органдармен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімде келісілуі тиіс.
      6. Тұжырымдама, доктрина әзірлеу ғылыми-зерттеу ұйымдары, ғалымдар, сарапшылар, түрлі білім саласындағы мамандар тартыла отырып жүзеге асырылады.
      7. Әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган тұжырымдаманы, доктринаны әзірлеу сатысында құпиялық режимді және қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияның қорғалуын қамтамасыз етуді ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында және интернет-ресурстарда мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастыруы тиіс.

2. Тұжырымдаманы әзірлеу тәртібі

2.1. Тұжырымдаманы әзірлеуге қойылатын талаптар

      8. Тұжырымдама мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс:
      1) өзекті проблемаларға негізделу және экономикалық, әлеуметтік, саяси, құқықтық және өзге де салалардағы жалпыұлттық және салааралық сипаттағы нақты міндеттерді шешуге бағдарлану;
      2) социологиялық, статистикалық, сараптамалық және өзге де ақпаратты талдауға негізделу, жоспарлы кезеңнің соңында белгілі бір саланың (салалардың) даму деңгейінің пайымын көрсету, тиісті мемлекеттік саясатты негіздеу, белгілі бір саланы (салалардың) дамытудың жоспарланған деңгейіне қол жеткізудің негізгі принциптері мен жалпы ұстанымдарын көрсету;
      3) Қазақстан Республикасында қолданылуы мүмкін ұқсас міндеттерді шешу жөніндегі әлемдік практиканың оң тәжірибесіне шолуды қамту;
      4) мақсаттарды, міндеттерді, жалпы ұстанымдарды, іске асыру құралдарын және күтілетін нәтижелерді айқындау.
      9. Ережелері, мақсаттары мен міндеттері қолданыстағы тұжырымдамалардың, стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының немесе өзге де нормативтік-құқықтық актілердің ережелерін, мақсаттарын және міндеттерін қайталайтын тұжырымдама әзірлеуге жол берілмейді.
      9-1. Егер Тұжырымдамада немесе доктринада реттегіш құралды және онымен байланысты талаптарды енгізу немесе жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттеуді қатаңдатуды жүзеге асыру көзделетін жағдайда, кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен реттеушілік әсерді талдау рәсімі алдын ала жүргізіледі.
      Реттеушілік әсерді талдау нәтижелері реттеуші мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында орналастырылады.
      Ескерту. 9-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 24.04.2015 № 288 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2.2. Тұжырымдаманың құрылымы

      10. Тұжырымдама ағымдағы ахуалды талдауды, аяны, саланы (салаларды) дамытудың үрдістері мен пайымын қамтиды; аяны, саланы (салаларды) дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдерін ашып көрсетеді; олар арқылы тұжырымдаманы іске асыру болжанып отырған нормативтік құқықтық актілердің тізбесін көздейді.
      Тұжырымдамада түйінді проблемалар бөліп көрсетіледі, осы тұжырымдаманың қажеттігінің негіздемесі келтіріледі, тұжырымдаманың мақсаттары, міндеттері, орындалу кезеңі және тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер айқындалады.
      Тұжырымдаманың мақсаттары түйінді проблемаларды шешу қажеттігінен қалыптастырылады және соған негізделеді, аяны, саланы (салаларды) дамыту пайымын көрсетеді және оң нәтижеге бағытталуы тиіс.
      Міндеттер белгіленген мақсаттарға қол жеткізудің жолдарын айқындайды.
      Тұжырымдаманы іске асыру кезеңі оның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізудің болжамды мерзімін сипаттайды.
      Күтілетін нәтижелер тұжырымдаманы іске асыру нәтижесіне қол жеткізілуі тиіс оң өзгерістерді сипаттайды, сондай-ақ сапалы өзгеруіне ықпал етуі тиіс индикаторларды айқындайды.
      Күтілетін нәтижелер бақыланатын және тексерілетін, саны мен сапалық жағынан өлшенетін, абсолютті және/немесе салыстырмалы шамаларда көрсетілуі тиіс.
      Тұжырымдамада қолданылған терминдер мен анықтамаларды нақтылау қажет болған кезде, олардың мағынасын түсіндіретін кіші бөлім көзделуі мүмкін.
      Болған жағдайда, тұжырымдамада Қазақстан Республикасының жағдайына бейімделуі мүмкін ұқсас мәселелерді шешу жөніндегі әлемдік практиканың оң тәжірибесіне шолу келтіріледі.
      Тұжырымдамада аяны, саланы (салаларды) дамытудың жалпы тәсілдері, негізгі қағидаттары мен тетіктері көрсетіледі.
      Тәсілдер белгіленген міндеттерді шешудің неғұрлым тиімді амалдары мен әдістерін айқындайды.
      Олар арқылы тұжырымдаманы іске асыру болжанып отырған мемлекеттік және салалық бағдарламалар, аумақтарды дамыту бағдарламалары, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары, заңдар іске асыру құралдары болады.
      Тұжырымдамада оларды орындаудың болжамды мерзімдері көрсетіле отырып, сол арқылы тұжырымдаманың мақсаттарына қол жеткізу және міндеттерін шешу болжанатын қолданыстағы және сол сияқты әзірленуі жоспарланып отырған стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары мен Қазақстан Республикасы заңдарының тізбесі келтіріледі. Бұл ретте әрбір міндеттің шешілуі, тұжырымдаманың әрбір күтілетін нәтижесіне қол жеткізу қандай құжат арқылы қамтамасыз етілетіні көрсетілуі тиіс.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.12.2013 № 1354 қаулысымен.
      11. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 20.12.2013 № 1354 қаулысымен.
      12. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 20.12.2013 № 1354 қаулысымен.
      13. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 20.12.2013 № 1354 қаулысымен.

3. Доктрина әзірлеу тәртібі

3.1. Доктрина әзірлеуге қойылатын талаптар

      14. Доктрина жалпыұлттық ұстанымдарды, жалпы көзқарастарды, қауіпсіздік, сыртқы және ішкі саясат саласындағы, сондай-ақ ел дамуының қоғамдық мәні бар мәселелері жөніндегі мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағытын тұжырымдау мақсатында әзірленеді.
      Доктрина мемлекеттік саясатты жүргізудің мақсатын, негізін қалаушы қағидаттары мен нысандарын айқындайды және Қазақстан Республикасының тұжырымдамалары, стратегиялық немесе бағдарламалық құжаттары, мемлекеттік органдарының стратегиялық жоспарлары, заңдары Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары арқылы іске асырылады.

3.2. Доктрина құрылымы

      15. Доктрина құрылымы мынадай бөлімдерден тұрады:
      1) кіріспе;
      2) ағымдағы жағдайды талдау;
      3) негізгі ережелер;
      4) қорытынды.
      16. «Кіріспе» бөлімінде доктринаны әзірлеу негіздемесі мен қажеттілігі көрсетіледі, доктринаның мәні ашылады.
      Доктринада пайдаланылатын терминдер мен анықтамаларды нақтылау қажет болса олардың мағынасын түсіндіретін кіші бөлім көзделуі мүмкін.
      17. «Ағымдағы жағдайды талдау» бөлімінде белгілі салаларда қолданыстағы мемлекеттік саясаттың көзқарастарының, қағидаттары мен бағыттарының белгіленген жүйесін талдау көрсетіледі.
      18. «Негізгі ережелер» бөлімінде мемлекеттік саясаттың мақсаты, қағидаттары, оны жүргізу тәсілдерінің бағыты мен нысандары айқындалады, сондай-ақ оларды таңдау негіздемесі келтіріледі.
      Доктринаның мақсаты нақты мәселедегі істің түпкілікті қалаулы жай-күйін көрсетуі тиіс.
      Доктринаның қағидаттары мемлекеттік саясаттың ұсынылған бағытын іске асыру негіздері мен ережелерін белгілейді.
      Мемлекеттік саясаттың бағыттары мемлекеттік саясаттың бағытын, бағдарын, таңдауын айқындайды.
      Мемлекеттік саясатты жүргізу тәсілдері мен нысандары қойылған мақсатқа қол жеткізудің ұсынылған (ықтимал) жолдарын айқындайды.
      19. «Қорытынды» бөлімінде доктринаны іске асыру нәтижесінде ел мен қоғамды дамытуда күтілетін оң өзгерістерді көрсете отырып, жалпы қорытынды қамтылады.