Концессиялық жобаларды ұсыну, қарау және іріктеу, концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу, бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен концессиялық жобаларға мониторинг жүргізу және олардың іске асырылуын бағалау және мемлекет кепілгерліктерін беру немесе лимит көлемін ұлғайту үшін концессиялық жобаларды іріктеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 10 желтоқсандағы № 1343 Қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 155-4158 және 230-баптарына және «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 8-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Концессиялық жобаларды ұсыну, қарау және іріктеу қағидасы;
      2) Концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу қағидасы;
      3) Бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен концессиялық жобаларға мониторинг жүргізу және олардың іске асырылуын бағалау қағидасы;
      4) Мемлекет кепілгерліктерін беру немесе лимит көлемін ұлғайту үшін концессиялық жобаларды іріктеу қағидасы бекітілсін.
      2. «Концессияға берілуі мүмкін объектілер бойынша ұсыныстарды беру, қарау және іріктеу мен концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу ережелерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 6 қазандағы № 921 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 40, 436-құжат) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
           Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің         
2010 жылғы 10 желтоқсандағы
№ 1343 қаулысымен    
бекітілген        

Концессиялық жобаларды ұсыну, қарау және іріктеу қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Концессиялық жобаларды ұсыну, қарау және іріктеу қағидасы (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің (бұдан әрі - Заң) 155-4-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді.
      2. Қағида концессиялық жобаларды ұсынуды, қарауды және іріктеуді ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
      3. Осы Қағидада мынадай ұғымдар қолданылады:
      1) концессиялық ұсыныс - концессиялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін одан әрі дайындау мақсатында мемлекеттік орган әзірлейтін тиісті іс-шаралардың жиынтығын қоса алғанда, концессиялық жобаның мақсатын, оған қол жеткізу жолдарын көрсететін тұжырымдамасы;
      2) концессиялық ұсыныстың салалық сараптамасы - саланы дамыту тұрғысынан тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органының орталық мемлекеттік немесе облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы әзірлеген концессиялық ұсыныстарды бағалау;
      3) техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзірлеуге арналған техникалық тапсырма - концессиялық жобаның ТЭН-іне қойылатын талаптарды, оны әлеуетті әзірлеушіге қойылатын біліктілік талаптарын айқындайтын, сондай-ақ ТЭН әзірлеу жөніндегі жұмыстардың көлемін және осы жұмыстардың орындалу мерзімін регламенттейтін құжат;
      4) республикалық жоба – "Концессия туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 12-бабына сәйкес іске асырылатын концессиялық жоба;
      5) жергілікті жоба - "Концессия туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңының 13-бабына сәйкес іске асырылатын концессиялық жоба.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.05.10 N 600 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      4. Орта мерзімді кезеңге концессияға беруге ұсынылатын объектілердің тізбесін (бұдан әрі - тізбе) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына тарататын мерзімді баспа басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде ресми жариялануға тиіс.

2. Концессиялық ұсыныстарды беру тәртібі

      5. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органдары және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары объектілер бойынша концессиялық ұсыныстарды жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстарын ескере отырып қалыптастырады.
      6. Жеке және заңды тұлғалар объектілерді концессияға беру жөніндегі ұсыныстарды жеке бастама тәртібімен:
      республикалық меншікке жататын концессия объектілері бойынша - тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органдарына;
      тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің коммуналдық меншігіне жататын концессия объектілері бойынша - облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдарына енгізеді.
      7. Жеке және заңды тұлғалар еркін жазбаша нысанда жобаның әлеуметтік-экономикалық қажеттілігін көрсететін мақсатын қамтитын жоба туралы қысқаша ақпаратты енгізеді.
      8. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы республикалық меншікке жататын және Қазақстан Республикасының «Концессиялар туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 16-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген объектілер бойынша ұсыныстарды республикалық меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісуі тиіс.
      9. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары концессиялық ұсыныстарды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жібереді.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.05.10 N 600 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      10. Концессиялық ұсыныс мыналарды қамтиды:
      1) концессиялық ұсынысты әзірлеуші мемлекеттік органның атауы;
      2) концессияға беруге ұсынылатын объектінің атауы;
      3) концессиялық жобаны іске асыру мақсаты;
      4) концессиялық жобаны іске асыру жоспарланған экономика саласының атауы;
      5) концессия шарты шеңберінде концессионерге ұсынылатын жұмыстарды (тауарларды, көрсетілетін қызметтерді) түпкі тұтынушыларға арналған концессиялық жобаны іске асырудың болжамды әлеуметтік-экономикалық тиімділігі;
      6) жобаны іске асыру (негізгі әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштер, экономикалық көрсеткіштер, өнеркәсіптік жай-күйі жоспарланып отырған өңірдің және елді мекеннің сипаттамасы;
      7) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын ескере отырып, концессия схемасы бойынша жобаны іске асыру қажеттілігі мен мүмкіндігінің негіздемесі;
      8. концессияға беруге ұсынылған объектінің құқықтық мәртебесі (теңгерім ұстаушы);
      9) Концессиялық жобаның Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқықтық актілерінде, өңірдің, саланың әлеуметтік-экономикалық даму мақсаттары мен міндеттеріне, белгіленген орта мерзімді даму жоспарына сәйкестігінің негіздемесі;
      10) концессиялық жобаны іске асыру нәтижесінде құрылатын объектінің жоспарланатын нақты параметрлер мен техникалық сипаттамасы;
      11) жобаның техникалық шешімдері бойынша ұсыныстар;
      12) концессиялық жобаның жоспарланатын өндірістік қуаты;
      13) концессияға берілуі мүмкін объектіні салу (қайта жаңарту) және пайдаланудың жоспарланған мерзімі;
      14) объектінің орналасқан жері туралы мәлімет, сондай-ақ жер учаскесінің (учаскелердің) объектіні салу (қайта жаңарту) және пайдалануға қажетті сипаттамасы;
      15) қолда бар инженерлік-көлік инфрақұрылымы (теміржол магистралі, автомобиль жолдары, құбырлар, электр- және жылу желілері, су құбыры, газ құбыры және басқа инфрақұрылым) туралы, сондай-ақ жобаны іске асыруға қажетті ақпарат;
      16) жобаны іске асыруға тартылатын жылжымайтын мүлік объектілерінің (егер осындай болса) құрамы және құқықтық мәртебесі туралы мәлімет;
      17) енгізу жоспарланатын технологиялық инновациялар туралы мәлімет;
      18) объектіні салуға немесе қайта жаңартуға және пайдалануға көзделіп отырған болжамды инвестициялық шығындардың жоспарланған жалпы көлемі;
      19) жобаны іске асыруға ұсынылатын қаржыландыру көздері мен құрылымы;
      20) концессионер қызметін мемлекеттік қолдаудың болжамды көлемі мен түрлері;
      21) инфрақұрылымдық облигациялар бойынша мемлекет кепілдіктері мен мемлекет кепілгерліктері бойынша лимиттерді ескере отырып, жобаны дайындау және іске асыру үшін бөлінуі мүмкін бюджет қаражат туралы мәлімет;
      22) жоба бойынша кірістің болжамды көздері туралы мәлімет;
      23) жобаның негізгі қатысушылары туралы ақпарат және өзара қатынастардың заңдық құрылымы;
      24) негізгі тәуекелдерді бөлу схемасы;
      25) осы салада ұқсас жобаларды іске асыру туралы ақпарат;
      26) ұқсас жобаларды дайындау және/немесе іске асыру саласында өтінім беруші мемлекеттік органның тәжірибесінің болуы туралы ақпарат;
      27) инвестициялар тарту мүмкіндігі туралы ақпарат;
      28) жобаны іске асырудың басқа мүмкін схемаларымен (бюджеттік қаржыландыру, мемлекеттік қарыз және т.б.) салыстырғанда жобаны іске асырудың ең оңтайлы схемасы ретінде концессия схемасы бойынша жобаны іске асыру негіздемесі;
      29) тиісті сипаттамасы бар жоба алаңының схема-картасы;
      30) жобаны іске асыру кезінде міндетті сақтау үшін әлеуетті концессионерге қойылатын талаптар;
      31) жобаны іске асырудың жоспарланған кестесі;
      32) ұсынылған концессиялық ұсынысты жан-жақты және толық бағалау үшін өтінім беруші мемлекеттік органның пікірінше, өзге де қажетті материалдар мен мәліметтер.
      11. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы концессиялық  ұсыныстың салалық сараптамасын жүргізеді.
      Концессиялық ұсыныстың салалық сараптамасын тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органының бірінші басшысы немесе оны ауыстыратын адам бекітеді.
      12. Концессиялық жобалардың салалық сараптамасы:
      1) саланың одан әрі дамуына әсер ететін ағымдағы жағдайының проблемаларын;
      2) концессиялық жоба мақсаттарының салада бар проблемалардың шешілуіне сәйкестігін;
      3) концессионер мен концессионер ұсынатын тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) тұтынушылар мүдделерінің теңгерімділігін қамтамасыз ету қағидатын негізге алып, балама нұсқаларды;
      4) концессиялық жоба іске асырылған және мұндай іске асыру болмаған жағдайда саланың ахуалын;
      5) концессиялық жобаны іске асырудан түсетін пайданы бөлуді бағалауды;
      6) концессиялық жобаны іске асырудан экономиканың аралас салаларын болжамды мультипликативтік әсерін қамтиды.
      13. Концессиялық ұсыныс:
      1) салалық сараптаманың оң қорытындысы;
      2) концессиялық жобаның ТЭН-ін әзірлеуге немесе түзетуге жобаның техникалық тапсырмасы;
      3) концессиялық жобалардың ТЭН-ін әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ омарға қажетті сараптамалар жүргізу құнының есебі қоса беріліп мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жіберіледі.
      Республикалық меншікке жататын объекті бойынша концессиялық ұсынысқа концессиялық ұсынысты республикалық меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті органмен келісуді растайтын құжат қоса беріледі.
      14. Концессиялық жобаның ТЭН-ін әзірлеу немесе түзету және оған сараптамалар жүргізу құнын негіздеу үшін концессиялық жобаның ТЭН-ін әзірлеудің болжанып отырған құны туралы ақпарат және концессиялық жобаның ТЭН-ін әзірлеудің көрсетілген құнын негіздейтін деректер ұсынылады.

3. Концессиялық ұсыныстарды қарау және іріктеу тәртібі

      Ескерту. 3-тарау жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.05.10 N 600 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      15. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган концессиялық ұсыныстар сараптамасын жүргізу үшін концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымды тартады.
      Сараптама концессиялық ұсыныстар концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымға түскен күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
      16. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган концессиялық ұсыныстардың сараптама қорытындысын концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымнан түскен сәттен бастап он жұмыс күні ішінде, егер жоба республикалық болса, тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органына, сондай-ақ егер жоба жергілікті болса, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарына жібереді.
      17. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган концессиялық ұсыныс сараптамасының оң қорытындысының негізінде республикалық жобаға концессиялық ұсыныстар бойынша әзірлеу немесе түзету қорытындысын, сондай-ақ республикалық жобалардың ТЭН-нің қажетті сараптамаларын жүргізуді қалыптастырады және Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
      18. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган концессиялық ұсыныс сараптамасының оң қорытындысының негізінде жергілікті жобаға концессиялық ұсыныстар бойынша әзірлеу немесе түзету қорытындысын, сондай-ақ жергілікті жобалардың ТЭН-нің қажетті сараптамаларын жүргізуді қалыптастырады және тиісті бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
      19. Концессиялық ұсыныстарда қамтылған бюджеттік комиссиялар мақұлдаған концессиялық жобалар бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті орган ТЭН-ді әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ қажетті сараптамалар жүргізу мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органның тиісті бөлінетін бюджеттік бағдарламасының қаражаты есебінен жүзеге асырылатын концессиялық жобалардың тізбесін қалыптастырады.
      20. Концессиялық жобалардың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді немесе түзетуді қаржыландыру мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық немесе жергілікті уәкілетті органның тиісті бөлінетін бюджеттік бағдарламасының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      Концессиялық жобалардың ТЭН-ін әзірлеуді немесе түзетуді қаржыландыруға бөлінетін бюджеттік бағдарламаның қаражаты осы Қағиданың 15-тармағына сәйкес концессия мәселелері бойынша мамандандырылған ұйым сараптамасының оң қорытындысы, сондай-ақ тиісті бюджет комиссиясының шешімі негізінде бюджеттік бағдарламалардың әр түрлі әкімшілері арасында қаржы жылы ішінде бөлінуге жатады.
      21. Тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органы және облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары концессиялық жобаның ТЭН-ін әзірлеуді немесе түзетуді және сараптауды қамтамасыз етеді.
      Концессиялық жобаның техникалық шешімдердің өзгеруіне және қосымша шығыстарға әкеп соғатын белгіленген техникалық-экономикалық параметрлері өзгерген жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кейіннен қажетті сараптамаларды жүргізу арқылы ТЭН-ге түзету жүргізіледі.
      Әзірленген немесе түзетілген техникалық-экономикалық негіздеменің қажетті сараптамаларын жүргізгеннен кейін тиісті саладағы уәкілетті мемлекеттік орган оны экономикалық сараптама жүргізу үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
      22. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган концессиялық жоба ТЭН-нің экономикалық сараптамасын жүргізу үшін концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымды тартады.
      23. ТЭН-ге экономикалық сараптама оны концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымға ресми тапсырған күннен бастап 45 (қырық бес) жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
      24. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган егер жоба республикалық болса, әзірленген немесе түзетілген техникалық-экономикалық негіздеменің экономикалық сараптамасының қорытындысын тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органына, сондай-ақ егер жоба жергілікті болса, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарына жібереді.
      25. Концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымның  ТЭН-нің экономикалық сараптамасының оң қорытындысы негізінде мемлекет тарапынан қоса қаржыландыруды талап ететін концессиялық жобалар бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган:
      1) орта мерзімді кезеңге концессияға ұсынылатын объектілердің тізбесіне концессиялық жобаларды енгізеді;
      2) концессиялық жобаларды республикалық меншікке жататын объектілерге қатысты Концессия жөніндегі комиссияға енгізеді;
      3) концессиялық жобалар бойынша қорытынды қалыптастырады және Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
      26. Концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымның ТЭН-нің экономикалық сараптамасының оң қорытындысы негізінде мемлекет тарапынан қоса қаржыландыруды талап ететін концессиялық жобалар бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті атқарушы орган:
      1) коммуналдық меншікке жататын концессия объектілеріне қатысты концессиялық жобаларды Концессия жөніндегі комиссияға енгізеді;
      2) концессиялық жобалар бойынша қорытынды қалыптастырады және тиісті бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
      27. Тізбені мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган техникалық-экономикалық негіздеменің экономикалық сараптамасының нәтижелерін ескере отырып және республиканы дамытудың стратегиялық жоспарларына, республикалық бюджеттің инвестициялық мүмкіндіктеріне сәйкес жыл сайын үш жыл мерзімге жылжымалы негізде қалыптастырылады.
      Тізбені қалыптастыру кезінде Заңның 14-бабына сәйкес ұсынылатын концессионерді мемлекеттік қолдаудың түрлері мен көлемін ұсыну жөніндегі мемлекеттік бюджеттің мүмкіндіктері ескеріледі.
      28. Тізбе екі бөлімнен тұрады:
      1) жақсаруы мен пайдаланылуы концессия шарты негізінде жүзеге асырылатын мемлекеттік меншіктің қолданыстағы объектілері;
      2) құрылысы мен пайдаланылуы концессия шарттары негізінде жүзеге асырылатын объектілер.
      29. Тізбеге енгізілмеген объектілер бойынша тиісті хабарламалар тиісті ұсыныстарды ұсынған мемлекеттік органдарға олардың қабылданбауының дәлелді негіздемесімен бірге жіберіледі.
      30. Тізбе жоспарланатын орта мерзімді кезеңнің алдындағы жылдың үшінші тоқсанынан кешіктірмейтін мерзімде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізіледі.
      31. Тізбеге енгізілген және концессияға берілмеген концессия объектілерін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган келесі орта мерзімді кезеңге қалыптастырылатын тиісті тізбеге енгізеді.

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің         
2010 жылғы 10 желтоқсандағы
№ 1343 қаулысымен    
бекітілген        

Концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу қағидасы (бұдан әрі - Қағида) «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленген.
      2. Қағида концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу тәртібін анықтайды.
      3. Алдағы орта мерзімді кезеңге концессияға беруге ұсынылатын объектілердің Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбесі (бұдан әрі - тізбе) негізінде Тізбеге енгізілген объектілерді концессияға беру жөнінде конкурс өткізіледі.
      4. Мыналар концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты ұйымдастырушы (бұдан әрі - конкурсты ұйымдастырушы) болып табылады:
      1) республикалық меншікке жататын концессия объектілеріне қатысты - тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік орган;
      2) коммуналдық меншікке жататын концессия объектілеріне қатысты - облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы.
      5. Концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізу кезінде концессиялық ұсыныстарды, конкурстық құжаттаманы, конкурсқа қатысушылар ұсынған концессиялық өтінімдерді және концессия шарттарының жобаларын сараптауға қойылатын талаптарды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

2. Концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты жариялауды
ұйымдастыру тәртібі

      6. Тізбеге енгізілген объектілер бойынша концессионерді таңдау концессиялық жобалар бойынша ашық конкурс өткізу жолымен жүзеге асырылады.
      7. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманың әзірленуін қамтамасыз етеді.
      8. Конкурстық құжаттаманың мазмұны және оны әлеуетті концессионерлерге беру шарттары, сондай-ақ әлеуетті концессионерлерге қойылатын біліктілік талаптары Заңның 17 және 18-баптарына сәйкес айқындалады.
      9. Конкурсты ұйымдастырушы қажет болған жағдайда конкурстық құжаттаманы, концессия шартының жобасын әзірлеу, тиісті конкурстық өтінімдегі ұсынылған концессиялық өтінімдерді тәуелсіз бағалау, сондай-ақ әлеуетті концессионерлермен келіссөздерге қатысу үшін тәуелсіз сарапшыларды тартуға құқылы.
      10. Тәуелсіз сарапшыларды тарту үшін конкурсты ұйымдастырушы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға концессиялық жобаны Консультациялық сүйемелдеу жөнінде қызметтерді қаржыландыру арналған өтінімді жолдайды.
      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган концессиялық жобаларды консультациялық сүйемелдеу жөнінде қызметтер көрсетуге арналған қорытындыны тиісті бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
      Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бюджет комиссиялары мақұлдаған әрбір концессиялық жобаны консультациялық сүйемелдеу жөніндегі қызметтерді қаржыландыру көлемі бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның тиісті бөлінетін бюджеттік бағдарламасының қаражаты есебінен жүзеге асырылатын концессиялық жобаларды консультациялық сүйемелдеу жөніндегі қызметтердің тізбесін қалыптастырады.
      Концессиялық жобаларды консультациялық сүйемелдеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіпте жүзеге асырылады
      11. Конкурсты ұйымдастырушы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдарға конкурстық құжаттаманы келісуі ұсынады.
      12. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган конкурстық құжаттамаға сараптама жүргізу, оның ішіндегі оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымды тартады.
      Концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйым конкурстық құжаттаманы ұсынған күннен бастап жиырма жұмыс күннің ішінде оған сараптама жасайды, оның ішіндегі оған өзгерістер мен толықтыруларды енгізген жағдайда.
      13. Конкурстық құжаттаманы конкурсты ұйымдастырушы бекітеді.
      14. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында конкурсты өткізу туралы ақпаратты жариялау міндетті болып табылады.
      Конкурс өткізу туралы ақпарат концессия объектілері туралы, конкурсты ұйымдастырушыға табыс ету үшін қажетті құжаттардың тізбесі туралы мәліметтерді, конкурс жарияланған объектінің сипатына қарай әлеуетті қатысушыларға қойылатын талаптарды, конкурсты өткізу орны, уақыты мен күні туралы мәліметті қамтуға тиіс.
      Конкурсты ұйымдастырушы конкурс өткізу туралы ақпаратты конкурсты өткізу күніне дейін күнтізбелік алпыс күн бұрын, ал қайта конкурс өткізу кезінде - күнтізбелік отыз күн бұрын Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде міндетті түрде жариялайды.

3. Конкурстық құжаттаманы және конкурстық өтінімдері бар
конверттерді ұсыну тәртібі

      15. Конкурсты ұйымдастырушы табыс етілген конкурстық құжаттама үшін конкурстық құжаттаманың көшірмесін жасауға жұмсалған нақты шығындардан аспайтындай ақы алуға құқылы.
      16. Әлеуетті концессионер конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру туралы сауал жіберуге құқылы, бірақ ол конкурстық өтінімдерді табыс етудің түпкілікті мерзімі аяқталғанға дейінгі күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмеуге тиіс.
      Конкурсты ұйымдастырушы сауал тіркелген кезден бастап үш күн мерзімде оған жауап қайтаруға және сауалдың кімнен түскенін көрсетпей-ақ, конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы табыс еткен барлық әлеуетті концессионерлерге осындай түсіндірмені хабарлауға міндетті.
      Қайта конкурс өткізу кезінде әлеуетті концессионер конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру туралы сауал жіберуге құқылы, бірақ ол конкурстық өтінімдерді табыс етудің түпкілікті мерзімі аяқталғанға дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмеуге тиіс.
      17. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық өтінімді табыс етудің түпкілікті мерзімі аяқталғанға дейінгі күнтізбелік жиырма күннен кешіктірмей, ал қайта конкурс өткізу кезінде күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде өз бастамасымен немесе әлеуетті концессионердің сауалына жауап ретінде хаттама ресімдеу арқылы конкурстық құжаттамаға өзгерістер енгізуге құқылы.
      Енгізілген өзгерістердің міндетті күші болады және конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы табыс еткен барлық әлеуетті концессионерлерге осы өзгерістер туралы дереу хабарланады.
      Бұл ретте конкурсты ұйымдастырушы әлеуетті концессионерлер осы өзгерістерді конкурстық өтінімдерде есепке алуы үшін конкурстық өтінімдерді табыс етудің түпкілікті мерзімін кемінде күнтізбелік отыз күнге, ал қайта конкурс кезінде кемінде күнтізбелік он бес күн мерзімге ұзартады.
      18. Конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру үшін конкурстық құжаттамада көрсетілген белгілі бір орында және тиісті уақытта ықтимал концессионерлермен кездесу өткізуге құқылы.
      Бұл ретте конкурсты ұйымдастырушы онда дерек көздері көрсетілмеген конкурстық құжаттаманы түсіндіру туралы осы кездесу барысында берілген сауалдар, сондай-ақ осы сауалдарға жауаптар қамтылатын хаттама жасайды.
      Хаттама дереу тиісті концессия жөніндегі комиссияға және конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы табыс еткен барлық әлеуетті концессионерлерге жіберіледі.
      19. Конкурстық құжаттамада көрсетілген ұсынудың түпкілікті мерзімі өткеннен кейін түскен конкурсқа қатысуға арналған өтінімі бар конвертті не конкурсқа қатысуға өтінімнің құрамдас бөлігі болып табылатын құжаттарды және (немесе) материалдарды ұсынуға жол берілмейді.
      20. Егер белгіленген мерзімде конкурсты ұйымдастырушыға конкурстық өтінімдер келіп түспесе не конкурсқа қатысуға бір өтінім келіп түскен болса, онда осы концессия объектісі бойынша үшінші және одан кейінгі конкурстарды қоспағанда, конкурс өткізілмеген болып есептеледі.
      21. Конверттегі конкурстық өтінімдер концессионерді таңдау жөніндегі конкурсқа қатысушыларға қайтарылмайды.
      22. Алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2012.05.10 N 600 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

4. Концессиялық өтінімдерді қарау және іріктеу тәртібі

      Ескерту. 4-тарау жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.05.10 N 600 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      23. Комиссиялық өтінімдерді қарау мен іріктеуді:
      1) республикалық меншікке жататын концессия объектілеріне қатысты - Қазақстан Республикасының Үкіметі құратын және төраға – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі басқаратын;
      2) тиісті жергілікті атқарушы органның коммуналдық меншігіне жататын концессия объектілеріне қатысты - облыстың (республикалық маңызы бар қалаланың, астананың) тиісті жергілікті атқарушы органы құратын және төраға – тиісті облыстың әкімі басқаратын Концессия жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) жүзеге асырады.
      24. Конкурсты тиісті ұйымдастырушы Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
      25. Комиссия хатшысы конкурсты ұйымдастырушыны отырысқа дейін кемінде күнтізбелік бес күннен кешіктірмей Комиссия отырысының мерзімі, уақыты мен өтетін орны туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.
      26. Комиссия конкурстық өтінімдері бар конверттерді конкурстық құжаттамада көрсетілген мерзімде, уақытта және орында ашады.
      Конкурсты ұйымдастырушыға Комиссияның кворумы болмаған жағдайда немесе Комиссия төрағасының не оны ауыстыратын тұлғаның шешімімен конкурстық өтінімдерді ашуды өткізу орны, уақыты және күні туралы конкурстық құжаттамаға өзгерістер енгізуге рұқсат етіледі.
      Енгізілген өзгерістердің міндетті күші бар және олар туралы конкурсты ұйымдастырушы конкурстық құжаттаманы ұсынған барлық әлеуетті концессионерлерге, сондай-ақ Комиссия мүшелеріне, бюджеттік және мемлекеттік жоспарлау бойынша уәкілетті органдарды қоса алғанда, мүдделі мемлекеттік органдарға жедел хабарланады.
      27. Қарау қорытындылары бойынша әлеуетті концессионерлердің конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашу хаттамасы жасалады, оған Комиссия мүшелері мен хатшы қол қояды.
      28. Конкурсты ұйымдастырушы тиісті конкурстық өтінімдердегі концессиялық өтінімдерді конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашу хаттамасының куәландырылған көшірмесімен бірге, оларға сараптама жүргізу үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
      29. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізген кезде конкурсқа қатысушылар ұсынған концессиялық өтінімдердің сараптамасын жүргізу үшін концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымды тартады.
      Концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйым концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты өткізген кезде конкурсқа қатысушылар ұсынған концессиялық өтінімдерге тапсырылған күнінен бастап қырық бес жұмыс күні ішінде сараптама жүргізеді.
      30. Комиссия концессиялық өтінім және әлеуетті концессионерлердің біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалау жөніндегі қорытындыларды ескере отырып, конкурсқа қатысушылар ұсынған барлық конкурстық өтінімдерді қарайды.
      30-1. Концессиялық өтінімі Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін жобаларға қойылатын өлшемдердің негізінде үздік деп танылған конкурсқа қатысушымен Комиссия концессиялық жоба мен концессия шартының талаптарын нақтылау жөнінде келіссөздер жүргізеді.
      30-2. Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілейтін жобаларға қойылатын өлшемдердің негізінде конкурстық өтінімдерді қараудың қорытындысы бойынша Комиссия үздік концессиялық өтінімді анықтау туралы тиісті шешім қабылдайды, ол туралы хаттама жасалады, оған Комиссия мүшелері және Комиссия хатшысы қол қояды.

5. Конкурсқа қатысушымен келіссөздер жүргізу тәртібі

      31. Келіссөздерді дайындау шеңберінде концессиялық жоба мен концессия шарты бойынша ескертулер мен ұсыныстарды Комиссия өтініш берушіге жазбаша нысанда жіберуі тиіс.
      32. Келіссөздер барысында конкурстың шарттарына, сондай-ақ концессиялық өтінімнің бастапқы параметрлері мен сипаттамасына өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
      33. Егер концессиялық өтінімі үздік деп танылған конкурсқа қатысушы концессиялық өтінім мен концессия шартының талаптарын Комиссияның ескертулері мен ұсыныстарына сәйкес талқылаудан және нақтылаудан бас тартқан жағдайда не оның ұсыныстары конкурстың шарттары тұрғысынан қолайсыз болып табылса, онда Комиссия осы концессиялық өтінімді қарамайды және концессионерді таңдау жөнінде ашық конкурс өткізу жолымен қайтадан үздік концессиялық өтінім таңдап алынады.
      Егер концессиялық өтінімде мемлекет кепілгерлігін алу туралы ұсыныс қамтылса конкурсқа қатысушы келіссөздер өткізу қорытындысы бойынша бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға концессиялық жобаға қаржы сараптамасын өткізу үшін бюджет заңнамасына және мемлекет кепілгерліктерін алу үдерісі қатысушыларының талаптарына сәйкес концессиялық жобаларды қарау үшін талап етілетін құжаттаманы жолдайды.
      34. Келіссөздерді жүргізудің қорытындысы бойынша конкурсты ұйымдастырушы үздік концессиялық өтінімді анықтау туралы хаттаманың көшірмесімен бірге, концессия шартының жобасын мемлекеттік жоспарлау жөнінде орталық уәкілетті органға жібереді.
      Ескерту. 34-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.05.10 N 600 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      35. Концессия шартының мазмұны Заңның 21-бабына сәйкес айқындалады.
      36. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган концессия шартының жобасына, оның ішінде концессия шарттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде сараптама жүргізу үшін концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымды тартады.
      Концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйым концессия шартының жобасына, оның ішіндегі концессия шартына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде сараптаманы ол ұсынылған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде жүргізеді.
      37. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган концессия шартының жобасын, оның ішіндегі оған өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде, ол ұсынылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде келіседі немесе конкурсты ұйымдастырушыға дәлелді ескертулер жолдайды.
      Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган концессия шартының жобасын, оның ішінде концессия шарттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде республикалық меншікке жататын объектілерге қатысты ол ұсынылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде келіседі не тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органына немесе жергілікті уәкілетті органдарға дәлелді ескертулер жібереді.
      38. Концессия шарттарының жобаларын, оның ішінде концессия шарттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде келісу концессия шарты жобасының титулдық парағына оң немесе сол жақ төменгі бұрышына «КЕЛІСІЛДІ» деген белгіні, уәкілеттік органның бірінші басшысының немесе оны алмастыратын тұлғаның қолын, тегін, аты-жөні мен лауазымын, уәкілетті органның елтаңбалық мөрі мен келісу күнін қою арқылы көрініс табады.
      39. Ескертулер алған кезде конкурсты ұйымдастырушы концессия шартының жобасын пысықтайды және келісу үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға және бюджеттік атқару жөніндегі уәкілетті органға оны қайта жібереді.
      Концессия шарт жобасы, оның ішінде концессия шарттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде қайта келісу ол ұсынылған сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

6. Концессия шартын жасасу

      40. Концессионерді таңдау жөніндегі конкурстың қорытындылары бойынша концессия шартының жобасы, сараптамасының қорытындысын ескере отырып, Комиссия шешімімен концессиялық өтінім бекітіледі, ал өтінім беруші конкурстың жеңімпазы болып танылады.
      Егер концессиялық жобаны қаржыландыру мемлекет кепілгерлігімен тартылатын мемлекеттік қарыздар есебінен көзделіп отырса, Комиссияның конкурстың қорытындылары туралы шешімі бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның концессиялық жобасының қаржы сараптамасының қорытындысы ескеріле отырып бюджет заңнамасына сәйкес қабылданады.
      41. Комиссия шешімі хаттама түрінде ресімделеді.
      42. Конкурсты ұйымдастырушы конкурс жеңімпазымен концессия шартын жасасады.
      43. Концессия шартын жасасу мерзімі конкурс қорытындылары шығарылған күннен бастап күнтізбелік тоқсан күннен артық болуы мүмкін емес.

7. Қорытынды ережелер

      44. Мемлекет кепілгерлігімен тартылатын мемлекеттік емес қарыздар есебінен қаржыландыруға концессиялық жобалар бойынша концессия шартына қол қойылғаннан кейін бюджет заңнамасына сәйкес кепілгерлік шартына қол қойылады.
      45. Мемлекеттік құпияны немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, концессионерді таңдау жөніндегі конкурстардың нәтижелері туралы мәліметтерді ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таратылатын мерзімді баспа басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялайды.
      46. Объектілерді концессияға беру бойынша өткізілген конкурстардың материалдары конкурсты ұйымдастырушыда істер номенклатурасына сәйкес сақталады.

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің         
2010 жылғы 10 желтоқсандағы
№ 1343 қаулысымен    
бекітілген        

Бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен концессиялық жобаларға
мониторинг жүргізу және олардың іске асырылуын бағалау қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен концессиялық жобаларға мониторинг жүргізу және олардың іске асырылуын бағалау қағидасы 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 158-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді.
      2. Осы Қағидасы бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен концессиялық жобаларды мониторинг жүргізу және олардың іске асырылуын бағалау тәртібін айқындайды.

2. Бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен концессиялық
жобаларға мониторинг жүргізу және олардың іске
асырылуын бағалау тәртібі

      3. Бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен концессиялық жобаларға мониторингі (бұдан әрі - мониторинг) бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен концессиялық жобаларды іске асырудан кейін бағалау жүргізу үшін оларды іске асыру туралы ақпаратты тұрақты жинау үдерісі болып табылады.
      4. Бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен концессиялық жобалардың іске асырылуын бағалау концессия шартына және концессия шартына қол қойылған сәттен бастап концессиялық жобаны іске асыру аяқталғанға дейін кезеңдік негізде жүргізілетін бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен концессиялық жобалардың қаржылық-экономикалық моделіне сәйкес жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу дәрежесін айқындау жөніндегі іс-шаралардың жиынтығы болып табылады.
      5. Бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен концессиялық жобалардың іске асырылуын бағалаудың мақсаты бюджеттен қаржыландыру шартымен жүзеге асырылатын концессиялық жобаларды одан әрі іске асыру кезінде туындауы мүмкін ағымдағы проблемалар мен ықтимал тәуекелдерді анықтау және оларды жою мен азайту жөнінде ұсынымдар әзірлеу болып табылады.
      6. Бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен концессиялық жобалардың іске асырылуын бағалау жыл сайын өткізіледі.
      7. Бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен концессиялық жобалардың іске асырылуын мониторингін және олардың іске асырылуын бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жаңа объектілер құру (салу), жұмыс істеп тұрғандарын қайта жаңарту және кейіннен оларды пайдалану кезеңінде жүргізеді. Бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен концессиялық жобаларға мониторинг жүргізу және олардың іске асырылуын бағалау кезінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлғаны тартуға құқылы.
      8. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган концессиялық жобалардың, оның ішінде бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен іске асырылуына бағалау жүргізу үшін концессия мәселелері жөнінде мамандандырылған ұйымды тартады.
      9. Мониторинг жүргізу үшін Концедент, Концессионер және Облигациялар ұстаушылардың өкілі бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен концессиялық жобаларды іске асыру туралы ақпаратты мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.
      10. Концессионерлер тоқсан сайын тиісті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне қаражаттың игерілуі туралы есептерді ұсынады. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері (концеденттер) мониторинг жүргізу үшін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға концессионерлердің қаражатты игерулері туралы есептерді жібереді.
      11. Бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен концессиялық жобалардың іске асырылуын бағалау мынадай ақпараттың негізінде жүзеге асырылады:
      концессиялық келісімнің (концессия шартының) көшірмесі;
      концессия объектісін салу кестесі (инвестиция кезеңінде);
      объектіні салу кестесінің нақты орындалғаны (инвестиция кезеңінде);
      бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен концессиялық жобаның бекітілген қаржылық-экономикалық моделі;
      нақты өндірістік және қаржылық көрсеткіштер (пайдалану кезеңінде);
      концессионердің соңғы жылдағы қаржы есептілігі мен аудиторлық есебі;
      республикалық және/немесе коммуналдық меншікке билік ету құқығын жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдардың өз құзыреті шегінде республикалық және/немесе коммуналдық меншіктегі концессия объектілері бойынша концессия шарттарының орындалу мониторингі нәтижесі бойынша ақпараты;
      бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның мемлекет кепілдік берген борыш, мемлекет кепілгерліктері бойынша борыш пен концессиялық міндеттемелер жөніндегі мониторингін нәтижесі бойынша ақпараты;
      тиісті саланың уәкілетті мемлекеттік органының және/немесе облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органының республикалық және/немесе коммуналдық меншікке жататын концессия объектілері бойынша концессия шарттарының орындалуын бақылау нәтижесі бойынша ақпараты;
      облигацияларды ұстаушылар өкілдерінің мемлекет кепілгерлігімен қарыз алған қарыз алушылардың (концессионерлердің) қаржылық жай-күйі мониторингінің нәтижесі бойынша ақпараты;
      банк-агентінің мемлекет кепілдік берген қарызды алған қарыз алушылардың (концессионерлердің) қаржылық жай-күйі мониторингінің нәтижесі бойынша ақпараты.
      12. Бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен концессиялық жобалардың іске асырылуын бағалау үшін ақпаратты мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсыну мерзімі - есепті кезеңнен кейінгі 31 шілдеден кешіктірмей.
      13. Бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен концессиялық жобалардың іске асырылуын бағалаудың аяқтау нысаны бюджеттен қоса қаржыландыру шартымен концессиялық жобалардың іске асырылуын бағалау қорытындылары бойынша ұсынымдар болып табылады.

Қазақстан Республикасы   
Үкіметінің         
2010 жылғы 10 желтоқсандағы
№ 1343 қаулысымен    
бекітілген        

Мемлекет кепілгерліктерін беру немесе лимит көлемін ұлғайту
үшін концессиялық жобаларды іріктеу қағидасы

      1. Осы Мемлекет кепілгерліктерін беру немесе лимит көлемін ұлғайту үшін концессиялық жобаларды іріктеу қағидасы (бұдан әрі - Қағидасы) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 230-бабына сәйкес әзірленген және концессиялық жобалар бойынша мемлекет кепілгерліктерін беру және мемлекет кепілгерліктерінің лимиті көлемін ұлғайту рәсімдерін атқару тәртібін айқындайды.
      2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кепілгерлік шартына сәйкес концессиялық шарт шеңберінде тартылған қарыз бойынша қарыз алушының қарыз беруші алдындағы борышын толық немесе ішінара өтеу міндеттемесі мемлекет кепілгерлігі болып табылады.
      Кепілгерлік бойынша міндеттемелер қарыздың негізгі сомасын және ол бойынша сыйақыны қамтиды.
      3. Мемлекет кепілгерлігін алуға үміткер заңды тұлға (концессионерді таңдау жөніндегі конкурс қатысушы, үздік деп танылған конкурстық өтінімі) концессиялық жобаның және концессия шартының талаптарын нақтылау жөніндегі келіссөздердің қорытындысы бойынша бюджет заңнамасына және мемлекет кепілгерліктерін беру үдерісіне қатысушыларының талаптарына сәйкес концессиялық жобаларды қарастыру үшін талап ететін құжаттаманы бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға ұсынады.
      4. Мемлекет кепілгерлігін алуға үміткер заңды тұлға концессиялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін, инфрақұрылымдық облигацияларды шығару проспектісінің жобасын, концессиялық өтінім сараптамасының және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажет басқа да сараптамалардың оң қорытындыларын ұсынғаннан кейін бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган концессиялық жобаның қаржылық сараптамасын жүргізуді ұйымдастырады және екі ай ішінде тиісті қорытындыны әзірлейді.
      5. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның мемлекет кепілгерлігімен тартылатын мемлекеттік емес қарыз есебінен қаржыландыруға ұсынылатын концессиялық жобаның қаржылық сараптамасы бойынша қорытындысына қойылатын талаптар бюджеттік заңнамасында айқындалады.
      6. Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган кезекті қаржы жылының лимиті шегінде мемлекет кепілгерлігімен тартылатын мемлекеттік емес қарыздардың қаражаты есебінен қаржыландыруға ұсынылып отырған концессиялық жобаны қалыптастырады және Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
      7. Республикалық бюджет комиссиясы әрбір концессиялық жоба үшін мемлекет кепілгерлігінің мөлшерін анықтайды.
      8. Келіссөздер жүргізу қорытындылары бойынша концессионерді таңдау жөніндегі конкурсты ұйымдастырушы (бұдан әрі - конкурсты ұйымдастырушы) қаржылық сараптама қорытындысын және Республикалық бюджет комиссиясының ұсыныстарын ескеріп, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға концессия шартының жобасын жібереді.
      9. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган концессия шартының жобасын, оның ішінде концессия шарттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде ол ұсынылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде келіседі немесе конкурсты ұйымдастырушыға дәлелді ескертулер жібереді.
      Бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган республикалық меншікке жататын объектілерге қатысты концессия шартының жобасын, оның ішінде концессия шарттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде ол ұсынылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде келіседі немесе конкурсты ұйымдастырушыға дәлелді ескертулер жібереді.
      10. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган концессия шартының жобасына, оның ішінде оған өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде сараптама жүргізу үшін концессия мәселелері жөніндегі мамандандырылған ұйымды тартады.
      11. Концессионерді таңдау жөніндегі конкурстың қорытындысы бойынша концессия шартының жобасы сараптамасының қорытындыларын және концессиялық жобаның қаржылық сараптамасын ескеріп, Комиссия шешімімен концессиялық өтінім бекітіледі, ал өтінім беруші конкурс жеңімпазы болып табылады.
      12. Конкурс жеңімпазымен концессия шарты жасалады.
      13. Концессия шарты жасалғаннан кейін бюджет заңнамасына сәйкес кепілгерлік шарты жасалады.
      14. Мемлекет кепілгерлігін беруге қойылатын талаптар бюджет заңнамасына сәйкес айқындалады.
      15. Мемлекет кепілгерлігі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген лимит шегінде Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімдерінің негізінде беріледі.
      16. Мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыз қаражаты концессия объектілерін құруға ғана пайдаланылады.
      17. Мемлекет кепілгерліктері бұрын тартылған қарыздарды қайта қаржыландыру ретінде немесе қарыздарға қызмет көрсету үшін, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын қайтаруды қамтамасыз ету ретінде тартылатын қарыздар бойынша берілмейді.
      18. Мемлекет кепілгерлігін беру:
      1) Бюджет кодексінің 233-бабына сәйкес қарыз алушының концессия объектісін мемлекетке беруінің міндеттілігі;
      2) қарыз алушының арнайы шотта мемлекеттің кепілгерлігімен тартылатын қарыз бойынша міндеттемелерді уақтылы орындауды қамтамасыз етуге арналған қаражатты шоғырландыру міндеттемесі шартымен жүзеге асырылады.
      19. Қаражатты арнайы шотта шоғырландыру тәртібі кепілгерлік шартында айқындалады.
      20. Мемлекеттік емес қарыз бойынша мемлекет кепілгерлігі берілгені үшін қарыз алушыдан мемлекет кепілгерлігі сомасының екі пайызы мөлшерінде алдын ала біржолғы төлем (алым) алынады.
      21. Мемлекет кепілгерлігін беру мемлекет кепілгерлігі бойынша міндеттемелерді орындауға тартылған республикалық бюджет қаражатының қайтарымдылығын қамтамасыз ету талаптарын қанағаттандыратын сақтандыру шарты болған кезде жүзеге асырылады.
      22. Мемлекет кепілгерлігін алуға үміткер заңды тұлғалар бюджет заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес болуға тиіс.
      23. Мемлекет кепілгерлігі қарыз алушы немесе кепілгер мемлекет кепілгерлігімен қамтамасыз етілген қарыз бойынша міндеттемелерді толық орындағаннан кейін қолданылуын тоқтатады.
      24. Мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыз қаражатын кепілгерлік шартында көзделмеген мақсаттарға, сондай-ақ мемлекеттік органдарға кредит беру үшін пайдалануға тыйым салынады.
      25. Мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыз бойынша қарыз алушы алынған қаражатты мақсатсыз пайдаланғаны және қарыз бойынша борыштық міндеттемелерін орындамаған жағдайда мемлекет кепілгерлігі бойынша міндеттемелерді орындауға бөлінген қаражатты қайтаруы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
      26. Мемлекет кепілгерліктерінің лимит көлемін ұлғайту Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.