Қылмыстық сот ісін жүргізуде адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтарын соттың қорғауы туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2010 жылғы 25 маусымдағы N 4 Нормативтік қаулысы

Қолданыстағы

      Қылмыстық сот ісін жүргізуде адамның жеке бас бостандығына, жеке өмiріне қол сұқпаушылықты, жеке және отбасылық құпияны, хат жазысудың, телефон арқылы сөйлесудің, почта, телеграф және өзге де хабарламалардың құпиясын қамтамасыз ететін конституциялық нормалар мен заңдарды дұрыс әрі біркелкі қолдану, сондай-ақ оларды соттың қорғауының тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

қаулы етеді:

      1. Соттар сот істерін тікелей қараумен қатар, қылмыстық процеске қатысушы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын заңсыз, негізсіз шектеуден қорғау, оларды қалпына келтіруге бағытталып заңмен қарастырылған шараларды уақытында қабылдау, сондай-ақ келтірілген зиянды өтеу жөнінде сот билігінің функцияларын іске асыруға тиіс екеніне соттардың назары аударылсын.
      Қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында соттың қорғауы қамауға алу және үйде қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шараларына санкция беру, сондай-ақ қылмыстық қудалау органдарының Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі – ҚІЖК) 109-бабымен, 113-бабының екінші бөлігімен қарастырылған әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдарды қарау кезінде жүзеге асырылады.
      Істі сотта қарауға дайындау және басты сот талқылауы барысында соттың қорғауы қылмыстық қудалау органдары жүзеге асырған іс жүргізудің заңдылығын, олардың іске қатысушы адамдардың процессуалдық құқықтарын кепілдендіретін заң талаптарын сақтауын тексеру жолымен жүзеге асырылады.
      Үкімдерді, сот қаулыларын орындау сатысында сот бақылауы Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 18-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. ҚІЖК-нің 109-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, анықтаушының, анықтау органының, анықтау органы бастығының, тергеушінің, тергеу органы бастығының, прокурордың қылмыс туралы арызды қабылдаудан бас тарту туралы, қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы және қылмыстық істі қозғау туралы, қылмыстық істі тоқтата тұру және қысқарту туралы, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық мекемеге еріксіз орналастыру туралы, тінтуді және (немесе) алуды жүргізу, мүлікке тыйым салуды қолдану, кепілді қолдану туралы қаулылары, шешімдері сотқа шағымдануға жататынын соттардың назарда ұстағандары жөн.
      Істі сотта қарауға дайындау немесе басты сот талқылауы сатысына дейін заңдылығын тексеруді кейінге қалдыру адамның және азаматтың нұқсан келтірілген құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруді қиындататын және оларды қалпына келтіру мүмкін болмайтын өзге әрекеттер (әрекетсіздік) мен шешімдерге, мысалы, қылмыстық қудалау органдарының қорғаушыны тағайындаудан бас тартуы туралы, заңды өкілді қатыстырудан бас тартуы туралы, сезіктіге, айыпталушыға процессуалдық бұлтартпау шараларын (үй қамауына алу мен қамауға алудан басқа) таңдау және қолдану туралы қаулысын, адамды жәбірленуші деп танудан бас тартуды, қылмыстың жасалғаны туралы хабарламаларды тексеру кезіндегі әрекетсіздікті және басқаларды жатқызуға болады.
      Прокурордың жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғаудан бас тарту туралы қаулысы да ҚІЖК-нің 109-бабының тәртібімен шағымдауға жатады.
      3. ҚІЖК-нің 109-бабының және «Жедел-іздестіру қызметі туралы» 1994 жылғы 15 қыркүйектегі № 154-XII Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Заң) 5-бабының  2-тармағының тәртібінде, егер жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыруға байланысты шешімдер мен әрекеттер қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысты болса, оларға шағымды тікелей сотқа беруге болады.
      4. ҚІЖК-нің 103 және 109-баптарына сәйкес, анықтаушының, анықтау органының, анықтау органы бастығының, тергеушінің, тергеу бөлімі бастығының, прокурордың процессуалдық шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымды қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысушылар не өзге де адамдар немесе ұйымдар жүргізіліп жатқан процессуалдық әрекеттер мен қабылданып жатқан процессуалдық шешімдер олардың заңды мүдделерін қозғайтын бөлікте бере алады, арыз берушінің мүддесінде әрекет жасап жүрген қорғаушы, заңды өкіл немесе өкіл бере алады.
      Шағымның берілуіне байланысты сотқа дейін іс жүргізуге қатыспаған, бірақ арыз беруші шағым беруге және (немесе) оны қарауға қатысуға өкілеттік берген адам да арыз берушінің өкілі бола алады.
      Заңда белгіленген тәртіппен процеске қатысушылар деп танылмады деген негізбен азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты шешімдер мен әрекеттерге (әрекетсіздікке) сотқа шағымдану құқығын шектеуге жол беруге болмайды. Адамның және азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясымен (бұдан әрі – Конституция) кепілдендірілген құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету тиісті құқықтың қамтамасыз етілуін қажетсінетін адамның нақтылы жағдайынан (мысалы, қылмыстық істі қозғаудан бас тартылған арыз беруші; тінту (алу) кезінде мүлкі алынған немесе бүлінген адам; жәбірленуші деп негізсіз танылмаған қылмыстан зардап шеккен адам және т.б.) туындауға тиіс.
      5. ҚІЖК-нің 109-бабының мағынасы бойынша, прокурордың, тергеу, анықтау органдарының шешімдері мен әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) заңдылығы мен негізділігін тексеру кезінде судья кейін басты сот талқылауының нысанасы болуы мүмкін мәселелерді алдын ала шешпеуге тиіс. Атап айтқанда, судья істің нақтылы мән-жайлары, дәлелдемелерге баға беру және әрекетті саралау туралы тұжырымдар жасауға құқылы емес.
      6. Қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану жеке бас бостандығына конституциялық құқықты шектеумен ұласады. Осыған байланысты ҚІЖК-нің 150-бабының жетінші бөлігіне сәйкес, соттар өтініштермен бірге берілетін жасалған әрекеттердің мән-жайлары туралы мәліметтерге қатысты материалдарды, сезіктінің, айыпталушының жеке басы, олардың тағылып отырған әрекетті жасауға қатыстылығы туралы деректерді, осы бұлтартпау шарасын қолдану үшін негіздемелерді мұқият зерттегендері, сондай-ақ сезіктіні, айыпталушыны ұстаудың және сотқа өтініштерді берудің мерзімдерінің қатаң сақталуын талап еткені жөн.
      Қамауға алуға санкция беру туралы өтініштерді қарау кезінде соттар ҚІЖК-нің 141-143 және 150-баптарының талаптарын мүлтіксіз сақтаулары қажет және қаралып отырған өтініштер бойынша шешімдер қабылдау кезінде сот ең қатаң бұлтартпау шарасы – қамауға алуды қолдануға санкция беруге міндетті емес, құқылы екенін және заңда қарастырылған негіздемелер болған және одан жеңілдеу бұлтартпау шараларын қолдану ҚІЖК-нің 139-бабында көрсетілген мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз етпеген жағдайларда ғана санкция беру туралы өтініштерді қанағаттандыратынын ескеруге тиіс.
      Жасалған әрекеттің ауырлығы осы бұлтартпау шарасын таңдау үшін бірден бір және сөзсіз негіздеме бола алмайды.
      7. ҚІЖК-нің 491-бабының үшінші бөлігіне сай, кәмелетке толмаған сезіктіге, айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасы ретiнде оны жалпы мерзімі 6 айға дейін қамауға алу ерекше жағдайларда ғана және ол ауыр немесе ерекше ауыр қылмыс жасаған кезде ғана қолданылатынын соттардың ескергендері жөн. Осы ретте кәмелетке толмаған сезiктiге, айыпталушыға қатысты қамау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдауға дейін ҚІЖК-нің 147-бабында көзделген тәртiппен оны қарауға беру тәрiздi шараны белгілеу мүмкіндігін талқылау туралы 491-баптың екінші бөлігінің талаптарын қатаң сақтау қажет.
      8. ҚІЖК-нің 150-бабының оныншы бөлігіне сәйкес, сот сезіктіні немесе айыпталушыны қамауға алуға санкция беруден бас тартқан кезде сол сот отырысында прокурордан үйде қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасын таңдау туралы өтініш түскен жағдайда, сот материалдарды жалпы тәртіппен зерттеуді қайта жалғастырады, оның нәтижелері бойынша сезіктіге, айыпталушыға қатысты үйде қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасын таңдауға құқылы.
      Өтініш прокурордан ауызша түрде түскен жағдайда оны міндетті түрде сот отырысының хаттамасында көрсеткен жөн.
      9. Үй қамауына алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру кезінде сезіктінің, айыпталушының жүріп-тұру еркіндігін шектеу және ҚІЖК-нің 149-бабының екінші бөлігінде қарастырылған тыйымдарды салу олардың жасы, денсаулық жағдайы, отбасылық жағдайы, сондай-ақ жасалған әрекеттің ауырлығы немесе тағылған айып пен басқа да мән-жайлар ескеріле отырып, ҚІЖК-нің 139-бабында көрсетілген мақсаттарды қамтамасыз ету үшін қажетті ақылға қонымды шектерде қолданылуға тиіс екенін соттар ескеруге тиіс.
      Жасалған әрекеттің ауырлығы үйде қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасын белгілеу үшін бірден бір және сөзсіз негіз бола алмайды.
      10. Қылмыстық іс жүргізу заңнамасында қылмыстық істер бойынша іс жүргізудің бірыңғай тәртібі белгіленген, сонымен бірге соттар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Конституциялық заңда, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» 1995 жылғы 16 қазандағы Конституциялық заңда, «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Конституциялық заңда, «Прокуратура туралы» 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Заңда көрсетілген ережелердің судьяларға, Конституциялық Кеңестің мүшелеріне, Парламент депутаттарына, Қазақстан Республикасының Бас прокурорына қатысты тергеу, процессуалдық әрекеттер жүргізу кезінде сақталуы міндетті кейбір ерекшеліктерді қарастыратынын соттар ескеруге тиіс.
      Артықшылықтары бар адам қылмыс жасалған жерде ұсталмаса, оны онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстарды жасағаны үшін  қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселені шешу кезінде, оны қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін келісім алу қажет.
      Егер істі басты сот талқылауында қарау кезінде артықшылықтары бар және ауыр және (немесе) ерекше ауыр қылмыс жасағаны үшін сотқа берілген сотталушының әрекеттерінде іс жүзінде ауырлығы орташа және (немесе) онша ауыр емес қылмыс құрамы болғаны анықталса, онда сот мемлекеттік органдардың осы адамды қылмыстық жауаптылыққа тартуға келісімін алмай-ақ, істі мәні бойынша қарайды.
      11. «Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабы 4-тармағын, 71-бабы 5-тармағын, 79-бабы 2-тармағын, 83-бабы 3-тармағын және 15-бабы 2-тармағын ресми түсіндіру туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003 жылғы 30 қаңтардағы № 10 қаулысына сәйкес, қол сұғылмаушылығы Конституциямен баянды етілген, қылмыстық қудалау органдары тиісті мемлекеттік ұйымдардың келісімін бұдан бұрын оған қатысты талап етпеген тұлғаның әрекеті ауыр немесе ерекше ауыр қылмыстан жеңілдеу қылмысқа қарай сараланып өзгерген кезде, тұтқынға алынатын және қылмыстық жауаптылыққа тартылатын жағдайда қол сұғылмаушылықтан айыру тәртібі туралы ережелерді сақтаудың міндетті екеніне соттардың назар аударғандары жөн.
      Осыған байланысты қылмыстық қудалау органы ауыр және (немесе) ерекше ауыр қылмыстарды жасағаны үшін жауаптылықты қарастыратын Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің баптары бойынша оның әрекетін қате саралаудың нәтижесінде мемлекеттік органдардың келісімінсіз не қылмыстық заң нормаларының бәсекелестік қағидасы ескерілместен онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмысты жасағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылғанын анықтап, оны қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін келісім алу қажеттілігі туралы тиісті ұсынысты Қазақстан Республикасының Бас прокурорына енгізуге міндетті. Егер осы мән-жайлар істі сотта қарауға дайындау немесе басты сот талқылауы барысында анықталса, онда сот істі прокурорға қайтарады.
      12. Судьялардың тұрғын, қызметтік үй-жайларын, олардың пайдалануындағы жеке және қызметтік көлік құралдарын, олардың хат-хабарларын, банкілік шоттарын, багажын және өзге де мүлкін қарау және тінту, құжаттар мен заттарды алу, мүлкін және почта-телеграф жөнелтілімдеріне тыйым салу, хабарламаларды ұстап алу, сөйлесулерін тыңдау және жазып алу Қазақстан Республикасы Бас прокуроры қозғаған қылмыстық іс шеңберінде ғана жүргізілуі мүмкін.
      «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Заңның 11-бабының 3-бөлігінде көрсетілген арнайы жедел-іздестіру шаралары облыс (қала) прокурорының және жоғары тұрған прокурорлардың санкциясымен ғана жүргізілуі мүмкін. «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Заңның 12-бабының 7-тармағының арнайы жедел-іздестіру шараларының прокурордың санкциясынсыз жүргізілуі мүмкін екендігі туралы ережесін судьяларға қатысты қолдануға жол берілмейді.
      13. Басты сот талқылауын тағайындау туралы мәселені шешу кезінде соттар ҚІЖК-нің 39-тарауында көрсетілген нормаларды негізге ала отырып, сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу, анықтау және алдын ала тергеу барысында басты сот талқылауын тағайындауға кедергі болатын қылмыстық іс жүргізу заңының елеулі бұзылуына жол берілген-берілмегенін тексерулері қажет және олар анықталған жағдайда ҚІЖК-нің 303-бабының екінші бөлігіне сәйкес және ҚІЖК-нің 301 және  303-1-баптарымен қарастырылған тәртіппен істі қосымша тергеу жүргізу үшін прокурорға қайтарады.
      Судья басты сот талқылауына дайындалу барысында іс материалдарын зерделеу кезінде тараптардың сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу, анықтау немесе алдын ала тергеу барысында олардың құқықтарының заңсыз шектелгені туралы арыздарының не өтініштерінің болған-болмағанын, олардың тиісті түрде шешілген-шешілмегенін, істе тиісті материалдардың бар-жоғын анықтап, материалдар жоқ болса оларды сотқа ұсынуды прокурорға міндеттегені жөн.
      14. Судья түскен іс бойынша қылмыстық қудалау органының сотталушының асырауындағы кәмелетке толмаған балаларды, өзге де еңбекке жарамсыз адамдарды қорғау, оларды күту, күнкөріс қаражатымен қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдаған-қабылдамағанын, сондай-ақ сотталушының қамауға алынуына байланысты қамқорлықсыз әрі қараусыз қалған оған тиесілі мүлік пен жануарлардың қарауға берілуін тексеруі тиіс.
      Егер мұндай шаралар қабылданбаса, сот сотталушының немесе қорғаушының арыздары болған жағдайда істі алдын ала тыңдау барысында ҚІЖК-нің 155-бабының негізінде тиісті адамдарға немесе органдарға қажетті шараларды қабылдау жөнінде міндет жүктеу туралы қаулы шығаруға тиіс.
      15. Соттар дәлелдемелерге баға беру кезінде куәландыру мен адамның жеке басын тінту кезінде Конституцияның 16 және 17-баптарымен белгіленген әркімнің бостандығы мен жеке басына тиіспеушілік құқығы қозғалатынын ескерулері қажет, сондықтан аталған әрекеттерді жасау үшін ҚІЖК-нің 226 және 230-баптарымен қарастырылған негіздемелердің, қажетті жағдайларда прокурор санкциялаған әрекеттерді жасау туралы дәлелді қаулының бар-жоғын, әрекеттерді жасау кезінде заң талаптарының сақталуын әрбір нақты жағдайда тексергендері жөн.
      Соттар прокурордың сакциясымен жүргізілетін жеке басты тексеруді, ҚІЖК-нің 233-бабының үшінші бөлігімен көзделген жағдайларды қоспағанда, прокурордың санкциясынсыз және қылмыстық іс қозғалғанға дейін шолып қарау нысанында жүргізілетін адамды тексеруден ара-жігін шектей білулері қажет.
      16. Тұрғын үйге кірудің, оны қараудың және онда тінту жүргізудің заңдылығын бағалау кезінде соттар Конституцияның 25-бабының және ҚІЖК-нің 17-бабының тұрғын үйге қол сұғылмайтыны туралы нормаларын басшылыққа алуға тиіс, сондықтан жоғарыда көрсетілген әрекеттер тек заңмен белгіленген жағдайлар мен тәртіпте ғана жүргізіледі. ҚІЖК-нің 201-203, 221, 222, 227, 230, 232 және  234-баптарымен қарастырылған осындай әрекеттерді жүргізудің іс жүргізу тәртібін мүлтіксіз сақтаудың қажеттілігі тек заң талаптарын орындау ретінде ғана емес, сонымен қатар тұрғын үйге қол сұқпаушылықты, жеке өмірді, жеке және отбасылық құпияны қорғаудың заңмен кепілдендірілген тетігі деп қарастыру қажет.
      Тұрғын үйді қарау және тінту оларды жүргізуге онда тұратын адамдардың келісімі болмаған жағдайда, тергеушінің прокурор санкциясы берілген дәлелді қаулысы бойынша жүргізіледі. Бұл ретте тінтуді қылмыстық іс қозғалғаннан кейін ғана жүргізуге болады.
      Тұрғын үй-жайды қарау онда тұратын кәмелетке толған адамдардың келісімі болған жағдайда ҚІЖК-нің 221 және 222-баптарына сәйкес жүргізіледі.
      Егер тұрғын үй-жайы оқиға болған орын болып табылса және оны қарауды кейінге қалдыру мүмкін болмаса, тұрғын үй-жайды қарау және онда тұрған заттарды алу прокурордың санкциясы алдын ала алынбай-ақ және қылмыстық іс қозғалғанға дейін анықтау органының, тергеушінің қаулысы бойынша жүргізілуі мүмкін. Мұндай жағдайда анықтау органы, тергеуші жүргізілген әрекеттер мен олардың нәтижелері туралы заңдылықты тексеру мақсатында тиісті қаулы шығаратын прокурорға жиырма төрт сағат ішінде хабарлауы қажет.
      Прокурордың оның санкциясынсыз жүргізілген тінтуді, еріксіз қарауды не алуды заңды деп тану туралы қаулысының ҚІЖК-нің 131-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, сот үшін міндетті күші болмайды және аталған әрекеттерді жүргізу барысында алынған материалдарды дәлелдемелік күші жоқ деп тануы үшін кедергі болып табылмайды.
      Егер прокурор аталған әрекеттердің заңсыздығы туралы шешім шығарса, онда сот оның нәтижелерін іс бойынша жарамды дәлелдемелер деп тани алмайды.
      17. Азаматтың жеке өміріне, тұрғын үйіне, хат жазысуына, телефон арқылы сөйлесуіне, почта, телеграф және өзге де хабарламаларына қол сұғылмаушылық құқығы шектеуге заңда (Конституцияның 18-бабының 1 және 2-тармақтары, 25-бабының 1-тармағы және 39-бабы) тікелей көрсетілген жағдайларда және тәртіпте ғана жол берілетіндіктен, азаматтардың аталған конституциялық құқықтарын шектейтін жедел-іздестіру шараларын жүргізу «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Заңның 12-бабында көрсетілген жағдайлар сақталғанда ғана жүргізілуі мүмкін. Жедел-іздестіру қызметін жүргізу құқығы берілген органдардың тізбесі аталған Заңның 6-бабында көрсетілген.
      Осы жедел-іздестіру шараларының нәтижелері олар ҚІЖК-нің  130-бабында қарастырылған тәртіппен қылмыстық процеске енгізілгеннен кейін ғана істер бойынша дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін.
      Сөйлесулерді және әңгімелерді жасырын тыңдау мен жазу жөніндегі тергеу әрекеттерін жүргізу ҚІЖК-нің 237-бабында қарастырылған негіздерде және тәртіппен жүзеге асырылады.
      Егер жедел-іздестіру шаралары заңда белгіленген тәртіп бұзыла отырып жүргізілсе не оларды жүргізуге құқық берілмеген органдар жүргізсе, олардың нәтижесінде алынған барлық материалдар күші жоқ дәлелдемелер деп танылуға жатады.
      18. Қарау, тінту, алу, іс бойынша іс жүргізуге байланысты жедел-іздестіру шаралары мен өзге де шараларды өткізу кезінде адамдардың жеке өмірінің мән-жайларының құпиялылығы мен жария етілмеуін қамтамасыз ету жөнінде шаралардың қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында қабылданған-қабылданбағанын соттардың тексергендері дұрыс. Жоғарыда көрсетілген құқықтарды қорғау бойынша Конституция талаптарының орындалмауына байланысты жолсыздықтар анықталған кезде, соттар оларды қорғау жөнінде заңмен қарастырылған шараларды қабылдаумен қатар, тиісті шаралар қабылдау үшін жеке қаулылар шығаруға тиіс.
      19. Жоғары тұрған сот сатылары сот актілеріне шағымдарды, өтініштерді және наразылықтарды қарау кезінде, оларда келтірілген дәлелдерді тексерумен қатар, қылмыстық процестің азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын өз бетімен шектеуге тыйым салатын талаптарының сотқа дейінгі және сот сатыларында сақталуына тиісті назар аударулары қажет.
      20. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы                   М. Әлімбеков

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы                       Ж. Бәйішев