Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 Қаулысы

Жаңартылған

      «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңының 10-1-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Тұрғын үй көмегін көрсету ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі.                                 К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2009 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 2314 қаулысымен    
бекітілген      

Тұрғын үй көмегін көрсету ережесі

      Осы Тұрғын үй көмегін көрсету ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және  аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібін белгілейді.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) шекті жол берілетін шығыстар үлесі - телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде отбасының (азаматының) бір айда тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің отбасының (азаматтың) орташа айлық жиынтық кірісіне пайызбен қатынасы;
      2) отбасының (азаматтың) жиынтық табысы - тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасы (азамат) кірістерінің жалпы сомасы;
      3) кондоминиум объектісін басқару органы - кондоминиум объектісін басқару жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
      4) уәкілетті орган - жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын, тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы;
      5) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстар - кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін пайдалануға және жөндеуге, жер учаскесін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтерді тұтынуды есептеудің үйге ортақ құралдарын сатып алуға, орнатуға, пайдалануға және тексеруге жұмсалатын шығыстарға, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға тұтынылған коммуналдық қызметтерді төлеуге жұмсалатын шығыстарға жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген ай сайынғы жарналар арқылы төленетін үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері шығыстарының міндетті сомасы, сондай-ақ болашақта кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін немесе оның жекелеген түрлерін күрделі жөндеуге ақша жинақтауға жұмсалатын жарналар;
      6) аз қамтылған отбасылар (азаматтар) - Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегін алуға құқығы бар адамдар.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.12.29 № 1626 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      2. Тұрғын үй көмегi жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен осы елдi мекенде тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):
      1) жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға;
      2) тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуына;
      3) жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысын төлеуге;
      РҚАО-ның ескертпесі!
      4) тармақша 2014.01.01 дейін ҚР Үкіметінің 2012.10.16 N 1316 Қаулысына сәйкес қолданыста болады.
      4) жекешелендірілген үй-жайларда (пәтерлерде), жеке тұрғын үйде тұрып жатқандарға тәулік уақыты бойынша электр энергиясының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдік сыныбы 1-ден төмен емес электр энергиясын бір фазалық есептеуіштің құнын төлеуге беріледі.
      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      Абзац 2014.01.01 дейін ҚР Үкіметінің 2012.10.16 N 1316 Қаулысына сәйкес қолданыста болады.
      Тұрғын үй көмегi телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға арналған шығыстарға, жекешелендірілген үй-жайларда (пәтерлерде), жеке тұрғын үйде тұрып жатқандарға тәулік уақыты бойынша электр энергиясының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдік сыныбы 1-ден төмен емес электр энергиясын бір фазалық есептеуіштің құнын төлеуге тұрғын үй көмегін көрсету жөніндегі шаралар қолданылатын, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерiн тұтынуға нормалар шегiнде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған, жергiлiктi өкiлдi органдар белгiлеген шығыстарының шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.10.16 № 1316 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
      3. Аталған жерлерде тұрақты тұратын адамдарға тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы және нысаналы жарналардың мөлшерiн айқындайтын сметаға сәйкес, тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған коммуналдық қызметтер көрсету ақысын төлеу, сондай-ақ жекешелендірілген тұрғын үй-жайларында (пәтерлерде), жеке тұрғын үйде пайдалануда тұрған дәлдік сыныбы 2,5 электр энергиясын бір фазалық есептеуіштің орнына орнатылатын тәулік уақыты бойынша электр энергиясының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдік сыныбы 1-ден төмен емес электр энергиясын бір фазалық есептеуіштің құнын төлеуге, жеткiзушiлер ұсынған шоттар бойынша тұрғын үй көмегі бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi өкiлдi органдары тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерiн және тәртiбiн айқындайды.
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2012.10.16 № 1316 (2012.07.01 бастап қолданысқа енгiзiледі және 2014.01.01 дейiн қолданыста болады) Қаулысымен.

2. Тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібі

      4. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін отбасы (азамат) уәкілетті органға өтініш береді және мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      2) тұрғын үйге құқық беретін құжаттың көшірмесі;
      3) азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі;
      4) отбасының табысын растайтын құжаттар. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу тәртібін тұрғын үй қатынастары саласындағы уәкілетті орган белгілейді;
      5) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттар;
      6) коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шоттар;
      7) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;
      8) жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот;
      9) жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде), жеке тұрғын үйде тұрып жатқандарға тәулік уақыты бойынша электр энергиясының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдік сыныбы 1-ден төмен емес электр энергиясын бір фазалық есептеуіштің құнын төлеуге тұрғын үй көмегін көрсету жөніндегі шаралар қолданылатын түбіртек-шот.
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - 2011.12.29 № 1626 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен, өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.10.16 № 1316 (2012.07.01 бастап қолданысқа енгiзiледі және 2014.01.01 дейiн қолданыста болады) Қаулысымен.

3. Тұрғын үй көмегін төлеу

      5. Аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді уәкілетті орган жергілікті өкілді органдар айқындаған тәртіппен екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырады.