Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 4 маусымдағы N 822 Қаулысы

Қолданыстағы

      Заң жобалау қызметін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2009 жылғы 4 маусымдағы
N 822 қаулысымен   
бекітілген      

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. "Норма шығармашылығы қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 30 мамырдағы N 598 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., N 16, 172-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Ғылыми сараптама жүргізу ережесінде:
      2-тармақта:
      бірінші абзацта ", сыбайлас жемқорлыққа қарсы" деген сөздер алып тасталсын;
      үшінші және төртінші абзацта "Нормативтік құқықтық актілер" деген сөздердің алдынан "Заңға тәуелді" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы үшінші абзацпен толықтырылсын:
      "Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізілетін нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізілуі міндетті, бұған заңнамалық актілердің жобалары Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен енгізіліп, онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізілмеуі мүмкін жағдайлар қосылмайды.";
      3-тармақта:
      бірінші абзац мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:
      "Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын, заң жобаларының тұжырымдамаларын ғылыми сараптама жүргізуге жіберуді Әділет министрлігі Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысына материалдар дайындау барысында, оның отырысының нәтижелері бойынша, жоспарлы және бағдарламалық құжаттарды қалыптастыру кезінде, заң жобаларын тездетіп әзірлеу қажет болған жағдайларда да жүзеге асыра алады.";
      үшінші абзац алып тасталсын;
      5-тармақ мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "5-1) заң жобасын қабылдауға байланысты гендерлік теңдік құқығына қысым жасайтын себептер мен жағдайлардың болуын айқындау;";
      10-1-тармақта:
      екінші абзац "заң жобасын" деген сөздерден кейін "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы N 1300 қаулысымен бекітілген" деген сөздермен, "Регламентіне" деген сөздерден кейін "(бұдан әрі - Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті)" деген сөздермен толықтырылсын;
      үшінші абзац "Қазақстан Республикасының Үкіметіне" деген сөздердін алдынан "Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентіне сәйкес мүдделі мемлекеттік органдармен заң жобасын келіскеннен кейін" деген сөздермен толықтырылсын;
      мынадай мазмұндағы 10-2-тармақпен толықтырылсын:
      "10-2. Заң жобасын әзірлеудің әрбір сатысында ғылыми сараптама мәтінінің заң жобасының мәтініне сәйкестігіне Сараптаманы ұйымдастырушылар жауапты болады.";
      11-тармақтың алтыншы абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      "Қосымша ғылыми сараптама нормативтік құқықтық актінің жобасына, заң жобасын пысықтау нәтижесінде оның тұжырымдамасына тұжырымды өзгерістер енгізілген жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентіне сәйкес заң жобасын мүдделі мемлекеттік органдармен келіскеннен кейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізгенге дейін жүргізіледі.";
      15-тармақта:
      мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
      "Қосымша және қайталама ғылыми сараптама нормативтік құқықтық актінің жобасын немесе заң жобасының тұжырымдамасын және оларға материалдарды сарапшыға ұсынған күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүргізілуі тиіс";
      екінші абзацта "он" деген сөз "бес" деген сөзбен ауыстырылсын;
      23-тармақтың үшінші абзацы мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтырылсын:
      "Сараптаманы ұйымдастырушы тиісті негіздемелердің көшірмесін бір мезгілде сарапшыға береді.".
      2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы N 1300 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., N 44, 443-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентінде:
      90-тармақта "ілеспе хатта" деген сөздер "анықтама парақта" деген сөздермен ауыстырылсын;
      91-тармақта "түсіндірме жазбада" деген сөздер "анықтама парақта" деген сөздермен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 91-1-тармақпен толықтырылсын:
      "91-1. Егер Қазақстан Республикасы заңының қолданылуын қамтамасыз ету үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіні қабылдау қажет болса, заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган заң жобасын жан-жақты пысықтау мақсатында мемлекеттік органдардың қарауына заң жобасын іске асыру үшін қажетті заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын бір мезгілде енгізеді.
      Егер заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу басқа мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, онда ол заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның сауалы бойынша заңға тәуелді актінің тиісті жобасын ұсынады.";
      95-тармақтың 12) тармақшасында "белгіленген нысандағы" деген сөздер "осы Регламентке 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша" деген сөздермен ауыстырылсын;
      114-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      "2) заңнамалық актіде қолданысқа енгізудің өте кеш мерзімдері (оларды қолданысқа енгізгенге дейін кемінде бір ай бұрын) көзделген нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, заңнамалық акт күшіне енген күнінен бастап бір айдан аспауы тиіс нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мен енгізудің нақты мерзімдерін, сондай-ақ өкімнің жобасында қамтылатын өзге де тапсырмалардың орындалуын;";
      осы қаулыға қосымшаға сәйкес 5-қосымшамен толықтырылсын.
      3. "Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 21 тамыздағы N 840 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., N 34, 344-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру ережесінде:
      6-тармақта "Әділет министрлігі" деген сөздерден кейін "оларды Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне енгізген сәттен бастап он бес күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде" деген сөздермен толықтырылсын;
      8 және 9-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      "8. Заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеу кезінде әзірлеуші:
      құқықтық реттеудің тиісті саласында қолданылып жүрген заңнаманы талдауы, қазіргі құқықтық тетіктердің (олар болған жағдайда) тиімділігінің жеткіліксіз болу себептерін анықтауы, заңнамадағы олқылықтарды, қайшылықтарды, ескірген нормаларды не ұқсас құқықтық қатынастарды реттейтін көптеген актілердің болуын, қолданыстағы заңнаманы дұрыс қолданбау себептерін анықтауы;
      экономикалық, социологиялық, статистикалық және өзге де қажетті ақпаратты зерделеуі, қорытуы және талдауы, нормативтік құқықтық актіні қабылдаудың болжамды әлеуметтік, қаржы-экономикалық, экологиялық, құқықтық, криминологиялық және өзге де салдарына, актіні қабылдауға байланысты белгілі бір саладағы қоғамдық қатынастардың ықтимал үрдістері мен даму нұсқаларына зерттеу жүргізуі;
      қажетті қаржы-экономикалық есептемелер жүргізуі;
      шетелдік тәжірибені зерделеуі, салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізуі қажет.
      9. Заң жобасының тұжырымдамасы осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша жазылуға тиіс.
      Заң жобасының тұжырымдамасын әзірлеу Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауын, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің жыл сайынғы жолдауының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының ережелерін, қоғамдық өмірдің тиісті салаларында және аясында Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдану практикасын, қолданыстағы заңнаманың проблемалары бойынша өткізілетін ғылыми-практикалық конференциялардың, семинарлардың, кеңестердің материалдарын, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, үкіметтік емес ұйымдар ұсынатын материалдарды, бұқаралық ақпарат құралдарында қамтылған ақпаратты ескере отырып жүзеге асырылады.
      Заңды қабылдау қажеттілігі туралы куәландыратын дәлелдерді баяндау нақты, келеңсіз құбылыстар мен процестердің қолданыстағы заңнамамен жеткілікті жасалмаған байланысын тиянақты түрде орнататын болуы тиіс. Дәлелдемелер ретінде орын алған жағдайдың қысқаша мән-жайын, заң нормаларын қолданудың дұрыстығы, қорытындылар мен ұсыныстар туралы пікірді көрсете отырып, практикадан мысал келтіру қажет.
      Әлеуметтік салдарларды болжау кезінде актіні қабылдаудың жалпы қоғамның, сондай-ақ оның жекелеген әлеуметтік топтарының дамуына әсер етуіне, білім беру және халықты жұмыспен қамту деңгейіне, қоғамның әлеуметтік құрылымына, денсаулық сақтау қызметінің қол жетімділігіне, тұрғын үй жағдайын жақсартуға, азаматтық қоғам институттарын дамытуға ықпалына және басқа да салдарларға талдау жүргізіледі.
      Қаржы-экономикалық салдарларды болжау кезінде актіні қабылдауға байланысты:
      республикалық және жергілікті бюджеттен тікелей және жанама шығыстар;
      құқық қолданушылар мен актінің нормаларын іске асырудың өзге де субъектілерінің шығыстары;
      республикалық және жергілікті бюджеттің кірістері, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың кірістері;
      өзге де шығыстар мен кірістер, сондай-ақ өзге де экономикалық әсер (бәсекенің дамуына ықпалы; кредиттік ресурстардың қол жетімділігі, жаңа жұмыс орындарын ашу және басқа да салдарлар) бағаланады.
      Экологиялық салдарларды болжау кезінде актіні қабылдау нәтижесінде қоршаған ортаға ықпал ететін әсердің бағыты, сипаты және деңгейі бағаланады.
      Құқықтық салдарларды болжау шеңберінде келешектегі актінің қаралып отырған саладағы құқықтық қатынастарды құқықтық реттеудің қолданыстағы тетігіне ықпалы, атап айтқанда: заңнамадағы олқылықтар мен қарама-қайшылықтардың, тиімсіз және декларативті нормалардың болуы, құқықтар мен міндеттерді іске асыру тетігінің жоқтығы бағаланады.
      Криминологиялық салдарларды болжау кезінде заң жобасының тұжырымдамасына оның қоғам, мемлекет қажеттілігіне және қылмысқа қарсы күрес саласындағы мемлекеттік саясатқа сәйкестігі мәніне ондағы құқық бұзушылықтар жасауға тікелей немесе жанама ықпал ететін, көзделген жауапкершілік шараларынан заңды негіздерде бас тарту мүмкіндігін туғызатын ережелерді (олқылықтар, өзге де кемшіліктер) анықтау, сондай-ақ осындай актіні қабылдау нәтижесінде криминогенді не криминогендікке қарсы сипаттағы өзге де салдарларды анықтау арқылы талдау жүзеге асырылады.
      Мемлекеттік бюджеттен болжанып отырған қаржылық шығындар туралы ақпаратқа тиісті қаржылық есептемелер қоса берілуі тиіс.
      Салдарларды болжау кезінде болашақ актінің мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының мақсатты индикаторларына, көрсеткіштеріне, тәуекелдеріне әсері бағаланады.";
      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "14. Заң жобасын әзірлеу Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауын, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің жыл сайынғы жолдауының, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының ережелерін, қоғамдық өмірдің тиісті салаларында және аясында Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдану практикасын ескере отырып жүзеге асырылады.".
      4. "Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының заң қызметтері туралы үлгі ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 9 қарашадағы N 1072 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., N 41, 454-құжат):
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      "3. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі:
      1) басқару ақпаратымен алмасу, Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының жоспарын орындау туралы үнемі еске салу, заң жобалау жұмысының жай-күйі туралы ақпарат беру арқылы мемлекеттік органдардың заң қызметтерінің жұмысын ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз етсін;
      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрі бекітетін кестеге сәйкес Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінде мемлекеттік органдардың заң қызметтері қызметкерлерінің жыл сайынғы тағылымдамасын өткізуді қамтамасыз етсін;
      3) жарты жылдықтың және жылдың қорытындылары бойынша 10 қаңтардан және 10 шілдеден кешіктірмей мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын жүргізілген тағылымдама нәтижелері туралы хабардар етсін;
      4) ай сайын, есептіден кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне заң жобалау жұмыстарының жай-күйі туралы ақпарат берсін;
      5) ай сайын, есептіден кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ағымдағы жылдың заң жобалау жұмыстары жоспарының жай-күйі туралы ақпарат берсін.".

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2009 жылғы 4 маусымдағы
N 822 қаулысымен   
бекітілген      

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің Регламентіне
5-қосымша       

Қазақстан Республикасы Заңының жобасына
АНЫҚТАМА ПАРАҚ  

1.

Заң жобасының бастамашысы (органның толық атауы)


2.

Заң жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының құрамы


3.

Заң жобасы бойынша бас комитет


4.

Заң жобасының Қазақстан Республикасының Парламентінде тіркелген күні


5.

*Қазақстан Республикасының Парламенті тұрақты комитеттерінің заң жобасы бойынша қорытындылары


6.

*3аң жобасының ғылыми сараптамасы


*Ғылыми сараптама қорытындысының қабылданған және қабылданбаған ескертулері


*Ғылыми сараптама қорытындысының ескертулерін қабылдамау себептерінің негіздемесі


7.

*Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің сараптамалық қорытындылары


*Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері сараптамалық қорытындыларының қабылданған және қабылданбаған ескертулері


*Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері сараптамалық қорытындыларының ескертулерін қабылдамау себептерінің негіздемесі


8.

*3аң жобасын пысықтау процесінде енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар


9.

Заң жобасы бойынша баяндама жасау кімге тапсырылды


10.

Балама жобалардың бар-жоғы


11.

Қазақстан Республикасы Парламентінің заң жобасын бірінші оқылымда қараған күні және оның нәтижелері


12.

Заң жобасын пысықтау және оны екінші оқылымға дайындау тапсырылған бас комитет (комиссия), басқа орган


13.

Заң жобасын халықтық талқылауға шығару және оның мерзімі


14.

Комитеттің заң жобасы бойынша қорытындысы (екінші оқылымның алдында)


15.

Қазақстан Республикасы Парламентінің заң жобасын екінші оқылымда қараған күні және оның нәтижелері


16.

Заңның күшіне енетін уақыты


17.

Өзге де белгілер


       * Ескертпе: ақпараттың көлемі едәуір болған жағдайда Анықтама параққа жеке қосымшамен ресімдеуге жол беріледі.