Тәжікстан Республикасына ресми ізгілік көмек көрсету туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 17 қаңтардағы N 17 Қаулысы

      Тәжікстан Республикасында қалыптасқан экономикалық жағдайға байланысты Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Тәжікстан Республикасына ресми ізгілік көмек көрсету үшін заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік астықтың сатылатын ресурстарынан 12536 (он екі мың бес жүз отыз алты) тонна азық-түліктік астықты тиеуді қамтамасыз етсін.
      2. Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі Тәжікстан Республикасына ресми ізгілік көмек көрсету үшін заңнамада белгіленген тәртіппен 9480 (тоғыз мың төрт жүз сексен) тонна дизель отынын және 29340 (жиырма тоғыз мың үш жүз қырық) тонна отын мазутын тиеуді қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Тәжікстан Республикасына азық-түліктік астықты Кудукли станциясына дейін, дизель отынын Кудукли және Амузанг станцияларына, отын мазутын Кудукли станциясына дейін тасымалдау және жеткізу үшін жылжымалы құрамды уақтылы беруді қамтамасыз етсін.
      4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі заңнамада белгілеген тәртіппен 2009 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің аумағындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға арналған Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен:
      1) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне азық-түліктік бидайының құнын және сақтау, тасымалдау мен жеткізу жөніндегі шығындарды өтеуге 4054866 (төрт миллион елу төрт мың сегіз жүз алпыс алты) АҚШ долларына баламалы сомада қаражат;
      2) Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігіне дизель отынының құнын өтеуге 4000000 (төрт миллион) АҚШ долларына баламалы сомада және отын мазутының құнын өтеуге 4000000 (төрт миллион) АҚШ долларына баламалы сомада, сондай-ақ оларды сақтау, тасымалдау мен жеткізу жөніндегі шығындарды өтеуге қаражат бөлсін.
      5. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ізгілік көмекті алушыны анықтасын және оны көрсету жөніндегі шараларды үйлестіруді қамтамасыз етсін.
      6. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі белгіленген тәртіппен бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етсін.
      7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов