Акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін есепке алу-бақылау таңбаларымен және акциздік таңбалармен таңбалау (қайта таңбалау) туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 31 желтоқсандағы N 1349 Қаулысы

Жаңартылған

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Кодексінің (Салық кодексі) 653-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Шарап материалы мен сыраны қоспағанда, алкоголь өнімін есепке алу-бақылау таңбаларымен және темекі бұйымдарын акциздік таңбалармен таңбалау (қайта таңбалау) ережесі бекітілсін.
      2. 2007 жылғы 15 сәуірден бастап енгізілген шарап материалы мен сыраны қоспағанда, алкоголь өнімін есепке алу-бақылау таңбасы шарап материалы мен сыраны қоспағанда, алкоголь өнімін жаңа үлгідегі есепке алу-бақылау таңбаларымен қайта таңбалауды жүргізу туралы шешім қабылданғанға дейін осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қолданылады.
      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
      4. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
      5. Осы қаулы 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов

      Қазақстан Республикасы 
      Үкіметінің       
      2008 жылғы 31 желтоқсандағы
      N 1349 қаулысымен     
      бекітілген        

Шарап материалы мен сыраны қоспағанда, алкоголь өнімін есепке алу-бақылау таңбаларымен және темекі бұйымдарын акциздік таңбалармен таңбалау (қайта таңбалау) ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Шарап материалы мен сыраны қоспағанда, алкоголь өнімін есепке алу-бақылау таңбаларымен және темекі бұйымдарын акциздік таңбалармен таңбалау (қайта таңбалау) ережесі "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес әзірленді және шарап материалы мен сыраны қоспағанда, алкоголь өнімін (бұдан әрі - алкоголь өнімі) есепке алу-бақылау таңбаларымен және темекі бұйымдарын акциздік таңбалармен таңбалау (қайта таңбалау) тәртібін айқындайды.

2. Алкоголь өнімін есепке алу-бақылау таңбаларымен және темекі бұйымдарын акциздік таңбалармен таңбалау тәртібі

      2. Шарап материалы мен сыраны қоспағанда, нормативтік және техникалық құжаттамаға сәйкес тұтынушы ыдысына құйылған алкоголь өнімі есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалауға жатады.
      3. Тұтыну ыдысына салынған темекі бұйымдары акциздік таңбалармен таңбалауға жатады.
      4. Есепке алу-бақылау таңбасы тұтыну ыдысына төменгі бағытта голограммамен оны қайта пайдалануды болдырмау мақсатында тұтыну ыдысын ашқан кезде есепке алу-бақылау таңбасының тұтастығы бұзылатындай етіп желімделеді.
      Есепке алу-бақылау таңбасы тұтыну ыдысына тығыз желімделеді және сәйкестендіруді және штрих-кодтық ақпаратты оқитын құрылғымен оқуды қамтамасыз етеді.
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.01.17 № 8 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      5. Акциздік таңба былайша орналастырылады:
      фильтрлі сигареттің жұмсақ қорабындағы қораптың үстіңгі бетін жабатын акциздік таңбадағы мәтін немесе сурет қораптың алдыңғы бетінің бағытына бағдарлануы және ортасында (оң және сол шетінен, алдыңғы және артқы қабырғадан бірдей аралықта) орналасуы тиіс;
      фильтрлі сигареттің қайырма қақпақты қорабындағы акциздік марка қораптың артқы бетінде орналасуы, қораптың бұрышын жауып және бүйір бетіне өтуі тиіс;
      фильтрсіз сигарет қорабында акциздік таңба қораптың сол және оң жақ шетінен бірдей аралықта қораптың артқы бетінде тігінен орналасуы әрі қорапты ашар жерді басып өтуі тиіс;
      папирос қорабында қораптың үстіңгі бетін жабатын акциздік таңбадағы мәтін немесе сурет қораптың алдыңғы бетінің бағытына бағдарлануы және ортасында (оң және сол шетінен, алдыңғы және артқы қабырғалардан бірдей аралықта) орналасуы тиіс;
      басқа темекі бұйымдарының қорабында акциздік таңба қораптың артқы бетінің ортасында (оң және сол шетінен, алдыңғы және артқы қабырғадан бірдей аралықта) орналасуы тиіс.
      Темекі бұйымдарының қорабын целлофанмен қаптау (егер мұндай көзделсе) қорапқа желімделген акциздік таңбаның үстінен жүргізілуі тиіс.
      Қорапты ашқан кезде темекі бұйымдарына арналған акциздік таңба бүлініп қалуы тиіс.
      Темекі бұйымдарына арналған акциздік таңбаларды желімдеу кезінде таңбаны тауардан бүлдірмей алуға және акциздік таңбаны қайта пайдалануға мүмкіндік бермейтін желім пайдаланылуы тиіс. Акциздік таңбаларды желімдеуге қолданылатын желім оның кебуі мен тауардан ажыратылып қалуын болдырмау үшін жоғары және төмен температураларға, ылғалдың түрлі деңгейлеріне төзімді болуы және акциз таңбасын қайталап пайдаланудың мүмкін болмауын қамтамасыз етуі тиіс.
      6. Алкоголь өнімі мен темекі бұйымдарын өндірушілер Қазақстан Республикасының аумағында өткізуге арналған дайын өнімге есепке алу-бақылау таңбалары мен акциздік таңбаларды желімдеуді өндіріс мекен-жайы бойынша жүргізеді.
      7. Конкурстық және оңалту басқарушылары борышкердің мүліктерін (активтерін) өткізу кезінде алкоголь өнімін немесе темекі бұйымдарын есепке алу-бақылау таңбаларымен немесе акциздік таңбалармен таңбалауды олар сақталған мекен-жай бойынша жүргізеді.
      8. Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін алкоголь өнімін немесе темекі бұйымдарын есепке алу-бақылау таңбаларымен немесе акциздік таңбалармен таңбалау осы Ереженің 9-тармағында көрсетілген жағдайлардан басқа, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2011.01.17 № 8 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      9. Салық кодексінің 653-бабының 4-тармағына сәйкес мыналар:
      1) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге экспортталатын;
      2) бажсыз сауда кедендік рәсіміне орналастыруға арналған Қазақстан Республикасының аумағына бажсыз сауда дүкендерінің иелері әкелетін;
      3) Кеден одағының кедендік аумағына уақытша әкелудің (жіберудің) және уақытша әкетудің кедендік рәсімдерінде әкелінетін, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағына кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағынан жалғыз даналарда жарнама және (немесе) көрсету мақсатында уақытша әкелінетін;
      4) кедендік транзиттің кедендік рәсімінде кеден одағының кедендік аумағы арқылы өткізілетін, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағы арқылы кеден одағына мүше мемлекеттерден транзитпен өткізілетін;
      5) 3 литрден аспайтын шекте Қазақстан Республикасының аумағына он сегіз жасқа толған жеке тұлға әкелетін (жіберетін) алкоголь өнімдері мен сыра есепке алу-бақылау таңбаларымен, сондай-ақ 200 сигарет немесе 50 сигарадан (сигарилладан) аспайтын темекі мен темекі бұйымдары немесе 250 грамнан аспайтын шектегі темекі не жалпы салмағы 250 грамнан аспайтын көрсетілген бұйымдардың ассортименті акциздік таңбаларымен міндетті түрде таңбалануға жатпайды.
      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.01.17 № 8 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.01.16 № 62 (2011.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулыларымен.
      10. Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін және есепке алу-бақылау таңбаларымен немесе акциздік таңбалармен таңбалауды көздемейтін кедендік рәсімдерде ресімделген алкоголь өнімі немесе темекі бұйымдары олар Қазақстан Республикасының аумағында сатылған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен акциз төлей отырып, есепке алу-бақылау таңбаларымен немесе акциздік таңбалармен міндетті түрде таңбалануға жатады.
      Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.01.17 № 8 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

3. Алкоголь өнімін есепке алу-бақылау таңбаларымен және темекі бұйымдарын акциздік таңбалармен қайта таңбалау тәртібі

      11. Темекі бұйымдарын жаңа үлгідегі акциздік таңбалармен қайта таңбалау жаңадан өндірілетін және әкелінетін темекі бұйымдарына осы Ережеде белгіленген тәртіппен және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мерзімде жаңа үлгідегі акциздік таңбаларды желімдеуді білдіреді.
      12. Алкоголь өнімдерін жаңа үлгідегі есепке алу-бақылау таңбаларымен қайта таңбалау ескі үлгідегі есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбаланған алкоголь өнімдеріне осы Ережеде белгіленген тәртіппен және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мерзімде жаңа үлгідегі есепке алу-бақылау таңбаларын желімдеуді білдіреді.
      13. Қайта таңбалау:
      1) ескі үлгідегі есепке алу-бақылау таңбалары мен акциздік таңбалар (бұдан әрі - таңбалар) желімделген алкоголь өнімдері мен темекі бұйымдарын (бұдан әрі - акцизделетін тауарлар), сондай-ақ пайдаланылмаған ескі үлгідегі таңбаларды түгендеуді;
      2) акцизделетін тауарларды жаңа үлгідегі таңбалармен таңбалауды;
      3) пайдаланылмаған ескі үлгідегі таңбаларды жоюды қамтиды.
      14. Түгендеу бір реттік сипатта болады және акцизделетін өнімдерді өндіруді және импорттауды жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалар, оның ішінде борышкердің мүлкін (активтерін) сататын конкурстық және оңалту басқарушылары (бұдан әрі - субъектілер) өз күштерімен жүргізеді.
      15. Түгендеу жүргізу мақсатында әрбір субъектіде құрамында комиссия төрағасы (субъектінің бірінші басшысы немесе оның орынбасары), субъектінің таңбаларға материалдық-жауапты тұлғасы және субъектінің басқа да қызметкерлері болатын саны үш адамнан кем емес комиссия (бұдан әрі - түгендеу комиссиясы) құрылады.
      16. Түгендеудің уақтылы жүргізілуін және оның тәртібінің сақталуын, тиісті түгендеу тізімдемесіне енгізілетін ескі үлгідегі таңбалар желімделген акцизделетін өнімдердің нақты сандық қалдықтары бойынша түрлері мен атаулары бөлінісінде олар туралы деректердің толықтығын, дәлдігін және дұрыстығын түгендеу комиссиясының төрағасы қамтамасыз етеді.
      Ескерту. 16-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.01.17 № 8 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      17. Түгендеу тізімдемесі әр бетте ескі үлгідегі таңбалар желімделген акцизделетін өнімдер мен пайдаланылмаған ескі үлгідегі таңбалардың жалпы саны (санмен және жазумен) көрсетіле отырып, ескі үлгідегі таңбалар желімделген акцизделетін өнімдер бойынша және пайдаланылмаған ескі үлгідегі таңбалар бойынша бөлек жасалады. Түгендеу тізімдемесінің әр бетіне түгендеу комиссиясының барлық мүшелері қол қойған болуы тиіс.
      Ескерту. 17-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.01.17 № 8 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      18. Түгендеу тізімдемесі екі данада жасалады, оның бірі тиісті облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша салық органдарына (бұдан әрі - салық органдары) жіберіледі, екіншісі субъектінің өзінде қалады.
      19. Салық органдары түгендеу тізімдемесінде көрсетілген кез келген деректердің дұрыстығын тексереді және Салық кодексінің 627-бабының 5-тармағының 2) тармақшасы мен 9-тармағының 2) тармақшасы негізінде қоймада акцизделетін өнімдердің бар-жоғын іріктеп тексеруді жүзеге асырады, сондай-ақ арнайы аспаптар арқылы желімделген ескі үлгідегі таңбалардың түпнұсқалылығын тексереді. Тексеру түгендеу комиссиясы мүшелерінің қатысуымен жүргізіледі.
      Ескерту. 19-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.01.17 № 8 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      20. Акцизделетін өнімнің нақты қалдықтарының түгендеу тізімдемесінде көрсетілген деректерден алшақтықтар (сәйкессіздіктер) анықталған, шығу тегі күмәнді таңбалар анықталған жағдайда салық органдары тексеру актісін жасайды және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес шаралар қабылдайды. Анықталған алшақтықтар жойылғаннан кейін түгендеу комиссиясы жаңа түгендеу тізімдемесін жасайды.
      21. Субъектілерге жаңа үлгідегі таңбаларды беру салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
      22. Ескі үлгідегі есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбаланған алкоголь өніміне жаңа үлгідегі есепке алу-бақылау таңбаларын желімдеу осы Ереженің 4-тармағына сәйкес жүргізіледі, бұл ретте бір есепке алу-бақылау таңбасының үстіне екіншісін жабыстыруға жол берілмейді.
      Ескерту. 22-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2011.01.17 № 8 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      23. Пайдаланылмаған ескі үлгідегі таңбаларды ескі үлгідегі таңбалары бар субъектілер ескі үлгідегі таңбаларды жою жөніндегі комиссияның қатысуымен жоюы тиіс.
      24. Ескі үлгідегі таңбаларды жою жөніндегі комиссияның құрамы және ескі үлгідегі таңбаларды жою орны салық органы бірінші басшысының бұйрығымен бекітіледі.
      25. Ескі үлгідегі таңбаларды жою жөніндегі комиссияның құрамына міндетті түрде салық органдарының бірінші басшылары мен салық органының таңбаларға материалдық-жауапты тұлғалары енуі тиіс.
      26. Ескі үлгідегі таңбалардың нақты жойылғаны туралы осы Ережеге 1, 2-қосымшаларға сәйкес нысан бойынша екі данада, жойылған ескі үлгідегі таңбалардың нөмірлері мен саны көрсетілетін ескі үлгідегі таңбаларды жою актісі (бұдан әрі - акт) жасалады. Жою актісінің әрбір данасына комиссия мүшелері мен субъектінің уәкілетті өкілі қол қояды, сондай-ақ салық органы мен субъектінің мөрлерімен куәландырылады.
      Жою актісінің бір данасы салық органында қалады, жою актісінің екінші данасы субъектіге беріледі.

      Шарап материалы мен сыраны      
      қоспағанда, алкоголь өнімін есепке алу-
      бақылау таңбаларымен және темекі   
      бұйымдарын акциздік таңбалармен   
      таңбалау (қайта таңбалау) ережесіне 
      1-қосымша               

      Ескерту. 1-қосымшаға өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.12.08 N 2041 (қолданысқа енгізілу тәртібін 6-т. қараңыз) Қаулысымен.

     Ескі үлгідегі есепке алу-бақылау таңбаларын жою актісі

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің ___ жылғы "__"____________
N__ қаулысына сәйкес біз, мынадай құрамдағы комиссия:
____________________________________________________________________
____________________________________________________________________

ескі үлгідегі есепке алу-бақылау таңбаларын мынадай санда:
_____________________________________________________________ данада

оның ішінде:
араққа арналған:_____________________________________________ данада
                (сыйымдылығы, сериясы, нөмірі, саны жазумен)

ликер-арақ өнімдеріне арналған:
_____________________________________________________________ данада
           (сыйымдылығы, сериясы, нөмірі, саны жазумен)

коньякқа арналған:
_____________________________________________________________ данада
                 (сериясы, нөмірі, саны жазумен)

брендиге арналған:
_____________________________________________________________ данада
                 (сериясы, нөмірі, саны жазумен)

аз градустық ішімдіктерге арналған:
_____________________________________________________________ данада
           (сыйымдылығы, сериясы, нөмірі, саны жазумен)

шарапқа арналған:
______________________________________________________________ данада
                 (сериясы, нөмірі, саны жазумен)

жоюды жүзеге асырдық.

Комиссия төрағасы:
1) _________________________________________________________________
                    (аты-жөні, лауазымы, қолы)

Комиссия мүшелері:
2) _________________________________________________________________
                    (аты-жөні, лауазымы, қолы)
3) _________________________________________________________________
                    (аты-жөні, лауазымы, қолы)
4) _________________________________________________________________
                    (аты-жөні, лауазымы, қолы)
5) _________________________________________________________________
                    (аты-жөні, лауазымы, қолы)

Ұйымның өкілі:
____________________________________________________________________
                    (аты-жөні, лауазымы, қолы)

      Мөр орны                                       Мөр орны

      Шарап материалы мен сыраны   
      қоспағанда, алкоголь өнімін есепке
      алу-бақылау таңбаларымен және темекі
      бұйымдарын акциздік таңбалармен 
      таңбалау (қайта таңбалау) ережесіне
      2-қосымша           

      Ескерту. 2-қосымшаға өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.12.08 N 2041 (қолданысқа енгізілу тәртібін 6-т. қараңыз) Қаулысымен.

          Ескі үлгідегі акциздік таңбаларды жою актісі

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің ___ жылғы "__" ____________
N__ қаулысына сәйкес біз, мынадай құрамдағы комиссия:
____________________________________________________________________
____________________________________________________________________

ескі үлгідегі есепке алу-бақылау таңбаларын мынадай санда:
_____________________________________________________________ данада
жоюды жүзеге асырдық.

Комиссия төрағасы:
1) ________________________________________________________________
                  (аты-жөні, лауазымы, қолы)

Комиссия мүшелері:
2) ________________________________________________________________
                  (аты-жөні, лауазымы, қолы)
3) ________________________________________________________________
                  (аты-жөні, лауазымы, қолы)
4) ________________________________________________________________
                  (аты-жөні, лауазымы, қолы)
5) ________________________________________________________________
                  (аты-жөні, лауазымы, қолы)

Ұйымның өкілі:
___________________________________________________________________
                  (аты-жөні, лауазымы, қолы)

      Мөр орны                                       Мөр орны

      Қазақстан Республикасы  
      Үкіметінің       
      2008 жылғы 31 желтоқсандағы
      N 1349 қаулысына    
      1-қосымша       

Алкоголь өніміне арналған есепке алу-бақылау табысының нысаны        (Суретті қағаз мәтінінен қараңыз)

       Қазақстан Республикасы  
      Үкіметінің       
      2008 жылғы 31 желтоқсандағы
      N 1349 қаулысына    
      2-қосымша        

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Темекі бұйымдарын және құрамында темекі бар өзге де бұйымдарды акциздік маркаларымен таңбалаудың тәртібін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 26 тамыздағы N 1251 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., N 42, 386-құжат).
      2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 19 сәуірдегі N 431 және 1999 жылғы 26 тамыздағы N 1251 қаулыларына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 10 шілдедегі N 1040 қаулысы.
      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 26 тамыздағы N 1251 және 2001 жылғы 21 маусымдағы N 846 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 8 қарашадағы N 1421 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., N 39, 498-құжат).
      4. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 26 тамыздағы N 1251 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 14 қарашадағы N 1207 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., N 40, 410-құжат).
      5. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 26 тамыздағы N 1251 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 15 маусымдағы N 657 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 24, 311-құжат).
      6. "Акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерін есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 3 желтоқсандағы N 1254 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 48, 600-құжат).
      7. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 23 мамырдағы N 495 қаулысының 1-тармағының 1) және 3) тармақшалары (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., N 21, 261-құжат).
      8. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 22 қыркүйектегі N 904 қаулысының 1-тармағының 1) және 3) тармақшалары (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., N 36, 389-құжат).
      9. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 3 желтоқсандағы N 1254 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 11 наурыздағы N 177 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., N 8, 86-құжат).
      10. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 3 желтоқсандағы N 1254 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы N 1313 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., N 50, 609-құжат).
      11. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 3 желтоқсандағы N 1254 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 28 тамыздағы N 783 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., N 35, 384-құжат).