Тауарлар импортын қосылған құн салығынан босату ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 желтоқсандағы N 1229 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Кодексінің (Салық кодексі) 255-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Тауарлар импортын қосылған құн салығынан босату ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

      Қазақстан Республикасы
      Үкіметінің      
      2008 жылғы 23 желтоқсандағы
      N 1229 қаулысымен   
      бекітілген      

Тауарлар импортын қосылған құн салығынан босату ережесі

      1. Осы Тауарлар импортын қосылған құн салығынан босату ережесі "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Кодексінің (Салық кодексі) (бұдан әрі - Кодекс) 255-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және тауарлар импортын қосылған құн салығынан босату тәртібін айқындайды.
      Осы Ереженің күші Қазақстан Республикасының кеден аумағына тауарлар әкелуді жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғаларға (бұдан әрі - заңды және жеке тұлғалар) қолданылады.
      2. Осы Ережемен көзделген тиісті құжаттарды Қазақстан Республикасының кеден органына беру кезінде тауарлар импорты қосылған құн салығынан босатылады.
      3. Ізгілік көмек ретінде әкелінетін тауарлар импорты кезінде акцизделетіндерін қоспағанда, мынадай құжаттар:
      1) көліктік және/немесе тауарға ілеспе құжаттар және/немесе ізгілік көмек ретінде тауар әкелу туралы дипломатиялық немесе оларға теңестірілген өкілдіктердің растамасы;
      2) құжаттар, оның ішінде тауарларды өтеусіз беру фактісін растайтын шетел тілдерінде жасалған құжаттар;
      3) осы Ережеге 1-қосымшада белгіленген нысан бойынша толтырылатын халықтың өмірі мен тұрмыс жағдайларын жақсартуға арналған тауарларды ғана мақсатты пайдалану туралы алушының, сондай-ақ әскери, экологиялық, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою міндеттемесі беріледі.
      4. Мемлекеттер, мемлекеттер үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың желілері бойынша қайырымдылық мақсатында әкелінетін акцизделетіндерін қоспағанда, тауарлардың импорты кезінде техникалық жәрдем көрсетуді қоса алғанда, мынадай құжаттар:
      1) мемлекеттер мен мемлекеттер үкіметтерінің және халықаралық ұйымдардың желілері бойынша қайырымдылық мақсатында әкелінетін тауарлар үшін:
      көліктік және/немесе тауарға ілеспе құжаттар және/немесе әкелінетін тауардың мәртебесін көрсете отырып, дипломатиялық немесе оларға теңестірілген өкілдіктердің растамасы;
      қайырымдылық мақсатында тауарлар әкелуді белгілейтін тиісті келісімдер, шарттар;
      заңды тұлғалар үшін - коммерциялық емес ұйым ретінде заңды тұлғаны тіркеуді растайтын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі, сондай-ақ жарғының көшірмесі;
      2) техникалық жәрдем ретінде әкелінетін тауарлар үшін:
      оларды орындау үшін тауарларды әкелу жүзеге асырылатын бағдарламаның атауы мен жобаның (техникалық жәрдемдесу жөніндегі келісім-шарттың) деректемелері көрсетілуі тиіс көліктік және/немесе тауарға ілеспе құжаттар және/немесе дипломатиялық немесе оларға теңестірілген өкілдіктердің растамасы;
      оларды орындау үшін тауарлар жеткізілетін жобаның (техникалық жәрдемдесу жөніндегі келісім-шарттың) көшірмесі беріледі.
      Бұл ретте техникалық жәрдемдесу бағдарламасының орындалуын бақылайтын қазақстандық тараптың құзыретті органы Қазақстан Республикасының орталық кеден органына жобаның орындалуы туралы ақпаратты береді. Әкелінетін тауарларды берілген жобаларда әкелуі көзделген тауарларға сәйкестендіруді қамтамасыз ету мақсатында осы жобалардағы тауарлардың тізбесі жеке көрсетілуі тиіс.
      5. Кез келген нысандағы дәрілік заттар, оның ішінде протездік-ортопедиялық бұйымдарды қоса алғанда, субстанция-дәрілер; сурдотифлотехника және медициналық (ветеринариялық) техника, медициналық (ветеринариялық) мақсаттағы бұйымдар; кез келген нысандағы дәрілік заттарды шығаруға арналған материалдар, жабдықтар мен жинақтаушы материалдар, оның ішінде протездік-ортопедиялық бұйымдарды қоса алғанда, субстанция-дәрілер және медициналық (ветеринариялық) техника, медициналық (ветеринариялық) мақсаттағы бұйымдар импорты Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбеге сәйкес қосылған құн салығынан босатылады.
      Тауарлардың импортын қосылған құн салығынан босату мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының кеден органына осы Ереженің 2-қосымшасында белгіленген нысан бойынша жасалған әкелінетін тауарларды мақсатты пайдалану туралы міндеттемені ұсыну және мынадай шарттарды сақтау қажет:
      медициналық техника, медициналық мақсаттағы бұйымдар ретінде Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркелуінің болуы;
      дәрілік заттардың айналымы саласындағы мемлекеттік органның дәрілік заттарды, медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды Қазақстан Республикасына әкелуге келісімі;
      дәрілік заттарды өндіру құқығына лицензиясының болуы;
      дәрілік заттардың айналымы саласындағы мемлекеттік органның дәрілік заттарды, медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды Қазақстан Республикасына әкелуге келісімі;
      дәрілік заттардың айналымы саласындағы мемлекеттік органның дәрілік заттарды, медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды Қазақстан Республикасына әкелуге келісімі.
      Мемлекеттік сатып алу туралы шарттар шеңберінде тауарлар импорты жағдайында жоғарыда көрсетілген құжаттардың орнына кеден органдарына импортты жүзеге асыратын тапсырысшы мен жеткізуші арасында жасалған шарт ұсынылады.
      6. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі және оның ұйымдары жүзеге асыратын ақша белгілерін шығару үшін шикізаттың импорты кезінде мынадай құжаттар:
      1) ақша белгілерін шығару үшін әкелінетін шикізаттың мақсаты туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің растамасы;
      2) осы Ережеге 3-қосымшада белгіленген нысан бойынша жасалған әкелінетін шикізатты мақсатты пайдалану туралы жүк алушының міндеттемесі беріледі.
      7. Мемлекеттер, мемлекеттер үкіметтері мен халықаралық ұйымдардың желілері бойынша берілген гранттар қаражаты есебінен жүзеге асырылатын тауарлар импорты кезінде мынадай құжаттар:
      1) Қазақстан Республикасына грант беру туралы шетелдік мемлекетпен (немесе мемлекеттермен) не Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбеге енгізілген халықаралық ұйыммен жасалған Қазақстан Республикасының халықаралық шартының көшірмесі (ол болған жағдайда);
      2) халықаралық шарт жасаусыз халықаралық ұйымның грант беруі жағдайында - оған берілген грант қаражаты есебінен тауарлар импорты туралы халықаралық ұйымның растамасы;
      3) халықаралық шартқа сілтеменің болуымен тауар-көліктік немесе тауарға ілеспе құжаттар (оны жасасқан жағдайда);
      4) бенефициардың (грант алушының) әкелінетін тауар туралы растамасы беріледі.
      8. Осы Ереженің 3, 4, 5, 6 және 7-тармақтарында көрсетілген Қазақстан Республикасының кеден аумағына әкелінетін тауарлар салық жеңілдіктері берілетін мақсаттармен байланысты ғана пайдаланылуы тиіс. Импорттаушы көрсетілген тауарларды өзге мақсаттарға пайдаланған жағдайда кедендік ресімдеу кезінде төленбеген қосылған құн салығы салық заңнамасына сәйкес бюджетке төлеуге жатады.
      9. Кеден баждары мен салықтарын төлеуден босатуды көздейтін кеден режимдері шеңберінде тауарлардың импорты бойынша қосылған құн салығынан босату Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      10. Кодекстің 255-бабының 1-тармағының 1), 2), 5) және 8) тармақшаларында айқындалған тауарлар импорты бойынша қосылған құн салығынан босату Кодекске сәйкес тікелей қолданылады.

      Қазақстан Республикасы 
      Үкіметінің      
      2008 жылғы 23 желтоқсандағы
      N 1229 қаулысына   
      қосымша       

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Қазақстан Республикасына импортталатын тауарларды қосылған құн салығынан босату ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 23 қаңтардағы N 84 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., N 4, 24-құжат).
      2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 23 қаңтардағы N 84 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 30 қыркүйектегі N 1071 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., N 32, 349-құжат).
      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 10 наурыздағы N 378 және 2002 жылғы 23 қаңтардағы N 84 қаулыларына толықтыру мен өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 21 қазандағы N 1135 қаулысының 1-тармағының 2) тармақшасы.
      4. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 23 қаңтардағы N 84 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 21 ақпандағы N 183 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., N 8, 91-құжат).
      5. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 10 наурыздағы N 378 және 2002 жылғы 23 қаңтардағы N 84 қаулыларына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 29 сәуірдегі N 488 қаулысының 1-тармағының 2) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 19, 248-құжат).
      6. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 10 наурыздағы N 378 және 2002 жылғы 23 қаңтардағы N 84 қаулыларына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 3 желтоқсандағы N 1258 қаулысының 1-тармағының 2) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 48, 604-құжат).
      7. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 10 наурыздағы N 378 және 2002 жылғы 23 қаңтардағы N 84 қаулыларына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 4 желтоқсандағы N 1271 қаулысының 1-тармағының 2) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 48, 609-құжат).
      8. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 10 наурыздағы N 378 және 2002 жылғы 23 қаңтардағы N 84 қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 22 маусымдағы N 606 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., N 25, 310-құжат).
      9. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 23 қаңтардағы N 84 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 16 наурыздағы N 197 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., N 8, 93-құжат).

      Тауарлар импортын қосылған құн
      салығынан босату ережесіне  
      1-қосымша          

___________________ Кедендік бақылау
      департаментінің (кеденнің) бастығына

Қазақстан Республикасының кеден аумағына
әкелінетін ізгілік көмекті
мақсатты пайдалану туралы
міндеттеме

      Мен,__________________________________________________________
____________________________________________________________________,
   (жүк алушының атауы, СТН-і, мекен-жайы, банк деректемелері не
            аты-жөні мен паспорттық деректері)
 
_____________________________________________________________________
       N(N) кеден декларациясына (декларацияларына) сәйкес

_____________________________________________________________________
                             (тауар атауы)
ізгілік көмек ретінде әкелдім.

      Осыған байланысты көрсетілген тауарларды халықтың өмірі мен тұрмыс жағдайларын жақсарту, сондай-ақ әскери, экологиялық, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін ғана пайдалануға және коммерциялық пайда алу үшін пайдаланбауға міндеттенемін.
      Көрсетілген тауарларды өзге мақсаттарға пайдалану үшін Қазақстан Республикасының кеден және салық заңнамасына сәйкес ___ теңге мөлшерінде кедендік ресімдеу кезінде төленбеген кеден төлемдерін, салықтарды және олардан алынатын өсімпұлдарды төлеуге міндеттенемін.

Қолы____ /_____ /                       Күні 20__ жылғы "___"______           (аты-жөні)

       Ескертпе. Ізгілік көмекті өзге де мақсаттарға кеден төлемдерін, салықтар мен өсімпұлдарды төлемей пайдаланған жағдайларда тиесілі сома Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жауапкершілік шарасын қолдану арқылы өндіріп алынады.

      Тауарлар импортын қосылған құн
      салығынан босату ережесіне  
      2-қосымша            

  ____________________Кедендік бақылау
      департаментінің (кеденнің) бастығына

Кез келген нысандағы дәрілік заттарды, оның ішінде субстанция-дәрілерді; протездік-ортопедиялық бұйымдарды қоса алғанда, медициналық (ветеринариялық) мақсаттағы бұйымдарды, сурдотифлотехниканы және медициналық (ветеринариялық) техниканы; кез келген нысандағы дәрілік заттарды шығаруға арналған материалдарды, жабдықтар мен жинақтаушы материалдарды, оның ішінде субстанция-дәрілерді; протездік-ортопедиялық бұйымдарды қоса алғанда, медициналық (ветеринариялық) мақсаттағы бұйымдарды және медициналық (ветеринариялық) техниканы мақсатты пайдалану туралы
міндеттеме

Мен,________________________________________________________________
____________________________________________________________________,
   (жүк алушының атауы, СТН-і, мекен-жайы, банк деректемелері не
                   аты-жөні мен паспорттық деректері)

_____________________________________________________________________
        N(N) кеден декларациясына (декларацияларына) сәйкес
_____________________________________________________________________
                           (тауар атауы)
кез келген нысандағы дәрілік заттар, оның ішінде субстанция-дәрілер; протездік-ортопедиялық бұйымдарды қоса алғанда, медициналық (ветеринариялық) мақсаттағы бұйымдар, сурдотифлотехниканы және медициналық (ветеринариялық) техника; кез келген нысандағы дәрілік заттарды шығаруға арналған материалдар, жабдықтар мен жинақтаушы материалдар, оның ішінде субстанция-дәрілер; протездік-ортопедиялық бұйымдарды қоса алғанда, медициналық (ветеринариялық) мақсаттағы бұйымдар және медициналық (ветеринариялық) техника ретінде әкелдім.

      Осыған байланысты көрсетілген тауарларды қатаң түрде олардың нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануға міндеттенемін.
      Көрсетілген тауарларды өзге де мақсаттарға пайдалану үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес ________ теңге мөлшерінде кедендік ресімдеу кезінде төленбеген салықтарды және олардан алынатын өсімпұлдарды төлеуге міндеттенемін.

Қолы ____/____ /                           Күні 20__ жылғы "__"_____
     (аты-жөні)

       Ескертпе. Кез келген нысандағы дәрілік заттарды, оның ішінде субстанция-дәрілерді; протездік-ортопедиялық бұйымдарды қоса алғанда, медициналық (ветеринариялық) мақсаттағы бұйымдарды, сурдотифлотехниканы және медициналық (ветеринариялық) техниканы; кез келген нысандағы дәрілік заттарды шығаруға арналған материалдарды, жабдықтар мен жинақтаушы материалдарды, оның ішінде субстанция-дәрілерді; протездік-ортопедиялық бұйымдарды қоса алғанда, медициналық (ветеринариялық) мақсаттағы бұйымдарды және медициналық (ветеринариялық) техниканы салықтар мен өсімдерді төлеместен, өзге де мақсаттарға пайдаланған жағдайда тиісті сома Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жауапкершілік шараларын қолдану арқылы өндіріп алынады.

      Тауарлар импортын қосылған құн
      салығынан босату ережесіне 
      3-қосымша         

      ____________________Кедендік бақылау
      департаментінің (кеденнің) бастығына

Ақша белгілерін шығаруға арналған
шикізатты мақсатты пайдалану туралы
міндеттеме

Мен,_________________________________________________________________
___________________________________________________________________,
      (жүк алушының атауы, СТН-і, мекен-жайы, банк деректемелері
             немесе аты-жөні мен паспорттық деректері)

_____________________________________________________________________
      N(N) кеден декларациясына (декларацияларына) сәйкес

_____________________________________________________________________
                              (тауар атауы)
 
ақша белгілерін шығару үшін шикізат ретінде әкелдім.

      Осыған байланысты көрсетілген тауарларды олардың мақсатты бағытталуына сәйкес қатаң пайдалануға міндеттенемін.
      Көрсетілген тауарларды өзге мақсаттарға пайдалану үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес _____ теңге мөлшерінде кедендік ресімдеу кезінде төленбеген салықтарды және олардан алынатын өсімпұлдарды төлеуге міндеттенемін.

Қолы ____/____ /                           Күні 20__ жылғы "__"_____
     (аты-жөні)

       Ескертпе. Ақша белгілерін шығаруға арналған шикізатты салықтар мен өсімпұлдарды төлемей өзге де мақсаттарға пайдаланған жағдайда тиесілі сома Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жауапкершілік шараларын қолдану арқылы өндіріп алынады.