Акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі ұлттық компаниялардың, акционерлік қоғамдардың басшы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу мен сыйлықақы беру шарттары туралы үлгілік ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 10 маусымдағы N 558 Қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің 15-бабының 9) тармақшасына және 126-бабының 6-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :

      1. Қоса беріліп отырған Акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі ұлттық компаниялардың, акционерлік қоғамдардың басшы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу мен сыйлықақы беру шарттары туралы үлгілік ереже (бұдан әрі - Үлгілік ереже) бекітілсін.

      2. Ұлттық компаниялар мен акционерлік қоғамдар акцияларының бақылау пакеттерін иелену және пайдалану құқықтарын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі ұлттық компаниялар мен акционерлік қоғамдар директорлар кеңестерінің басшы қызметкерлерге еңбекақы төлеу мен сыйлықақы беру шарттарын Үлгілік ережеге сәйкес белгілеуді қамтамасыз етсін.
      "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының басшы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу мен сыйлықақы беру шарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.10.22 N 1638 Қаулысымен

      3. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры", "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі", "Самғау" ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі" акционерлік қоғамдарына акцияларының пакеттерін мемлекет олардың жарғылық капиталына берген ұлттық компаниялар мен акционерлік қоғамдарға қатысты басшы қызметкерлерге еңбекақы төлеу мен сыйлықақы беру шартын Үлгілік ережеге сәйкес белгіленген тәртіппен айқындау ұсынылсын.
       Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.11.12. N 1048, 2009.07.20. N 1101 Қаулыларымен.

      4. "Ұлттық компаниялар мен акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың басшы қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 12 наурыздағы N 183 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., N 8, 88-құжат) күші жойылды деп танылсын.

       5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2008 жылғы 10 маусымдағы 
N 558 қаулысымен     
бекітілген       

Акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі ұлттық компаниялардың, акционерлік қоғамдардың басшы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу мен сыйлықақы беру шарттары туралы үлгілік ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі ұлттық компаниялардың, акционерлік қоғамдардың басшы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу мен сыйлықақы беру шарттары туралы үлгілік ереже (бұдан әрі - Үлгілік ереже) акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі ұлттық компаниялардың, акционерлік қоғамдардың (бұдан әрі - ұйымдар) басшы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу мен уәждеу мәселелерінде бірыңғай тәсілдерді қамтамасыз ету мақсатында әзірленді.

      2. Осы Үлгілік ережеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
      еңбекақы төлеу - Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және осы Үлгілік ережеге сәйкес қызметкерге еңбегі үшін берілетін сыйақының міндетті төлемін қамтамасыз етуіне байланысты қатынастар жүйесі;
      лауазымдық жалақы - қызметкердің біліктілігін, орындалатын жұмыстың күрделілігін, санын, сапасы мен жағдайын ескере отырып, еңбек нормаларын (еңбек міндеттерін) орындағаны үшін айына төленетін қызметкер еңбекақысының тіркелген мөлшері;
      бір жылғы жұмыс қорытындылары бойынша сыйақы - қол жеткізілген табыстарын материалдық көтермелеу және жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында жұмыс нәтижелеріне қарай жылына бір рет ұйымның басшы қызметкерлеріне төленетін сыйақы. Бір жылғы жұмыс қорытындылары бойынша сыйақы тұрақты сипатта болмайды.

      3. Ұйымның басшы қызметкерлеріне:

      1) бірінші басшы (президент Басқарма төрағасы және тағы сол сияқты);

      2) басшының орынбасары (вице-президент, Басқарма төрағасының орынбасары және тағы сол сияқты);

      3) атқарушы органның (Басқарманың) мүшесі жатады.

      4. Ұйымның басшы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу мен сыйлықақы беру ұйымның ағымдағы қаржы жылына арналған бюджетінде еңбекақы төлеуге көзделген қаражат есебінен жүргізіледі.

      5. Ұйымның басшы қызметкерінің лауазымдық айлық жалақысының мөлшері, бір жылғы жұмыс қорытындылары бойынша сыйақы алуға құқығы заңнамада белгіленген тәртіппен жасалатын еңбек шартында айқындалады.

      6. Осы Үлгілік ереже ұйымға белгіленген тәртіппен тартылатын шетелдік мамандарға - басшы қызметкерлерге қолданылмайды. Шетелдік мамандар - басшы қызметкерлерге еңбекақы төлеу шарттары ұйымның Директорлар кеңесінің шешімімен айқындалады.

2. Еңбекақы төлеу және сыйлықақы беру шарттары

      7. Ұйымның басшы қызметкерлерінің лауазымдық айлық жалақысының мөлшері орындалатын жұмыстың күрделілігіне, атқарып отырған лауазымына, өндірістің (бизнестің) ерекшеліктері мен ауқымына және оларға байланысты қатерлерге, еңбектің салалық ерекшелігіне, республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ұйымның рөлі мен орнына қарай сараланып айқындалады және ұйымның Директорлар кеңесінің шешімімен белгіленеді.

      7-1. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының басшы қызметкерлерінің айлық лауазымдық жалақыларының шекті мөлшерін және еңбегіне ақы төлеу мен сыйлықақы беру шарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Ескерту. Ереже 7-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2009.10.22 N 1638 Қаулысымен.

      8. Ұйымның басшы қызметкерлерінің өндірістің тиімділігі мен жұмыс сапасын арттыруға мүдделілігін күшейту үшін бір жылғы жұмыс қорытындылары бойынша сыйақы төлеу жүргізіледі.

      9. Бір жылғы жұмыс қорытындылары бойынша сыйақының мөлшері әрбір басшы қызметкердің қызметін бағалауға жеке тәсілі негізінде айқындалады және ұйымның даму жоспарының (қаржы-шаруашылық қызмет жоспарының) сапалық және сандық көрсеткіштеріне тәуелді болады.

      10. Ұйымның басшы қызметкерлеріне бір жылғы жұмыс қорытындылары бойынша сыйақы төлеу тәртібі мен шарттары ұйымның Директорлар кеңесінің шешімімен айқындалады.

      11. Басшы қызметкерлерге бір жылғы жұмыс қорытындылары бойынша сыйақы аудит жасалған қаржылық есептеме негізінде ұйымның қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелері белгіленген тәртіппен бекітілгеннен кейін қаржы жылының нәтижелері бойынша төленеді.

      12. Басшы қызметкердің орташа жалақысын есептеу бір жылғы жұмыс қорытындылары бойынша сыйақы ескерілмей, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

      13. "Арна Медиа" ұлттық ақпараттық холдингі", "Парасат" ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі", "Зерде" ұлттық инфокоммуникация холдингі" акционерлік қоғамдарының басшы қызметкерлерінің, оның ішінде шетелдік мамандардың - басшы қызметкерлерінің лауазымдық айлық жалақысының және бір жылғы жұмыс қорытындылары бойынша сыйақысының шекті мөлшері Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы мемлекеттік корпоративтік басқару мәселелері жөніндегі тиісті мамандандырылған кеңестердің ұсынымдары негізінде ұйымның Директорлар кеңесінің шешімімен айқындалады.
       Ескерту. 13-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.11.12. N 1048, 2008.11.21. N 1080, 2009.03.25. N 399 Қаулыларымен.

      14. Басшы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу және сыйлықақы беру жүйесін белгілеу кезінде ұйымның Директорлар кеңесі осы Үлгілік ережені басшылыққа алады.