Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенінде болу тәртібі туралы келісімге қол қою туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 20 мамырдағы N 473 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенінде болу тәртібі туралы  келісімнің  жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Амангелдіұлы Мұсабаевқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенінде болу тәртібі туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К. Мәсімов

  Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2008 жылғы 20 мамырдағы
N 473 қаулысымен  
мақұлданған     

жоба

  Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының
Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенінде болу тәртібі туралы
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі қағидаттары мен шарттары туралы келісімді, 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенін жалға беру  шартын , 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы  келісімді , 2004 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы "Байқоңыр" кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы  келісімді  басшылыққа ала отырып,
      "Байқоңыр" кешенінде болу тәртібін белгілеудің қажеттігін мойындай отырып, төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      Осы Келісімнің мәні Қазақстан Республикасының азаматтары және Ресей Федерациясының азаматтары - ғарыш айлағы персоналының, Байқоңыр қаласы тұрғындарының, лауазымды және іссапарға келген адамдардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, делегациялардың, туристердің, сондай-ақ шетел азаматтарының "Байқоңыр" кешенінде болу тәртібін белгілеу болып табылады.

  2-бап

      Осы Келісімде пайдаланылатын "Байқоңыр кешені", "Байқоңыр қаласы" және "Байқоңыр қаласының әкімшілігі" (Ленинск қаласы Байқоңыр қаласы болып қайта аталғандығын ескере отырып), "ғарыш айлағының персоналы" деген ұғымдар 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенін жалға беру шартында белгіленген мағынаға ие.
      Осы Келісімде пайдаланылатын "Байқоңыр қаласының тұрғындары" деген ұғым 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімде белгіленген мағынаға ие.
      Осы Келісімде пайдаланылатын басқа ұғымдар мынадай мағыналарға ие:
      лауазымды адамдар - билік өкілінің функцияларын тұрақты, уақытша немесе арнайы өкілеттік бойынша жүзеге асыратын не мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік мекемелерінде ұйымдық-өкімдік, әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындайтын адамдар;
      делегация - ресми іс-шараларға, кездесулерге, келіссөздерге қатысу мақсатында "Байқоңыр" кешеніне баратын мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің өкілдерінен тұратын адамдар тобы;
      шетел азаматтары - Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының азаматтары болып табылмайтын адамдар;
      іссапарға жіберілген адам - басшының жазбаша өкімінің негізінде еңбек міндеттерін өзінің тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде орындау үшін, сондай-ақ кәсіптік деңгейі мен біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға жіберілген ұйымның немесе мекеменің қызметкері;
      бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері - тіркелген бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары үшін хабарламалар мен материалдарды редакциялаумен, жасаумен, жинаумен немесе дайындаумен айналысатын, онымен еңбек немесе өзге де шарттық қатынастармен байланысты не оның уәкілеттігі бойынша осындай қызметпен айналысатын және Қазақстан Республикасында немесе Ресей Федерациясында аккредитациясы бар адамдар;
      туристер - белгіленген мерзім шеңберінде белгіленген бағыт бойынша таныстық және танымдық мақсатта "Байқоңыр" кешеніне ұйымдасып баратын адамдар.

  3-бап

      Осы Келісімді іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар мыналар болып табылады:
      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі;
      Ресей тарапынан - Федералдық ғарыш агенттігі, Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі (Ғарыш әскерлері) және Байқоңыр қаласының әкімшілігі.
      Қарамағында "Байқоңыр" кешенінің объектілері бар Тараптардың уәкілетті органдары оларда болуды ұйымдастыру тәртібін анықтайды.

  4-бап

      Ғарыш айлағының персоналын, Байқоңыр қаласының тұрғындарын, лауазымды және іссапарға жіберілген адамдарға, делегация мүшелеріне, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне, туристерге жататын, сондай-ақ Байқоңыр қаласына жеке шаруасымен келетін Қазақстан Республикасының азаматтары мен Ресей Федерациясының азаматтарын "Байқоңыр" кешенінің объектілеріне кіргізу туралы шешімді тиісті объектілер қарамағына жататын Тараптардың уәкілетті органдары қабылдайды.

  5-бап

      Шетел азаматтарын, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін және туристерді Ресей Федерациясы жалға алған "Байқоңыр" кешенінің объектілеріне кіргізу туралы шешімді Қазақстан тарапының уәкілетті органына хабарлай отырып, Ресей тарапының тиісті уәкілетті органдары қабылдайды.
      Шетел азаматтарын, оның ішінде туристерді Ресей тарапы жалға алмаған "Байқоңыр" кешенінің объектілеріне кіргізу туралы шешімді Федералдық ғарыш агенттігіне және Байқоңыр қаласының әкімшілігіне хабарлай отырып, ал бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болып табылатын шетел азаматтарын Федералдық ғарыш агенттігімен келісім бойынша Қазақстан тарапының уәкілетті органы қабылдайды.

  6-бап

      Мүдделі ұйымдар мен кәсіпорындар Ресей Федерациясы жалға алған "Байқоңыр" кешенінің объектілеріне кіруге өтінімдерді Ресей тарапының тиісті уәкілетті органдарына береді.
      Мүдделі ұйымдар мен кәсіпорындар Ресей Федерациясы жалға алмаған "Байқоңыр" кешенінің объектілеріне кіруге өтінімдерді Қазақстан тарапының тиісті уәкілетті органына береді.
      Қаланың ұйымдарында жұмыс істейтін, қызметтік және жеке шаруаларымен, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдері мен өнеркәсіп тауарларын өткізу, қызметтер көрсету үшін қалаға келетін адамдарға Байқоңыр қаласының аумағына кіруге өтінімдерді Байқоңыр қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мүдделі адамдары және ұйымдары Байқоңыр қаласының әкімшілігіне береді.
      Келетін адамдар (тегі, аты, әкесінің аты, азаматтығы, жеке басын куәландыратын құжаттың деректері, жұмыс орны, лауазымы), болу мерзімі мен мақсаттары, баратын объектілердің тізбесі туралы мәліметтер, автокөлік және әкелінетін   фото, бейне және басқа аппаратура туралы деректер бар өтінімдер мынадай мерзімде ұсынылады:
      Қазақстан Республикасы азаматтарының және Ресей Федерациясы азаматтарының кіруін қамтамасыз ету үшін - келетін күніне дейін кемінде 10 күн бұрын;
      шетел азаматтарының кіруін қамтамасыз ету үшін - келетін күніне дейін кемінде 55 күн бұрын.

  7-бап

      Қазақстан Республикасы азаматтарының және Ресей Федерациясы азаматтарының "Байқоңыр" кешеніне кіруіне рұқсат беру немесе рұқсат беруден бас тарту туралы ақпаратты тиісті уәкілетті органдар өтініш берушілерге "Байқоңыр" кешенінде болу жоспарланып отырған күнге дейін кемінде 5 күн бұрын, ал шетел азаматтары үшін кемінде 10 күн бұрын жеткізеді.
      "Байқоңыр" кешенінің объектілеріне рұқсатнама ресімдеуді және беруді тиісті уәкілетті органдар қабылдаған "Байқоңыр" кешенінің объектілеріне кіруге рұқсат беру туралы шешімдер негізінде Ресей тарапы уәкілетті органдарының рұқсат беру бюросы жүзеге асырады.

  8-бап

      Осы Келісімнің ережелерін талқылау және қолдану кезінде туындайтын даулар мен келіспеушіліктер Тараптардың уәкілетті органдары арасында консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
      Тараптардың уәкілетті органдары олар бойынша келісілген шешім қабылдамаған даулы мәселелер Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның "Байқоңыр" кешені жөніндегі кіші комиссиясының қарауына шығарылады.

  9-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізіле алады.

  10-бап

      Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді және "Байқоңыр" кешенін жалға алу мерзімі аяқталғанға дейін қолданылады.
      Осы Келісім бірінші Тараптың оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын екінші Тарап алған күнінен бастап 6 ай өткенге дейін күшінде қалады.
      2008 жылғы "__" ______ қаласында екі түпнұсқа данада, әрқайсысы орыс және қазақ тілдерінде жасалды, әрі екі мәтіннің де күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін талқылауда келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

   Қазақстан Республикасының             Ресей Федерациясының
        Үкіметі үшін                         Үкіметі үшін