Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің "Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнын құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 19 наурыздағы N 268 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Астана қаласында жаңа орталықтардың базасында медициналық қызметтер кластерін құру жөніндегі жоспарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 шілдедегі N 719  қаулысына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :

      1. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің "Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі - кәсіпорын) құрылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі кәсіпорынды мемлекеттік басқару органы болып белгіленсін.

      3. Кәсіпорын қызметінің негізгі мәні денсаулық сақтау және ғылым саласында өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру болып белгіленсін.

      4. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) кәсіпорынның жарғысын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне бекітуге енгізсін;
      2) кәсіпорынды әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін;
      3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай толықтырулар енгізілсін:
      1) "Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 25 маусымдағы N 790  қаулысында  (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., N 29, 256-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесінде:
      "Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 9-77-жолмен толықтырылсын:
      "9-77. "Республикалық нейрохирургия
      ғылыми орталығы" республикалық
      мемлекеттік кәсіпорны (шаруашылық
      жүргізу құқығында)                         Астана қаласы";

      2) "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы N 1117  қаулысында  (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 41, 529-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:
      "Мемлекеттік кәсіпорындар" деген 1-бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 39-1-жолмен толықтырылсын:
      "39-1. Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы".

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі