1992 жылғы 13 наурыздағы Стандарттау, метрология және сертификаттау саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 6 наурыздағы N 228 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. 2007 жылғы 22 қарашада Ашхабад қаласында жасалған 1992 жылғы 13 наурыздағы Стандарттау, метрология және сертификаттау саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама бекітілсін.

      2. "1992 жылғы 13 наурыздағы Стандарттау, метрология және сертификаттау саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімге толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы хаттаманы бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 12 қаңтардағы N 34 қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

1992 жылғы 13 наурыздағы Стандарттау, метрология және
сертификаттау саласында келісілген саясат жүргізу туралы
келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама

      1992 жылғы 13 наурыздағы Стандарттау, метрология және сертификаттау саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтері техникалық регламенттерді үйлестіру және сәйкестікті бағалау (растау) саласында келісілген саясат жүргізу қажеттілігін танып, сондай-ақ:
      Достастыққа қатысушы мемлекеттердің сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастығындағы техникалық кедергілерді жоюға ықпал ететін жалпы нормативтік-техникалық әлеуетті сақтау және одан әрі дамыту әрі өлшем бірлігін қамтамасыз ету;
      1999 жылғы 2 сәуірдегі ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы органдарының құрылымын жетілдіру және реформалау туралы шешімін іске асыру мақсатында
      төмендегілер туралы келісті:
      1. 1992 жылғы 13 наурыздағы Стандарттау, метрология және сертификаттау саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімге (бұдан әрі - Келісім) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      1.1. Келісімнің және Кеңестің атауларынан басқа, Келісімнің бүкіл мәтіні бойынша "стандарттау, метрология және сертификаттау" деген сөздер "техникалық регламенттерді үйлестіру, стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау (растау)" деген сөздермен ауыстырылсын.
      1.2. 1-баптың бесінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын: "ұлттық заңнамаға сәйкес келісілген ұйымдастырушылық-әдістемелік ережелер негізінде сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі жұмысты жүзеге асырады;".
      1.3. 4-баптың соңғы абзацы алынып тасталсын.
      1.4. 5-бап мынадай редакцияда жазылсын: "Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын тиісті хаттамамен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.".
      1.5. Келесі баптардың нөмірлеуін тиісінше өзгерте отырып, Келісім мынадай мазмұндағы 6-баппен толықтырылсын: "Осы Келісімді қолдануға және түсіндіруге қатысты даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері жолымен шешіледі.".
      1.6. 9-бап (жаңа нөмірмен) мынадай редакцияда жазылсын:
      "Осы Келісім, оған басқа да ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің, сондай-ақ осындай қосылу туралы құжаттарды депозитарийге беру жолымен барлық Тараптардың келісімімен осы Келісімнің ережелерін танитын және мақсаттары мен міндеттерін бөлетін үшінші мемлекеттер үшін ашық.
      Қосылу, осындай қосылуға Тараптардың келісімі туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарийге берген күнінен бастап күшіне енді деп саналады.".
      2. Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңес туралы ереже қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      3. 1992 жылғы 13 наурыздағы Стандарттау, метрология және сертификаттау саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімге толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы 2000 жылғы 20 маусымдағы Хаттаманың күші жойылды деп танылсын.
      4. Осы Хаттама қол қойылған күнінен бастап, ал заңнамасы күшіне ену үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындауды талап ететін мемлекеттер үшін - аталған рәсімдерді орындағаны туралы хабарламаны депозитарийге сақтауға берілген күнінен бастап күшіне енеді.
      2007 жылғы 22 қарашадағы Ашхабад қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Хаттамаға қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

Әзірбайжан Республикасының          Молдова Республикасының
Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін
 
Армения Республикасының            Ресей Федерациясының
Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін
 
Беларусь Республикасының           Тәжікстан Республикасының
Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін
 
Грузия                             Түрікменстан
Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін
 
Қазақстан Республикасының          Өзбекстан Республикасының
Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін
 
Қырғыз Республикасының             Украина
Үкіметі үшін                       Үкіметі үшін

1992 жылғы 13 наурыздағы Стандарттау,  
метрология және сертификаттау саласында 
келісілген саясат жүргізу туралы келісімге
өзгерістер енгізу туралы хаттамаға   
қосымша                 

Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңес туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі мемлекетаралық кеңес (бұдан әрі - Кеңес) өз қызметінде 1992 жылғы 13 наурыздағы Стандарттау, метрология және сертификаттау саласында келісілген саясат жүргізу туралы келісімді (бұдан әрі - Келісім), осы Ережені және техникалық регламенттерді үйлестіру, стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау (растау) саласында келісілген саясат жүргізу мақсатында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде қабылданған басқа да құжаттарды басшылыққа алады.
      Кеңес Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетімен өзара іс-қимылда техникалық регламенттерді үйлестіру, стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау (растау) саласында келісілген саясат жүргізу жөніндегі үйлестіруді жүзеге асырады, шешімдер дайындайды және қабылдайды.
      1995 жылғы 14 қыркүйектегі 40/1995 Стандарттау жөніндегі халықаралық ұйым (ИСО) кеңесінің қарарына сәйкес Кеңес стандарттау жөніндегі өңірлік ұйым болып табылады және стандарттау жөніндегі өңірлік ұйымдарға қойылатын ИСО-ның талаптарына сәйкес нормативтік құжаттамада және халықаралық, өңірлік және шетелдік ұйымдармен өзара қарым-қатынаста Кеңес қабылдаған атауды, аббревиатураны және эмблеманы пайдаланады.
      Кеңес Келісімге қатысушы мемлекеттердің өкілетті өкілдерінен тұрады.
      Кеңес техникалық регламенттерді үйлестіру, стандарттау, метрология, сәйкестікті бағалау (растау) және ТМД Атқарушы комитетіне материалдар дайындау жөніндегі Кеңестің жұмыстарын орындау үшін Стандарттар жөніндегі бюроны құрады.
      Стандарттар жөніндегі бюроның орналасқан жері Беларусь Республикасы, Минск қаласы болып табылады.
      Кеңестің ресми тілі орыс тілі болып табылады.

2. Кеңестің функциялары

      Кеңес мынадай негізгі функцияларды орындайды:
      техникалық регламенттерді үйлестіру, стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау (растау) саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастық бойынша бірлескен қызметтің басым бағыттары мен нысандарын әзірлеу және келісу;
      ғылыми зерттеулердің негізгі бағыттарын, ғылыми-техникалық бағдарламаларды, жоспарлар мен жобаларды қарау және қабылдау;
      Келісімде көзделген бекітіліп берілген қызмет салалары бойынша құжаттарды Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтеріне бекітуге ұсыну, ал өкілеттігі бар болғанда - бекіту;
      техникалық регламенттерді үйлестіру жөнінде ұсыныстар дайындау; мемлекетаралық стандарттар туралы шешімдер қабылдау; техникалық регламенттерді үйлестіру, стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау (растау) жөнінде бірлескен жұмыстар жүргізу ережелері мен рәсімдерін пысықтау және қабылдау;
      ТМД Экономикалық кеңесінің жанындағы Экономикалық мәселелер жөніндегі комиссияның және ТМД Экономикалық кеңесінің отырыстарына Кеңеске бекітіліп берілген қызмет салалары бойынша материалдар дайындау;
      техникалық регламенттерді үйлестіру, стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау (растау) және оларды қаржыландыру көздері бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі мақсатты бағдарламаларды және техникалық жобаларды орындау үшін шығындар сметасын қарау және келісу;
      Кеңестің жанынан ғылыми-техникалық комиссиялар және техникалық комитеттер құру туралы шешімдер қабылдау, олардың жұмыс жоспарларын бекіту;
      бекітіліп берілген қызмет салалары бойынша халықаралық және өңірлік ұйымдармен ынтымақтастықты жүзеге асыру;
      ТМД-ның басқа да салалық ынтымақтастық органдарымен, оның ішінде Кеңеске бекітіліп берілген қызмет салалары бойынша саясат пен ақпараттың біртұтастығын қамтамасыз ету мақсатында Құрылыста техникалық нормалау және стандарттау жөніндегі мемлекетаралық ғылыми-техникалық комиссиямен (ҚМҒТК) өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
      Стандарттар жөніндегі бюроның директорын тағайындау, Стандарттар жөніндегі бюроның штаттық саны туралы шешімдер қабылдау, Стандарттар жөніндегі бюроны қаржыландыру сметасын және оның шығысы туралы есепті бекіту.
      Техникалық регламенттерді үйлестіру, стандарттау, метрология, және сәйкестікті бағалау (растау) саласындағы жұмыстардың тиімділігін арттыруға жәрдемдесетін, сондай-ақ стандарттау, метрология, сертификаттау және аккредиттеу жөніндегі халықаралық және өңірлік ұйымдармен ынтымақтастықты қамтамасыз ететін, мемлекетаралық ұйымдық, ғылыми-техникалық және басқа да іс-шараларды дайындау және іске асыру мақсатында Кеңес Достастықтың құзыретті органдарына қабылданған нормаларға сай өзін-өзі қаржыландыратын коммерциялық емес ұйымдарды (қызметінің мақсаты пайда табу болып табылмайтын бюджеттен тыс қаржыландырылатын ұйымдар) құру туралы ұсыныстар енгізе алады.
      Кеңес Келісімге қатысушы мемлекеттердің үкіметтерімен келісілген қосымша өкілеттіктермен айқындалатын бекітіліп берілген қызмет салалары бойынша басқа функцияларды да жүзеге асыра алады.

3. Мемлекеттердің Кеңестегі өкілдігі

      Мемлекет атынан Кеңестің мүшелері болу құқығы және осы Кеңеске жүктелген функцияларды орындау үшін қажетті өкілеттіктер берілетін техникалық реттеу, стандарттау, метрология, сәйкестікті бағалау (растау) саласындағы функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті тиісті ұлттық мемлекеттік билік органдарының басшылары Кеңестің мүшелері болып табылады.
      Егер Келісімге қатысушы мемлекетте көрсетілген қызмет салаларында бірнеше басқару органдары жұмыс істесе және олардың басшыларына мемлекет Кеңестің мүшелері болу құқығын берсе, онда оның жұмысына өздерінің құзыреті шегінде қатысады. Келісімге қатысушы әрбір мемлекет Кеңесте бір дауысқа ие.
      Кеңестің мүшелері:
      олардың өкілеттіктеріне сәйкес Кеңес қызметінің барлық түрлеріне шешуші дауыс құқығымен қатысады;
      Кеңесте техникалық регламенттерді үйлестіру, стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі мемлекетаралық ынтымақтастықтың әр түрлі мәселелерін талқылауға бастамашы болады;
      Кеңесте көрсетілген қызмет түрлерінде мемлекетаралық ынтымақтастықтың нақты мәселелері бойынша өз мемлекеттерінің ұстанымы туралы ақпарат береді;
      Келісімге қатысушы мемлекеттерде әзірленіп жатқан және қолданыстағы техникалық регламенттер, стандарттар, сәйкестікті бағалау (растау) рәсімдері бойынша ақпарат алмасады және техникалық регламенттерді үйлестіру, стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі мемлекетаралық және халықаралық ынтымақтастықтың нақты нысандарында өз мемлекетінің қатысуы мәселелері бойынша Кеңестің басқа мүшелерімен келіссөздер жүргізеді;
      Кеңес отырыстарының хаттамаларын, Кеңестің және Стандарттар жөніндегі бюроның ғылыми-техникалық комиссияларының ағымдағы қызметі туралы ақпаратты, сондай-ақ ынтымақтастықтың нақты бағыттары бойынша ақпаратты жүйелі алып отырады;
      Кеңеске, оның сұрауы бойынша және Стандарттар жөніндегі бюроға мемлекетаралық мүддені білдіретін нақты мәселелер бойынша техникалық реттеу, стандарттау, метрология, сәйкестікті бағалау (растау) саласындағы функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті ұлттық мемлекеттік билік органдарының қызметі туралы қажетті ақпаратты жібереді.

4. Кеңестің жұмысын ұйымдастыру

      Кеңес қабылдаған техникалық регламенттерді үйлестіру, стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау (растау) жөніндегі шешімдер мен құжаттар ұлттық заңнамаға сәйкес Келісімге қатысушы мемлекеттерде қолданысқа енгізіледі.
      Кеңес өзінің отырыстарын қажеттілігіне орай, бірақ кемінде бір жылда екі рет өткізеді. Отырыстарға Кеңес мүшелерінен басқа, шешуші дауыс құқығынсыз мемлекеттердің басқа да өкілдері, Келісімге қатысушы мемлекеттер өнеркәсібінің жетекші салаларының өкілдері қатыса алады. Келісімге қатысушы мемлекеттер делегацияларының құрамына кеңесшілер мен сарапшылардың қажетті саны енгізіле алады.
      Кеңестің отырыстарына кеңесу даусы құқығымен ТМД Атқарушы комитетінің өкілі қатысады.
      Кеңестің және оның жұмыс органдары отырыстарының ұйымдық-техникалық қамтамасыз етілуін отырыс жүргізіліп жатқан аумақтағы мемлекет жүзеге асырады.
      Мемлекеттер Кеңестің және оның жұмыс органдары өкілдерінің жұмысына байланысты барлық шығыстарды өтейді.
      Келісімге қатысушы мемлекеттердің әрқайсысы оның өкілі тұлғасында бір жылдан аспайтын мерзімге ротация қағидаты негізінде кезекпен Кеңесте төрағалық етуді жүзеге асырады. Төраға Кеңестің отырыстарын басқарады және отырыстар арасындағы кезеңде оның жұмысын ұйымдастырады.
      Кеңестің алдыңғы төрағасы әрбір жаңа мерзімге оның тең төрағасы болып табылады.
      Отырыстардың күн тәртібі Кеңес қабылдаған МКК рәсімдерінің ережесіне сәйкес қалыптасады, отырысқа қатысып отырған Келісімге қатысушы мемлекеттердің көпшілік даусымен бекітіледі.
      Нақты бағдарламалар, техникалық жобалар және мемлекетаралық ынтымақтастық нысандары бойынша шешімдерді Келісімге қатысушы мемлекеттер консенсус негізінде қабылдайды.
      Келісімге қатысушы кез келген мемлекеттің мүдделеріне қатысты шешімдер, ол жоқ болғанда қабылдана алмайды.
      Рәсімдік мәселелер бойынша шешім Келісімге қатысушы мемлекеттердің көпшілік даусымен қабылданады.
      Кеңестің отырысы, егер оған Келісімге қатысушы мемлекеттердің жартысынан көбі қатысса, заңды болып саналады.
      Кеңестің төрағасы:
      техникалық реттеу, стандарттау, метрология, сәйкестікті бағалау (растау) саласындағы функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті ұлттық мемлекеттік билік органдарымен келісім бойынша өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын және экономиканың басқа да салаларын дамыту жөніндегі көп жақты уағдаластықтар шеңберінде бағдарламалардың бірлескен жобаларын дайындауға қатысу үшін Достастыққа қатысушы мемлекеттердің мамандарын тартады;
      техникалық регламенттерді үйлестіру, стандарттау, метрология және сәйкестікті бағалау (растау) мәселелерін қарау кезінде ТМД Экономикалық кеңесінің, ТМД Экономикалық кеңесінің жанындағы Экономикалық мәселелер жөніндегі комиссияның, басқа да мемлекетаралық органдардың отырыстарына қатысады. Кеңес төрағасының тапсырмасы бойынша көрсетілген отырыстардың жұмысына өзінің өкілеттігі шегінде Кеңестің басқа мүшесі қатыса алады.
      Отырыстар арасындағы кезеңде Кеңес мүшелері өз мемлекеттерінде Кеңес қабылдаған шешімдерді іске асыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады, ТМД Атқарушы комитетімен, Кеңес құрған ұйымдармен және өздерінің арасында байланыс жасайды.

5. Стандарттар жөніндегі бюро

      Стандарттар жөніндегі бюроны Кеңес құрады және Кеңес қызметінің негізгі бағыттары бойынша тұрақты негізде жұмыс істейтін мамандардан тұрады.
      Стандарттар жөніндегі бюроның сандық құрамын Кеңес айқындайды.
      Стандарттар жөніндегі бюро өзінің қызметінде осы Ережені, Кеңеске бекітіліп берілген қызмет салалары бойынша ТМД шеңберінде қабылданған келісімдерді және Кеңес бекіткен Стандарттар жөніндегі бюро туралы ережені басшылыққа алады.
      Стандарттар жөніндегі бюро қызметін жүзеге асыру үшін орналасқан мемлекетінің заңнамасына сәйкес өзінің заңды тұлға мәртебесін ресімдейді, есеп шоты және өзінің атауы бар мөрі болады.
      Стандарттар жөніндегі бюро орналасқан елінің мемлекеттік басқару органдары үшін ұсынылатын жағдайларда қажетті үй-жайлармен қамтамасыз етіледі.
      Стандарттар жөніндегі бюроның Кеңестің жұмысын ұйымдастыруға және аппаратты ұстауға байланысты шығыстарын қаржыландыру Кеңесте ұсынылған Келісімге қатысушы мемлекеттердің ұлттық мемлекеттік билік органдарының жыл сайынғы жарналары, сондай-ақ ақпараттық-консультациялық және әдістемелік-ұйымдастырушылық қызметтің нәтижесінде түскен қаражат, шаруашылық жүргізуші субъектілердің стандарттау жөніндегі жұмыстарға төлемдері және орналасқан елінің қолданыстағы заңнамасына сәйкес басқа да көздер есебінен жүзеге асырылады.