Тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің 2008-2009 жылдарға арналған тізбесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 қыркүйектегі N 853 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандығы № 2136 Қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2009.12.15 № 2136 (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен

      Қазақстан Республикасының "Денсаулық сақтау жүйесі" туралы 2003 жылғы 4 маусымдағы, "Азаматтардың денсаулығын сақтау туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі заңдарына және "Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2005 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 13 қазандағы N 1050 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің 2008-2009 жылдарға арналған тізбесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері Қазақстан Республикасының азаматтарына тегін медициналық көмектің кепілді көлемін ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулы 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2007 жылғы 28 қыркүйектегі
N 853 қаулысымен
бекітілген    

Тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің 2008-2009 жылдарға арналған тізбесі

1. Жалпы ережелер

      1. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің тізбесі (бұдан әрі - ТМККК тізбесі) Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға (бұдан әрі - азаматтар) мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсынылатын медициналық көмек көрсетудің түрлерін, көлемдері мен шарттарын айқындайды және неғұрлым дәлелденген тиімділігі бар медициналық қызметтерді қамтиды.

      2. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ұсынылатын ТМККК тізбесі, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, айналасындағылар үшін қауіп төндіретін аурулар кезінде медициналық көмек көрсетуді қамтиды.

      3. ТМККК халыққа бастапқы медицина-санитарлық көмек (бұдан әрі - БМСК) және консультациялық-диагностикалық көмек (бұдан әрі - КДК), жедел және шұғыл медициналық көмек, БМСК көрсету мамандарының және медициналық ұйымдардың жолдамасы бойынша стационарлық медициналық көмек көрсетуді, әлеуметтік елеулі аурулардан және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардан зардап шегуші адамдарға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тізбе бойынша медициналық көмек, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қабылданатын медициналық көмектің қосымша түрлерін көрсетуді қамтиды.

2. Жедел және шұғыл медициналық көмек және санитарлық авиация нысанында ұсынылатын ТМККК тізбесі

      4. Жедел медициналық көмек нысанында көрсетілетін медициналық көмек денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) белгілеген тәртіппен негізгі (өмірлік маңызы бар) дәрілік заттар тізімінің шегінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, жіті аурулардан, созылмалы аурулардың асқынуынан, жазатайым оқиғалардан, жарақаттардан, уланудан, сондай-ақ жүктілік пен босанудан туындаған адам өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда (шұғыл жағдайлар) халықтың барлық санаттары үшін тегін жүзеге асырылады.

      5. Жедел медициналық көмек нысанындағы ТМККК тізбесіне емдік-диагностикалық манипуляцияларды орындау және сырқаттарды медициналық айғақтары бойынша шұғыл медициналық көмек көрсететін ұйымдарға жеткізу, сондай-ақ көпшілік іс-шараларды медициналық қамтамасыз ету кіреді.

      6. Жедел медициналық көмек нысанындағы ТМККК тізбесіне шұғыл ауруханаға жатқызуды қажет етпейтін сырқаттарды, жүкті әйелдерді жоспарлы емдеу мен жоспарлы тасымалдау, сондай-ақ БМСК және КДК ұйымдары дәрігерлерінің тағайындауларын орындау, сот-наркологиялық және медициналық сараптаманың басқа да түрлерін жүзеге асыру, еңбекке жарамсыздық парақтары мен қорытындыларды беру кірмейді.

3. Бастапқы медициналық-санитарлық және консультативтік-диагностикалық көмек нысанында ұсынылатын ТМККК тізбесі

      7. БМСК нысанындағы ТМККК азаматтарға денсаулық сақтау ұйымдарындағы БМСК көрсететін дәрігерге дейінгі немесе білікті медициналық көмек түрінде, оның ішінде стационарды алмастыратын көмек нысанында ұсынылады.

      8. Білікті медициналық көмек - уәкілетті орган белгілейтін тәртіппен диагностиканың, емдеу және медициналық оңалтудың мамандандырылған әдістерін талап етпейтін аурулар кезінде жоғары медициналық білімі бар медицина қызметкерлері көрсететін медициналық көмек.

      9. Азаматтардың БМСК-ні тұрғылықты немесе бекітілген жері бойынша уәкілетті орган белгілейтін тәртіппен учаскелік терапевтер, педиатрлар, акушер-гинекологтар, жалпы практика дәрігерлері, фельдшерлер, акушерлер, мейірбикелер (бұдан әрі - БМСК мамандары) көрсетеді.

      10. КДК нысанындағы ТМККК азаматтарға мамандандырылған медициналық көмек, оның ішінде стационарды алмастыратын көмек нысанында ұсынылады.

      11. БМСК мен КДК нысанындағы ТМККК тізбесі уәкілетті орган бекітетін диагностика мен емдеудің мерзімді хаттамаларына (бұдан әрі - хаттамалар 1 ) сәйкес алдын алу, диагностикалық және емдеу қызметтерін қамтиды.
______________________
      1 Бұл жерде және бұдан әрі қарай хаттама болмаған кезде диагностикалық және емдеу іс-шараларының көлемі жалпыға бірдей қабылданған тәсілдерге сәйкес медициналық айғақтар бойынша айқындалады.

      12. Алдын алу қызметтері мыналарды қамтиды:
      1) уәкілетті орган белгілеген тәртіпке сәйкес халықтың жекелеген топтарын алдын ала тексеру; P060856
      2) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбеге сәйкес жұқпалы және паразиттік ауруларға қарсы егу;
      3) санитарлық-гигиеналық, індетке қарсы іс-шаралар және аурулардың алдын алу, оның ішінде:
      қажетті зертханалық зерттеулерді жүргізе отырып, жұқпалардың ошақтары мен сыртқы ортаның қолайсыз факторларын эпидемиологиялық және санитарлық-гигиеналық тексеру, сондай-ақ оларды жою немесе әсерлерін азайту жөніндегі шаралар;
      халықты және шаруашылық жүргізуші субъектілерді санитарлық-эпидемиологиялық ахуал мен аумақтың санитарлық-эпидемиологиялық мониторингінің нәтижелері туралы хабардар ету;
      4) халықты қауіпсіз сумен жабдықтау және ұтымды тамақтану жөніндегі түсіндіру жұмысы;
      5) негізгі аурулар кезінде қатердің іс-қимыл факторларының алдын алуды қоса алғанда, салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар;
      6) отбасын жоспарлау мен ұрпақты болу денсаулығын сақтау жөніндегі түсіндіру жұмысы.

      13. Диагностикалық қызметтер мыналарды қамтиды:
      1) халықтың жекелеген топтарын алдын ала тексеру кезінде:
      БМСК маманының және БМСК маманының жолдамасы бойынша бейін мамандарының тексеруі;
      зертханалық зерттеулер: қанды жалпы талдау (лейкоциттердің, гемоглобиннің санын, эритроциттердің шөгу жылдамдығын анықтау), зәрді жалпы талдау, копрограмма, қандағы және зәрдегі глюкозаны анықтау, қандағы аспарагинді және аланинді аминотрансферазды, несеп нәрін анықтау, қақырықты талдау, мерезге микрореакция, әйелдердің қынап жағындысы мен онкоцитологияға арналған жағынды, уретральды жағынды - айғақтар бойынша;
      аспаптық зерттеулер: 40 жастан асқан адамдарға электрокардиография, 40 жастан асқан адамдардың көзі ішінің қан қысымын өлшеу, 35-тен 49 жасқа дейінгі әйелдерге маммография, флюорография;
      2) ауруы бойынша есепте тұрған азаматтарды диспансерлеу кезінде:
      БМСК маманының және/немесе бейін маманының тексеруі;
      полимеразды тізбекті реакция негізіндегі диагностиканы, иммундық-фенотиптеуді, компьютерлік және магниттік-резонанстық томографияны, ангиографияны, медициналық-генетикалық зерттеулерді (бұдан әрі - қымбат тұратын зерттеулер) қоспағанда, зертханалық және аспаптық зерттеулер;
      Медициналық айғақтар және БМСК маманының және/немесе бейін мамандарының медициналық жолдамасы бойынша 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, мүгедектерге, "Алтын алқа", "Күміс алқа" белгілерімен марапатталған көп балалы аналарға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, жасы бойынша зейнеткерлерге (бұдан әрі - халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарына), жұқпалы аурулармен, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбе бойынша әлеуметтік елеулі аурулармен және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен (бұдан әрі - әлеуметтік елеулі аурулар) ауыратын сырқаттарға медициналық қымбат тұратын зерттеулер;
      3) ауруы бойынша қаралған кезде:
      БМСК маманының тексеруі;
      БМСК маманының жолдамасы бойынша бейін маманының тексеруі;
      БМСК маманы мен бейін мамандарының жолдамасы бойынша азаматтардың барлық санаттарына медициналық айғақтары бойынша, қымбат тұратын зерттеулерді қоспағанда, зертханалық және аспаптық зерттеулер;
      БМСК маманы мен бейін мамандарының жолдамасы бойынша халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына және әлеуметтік елеулі аурулармен ауыратын сырқаттарға медициналық айғақтары бойынша қымбат тұратын зерттеулер.

      14. Емдеу қызметтері мыналарды қамтиды:
      1) емделуші қиын жағдайдан шыққанға дейін және/немесе жедел медициналық жәрдем бригадасы келгенге дейін шұғыл көмек көрсету;
      2) емдік манипуляциялар: инъекциялар, дәке, қатайтатын таңғыштар, шендеуіштер салу, медицина ұйымының шығыс материалдарын пайдалана отырып хирургиялық, гинекологиялық, урологиялық, офтальмологиялық, оториноларингологиялық және басқа да амбулаториялық ем-шаралар;
      3) 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық айғақтары бойынша физиоем-шаралар;
      4) тіс жұлуды, бұрғылауды және химиялық қатайтылған композиттік материалдардан пломбылар салуды қоса алғанда, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына шұғыл стоматологиялық көмек, 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге көрсетілетін жоспарлы стоматологиялық (ортодонтиялықтан және ортопедиялықтан басқа) көмек;
      5) уәкілетті орган бекітетін аурулар түрлерінің тізбесі бойынша халықтың жекелеген санаттарын амбулаториялық емдеу кезінде тегін/жеңілдікті дәрілік қамтамасыз ету.

4. Стационарлық көмек нысанында көрсетілетін ТМККК тізбесі

      15. Станционарлық көмек нысанындағы ТМККК денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының ұсынуы бойынша облыстар, Астана және Алматы қалалары үшін уәкілетті орган белгілейтін тәртіппен айқындалатын ауруханаға жатқызылу жағдайларының жоспарланатын саны (шекті көлемі) шеңберінде көрсетіледі.

      16. Стационарлық көмек нысанындағы ТМККК жоспарлы және шұғыл айғақтар бойынша көрсетіледі.

      17. Жоспарлы айғақтар бойынша ТМККК БМСК маманының, емделушіні басқа медициналық ұйымға ауыстыру кезінде стационарлық көмек көрсететін медицина ұйымының, сондай-ақ уәкілетті орган белгілейтін тәртіппен құрылатын жоғары мамандандырылған медициналық көмек жөніндегі комиссиялардың жолдамасы бойынша көрсетіледі.
      Шұғыл айғақтар бойынша ТМККК жолдаманың бар-жоқтығына қарамастан көрсетіледі.

      18. Стационарлық көмек нысанындағы ТМККК азаматтарға уәкілетті органмен немесе денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарымен, сондай-ақ медициналық мекемелермен тиісті шарттары бар денсаулық сақтау ұйымдары білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек түрінде, оның ішінде хаттамаларға сәйкес стационарды алмастыратын көмек нысанында ұсынады.

      19. Білікті медициналық көмек терапиялық, хирургиялық, педиатриялық және акушерлік-гинекологиялық бейіндер бойынша көрсетіледі.

      20. Мамандандырылған медициналық көмек мынадай мамандықтар бойынша көрсетіледі:
      1) аллергология, гастроэнтерология, гематология, дерматовенерология (кең көлемде зақымданған аурулардың ауыр рефрактерлі нысандары), иммунология, жұқпалы және паразиттік аурулар, кардиология, кардиоревматология, лепрология, наркология, неврология, нефрология, профпатология, психиатрия, пульмонология, реабилитология (сауықтыру емдеудің ажырамас бөлігі болып табылған жағдайда), ревматология, терапия, фтизиатрия, эндокринология кіретін терапиялық бейін;
      2) андрология, анестезиология мен реаниматология, камбустиология, маммология, нейрохирургия, онкология, оториноларингология, офтальмология, проктология, травматология мен ортопедия, жүрек-қан тамырлары хирургиясы, трансплантология, токсикология, урология, хирургия, жақ-бет сүйегі хирургиясы кіретін хирургиялық бейін;
      3) балалар аллергологиясы, балалар гастроэнтерологиясы, балалар мен жасөспірімдер гинекологиясы, балалар гематологиясы, балалар дерматовенерологиясы, балалардағы жұқпалы және паразиттік аурулар, балалар иммунологиясы, балалар камбустиологиясы, балалар кардиоревматологиясы, неонатология, балалар неврологиясы, балалар нейрохирургиясы, балалар нефрологиясы, жасөспірімдер наркологиясы, балалар оториноларингологиясы, балалар онкологиясы, балалар офтальмологиясы, педиатрия, балалар психиатриясы, балалар пульмонологиясы, балалар анестезиологиясы мен реаниматологиясы, балалар реабилитологиясы (сауықтыру емдеудің ажырамас бөлігі болып табылған жағдайда), балалар жүрек-қан тамырлары хирургиясы, балалар стоматологиясы, балалар травматологиясы мен ортопедиясы, балалар трансплантологиясы, балалар токсикологиясы, жасөспірімдер терапиясы, балалар урологиясы, фтизиопедиатрия, балалар хирургиясы, балалар жақ-бет сүйегі хирургиясы, балалар эндокринологиясы кіретін педиатриялық бейін;
      4) денеден тыс ұрықтандыру мен медициналық генетикадан басқа, акушерлікті және гинекологияны қамтитын акушерлік-гинекологиялық бейін.

      21. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек уәкілетті орган бекітетін тізбе бойынша көрсетіледі.

      22. Стационарлық көмек нысанында көрсетілетін ТМККК тізбесі диагностикалық және емдік қызметтерді қамтиды.

      23. Диагностикалық қызметтер мыналарды қамтиды:
      1) мамандардың тексерулері, консультациялары;
      2) қымбат тұратындарды қоспағанда, медициналық айғақтары бойынша зертханалық және аспаптық зерттеулер;
      3) халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарына және әлеуметтік елеулі аурулармен ауыратындарға медициналық айғақтары бойынша қымбат тұратын зерттеулер.

      24. Емдеу қызметтері мыналарды қамтиды:
      1) медициналық айғақтары бойынша емдік манипуляциялар;
      2) уәкілетті орган бекітетін негізгі (өмірлік маңызы бар) дәрілік заттардың тізімі шегінде медициналық айғақтары бойынша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;
      3) медициналық айғақтары бойынша қан препараттарымен және компоненттерімен қамтамасыз ету;
      4) емдік тамақтандыру.

      25. Стационарлық көмек нысанындағы ТМККК-ні көрсету уәкілетті орган белгілеген стандарттағы палаталарда қосымша сервистік қызметтер (теледидар, телефон, тапсырыспен тамақтану және т.б.) ұсынылмастан, мыналар болған кезде жүзеге асырылады:
      1) ауруханаға жатқызуға (жоспарлы ауруханаға жатқызу кезінде арналған жолдама;
      2) жоспарлы ауруханаға жатқызу кезінде жеке басын куәландыратын құжат немесе оны алмастыратын құжат;
      3) медициналық айғақтардың (тәулік бойы медициналық бақылаудың қажеттілігі);
      4) диагностика және емдеу хаттамаларына сәйкес жоспарлы ауруханаға жатқызу кезінде талап етілетін тексерулер.

5. Стационарды алмастыратын көмек нысанында ұсынылатын ТМККК тізбесі

      26. Стационарды алмастыратын көмек нысанындағы ТМККК уәкілетті орган белгілейтін тәртіппен күндізгі стационарларда, күндіз емделу палаталары мен үйдегі стационарларда ұсынылады.

      27. Күндізгі стационарларда және күндіз емделу палаталарында
ұсынылатын стационарды алмастыратын көмек диагностикалық, емдік іс-шараларды, оның ішінде медициналық айғақтары бойынша уәкілетті орган бекітетін негізгі (өмірлік маңызы бар) дәрілік заттардың тізімі шегінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қамтиды.

      28. Үйдегі стационарларда ұсынылатын стационарды алмастыратын көмек медициналық айғақтары бойынша емдік манипуляцияларды жүргізуді және осы тізбенің 14-тармағының 5) тармақшасында көзделген көлемде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қамтиды.