Өлшем құралдарын шығару және жөндеу жөніндегі қызметті лицензиялау ережесін және оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 25 шілдедегі N 626 Қаулысы

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертуі. Бұл қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз.

      Қазақстан Республикасының "Лицензиялау туралы" 2007 жылғы 11 қаңтардағы және "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" 2000 жылғы 7 маусымдағы заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Өлшем құралдарын шығару және жөндеу жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі ;
      2) өлшем құралдарын шығару және жөндеу жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Өлшем құралдарын шығару және жөндеу жөніндегі қызметті лицензиялау кезіндегі біліктілік талаптарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 7 маусымдағы N 867 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., N 26, 302-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 7 маусымдағы N 867 және 2002 жылғы 24 қаңтардағы N 100 қаулыларына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 11 мамырдағы N 380 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., N 17, 160-құжат).

      3. Осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін жиырма бір күн мерзім өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2007 жылғы 25»шілдедегі
N 626 қаулысымен   
бекітілген      

Өлшем құралдарын шығару және жөндеу жөніндегі қызметті
лицензиялау ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Өлшем құралдарын шығару және жөндеу жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының "Лицензиялау туралы" 2007 жылғы 11 қаңтардағы және "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" 2000 жылғы 7 маусымдағы заңдарына сәйкес әзірленді.

      2. Ереже өлшем құралдарын шығару және жөндеу жөніндегі қызметті лицензиялау тәртібін белгілейді.

      3. Көрсетілген қызметті жүзеге асыруға лицензияны Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті (бұдан әрі - лицензиар) береді.

      4. Өлшем құралдарын шығару және жөндеу жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келетін жеке және заңды тұлғалар лицензиялау субъектілері (бұдан әрі - өтініш берушілер) болып табылады.

2. Лицензияны беру тәртібі

      5. Лицензияны алу үшін өтініш берушілер лицензиарға мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) өтініш;
      2) заңды тұлға үшін - жарғының және өтініш берушінің заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмелері;
      3) жеке тұлға үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      4) дара кәсіпкер үшін - өтініш берушінің дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      5) өтініш берушінің салық органында есепке тұрғаны туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      6) бюджетке лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжат;
      7) біліктілік талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттар:
      өлшем құралдарын өндіруге (жөндеуге) қолданылатын құжаттамалар тізімі, оларды бекіткен орган және қолдану мерзімі туралы мәліметтер;
      талап етілетін дәлдікпен өлшемдер мен сынақтар әдістерін регламенттейтін қолданылатын құжаттардың тізбесі, оларды бекіткен орган және қолдану мерзімі туралы мәліметтер;
      әділет органдарында тіркелген өндірістік үй-жайларға техникалық паспорттардың көшірмелері (нотариус куәландырған) не жалға алған жағдайда өндірістік үй-жайды жалдау туралы шарттың көшірмелерін ұсыну (нотариус куәландырған), сондай-ақ үй-жайларды және олардың аудандарын белгілеу туралы мәліметтер;
      қолданылатын жабдықтар тізбесі, олардың метрологиялық сипаттамалары (өлшеу ауқымы, дәлдік сыныбы, разряды), жабдықты өндірістің қай деңгейінде қолданылатындығын салыстырып тексеру туралы мәліметтер (өндіріс үшін);
      қолданылатын өлшенетін және сыналатын жабдықтарды метрологиялық аттестаттау немесе салыстырып тексеру туралы сертификаттардың көшірмелері;
      өндірілетін өлшем құралдарының типін бекіту туралы сертификатының, көшірмесі (өндіріс үшін);
      сапа жөніндегі басшылық;
      өндірілетін, жөнделетін және қолданылатын өлшем құралдарын салыстырып тексеруге құқығы бар заңды тұлғамен метрологиялық қызметті орындауға арналған шарт;
      білімі және тәжірибесі туралы құжаттардың көшірмелерімен мамандармен жасалған еңбек шарттарының көшірмелері, сондай-ақ соңғы аттестаттау күні және оның кезеңділігі туралы мәліметтер;
      температура, ылғалдылық, жарық беру, шу деңгейі, ауа құрамы, механикалық, электромагниттік әсерден және үй-жайдағы басқа да жолақтардан қорғау туралы мәліметтері бар санитарлық қадағалау органдарының қорытындысы.
      Ұсынылатын мәліметтерге өтініш беруші қол қоюы тиіс.

      6. Лицензияларды беру туралы (беруден бас тарту туралы) шешімді лицензиар барлық қажетті құжаттармен қоса, өтініш берілген күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін он жұмыс күнінен кешіктірмей қабылдайды.

      7. Заңды тұлғаға лицензияларды беру сенімхат бойынша не заңды тұлғаның құрылтай құжаттары негізінде әрекет ететін заңды тұлғаның басшысына, жеке тұлғаға - жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде жүзеге асырылады.

      8. Лицензия бас лицензия болып табылады және қолданылу мерзіміне шек қойылмай беріледі.

      9. Лицензия иеліктен шығарылмайды және оны лицензиат басқа заңды немесе жеке тұлғаға бере алмайды.

      10. Егер:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарында өтініш берушілердің осы санаты үшін аталған қызметтің түрлерімен айналысуға тыйым салынған;
      2) осы Ереженің 5-тармағында көзделген барлық құжаттар табыс етілмеген жағдайда лицензия беруден бас тартылуы мүмкін. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған жағдайда өтініш жалпы негіздер бойынша қаралады;
      3) аталған қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым енгізілмеген;
      4) өтініш беруші белгіленген біліктілік талаптарына сай келмеген;
      5) өтініш берушіге қатысты оған аталған қызметтің түрлерімен айналысуға тыйым салатын заңды күшіне енген сот үкімі болған жағдайларда, лицензия беруден бас тартылуы мүмкін.

      11. Лицензия беруден бас тартқан жағдайда өтініш берушіге лицензия беру үшін белгіленген мерзімде жазбаша түрде дәлелді жауап қайтарылады.

      12. Егер лицензиар лицензия беру үшін белгіленген мерзімде өтініш берушіге лицензия бермеген не өтініш берушіні лицензия беруден бас тарту себебі туралы жазбаша түрде хабардар етпеген жағдайда, лицензия беру үшін белгіленген мерзім өткен күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң өтініш беруші лицензиарды қызметтің өзі өтініш берген түрін жүзеге асыруды бастауы туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
      Лицензиар өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш беруші жазбаша хабарламада көрсеткен күннен бастап лицензия беруге міндетті.

3. Лицензияны қайта ресімдеу, оның телнұсқаларын беру,
қолданылуын тоқтату және тоқтата тұру

      13. Лицензиясы жоғалған, бүлінген жағдайда лицензиат лицензияның телнұсқаларын алуға құқылы.
      Лицензияның жоғалған, бүлінген бланкілері лицензиат лицензиарға жазбаша өтініш (лицензияның жоғалған, бүлінген фактісін растайтын құжаттармен қоса) берген күннен бастап жарамсыз деп саналады.
      Лицензиар өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жаңа нөмір бере отырып және жоғары оң жақ бұрышында»"Телнұсқа" деген жазуы бар лицензияның телнұсқасын береді.

      14. Жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты өзгерген жағдайда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құрылу нысанында заңды тұлға қайта ұйымдастырылған, заңды тұлғаның атауы өзгерген, сондай-ақ қызмет түрінің атауы өзгерген кезде, егер мұндай өзгеріс қызмет түрі шеңберінде орындалатын операциялардың мәнінің өзгеруіне әкеп соқпаса, ол отыз күнтізбелік күн ішінде көрсетілген мәліметтерді растайтын тиісті құжаттармен қоса, лицензияны қайта ресімдеу туралы өтініш беруге міндетті.
      Лицензиат тиісті жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лицензиар лицензияны қайта ресімдейді.

      15. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      16. Лицензияның қолданылуы мынадай жағдайларда:
      1) лицензия алып қойылғанда;
      2) жеке тұлғаның қызметі тоқтатылғанда, заңды тұлға таратылғанда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құрылу нысанындағы қайта ұйымдастырылуды қоспағанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда;
      3) лицензия ерікті түрде қайтарылғанда;
      4) лицензияланатындардың тізбесінен өлшем құралдарын шығару және жөндеу жөніндегі қызмет алып тасталса тоқтатылады.
      Лицензияның қолданылуы тоқтатылған кезде лицензиат он жұмыс күні ішінде лицензияны лицензиарға қайтаруға міндетті.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2007 жылғы«25 шілдедегі
N 626 қаулысымен   
бекітілген      

Өлшем құралдарын шығару және жөндеу жөніндегі қызметті
лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары

      1. Өлшем құралдарын шығару және жөндеу жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары мыналардың болуын қамтиды:
      1) өлшем құралдарын өндіруге (жөндеуге) нормативтік, сондай-ақ белгіленген тәртіппен бекітілген және келісілген техникалық құжаттаманың (техникалық тапсырманың, техникалық шарттардың, конструкторлық-технологиялық құжаттаманың);
      2) талап етілетін дәлдікпен өлшеу және сынау әдістерін регламенттейтін нормативтік құжаттардың;
      3) санитарлық нормалар мен ережелерге , еңбек қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау талаптарына сәйкес келетін өлшем құралдарын өндіруге (жөндеуге, оның ішінде қабылдауға және сақтауға) арналған жеке меншік құқығындағы не мүліктік жалдаудағы өндірістік үй-жайлардың;
      4) жинақтаушы бұйымдар және өнімдер шикізатының сапасын толық көлемде бақылауды, шығарылатын өлшем құралдарын шығару және сынау кезінде әсер ететін шамаларды бақылауды (өндіріс үшін) және жөндеу жұмыстарының сапасын бақылауды (жөндеу үшін) қамтамасыз ететін белгіленген тәртіппен метрологиялық аттестатталған не салыстырып тексерілген қажетті технологиялық, өлшеуіш және сынау жабдықтарының және оларды пайдалану жөніндегі басшылықтың;
      5) өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің тізілімінде шығарылатын өлшем құралдарының типін тіркеудің (өндіріс үшін);
      6) шығарылатын, жөнделетін және қолданылатын өлшем құралдарын салыстырып тексеруді қамтамасыз етудің;
      7) біліктілік деңгейін анықтау мақсатында ішкі аттестаттаудан өткен, орта арнайыдан төмен емес техникалық білімі, өлшем құралдарын жөндеу, юстирлеу және реттеу бойынша практикалық жұмыс тәжірибесі (жөндеу үшін) бар мамандар штатының;
      8) өлшем құралдарын шығару және сынау сапасына ішкі бақылаудың құжатталған жүйесінің (өндіріс үшін);
      9) өлшем құралдарын жөндеуді және белгіленген талаптарға сәйкес жөндеу жұмыстарының сапасын бақылауды жүргізу үшін жағдайлардың (жөндеу үшін);
      10) өтініш берушінің санитарлық нормалар талаптарына сәйкестігін растайтын санитарлық қадағалау органдары қорытындыларының.