Үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау ережесін және оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 18 шілдедегі N 606 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 17 маусымдағы № 607 Қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2010.06.17 № 607 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) Қаулысымен.

      "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі;
      2) үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу үшін жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 23 желтоқсандағы N 1276 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., N 49, 527-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 23 желтоқсандағы N 1276 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 19 наурыздағы N 208 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., N 915, 102-құжат).

      3. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2007 жылғы 9 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2007 жылғы 18 шілдедегі
N 606 қаулысымен   
бекітілген      

Үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй
ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті
лицензиялау ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының "Лицензиялау туралы" 2007 жылғы 11 қаңтардағы және "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңдарына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті лицензиялау тәртібін белгілейді.

      2. Лицензия қызмет көлемі бойынша бас лицензия болып табылады. Лицензия иеліктен шығарылмайды және оны лицензиат басқа жеке немесе заңды тұлғаға бере алмайды.

      3. Үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиялар беруді жүзеге асыруға уәкілеттік берілген лицензиарлар болып Заңға сәйкес облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары белгіленген.

      4. Заңды тұлғалар ғана үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі лицензиаттар бола алады.

      5. Лицензиарлар лицензиялар тізілімін жүргізуді жүзеге асырады.
      Лицензиялар тізілімінде мынадай мәліметтер:
      1) лицензиардың атауы;
      2) лицензияның берілген күні және нөмірі;
      3) заңды тұлғаның атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны және орналасқан жері;
      4) қызмет түрі;
      5) салық төлеушінің тіркеу нөмірі;
      6) төлем тапсырмасының нөмірі және лицензиялық алым төленген күні;
      7) лицензияны қайта ресімдеу негіздері және күні;
      8) лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, қайта бастау негіздері және күні;
      9) лицензияның қолданылуын тоқтату негізі және күні көрсетілуге тиіс.

      6. Шетелдік ұйымдар үлескерлердің ақшасын тарту жолымен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті Қазақстан Республикасының аумағында заңды тұлға құру арқылы ғана жүзеге асырады.

2. Лицензиялар беру тәртібі

      7. Лицензия алу үшін мынадай құжаттар қажет:
      1) өтініш;
      2) жарғының және өтініш берушінің заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмелері;
      3) өтініш берушінің салық органында есепте тұрғаны туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
      4) қызметтің жекелеген түрімен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжат;
      5) біліктілік талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттар.

      8. Лицензия заңды тұлғаны тіркеу орны бойынша беріледі.

      9. Лицензияны лицензиар осы Ережеде белгіленген тиісті құжаттармен қоса өтініш берілген күнінен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
      Лицензиар осы тармақта белгіленген мерзім ішінде лицензияны беруге не лицензияны беруден бас тартудың себептері туралы жазбаша түрде дәлелді жауап қайтаруға міндетті.

      10. Егер лицензиар "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мерзімде өтініш берушіге лицензияны бермеген не өтініш берушіні лицензияны беруден бас тарту себептері туралы жазбаша түрде хабардар етпеген жағдайда, осы Заңда лицензияны беру үшін белгіленген мерзімдер өткен күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң өтініш беруші тиісті лицензиарды қызметтің өзі өтініш берген түрін жүзеге асыра бастағаны туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
      Лицензиар өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш беруші жазбаша хабарламада көрсеткен күннен бастап лицензия беруге міндетті.

3. Лицензияны беруден бас тарту, оның қолданылуын
тоқтату және тоқтата тұру

      11. Егер:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарында субъектілердің осы санаты үшін қызметтің жекелеген түрімен айналысуға тыйым салынған;
      2) осы Ережеге сәйкес талап етілетін барлық құжаттар табыс етілмеген жағдайда лицензия беруден бас тартылуы мүмкін. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған жағдайда өтініш жалпы негіздер бойынша қаралады;
      3) қызмет түріне лицензия беруге өтініш берілген жағдайда қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым енгізілмеген;
      4) өтініш беруші біліктілік талаптарына сай келмеген;
      5) өтініш берушіге қатысты оған қызметтің жекелеген түрімен айналысуға тыйым салатын заңды күшіне енген сот үкімі болған жағдайларда лицензия беруден бас тартылуы мүмкін.

      12. Лицензияның қолданылуы мынадай жағдайларда:
      1) лицензияның берілген мерзімі аяқталғанда;
      2) үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметтің жүзеге асырылуына арналған іс-әрекеттер (операциялар) толық көлемде жасалғанда;
      3) лицензия алып қойылғанда;
      4) заңды тұлға таратылғанда, бірігу, біріктіру, бөліну немесе қайта құрылу нысанындағы қайта ұйымдастырылуды қоспағанда, заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда;
      5) лицензия лицензиарға ерікті түрде қайтарылғанда;
      6) лицензияланатындардың тізбесінен қызметтің жекелеген түрі алып тасталғанда тоқтатылады.

      13. Лицензияның қолданылуы тоқтатылған кезде лицензиат он жұмыс күні ішінде лицензияны лицензиарға қайтаруға міндетті.

      14. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2007 жылғы 18 шілдедегі
N 606 қаулысымен   
бекітілген      

Үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй
ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті
лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары

      1. Біліктілік талаптары үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі лицензияны алуға үміткер заңды тұлғаларға қолданылады.

      2. Үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметпен айналысу құқығына үміткер заңды тұлғалар мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс:
      1) бірінші басшының немесе қол қоюға құқығы бар тұлғаның қолы қойылып, осы салық органының мөрі басылған тиісті салық органының белгіленген нысандағы анықтамасының түпнұсқасымен расталатын, алдындағы қаржы жылына және үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі лицензияны алуға өтінімдер беру күнінің алдындағы салық есептілігі кезеңі ішінде бюджетке міндетті төлемдер бойынша берешектің жоқтығы;
      2) лицензия алған сәтте осындай шарттар болған жағдайда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың орындалмаған шарттары бойынша тартылған ақшаның кемінде 12 пайызы көлемінде жеке капиталының болуы;
      3) құрылыс объектісін салудың аяқталған нөлдік циклының болуы;
      4) оны тұрғын үй ғимаратының құрылысына пайдалануға рұқсаты бар өзіне меншік құқығында немесе жер пайдалану құқығында тиесілі жер учаскесінің болуы;
      5) кезеңдер бойынша құрылысқа арналған рұқсаттың болуы;
      6) лицензия алуға үміткер заңды тұлғаның және/немесе бас мердігердің тиісті жоғары білімі мен мамандығы бойынша кемінде үш жыл жұмыс өтілі немесе тиісті орта арнаулы білімі және мамандығы бойынша кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар инженер-техникалық қызметкерлер мен жауапты орындаушылар штатының болуы.