Шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерінің тізбесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 27 маусымдағы N 543 Қаулысы

Жаңартылған

      РҚАО-ның ескертпесі.

      ҚР мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша 2014 жылғы 29 қыркүйектегі № 239-V ҚРЗ Заңына сәйкес ҚР Энергетика министрінің 2015 жылғы 21 қаңтардағы № 27 бұйрығын қараңыз.


      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 16-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :

      1. Қоса беріліп отырған шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерінің тізбесі бекітілсін.

      2. Мыналардың:
      1) "Шаруашылық қызметтің экологиялық қауіпті түрлерінің тізбесін және оларды міндетті мемлекеттік лицензиялау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 8 қаңтардағы N 19 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., N 1, 10-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 8 қаңтардағы N 19 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 12 сәуірдегі N 340 Қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., N 15, 185-құжат);

      3)«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 8 қаңтардағы N 19 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 18 мамырдағы N 423 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., N 18, 172-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің        
2007 жылғы»27»маусымдағы 
N 543 қаулысымен   
бекітілген   

  Шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерінің тізбесі

Жерді және жер қойнауын пайдалану

      1. Улы, радиоактивті және тағы басқа қауіпті зиянды заттармен ластанған жерлердің техникалық рекультивациясы.

      2. Учаске алаңы 25 гектардан артық болған кезде пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі карьерлерді әзірлеу.

      3. Учаске алаңы 25 гектардан артық болған кезде тау-кен өнімдерін әзірлеу.

Су ресурстарын пайдалану

      4. Су объектілерінің ластануына және тығындалып қалуына әкеп соғатын ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттар мен радиоактивті материалдарды өндірістік мақсатта пайдаланатын кәсіпорындар мен құрылыстардың су жинайтын алаңдарына салу және орналастыру.

      5. Өнімділігі 150 мың эквивалентті тұрғындардан астам ағынды суларды тазалау станцияларының қызметі.

Мұнай операцияларын жүзеге асыру

      6. Қоршаған ортаға зиянды әсер ететін техногенді минералдық
қосылыстарды орналастыру, сақтау және пайдалану.

      7. Мұнай операцияларын, оның ішінде:

      1) мұнай мен табиғи газды коммерциялық мақсаттарда өндіруді;

      2) мұнай, мұнай-химиялық немесе химиялық өнімдерді сақтауды;

      3) мұнай өңдейтін зауыттардың (шикі мұнайдан майлағыш материалдарды ғана өндіретін кәсіпорындарды қоспағанда) және газдандыруға арналған құрылыстардың қызметін;

      4) газды, мұнайды немесе химикаттарды тасымалдауға арналған құбырларды пайдалануды жүзеге асыру.

      8. Шойын мен болаттың бастапқы қорытылуы.

      9. Металлургиялық, химиялық немесе электролиздік үдерістермен кендерден, концентраттардан немесе қайталама шикізаттан түсті металдар өндіру.

Атом және жылу энергиясын пайдалану

      10. Жылу электр станциялары мен жылу қуаты 300 мегаватт немесе одан да көп басқа жылу құрылыстарын пайдалану.

      11. Атом электр станцияларының және басқа да ядролық реакторлардың қызметі, осындай электр станцияларын немесе реакторларды бөлшектеуді немесе оларды пайдалануды тоқтатуды қоса алғанда (ең жоғары қуаты тұрақты жылу жүктемесінің 1 киловаттан аспайтын ыдыратқыш және ұдайы өндірілетін материалдарды шығаруға және қайта құруға арналған зерттеу қондырғыларынан басқа*).

      12. Пайдаланылған ядролық отынды қайта өңдеу.

      13. Мыналар:

      1) уранды байыту және ядролық отын өндіру;

      2) пайдаланылған ядролық отынды және радиоактивті қалдықтарды орналастыру бойынша қызмет.

Атмосфералық ауаға, климатқа және Жердің озон қабатына әсері

      14. Өндірістік объектілердің санитарлық жіктелуіне сәйкес қауіптілігі 1-сыныпты зиянды (ластаушы) заттардың жылына 1 тоннадан астам, өндірістік объектілердің санитарлық жіктелуіне сәйкес қауіптілігі 2-сыныпты заттардың жылына 50 тоннадан астам атмосфераға шығарындыларымен бірге жүретін өндірістік үдерістерді жүзеге асыру.
       Ескерту. 14-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.06.27 N 631 Қаулысымен.

      15. Озон қабатын бүлдіретін заттардың және олар құрамында бар өнімдердің импорты мен экспорты, озон қабатын бүлдіретін заттарды пайдалана отырып жұмыстар жүргізу, құрамында озон қабатын бүлдіретін заттар бар жабдықтарды жөндеу, монтаждау, оларға қызмет көрсету.

Қауіпті қалдықтармен жұмыс істеу

      16. Қауіпті қалдықтарды жою, кәдеге жарату және көму.

      17. Меншік құқығындағы, шаруашылық жүргізу құқығындағы немесе жедел басқару құқығындағы қауіпті қалдықтарды иелену немесе оларды қолдану.

      18. Қазақстан Республикасының міндеттемелерін орындауға байланысты қауіпті қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау.

Шаруашылық және өзге де қызметтің басқа экологиялық қауіпті түрлері

      19. Қоршаған ортаға зиянды әсер ететін химиялық және биологиялық заттарды өндіруге, іске асыруға, қолдануға және залалсыздандыруға байланысты қызмет.

      20. Аэроғарыштық қызмет, оның ішінде ғарыш аппараттары мен ғарыштық қызмет объектілерін пайдалану және пайдаланудан шығару.

      21. Әскери және қорғаныс объектілерінің қызметі.

      22. Генетикалық түрлендірілген организмдерді өндіру.

      23. Микроорганизмдер айналымын және оларды залалсыздандыруды қоса алғанда, микробиологиялық өндіріспен байланысты қызмет.

      Ескертпе: *Атом электр станциялары мен басқа ядролық реакторлары барлық ядролық отындар мен басқа да радиоактивті ластанған элементтер қондырғылар алаңынан біржола жойылғанда мұндай қондырғы болуын тоқтатады.