Жастардың бәсекеге қабілеттілігін қолдау мен дамытудың 2008-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 20 маусымдағы N 516 Қаулысы

Қолданыстағы

      Жастардың бәсекеге қабілеттілігін қолдау мен дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :

      1. Қоса беріліп отырған Жастардың бәсекеге қабілеттілігін қолдау мен дамытудың 2008-2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) мақұлдансын.

      2. Орталық және жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттік, салалық (секторалдық) және өңірлік бағдарламаларды әзірлеу кезінде осы Тұжырымдаманы басшылыққа алу ұсынылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2007 жылғы 20 маусымдағы
N 516 қаулысымен  
мақұлданған    

  Жастардың бәсекеге қабілеттілігін қолдау мен дамытудың
2008 - 2015 жылдарға арналған тұжырымдамасы

Кіріспе

      Жастардың бәсекеге қабілеттілігін қолдау және дамыту тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) жастар саясаты, жастарды жұмыспен қамту және оларды оқыту, тұрғын үй проблемалары мен оларды іске асыру тетіктері саласындағы мемлекеттік саясаттың жалпы стратегиясын, негізгі бағыттарын, басымдықтарын, міндеттерін айқындайтын құжат болып табылады.
      Тұжырымдама Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының»" Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы " 1998 жылғы 26 маусымдағы,»" Білім туралы " 1999 жылғы 7 маусымдағы,»" Халықты жұмыспен қамту туралы " 2001 жылғы 23 қаңтардағы,»" Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жастар саясаты туралы " 2004 жылғы 7 шілдедегі заңдарында, Ел Президентінің 1997 жылғы»" Қазақстан - 2030  Барлық Қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы", Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 1 наурыздағы»" Қазақстанның әлемдегі  бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы" атты Қазақстан халқына жолдауларында, Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 4 желтоқсандағы N 735  Жарлығымен  бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарында, Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 17 мамырдағы N 1096  Жарлығымен  бекітілген Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясында, Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 11 қазандағы N 1459  Жарлығымен  бекітілген Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 27 қаңтардағы N 68  қаулысымен  бекітілген Қазақстан Республикасының халқын жұмыспен қамтудың 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасында айқындалған мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарын дамытады.
      Тұжырымдама жастарды жұмыспен қамтуды жалпыұлттық басымдық ретінде айқындайды, Қазақстан Республикасының ұзақ кезеңге арналған мемлекеттік жастар саясатын іске асыру үшін бағыттар сілтейді және мемлекеттің кадр және әлеуметтік саясаты үшін негіз болып табылады.
      Осы Тұжырымдаманың құрылымы мыналарды қамтиды:
      республиканың жастар еңбек нарығындағы ахуалды талдау;
      Тұжырымдаманың мақсаты мен негізгі міндеттері;
      Тұжырымдаманы қаржылай қамтамасыз ету;
      Тұжырымдаманы іске асыру тетігі;
      күтілетін нәтижелер.

  Республиканың жастар еңбек нарығындағы ахуалды талдау

      Жастар саясатын іске асыру үшін жас адамдардың қоғамға, экономикалық өзара қарым-қатынастар жүйесіне кіру жағдайын жақсарту, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жастарға көмек және әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі жұмыс үнемі жүзеге асырылуда.
      Еңбек және жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік жастар саясатын іске асыру»"Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының Заңында да көрініс тапты, оған сәйкес өзгелермен қатар 21 жасқа дейінгі жастар да жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі мемлекеттік шаралармен қамтамасыз етіле отырып, мақсатты топ ретінде айқындалған.
      Қазақстан Республикасының халқын жұмыспен қамтудың 2005 - 2007 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде жергілікті атқарушы органдар жұмыс таңдауға және жұмысқа орналасуға жастарға жәрдем көрсетуде. Жұмыспен қамту органдарына жұмыссыз ретінде тіркелген еңбекке қабілетті жастағы жастар олардың келісімімен қоғамдық жұмыстарға жіберіледі немесе кәсіби даярлықтан және қайта даярлықтан өте алады. Бұл ретте, 21 жасқа дейінгі жастар, 23 жасқа дейінгі балалар үйінің тәрбиеленушілері, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар басымдықты тәртіппен қоғамдық жұмыстарға қатысуға немесе кәсіби даярлықтан және қайта даярлықтан өтуге құқылы.
      Халықты жұмыспен қамтудың өзгеру серпіні жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейінің төмендегенін дәлелдеп отыр. Мәселен, жұмыссыз жастардың деңгейі 2001 жылғы 19,1 %-дан 2006 жылғы 12,1%-ға дейін азайды.
      Жұмыссыздардың жалпы санында жұмыссыз жастардың үлесі - 2001 жылғы 30,8%-дан 2006 жылғы 27%-ға дейін айтарлықтай қысқарды.
      Сонымен қатар, біліктілігі мен еңбек дағдысының болмауынан, кәсіптік білімдерінің жеткіліксіздігіне негізделген еңбек нарығындағы жастардың бәсекеге қабілеттілігінің төмендігінен жұмыссыз жастар деңгейінің жоғары күйінде қалуы жалғасып отыр. 2006 жылы жастар арасындағы жұмыссыздық республика бойынша орташадан 1,6 есеге көп болды. Өңірлік бөліністе осы кезеңде жұмыссыздықтың жоғары деңгейі жастар арасында Атырау облысында - 14,7%, Қостанай облысында - 14,6% және Жамбыл облысында - 14,2%, Алматы қаласында - 20,9% байқалып отыр.
      Қала халқында жұмыссыз жастардың деңгейі жоғары: 2006 жылы ол ауыл халқы арасында 10,3% орнына 14,1%-ды құрады. Жыныстық белгілері бойынша жұмыссыз жастардың деңгейі әйелдерде жоғары - 14,7% (еркектерде - 10,0%). Қала халқының әйел адамдары арасындағы жұмыссыз жастардың ең жоғары деңгейі 20-24 жастағылар (16,7%), ең төменгі деңгей ауыл халқының ер адамдары арасында қалыптасты - 7,9%.
      Бұл ретте, білім беру қызметтерінің нарығы сұраныстың өзгеруіне жедел әрекет етуге дайын болмай шықты, бұл білікті жұмысшы кадрлар тапшылығы проблемасын шешуге және жергілікті еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың сәйкессіздігін жоюға мүмкіндік бермейді.
      Жұмыс берушілерге қойылатын талаптарда оқытуға жете мән берілмеген, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауды қамтамасыз етпейді. Реформа жылдары көптеген ұйымдар жұмысшыларды ішкі өндірістік даярлау мен біліктілігін арттыруды іс жүзінде жылы жауып қойды.
      Республикада ел экономикасының қажеттіліктерін ескере отырып, кәсіптік бағдарлау, жастарға кәсіптік өзін-өзі айқындауға көмек көрсету жөніндегі жұмысты үйлестіретін қызмет жоқ. Жастар арасында жұмысшы кәсіптердің беделі төмен.
      Тұтастай алғанда, республикада кәсіби кадрлар даярлау жүйесі әлемде қабылданған осы заманғы стандарттардан қалып қойған, осыған байланысты сырттан тартылатын шетелдіктермен салыстырғанда отандық жұмысшы күші өз елінде бәсекеге қабілетсіз.
      Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша (әсіресе жоғары білімді) мамандар даярлаудың қазіргі жүйесі»"дипломы бар" жұмыссыздар санының өсуіне ықпал етіп отыр. Мәселен, егер 2004 жылы олардың үлес салмағы 15,7%-ды құраса, ал 2005 жылы 17,5%-ға дейін өсті.
      Еңбек нарығындағы шиеленісті оқудан кейін жұмысқа орналастырылмаған мектеп, басқа білім беру ұйымдарын бітірушілер, түрлі себептермен оқуды аяқтамаған жастар, 23 жасқа дейінгі балалар үйінің тәрбиеленушілері, жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар күшейтіп отыр.
      Мектепті бітірген және оқу орындарында оқымайтын, негізінен жас адамдарды қоса алғанда, 16-19 жастағы жұмыссыз жастардың еңбек нарығында қажетті болуы үшін жеткілікті көлемде практикалық тәжірибесі мен теориялық білім деңгейі жоқ. Осы жағдайларға байланысты жастардың осы тобын жұмысқа орналастыру барлығынан қиын. Өз кезегінде, ауыл жастарының ер адамдары арасындағы жұмыссыздықтың төмен деңгейі олар негізінен, жоғарыда көрсетілгендей, өзін-өзі жұмыспен қамту саласына және көп жағдайда дене күшін қажет ететін біліксіз жұмысқа тап болатынына негізделген.
      Бүгінгі еңбек нарығының сипатты белгісі - ауыл халқының (әсіресе жастардың) қалаға табиғи көші-қоны. Бұл ретте тұрғын үйдің қол жетімсіздігі және тіркеудің (тіркелімнің) болмауы ауыл жастарын қалаларда жұмыспен қамтамасыз етуге ықпал етпейді.
      Ішкі мигранттардың бейімделу мүмкіндігі төмен екендігін практика көрсетіп отыр. Бұдан басқа, олардың орын ауыстыруы ешбір мемлекеттік және салалық бағдарламасыз, сондай-ақ әділет органдарына есепке алусыз және тіркеусіз ұйымдастырылмаған түрде өтуде.
      Халықаралық тәжірибе мен байқалып отырған көші-қон үрдістері адамдардың ауылдан қалаға қоныс аударуы үдемелі сипатқа ие екендігін болжауға мүмкіндік береді және ол елдің одан әрі өнеркәсіптік дамуының мүмкіндігіне қарай болады.
      Ауыл тұрғындарының қалаларға қоныс аудару үдерісі бір уақытта кәсіптік білімнің, өтілінің және қандай да бір еңбек дағдыларының болмауы салдарынан жұмыссыз жастар санының өсуімен қатар жүруде. Азаматтардың осы санатының тұрғын үйлерінің болмауынан бұл келеңсіз құбылыстар тереңдеуде.
      Еңбек нарығында, адами ресурстардың кәсіби-біліктілік құрылымы саласында, техникалық және кәсіптік білімде, халықты жұмыспен қамтуда елеулі өзгерістерге негізделген елде жүзеге асырылатын саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар жұмысшы кадрлар мен мамандарды даярлау жүйесін реформалау қажеттілігін туғызады, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев бұған бірнеше рет назар аударды.
      Өндірістік және экономикалық әлеуетті одан әрі өсіру, Қазақстанның инновациялық дамуы жаңа технологиялық негізде ғана мүмкін болады. Сондықтан да орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ететін біліктілігі жоғары жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарын даярлау еңбек нарығына алғаш шығатын жастар жұмыс күшінің бейімделуіне жағдай жасау және ол бойынша шаралар қабылдау біздің еліміз үшін бүгінгі күннің басым міндеттерінің бірі болып табылады.
      Осылайша, жастардың қазіргі проблемалары мемлекеттік деңгейде тұжырымдамалық шешуді талап етеді.

  Тұжырымдаманың мақсаты мен негізгі міндеттері

      Тұжырымдаманың мақсаты жастардың халықаралық стандарттарға сәйкес келетін отандық кәсіптік білім алуына жағдай жасау және жұмыспен қамту әрі тұрғын үй проблемаларын шешу жолымен жастардың бәсекеге қабілеттілігін қолдау және дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу болып табылады.
      Тұжырымдаманың негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
      1. Жастардың халықаралық стандарттарға сәйкес отандық кәсіптік білім алуы.
      2. Жастарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру деңгейін
арттыру.
      3. Ішкі мигранттардың бейімделу мүмкіндіктерін арттыру үшін жағдай жасау, ішкі көші-қон үдерісін реттеу тетігін айқындау мен маргиналды жастарды әлеуметтендіру және оларды қалалық жағдайларға бейімдеу нысандары мен әдістерін әзірлеу.
      4. Тұрғын үйге қол жетімділікті қамтамасыз ету, жастардың тұрғын үй проблемаларын шешу тетігін әзірлеу.

  Тұжырымдаманы қаржылық қамтамасыз ету

      Жастар проблемаларын шешу және олардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету барысында мемлекет тиісті қажеттілікке дейін қаржылай қолдауды біртіндеп өсіретін болады. Жастарды жұмыспен қамтудың жаңа қағидаттары мен жүйесін қамтамасыз ететін тиімді экономикалық тетіктерді қалыптастырудың маңызды элементтері мыналар болуы тиіс:
      кәсіптік білімнің мемлекеттік стандарттары мен оқу-өндірістік үдеріске қажетті жағдайларды қамтамасыз етуді ескере отырып, кәсіптік оқытуды нормативтік бюджеттік қаржыландыруды енгізу;
      жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін мемлекеттік кредит беру жүйесін құру;
      жастар ұйымдарын (жұмысшыларының 50%-дан астамының жасы 29 жасқа дейінгі ұйымдар) мемлекеттік қолдау жүйесін құру;
      кәсіптік білім беру ұйымдарын көп арналы қаржыландыруға, кәсіптік білім беру ұйымдарында білім алушыларды өндірісішілік (фирмаішілік) оқытуға кәсіпкерлерді ынталандыру;
      білім беру ұйымдары (әсіресе ауылдық жерлерде) базасында мәдени-білім беру, оқу-өндірістік, медициналық-сауықтыру орталықтарын құру;
      кәсіпорындар базасындағы бейінді оқу өндірісін мемлекеттік қолдау;
      әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация өз қызметін жүзеге асыратын өңірдің жастары мен жастар ұйымдарының (коммерциялық және коммерциялық емес) әлеуметтік, экономикалық және мәдени жобаларын іске асыру үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар табысын қайта инвестициялау.

  Тұжырымдаманы іске асыру тетігі

      Жастардың халықаралық стандарттарға сәйкес отандық кәсіптік білім алуы мыналар арқылы жүзеге асырылады:
      кәсіптік білім берудің беделін арттыру және жастардың жұмысшы кәсіптерін (мамандықтарын) алуға оң қатынасын қалыптастыру;
      кәсіптік мектептерді, лицейлер мен колледждерді жаңғырту және олардың материалдық-техникалық және оқу-өндірістік инфрақұрылымын нығайту;
      Техникалық және кәсіптік білім берудің 2008 - 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу;
      мемлекеттік бюджет қаражаты мен жұмыс берушілер қаражаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдаланушылардың инвестициялық қызметінің модельдік келісім-шартында көзделген инвестициялардың жалпы көлемінің 1%-ы мөлшеріндегі аударымдар қаражаты есебінен техникалық және қызмет көрсету еңбегінің ұлттық кадрларын даярлау мен қайта даярлауға тапсырыстар қалыптастыру тетігін әзірлеу есебінен жұмысшы кәсіптеріне кәсіптік оқыту;
      қалалар мен аудан орталықтарында кәсіптік мектептер мен колледждер ауылдық жерлердің шалғай аудандарынан келетін кәсіптік мектептер мен колледждердің оқушыларын орналастыру үшін жатақханалар салуға және қалпына келтіруге мемлекеттік бюджеттен нысаналы қаражат бөлу;
      бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұмысшы кәсіптерін (мамандықтарын) танымал етуге бағытталған кәсіби бағдар беру саясатын жетілдіру;
      оқу жоспарларына жаңа технологиялар мен нарық қажеттіліктеріне байланысты дағдыларды қалыптастыруды енгізу;
      қазіргі заманғы жабдықтар мен жаңа технологияларды пайдалана отырып, оқу үдерісі мен өндірістік тәжірибені ұйымдастыру;
      кәсіптік білім беру ұйымдарындағы мамандықтардың тізбесін еңбек нарығында талап етілетін кәсіптерге сәйкес келтіру;
      кәсіптік білім беру ұйымдарын даярлаудың, қайта даярлаудың және аттестаттаудың халықаралық стандарттарын енгізу жөнінде шаралар қабылдау;
      еңбек нарығының конъюнктурасын ескере отырып, мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарды жетілдіру, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктеріне сәйкес кәсіптік білім берудің мазмұнын жаңарту;
      кәсіптік білім беру ұйымдарының, оның ішінде өндірістік оқыту шеберлерінің жалақыларын бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесі шеңберінде ұлғайту жолымен оларға еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру;
      кәсіптік білім беретін оқу орындарында жұмыс істеу үшін өндірістің білікті мамандарын тарту тетігін әзірлеу;
      нормативтік бюджеттік қаржыландыру шеңберінде кәсіптік білім беру ұйымдарының оқушыларын қолдаудың стипендиялық жүйесіне көшу;
      бітіретін курстардың диплом алдындағы практикасын есепке алу мен кәсіптік білім беру ұйымдары оқушыларының тағылымдамаларын жалпы жұмыс өтіліне есептеу және ақы төлеу жөніндегі мәселелерді пысықтау;
      жұмыс беруші мен жұмысшының тәуекелдерін өзара сақтандыру үшін үш жақты шарттар (жұмыс беруші, жұмысшы, жұмысқа орналастыру жөніндегі орган) тәжірибесін енгізу жөніндегі тетікті әзірлеу.
      Жастарды еңбек және жұмыспен қамту саласындағы жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында мынадай мәселелерді пысықтау орынды болады:
      жетілдіру мақсатында жұмыспен қамту және кәсіпкерлік қызмет туралы заңнамаға мониторинг жүргізу;
      кәсіптік білім беру ұйымдарын бітірушілерді еңбек нарығында жылжыту жөнінде тиімді тетіктер жасау (шарттың негізінде кәсіптік білім беру ұйымдарын бітірушілер үшін»"бірінші" жұмыс орнын броньдау мәселесін пысықтау);
      базалық кәсіптік білім беру оқу бағдарламаларын жаңғырту;
      жастар үшін кәсіптік бағдарлау, жұмыссыз жастарды оқыту және жұмысқа орналастыру мен маргиналдық жастар мен еңбек мигранттарын бейімдеу жөніндегі республикалық және өңірлік әлеуметтік қызметтерді құру және оның жұмыс істеуі;
      жастар үшін, оның ішінде шетелдік жұмысшы күшін тартатын ұйымдарда жұмыс орындары квотасын белгілеу бөлігінде халықты жұмыспен қамту туралы заңнаманы жетілдіру;
      проблемалы ауылдық елді мекендерді тоқырау жағдайынан алып шығу, жастарды мынадай жолдармен ауылда тұрақтандыру мақсатында олардағы өндірістерді сауықтыру жөнінде қосымша шаралар қабылдау;
      мемлекеттік жер қорынан жер учаскелерін бөлу, пайызсыз тауар кредиттерімен және лизингтік негізде техникамен қамтамасыз ету;
      ауылдық жерлердегі үйде істейтін және кәсіпшілік өндірістерін дамыту, шағын кредиттер беру, бос өндірістік алаңдар мен пайдаланылмайтын жабдықтарды бөлу арқылы дәстүрлі халықтық кәсіпшіліктің жаңғыртылуына жәрдемдесу;
      ауылда шағын кредит желілерін кеңейту және инвестициялардың, оның ішінде қызметтің ауыл шаруашылығы емес түрлеріне шағын кредит беруді қоса алғанда, жеке іс ашуға бюджеттік инвестициялар көлемін ұлғайту;
      модельдік әлеуметтік жобаларды енгізу арқылы бағдарламалық-мақсатты әдістермен жастардың кәсіпкерлік қызметіне жәрдемдесу;
      өндірісішілік (фирмаішілік) оқытуды дамыту, жұмыссыз және оқитын жастарды жөндеу-құрылыс және қалпына келтіру жұмыстарына тарту.
      Ішкі көшіп-қонушылардың бейімделу мүмкіндіктерін арттыруға жағдай жасау, ішкі көші-қон үдерістерін және маргиналды жастардың әлеуметтенуін реттеу тетіктерін айқындау және оларды қала жағдайында бейімдеудің нысандары мен әдістерін әзірлеу мыналар:
      ауыл жастарының ішкі еңбек көші-қоны бөлігінде мемлекеттік көші-қон саясатын жетілдіру, әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер бере отырып, тоқыраған ауыл шаруашылығы аудандарына жоғары оқу орындарының түлектерін ішінара мемлекеттік бөлуді қалпына келтіру;
      ауылдық жерлерде бизнес-инкубаторлар ашу;
      кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері үшін жастар практикасын таратуды арттыру;
      жұмысшы кадрларға қажеттілікті болжау;
      логистика орталықтарын, ауылдық туристік инфрақұрылым объектілерін дамыту жөніндегі схемалар мен модельдік жобаларды әзірлеу, ауылдық жерлерде қызмет көрсету нарығын дамыту үшін жағдай жасау;
      өңіраралық деңгейде еңбек ресурстарын ұтымды орналастыру жөніндегі іс-шараларды әзірлеу;
      жастарды тоқыраған ауылдар мен аудандардан көшіру жөніндегі схемалар мен модельдік жобаларды әзірлеу мақсатында ауылдық елді мекендердің әлеуетін жіктеумен ара қатынаста кредит серіктестіктерінің аумақтық және сапалы дамуына талдау мен мониторинг жүргізу.
      Тұрғын үйге қол жетімділікті қамтамасыз ету, жастардың тұрғын үй проблемаларын шешу тетігін әзірлеу:
      тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасын, жобаға қатысушылардың (жастардың) тұрғын үй мәселелерін шешу мүмкіндігін (салынып жатқан тұрғын үйдегі жобаның үлесі), төмен пайызбен ипотека беру мүмкіндігін ескере отырып, жастардың тұрғын үй проблемаларын кешенді шешуге бағытталған жастардың үздік тұрғын үй жобаларын іске асыру;
      тұрғын үй салуға жер учаскелерін жеңілдікпен бөлуді құқықтық қамтамасыз ету жолымен шешілетін болады.

  Күтілетін нәтижелер

      Тұжырымдаманың негізгі ережелерін нақты іске асыру жастар саясаты саласындағы, жұмыспен қамту және кәсіптік даярлық, тұрғын үй проблемалары, Қазақстанның орнықты және тұрақты дамуының жалпы аясына қосылған жастардың бәсекеге қабілеттілігін қолдау мен дамытудың әлеуметтік бағдарланған моделін қалыптастыру саласындағы мемлекеттік кепілдіктерді іске асыруды қамтамасыз етеді.
      Тұжырымдама еңбек нарығында осы заманғы өндірістік технологияларға ие құзыретті және бәсекеге қабілетті еңбек ресурстарын күн ілгері қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
      Тұжырымдаманы іске асыру тұтастай алғанда:
      жастардың жұмыспен орнықты қамтылуын;
      жастар үшін тұрғын үйдің қол жетімділігін;
      кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері қатарынан жастардың елеулі бөлігінің кәсіптік құзыреттілігін;
      бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін;
      мемлекет, бизнес және жұмыс істейтін жастар арасында әлеуметтік әріптестікті арттыруға ықпал етеді.