Жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 25 желтоқсандағы N 10 Нормативтік қаулысы

Қолданыстағы

      Жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы заңдарды қолдануда дұрыс сот тәжірибесін қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

қаулы етеді:

      1. Жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы қылмыстық заң талаптарын нақты әрі мүлтіксіз орындау сотталғандардың түзелуі үшін және қылмыстар қайталануының алдын алу үшін өте маңызды екеніне соттардың назары аударылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - ҚІЖК)  455-бабына  сәйкес сот жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы мәселелерді жазаны орындайтын органның өтініші бойынша не кәмелетке толмағандардың түзелуін қамтамасыз ететін мамандандырылған мемлекеттік органның өтініші бойынша, ал тәртіптік әскери бөлімде жаза өтеп жүрген адамдарға қатысты - тәртіптік әскери бөлім басшылығының өтініші бойынша қарайды.

      3. Қазақстан Республикасы Қылмыстық атқару кодексінің (бұдан әрі - ҚАК)  169-бабының  тоғызыншы тармағына сәйкес сотталған адам жаза мерзімінің заңда белгіленген бөлігін өтегеннен кейін мекеменің немесе жазаны орындайтын органның әкімшілігі бір ай мерзімнің ішінде жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату немесе жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру жөніндегі мәселені қарап, ол бойынша ұсыныс енгізу туралы өтініш, не ұсыныстан бас тарту туралы қаулы шығаруға міндетті. Өтініш әрі қарай сотқа енгізу үшiн прокурорға жiберiледi. Прокурор өтініштің негізділігін және заңдылығын зерделеп, онымен келіскен жағдайда материалды сотқа жібереді, келіспеген жағдайда дәлелді қаулы шығарып, материалды мекеменің немесе жазаны орындайтын органның әкімшілігіне кері қайтарады. Прокурордың жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулысына сотталған адам, оның қорғаушысы сотталған адамның жазаны өтеп жүрген жердегі сотқа немесе жоғары тұрған прокурорға шағымдана алады.
      Егер мекеменің немесе жазаны орындайтын органның әкімшілігі мерзімінен бұрын шартты түрде босату немесе өтелмеген жазаны жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыруға ұсыну жөніндегі өтініш туралы немесе ұсынудан бас тарту туралы мәселені бір айдың ішінде шешпесе, онда сотталған адам және оның қорғаушысы Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - АІЖК)  27-тарауындағы  тәртіппен жазаны өтеп жүрген жердегі сотқа әкімшіліктің әрекетсіздігіне тікелей шағым беруге құқылы.
      Соттар мекеменің немесе жазаны орындайтын органның әкімшіліктері жіберген осындай заң бұзушылықтарға жеке қаулы шығара отырып мән беруі тиіс.
      Әркім өзінің құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқылы екендігін белгілейтін Қазақстан Республикасы Конституциясының  13-бабына  және  ҚАК 18 20-баптарына  сәйкес мекеме және жазаны орындайтын органдар әкімшілігінің жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға немесе жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыруға ұсынудан бас тарту туралы қаулысына сотталған адам және оның қорғаушысы жазаны өтеп жүрген жердегі сотқа шағымдана алады.
      Мекеменің немесе жазаны орындайтын органның әкімшілігі үкім шығарған сотқа жәбірленушінің не оның өкілінің мекен-жайы туралы сауал жолдайды және сотталған адам жаза мерзімінің заңда белгіленген бөлігін өтегені туралы және заңға сәйкес жазаны одан әрі өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату немесе жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтініштің сотқа жолданғаны туралы тапсырыс хатпен жәбірленушіні не оның өкілін хабардар етеді.

      4. ҚАК  169-бабы  үшінші тармағының талаптарына сәйкес келмейтін: жаза өтеу мерзімі ішінде сотталған адамның жеке басын мінездейтін, оның тәртібін, еңбек пен оқуға көзқарасын және оның сот тағайындаған жаза мерзімін толық өтеуді қажет етпейтінін дәлелдейтін деректер болмаса, сондай-ақ жаза мерзімінің заңда белгіленген бөлігін өтегені туралы мәліметтер көрсетілмесе, мерзімінен бұрын шартты түрде босату немесе жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтініштерді соттар өз өндірісіне қабылдамауы тиіс.
      Егер ұсынылған материалдардың ішінде оларды қарау үшін жеткілікті деректер болмаса, ал оларды сот отырысы барысында толықтыру мүмкін болмаған жағдайда, судья материалдарды тыңдауға дайындау кезінде оларды тиісті түрде ресімдеу үшін хатпен прокурорға кері қайтарады, ал егер мұндай жағдай сот отырысы кезінде анықталса, онда сот материалдардың кері қайтарылып отырған негіздерін көрсете отырып, қаулы шығарады.
      Жаза мерзімінің заң талап ететін бөлігін өтемеген сотталған адамдарды босату туралы өтініштер қаралмай кері қайтарылады.
      Мерзімінен бұрын шартты түрде босату қолданылмайтын сотталған адамдарға қатысты өтініштер қанағаттандырусыз қалдырылуы тиіс.

      5. ҚАК  169-бабының  он бірінші тармағына сәйкес сот жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босатудан, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстырудан бас тартқан жағдайда, бас тарту туралы қаулы шығарылған күннен бастап кем дегенде алты ай өткеннен кейін, ал өмір бойы бас бостандығынан айырылған адамдарға кем дегенде үш жыл өткеннен кейін осы негіздердің кез келгені бойынша қайта өтініш беруге болады.

      6. Мерзімінен бұрын шартты түрде босату немесе жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы мәселелерді сотталған адамның жаза өтеп жүрген жердегі аудандық және оған теңестірілген соттың судьясы шешеді.
      Өтінішті жолдаған мекемелер мен органдар өкілдерінің, сондай-ақ сотталған адамның және прокурордың сот отырысына қатысуы міндетті болып табылады.
      Сотталған адам сотқа табыс етілген материалдармен танысуға, оларды қарауға қатысуға, өтініштер мен қарсылықтар мәлімдеуге, түсініктер беруге және дәлелдемелер келтіруге құқылы.
      ҚІЖК  455-бабына  сәйкес кәмелетке толмағандарға қатысты, іс бойынша іс жүргізілетін тілді білмейтін адамдарға, сондай-ақ дене немесе психикалық кемістіктеріне байланысты өздерінің құқықтарын өз бетінше қорғауды жүзеге асыра алмайтын адамдарға қатысты өтініш қаралған жағдайда қорғаушының сот отырысына қатысуы міндетті болып табылады.
      Мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы мәселені қараған кезде жәбірленушінің немесе оның өкілінің пікірі ескеріледі.
      Жәбірленуші не оның өкілі тиісті түрде хабарлаған және олар сот отырысына келмеген және олардың тарапынан қандай да болсын жазбаша арыздар мен өтініштер болмаған жағдайда, сондай-ақ мемлекет мүддесіне зиян келтірілген жағдайда сот жәбірленушінің немесе мемлекеттің құқықтарын сақтау мәселесі бойынша прокурордың қорытындысын міндетті түрде тыңдайды. Мұндай жағдайда жәбірленушінің не оның өкілінің келмеуі материалды қарауға кедергі болмайды.
      Жәбірленушіні не оның өкілін тиісті түрде хабарланғаны туралы мәлімет болмаған кезде сот оларға мекеме әкімшілігі берген өтініштің көшірмесін жолдайды және материалдың қаралатын уақыты мен орны туралы оларды хабардар етеді.

      7. Сот шешімі қаулы ретінде шығарылады, ол дәлелді болуы және соттың өтінішті қарау нәтижесінде жасаған тұжырымдарының нақты негіздемесін қамтуы тиіс.
      Сот отырысының хаттамасында сот отырысының барысы, соттың және процеске қатысушылардың барлық әрекеттері, адамдардың өтініш бойынша берген түсініктемелері, прокурор мен қорғаушының, жәбірленушінің не оның өкілінің пікірлері көрсетілуі тиіс.
      Мерзімінен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру мәселелерін қараған кезде қылмыстық процесті қарапайымдылатуға, үстіртін қарауға, қаулы мәтіні жазылған алдын-ала дайындалған бланкілерді қолдануға, бір сот отырысында көп материалдарды қарауға және тағы сол сияқтыға жол берілмейді.

      8. Үкімнің орындалуын жүзеге асыратын немесе кәмелетке толмағанның түзелуін қамтамасыз ететін органның өтінішін қарау нәтижелері бойынша судья өтінішті қанағаттандыру не оны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      Жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішті қараған кезде соттың бас бостандығынан айыру мерзімінің өтелмеген бөлігін шартты түрде соттауға ауыстыруға, жазаның өтелмеген мерзімін қысқартуға құқығы жоқ, ол тек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК)  71-бабында  көзделген шарттар бар болған кезде сотталған адамды жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босатады не жазаның өтелмеген бөлігін жазаның басқа неғұрлым жеңіл түріне ауыстырады, немесе одан бас тарта алады.

      9. ҚК  70-бабына  сәйкес жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату түзеу жұмыстары, бостандығын шектеу, әскери қызмет бойынша шектеу, тәртіптік әскери бөлімде ұстау және бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды өтеп жүрген адамдарға қатысты қолданылуы мүмкін.
      Қамау, қоғамдық жұмыстарға тарту, айыппұл, белгілі бір лауазымдарда істеу немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаларды өтеп жүрген сотталған адамдарды мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға жол берілмейді. Кешірім жасау тәртібімен өлім жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылған адамдарға, сондай-ақ жазаны өтеу кезінде қасақана қылмыс жасаған адамдарға және бұрын мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған адамдарға мерзімінен бұрын шартты түрде босату қолданылмайды.
      Жазаны өтеу кезінде қасақана қылмыс жасаған адамдарға және бұрын мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған адамдарға қатысты осы норма ҚК  5-бабына  сәйкес 2007 жылғы 14 сәуірден бастап қолданылады.
      Егер алдыңғы соттылығы бойынша бұрын мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған адамның соттылығы жойылса немесе заңда белгіленген тәртіппен алынып тасталса, онда ол мерзімінен бұрын шартты түрде босатылуға қайта ұсынылуы мүмкін.
      ҚАК  170-бабына  сәйкес өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын өтеу кезінде жаңадан ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған сотталған адамдар мерзімінен бұрын шартты түрде босатылуға ұсынылмайды.
      Кешірім жасау тәртібімен емес, соттың тағайындауы бойынша өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адам, егер сот оның бұл жазаны одан әрі өтеуінің қажеттілігі жоқ деп таныса және жазаның кем дегенде 25 жылын нақты өтеген болса және соңғы үш жыл ішінде ҚАК  112-бабында  көрсетілген жазаны өтеудің белгіленген тәртібін өрескел бұзбаса, онда ҚК  70-бабының  бесінші бөлігіне сәйкес мерзімінен бұрын шартты түрде босатылуы мүмкін.
      Сот өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген адамды мерзімінен бұрын шартты түрде босатудан бас тартқан жағдайда, соттың бас тарту туралы шешімі қабылданған күннен бастап кем дегенде үш жыл өткеннен кейін өтінішті қайта бере алады.
      Құқыққа бағынатын мінез-құлқы, еңбекке (оқуға) адал көзқарасы, өнерпаздық ұйымдардың жұмыстарына және тәрбиелік іс-шараларға белсенді түрде қатысқаны, қылмыспен келтірілген залалды өтеу бойынша шаралар қабылдағаны үшін, сот тағайындаған жазаны толық өтеуді қажет етпейтін және ол өтеп жүрген қылмыс санатына байланысты жазаның заңда белгіленген бөлігін іс жүзінде өтеген адам мерзімінен бұрын шартты түрде босатылуы мүмкін. Бұл ретте, адам жазаның қосымша түрлерін өтеуден толық немесе ішінара босатылуы мүмкін. Қылмыстар санатын ҚК  5-бабының  талаптарын ескере отырып, Қазақ КСР Қылмыстық кодексі 7-1-бабының және ҚК  10-бабының  ережелеріне сәйкес айқындау қажет.
      Барлық құқықтық нормалардың, жалпы өмір сүру ережелерінің, моральдық нормалардың орындалуын, жазаны өтеу режимінің барлық талаптарының сақталуын құқыққа бағынатын мінез-құлық деп түсіну керек.

      10. Соттар жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыруды қолдану мүмкіндігі туралы мәселені шешу кезінде, әрбір сотталған адамға жеке көзқараспен қарауға міндетті.
      Осыған байланысты, сотталған адам жаза мерзімінің заңда белгіленген бөлігін өтеген-өтемегенін анықтап, оның өтініш қаралатын кездегі ғана емес, жалпы жазаны өтеудің барлық кезеңіндегі тәртібін мұқият зерттеуі қажет. Алып тасталған және жойылған тәртіптік жазалар осы мәселені шешу кезінде ескерілмейді.

      11. Кішігірім немесе орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін жазаны өтеп жүрген адамдар тағайындалған жазаның кемінде үштен бір бөлігін, ауыр қылмыс үшін жаза мерзімінің кемінде жартысын және аса ауыр қылмыс үшін тағайындалған жазаның кемінде үштен екі бөлігін өтеген жағдайда мерзімінен бұрын шартты түрде босату қолданылуы мүмкін.
      Бұл ретте, ҚК  70-бабының  4-бөлігіне сәйкес бас бостандығынан айыруға сотталған адамның нақты өтеген мерзімі алты айдан кем болмауы тиіс екеніне назар аудару қажет. Бұл талаптар жазаның басқа түрлеріне қолданылмайды, демек бас бостандығынан айыру жазасынан басқа жаза түрлеріне мерзімінен бұрын шартты түрде босату мәселесі алты айлық мерзім өтпесе де қойыла береді.
      ҚК  84-бабы  жасы кәмелетке толмаған кезде қылмыс жасаған адамдар бас бостандығынан айырудан және түзеу жұмыстарынан: кішігірім және орта ауырлықтағы қылмыс үшін жаза мерзімінің кемінде төрттен бір бөлігін; ауыр қылмыс үшін жаза мерзімінің кемінде үштен бір бөлігін; адам өміріне қол сұғумен ұштаспаған аса ауыр қылмысы үшін жаза мерзімінің кемінде жартысын; адам өміріне қол сұғумен ұштасқан аса ауыр қылмысы үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде үштен екі бөлігін нақты өтегеннен кейін мерзімінен бұрын шартты түрде босатылуы мүмкін.

      12. ҚК  71-бабына  сәйкес кішігірім, орташа ауырлықтағы және ауыр қылмыстар үшін тағайындалған бас бостандығынан айыру мерзімінің өтелмеген бөлігі, сотталған адамның тәртібі ескеріле отырып, ҚК  39-бабында  көрсетілген жазаның неғұрлым жеңіл түріне: қамау, бас бостандығын шектеу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, ал сотталған әскери қызметшілерге қатысты - тәртіптік әскери бөлімінде ұстау немесе әскери қызметі бойынша шектеу түрлеріне ауыстырылуы мүмкін. Бұл ретте, адам жазаның қосымша түрін өтеуден толық немесе ішінара босатылуы мүмкін.
      Кішігірім және орташа ауырлықтағы қылмысты жасағаны үшiн жаза мерзiмiнiң кемінде үштен бiр бөлiгiн өтеген сотталған адамға, ауыр қылмыс жасағаны үшiн немесе бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны өтеуден мерзiмiнен шартты түрде босатылған және жазаның өтелмей қалған бөлiгi кезеңiнде жаңа қылмыс жасаған адамға жаза мерзiмiнiң жартысын нақты өтегеннен кейiн жазаның өтелмеген бөлiгi жазаның неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстырылуы мүмкiн.
      Жазаның неғұрлым жеңіл түрін өтеу соттың үкімі бойынша тағайындалған жазаның өтелмей қалған бөлігіне тепе-тең мерзімге тағайындалады. Алайда, бұл мерзім неғұрлым жеңіл жазаның тиісті түрі үшін заңда белгіленген жоғарғы шегінен аспауы тиіс.
      Сот үкімі бойынша тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасы жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстырылған адамдар бұдан әрі ҚК  70-бабында  белгіленген негіздер мен тәртіпте жаңа жазаның неғұрлым жеңіл түрінен мерзімінен бұрын шартты түрде босатылуы мүмкін.
      Бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстырудың мерзімінен бұрын шартты түрде босатудан айырмашылығы - ол сотталған адамның жағымсыз тәртібіне байланысты бұзылуы мүмкін емес.
      Неғұрлым жеңіл жаза түрін өтеу кезінде сотталған адам жаңа қылмыс жасаған жағдайда оған тағайындалған жазаға бас бостандығынан айырудың өтелмей қалған бөлігі емес, жаңа жазаның тек өтелмеген бөлігі толық немесе ішінара қосылады.

      13. Егер сотталған адам қылмыстарының бірін он сегіз жасқа толғанға дейін, ал басқа қылмыстарды кәмелетке толған кезде жасап, тағайындалған жазаны үкімдердің жиынтығы бойынша өтеп жатса, онда мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды қолдану үшін негіз беретін мерзімнің өтелуін ҚК  70-бабына  сәйкес есептеген жөн.

      14. Сотталған адамға тағайындалған жаза рақымшылық немесе кешірім жасау актісімен не сот қаулысымен жеңілдетілген жағдайларда, сот жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды қолдану кезінде рақымшылық немесе кешірім жасау актісімен не сот қаулысымен белгіленген жазаны ескере отырып, жазаның нақты өтелген бөлігін есептеуі тиіс.

      15. Мерзімінен бұрын шартты түрде босату кезінде соттар қандай да болмасын сынақ мерзімін белгілемейді, себебі ҚК  70-бабының  мағынасы бойынша жазаның өтелмеген бөлігі сондай мерзім болып табылады. Осыған байланысты мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы қаулының қарар бөлігінде сотталған адам өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босатылатын жазаның нақты күнтізбелік мерзімін және сотталған адамның мерзімінен бұрын шартты түрде босатылу сипатын міндетті түрде көрсету қажет.

      16. Жазаны өтеуден босатудың осы түрінің шартты сипаты мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған адамның тәртібіне және оған жүктелген міндеттердің орындалуына бақылау жасауды белгілеуді, сондай-ақ мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған адамдарға қойылған талаптар бұзылған жағдайда мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың бұзылуы мүмкін екенін білдіреді. Мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған адамдардың тәртібін бақылауды сотталған адамдардың тұратын жері бойынша ішкі істер органы, ал әскери қызметшілерге қатысты әскери бөлімдер мен мекемелердің басшылығы жүзеге асырады.

      17. Қосымша жаза қолданылған сотталған адамдарға негізгі жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды қолданған кезде, соттар барлық жағдайларда жазаны орындайтын органның өтініші немесе өз бастамасы бойынша сотталған адамды қосымша жазадан (толық немесе ішінара) босату мүмкіндігі туралы мәселені талқылауға міндетті. Соттың осы мәселе жөніндегі шешімі қаулының қарар бөлігінде көрсетілуі тиіс.
      Егер негізгі жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату кезінде сотталған адамды қосымша жазадан босату жөніндегі мәселені сот қанағаттандырмаса, онда бұл мәселе ҚАК  169-бабының  он бірінші тармағында белгіленген мерзім өткеннен кейін, яғни сот бас тарту туралы қаулыны шығарған кезден бастап алты айдан кейін ғана қайта қаралуы мүмкін.
      Негізгі жазаны толық өтеген сотталған адамды қосымша жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату мәселесі оның қосымша жазаны өтеп жүрген уақытында туындаса, қосымша жазаның заңда белгіленген бөлігін өтеген кезде және заңда көрсетілген басқа да талаптар бар болған кезде сот оны бұл жазадан босата алады.

      18. Мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды қолдана отырып, сот сотталған адамға ҚАК  178-2-бабының  бірінші бөлігінде көзделген міндеттерді жүктейді, оларды сотталған адам жазаның өтелмеген бөлігі ішінде орындауы тиіс, сондай-ақ оның түзелуіне ықпал ететін ҚАК  178-2-бабының  2-бөлігінде тізбектелген басқа да міндеттердің орындалуын жүктейді, ол туралы қаулының қарар бөлігінде көрсетілуі тиіс.

      19. Сот тәжірибесінде мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды дұрыс қолданбау, сондай-ақ тағайындалған жазаның барлық мерзімін толық өтеуді қажет етпейтін сотталғандарды жазаны одан әрі өтеуден босатудан негізсіз бас тарту жағдайлары орын алмауы тиіс.
      Соттардың заңда көзделмеген негіздер бойынша, атап айтқанда, тағайындалған жазаның жеңілдігіне, сотталған адамның сол түзеу мекемесінде аз уақыт болуына, сотталған адамның өз кінәсін мойындамауына, бұрынғы соттылығының бар болуына, ауыр немесе аса ауыр қылмысы үшін жазаны өтеп жүргеніне және тағы сол сияқты негіздер бойынша мерзімінен бұрын шартты түрде босатудан бас тартуға құқығы жоқ.

      20. ҚК  5-бабына  сәйкес жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыруды қолдану немесе қолданбау мүмкіндігі туралы мәселе, егер ол сотталғанның жағдайын нашарлатпаса, мерзімінен бұрын шартты түрде босату қолданылған кезде күшінде болған заңға сәйкес шешілуі тиіс. Заң жағдайды нашарлататын жағына қарай өзгерген жағдайда, сотталған кезде күшінде болған заң қолданылады.

      21. Жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішті қарау нәтижелері бойынша соттың шығарған қаулысы үкім шығарған сотқа іске қоса тіркелуі үшін, адамның тұрақты тұратын жері бойынша ішкі істер органдарына бақылау жасауды жүзеге асыру үшін, ал кәмелетке толмағандарға қатысты оның тұрақты тұратын жері бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға; жәбірленушіге не оның өкіліне жіберілуі тиіс және мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған адамға және жазаның өтелмеген бөлігі жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстырылған адамға берілуі тиіс.

      22. Жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған адамдарға ҚК  70-бабының  жетінші бөлігінде көзделген яғни, егер ол жазаның өтелмеген мерзімі ішінде жаңа қылмыс жасаған, әкімшілік жаза қолданылуы мүмкін әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған, мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды қолданған кезде соттың өзіне жүктеген міндеттерді орындаудан жалтарған жағдайда туындайтын салдарларды, бұдан басқа сотталған адамдарға сот қаулысына апелляциялық тәртіппен шағымдану құқықтарын түсіндіру қажет, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетілуі тиіс.

      23. Егер босатылған адам жазаның өтелмеген бөлігі ішінде бірнеше рет әкімшілік құқық бұзушылық жасап, ол үшін оған әкімшілік жаза қолданылса немесе мерзімінен бұрын шартты түрде босату қолданылған кезде ҚАК  178-2-бабы  бойынша және сот жүктеген міндеттерді орындаудан қасақана жалтарса, сот ҚК  70-бабы  жетінші бөлігінің а) тармағына сәйкес жазаның өтелмей қалған бөлігін орындау үшін мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды бұза алады. Көрсетілген мән-жайлар бар болған жағдайда, баптың осы тармағы тек құқық береді, алайда мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды бұзуға міндеттемейді.
      Мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды бұзу - сотталған адам мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған жаза түрін өтеу орнына жазаның өтелмей қалған бөлігін орындау үшін оны кері қайтаруды білдіреді.
      Әкімшілік жаза беруге әкеп соққан, бірнеше рет әкімшілік құқық бұзушылықтар жасауына байланысты немесе сот жүктеген міндеттерді орындаудан қасақана жалтаруға байланысты сот тек босатылған адамның тұрақты тұратын жері бойынша ішкі істер органының, ал әскери қызметшіге қатысты әскери бөлім басшысының және жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған адамның тәртібіне бақылауды жүзеге асыратын мекеменің өтініші бойынша ғана мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды бұза алады.
      Әкімшілік жаза шаралары негізді түрде қолданылған адамның бірнеше рет кез-келген әкімшілік құқық бұзушылықтар жасауы немесе оның ҚАК  178-2-бабында  көзделген міндеттерді орындаудан қасақана жалтаруы мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды бұзу үшін негіз болып табылады.
      Мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған адамның дәлелді себептерсіз ҚАК  178-2-бабында  көрсетілген міндеттердің біреуін екі реттен артық орындамауы сот жүктеген міндеттерді орындаудан қасақана жалтару болып табылады.
      Мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың осы негіздерін сот сотталған адамның жеке басын және жазаның өтелмеген бөлігі ішіндегі оның тәртібін, міндеттерді орындаудан жалтарудың ұзақтығын және оларды орындамау себептерін ескере отырып қолданады.
      Мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған адам сот жүктеген міндеттерді, оларды орындауға кедергі болатын объективті себептер бойынша орындамаса, мысалы, ауруы салдарынан орындай алмаса, онда бұл мән-жайлар мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды бұзуға әкеп соқпауы тиіс.
      Осы негіз бойынша мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды бұзу кезінде, егер адам жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған болса, онда тек негізгі жазаның ғана емес, сонымен бірге қосымша жазаның өтелмеген бөлігі орындалуға жатады.

      24. ҚК  70-бабы  жазаның өтелмеген бөлігі ішінде абайсызда жаңа қылмыс жасаған адамдарға қатысты мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды бұзуға мүмкіндік береді. Ол бұзылған жағдайда сот жаңа қылмыс жасағаны үшін ҚК  60-бабында  белгіленген ережелер бойынша жаза тағайындайды.
      Егер сот мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды бұзбаса, онда мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған адамға жаңа қылмыс жасағаны үшін жаза тағайындалады, бұл жазаны ол бірінші қылмысы үшін жазадан мерзімінен бұрын шартты түрде босатыла жүріп өтейді.
      Сот тағайындаған жазаның өтелмеген бөлігі ішінде жаңадан қасақана қылмыс жасалса, онда ол ҚК  60-бабында  көзделген ережелер бойынша жаза тағайындауға әкеп соғады.

      25. Мерзімінен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішті қарау нәтижелері бойынша судьяның шығарған қаулысына ҚІЖК  403-бабына  сәйкес сотталған адам, оның қорғаушысы, жәбірленуші не оның өкілі жоғары тұрған сотқа шағымдануы және прокурор наразылық келтіруі мүмкін.
      Сот қаулысына келтірілген шағым, наразылық апелляциялық тәртіппен және қадағалау тәртібімен қаралуға жатады. 
      Прокурордың наразылығында немесе жәбірленушінің не оның өкілінің шағымында сотталған адамның жағдайын нашарлататын мәселе қойылған жағдайда ғана сотталған адамның өтініші бойынша апелляциялық сатыдағы соттың отырысына оның қатысуы міндетті болып табылады.
      Сот қаулыларын қадағалау тәртібімен қайта қараған кезде сотталғанның жағдайын нашарлатуға әкеп соғатын негіздер бойынша оларды қайта қарау мерзімінің (қаулы заңды күшіне енгеннен бастап алты ай ішінде) шектелуі туралы ҚІЖК  461-бабында  белгіленген ережелер қолданылады.

      26. "Жазаны өтеуден мерзімнен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы N 20 нормативтік  қаулысының  күші жойылды деп танылсын.

      27. Қазақстан Республикасы Конституциясының  4-бабына  сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына кіреді, сондай-ақ жалпыға міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы