Соттардың қылмыстардың қайталануы туралы заңдарды қолдануы туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 25 желтоқсандағы N 8 Нормативтік қаулысы

Жаңартылған

      Қылмыстың қайталануы және осыған байланысты құқықтық салдарларды анықтайтын қылмыстық заңдарды дұрыс және біркелкі қолдану мақсатында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

қаулы етті:

      1. Үкімде көрсетілген қылмыстың ауырлығына және жаза түріне қарамастан, бұрын жасаған қасақана қылмыстары үшін алынбаған және жойылмаған соттылығы бар адамның жаңадан қасақана қылмыстар жасауы қылмыстың қайталануы деп танылады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК)  13-бабына сәйкес, қылмыстардың қайталануы, сонымен қатар қауіпті және аса қауіпті болып бөлінеді. Басты сот талқылауында қылмыстық істі қарау нәтижелері бойынша айыптау үкімін шығару кезінде сот қылмыстың қайталануының қандай түрінің бар екенін анықтайды.

      2. Сотталушының әрекетінде қылмыстың қайталануын анықтап, ол бойынша тиісті шешім қабылдау соттың құқығы емес міндеті болып табылады. Сондықтан заңда көзделген негіздер бар барлық жағдайларда, сот үкімнің сипаттамалы-дәлелдемелі бөлігінде алынбаған және жойылмаған соттылықтарды, бұрынғы және жаңадан жасалған қылмыстардың ауырлығын көрсете отырып тиісті негіздерді келтіруі және ҚК  13-бабының тиісті бөлігі мен тармағына сілтеме жасап, қылмыстың қайталануының қандай түрінің анықталғаны туралы шешімді үкімнің қарар бөлігінде көрсетуі тиіс.
      Егер сот үкімнің дәлелдемелі бөлігінде қылмыстың қайталануын тану үшін негіздерді келтіре отырып, үкімнің қарар бөлігінде сотталушының әрекеттерінде қылмыстың қайталануының тиісті түрін тану туралы шешімін көрсетпесе, онда сот осы үкіммен қылмыстың қайталануын танымаған деп есептеу қажет.

      3. Қазақ КСР Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - Қаз.КСР ҚК) 23-1-бабына сәйкес, адамды бұрынғы үкім бойынша аса қауіпті қылмыскер деп тану, сонымен қатар ҚК  13-бабының негізінде бұрынғы үкімдермен сотталушының әрекетінде қылмыстың қайталануын тану немесе танымау, сотты жаңа қылмыс туралы істі қарау кезінде қылмыстың қайталануының бар екендігі, оның түрі туралы мәселені қарау және тиісті дәлелді шешім қабылдау міндетінен босатпайды.

      4. Қылмыстың қайталануын таныған және оның түрін анықтаған кезде әрбір сотталушылардың бұрынғы соттылықтарына қатысты мән-жайларды мұқият анықтау қажет. Атап айтқанда: сотталушының қылмыс жасаған сәттегі жасын, бұрын сотты болған қылмыстардың санатын, сот үкімі бойынша белгіленген жаза түрін, үкім бойынша тағайындалған жазаның іс жүзінде өтелген-өтелмегенін, үкім бойынша тағайындалған жазаның басқа жазамен ауыстырылған-ауыстырылмағанын және сотталған адам неге байланысты, қашан және қандай негіздер бойынша жазаны өтеуден босатылғанын, бұрынғы соттылығы алынғанын немесе жойылғанын анықтау қажет.

      5. Айыпталушының жауапкершілік дәрежесі мен сипатына әсер ететін мән-жайларды анықтауды және дәлелдеуді міндеттейтін ҚІЖК  117-бабы бірінші бөлігінің 4) тармағына және  207-бабы бірінші бөлігінің 2) тармағына сәйкес, алдын ала тергеу органдары айыпталушы ретінде жауапқа тарту туралы қаулыда және айыптау қорытындысында айыпталушының қандай қылмыстың қайталануы кезінде қылмыс жасағандығын көрсетуі және мұны қылмыстық істің материалдарына бұрынғы жойылмаған және алынбаған соттылықтары туралы үкімдердің көшірмелерін, олардың заңды күшіне енген күнін көрсетіп, ал егер үкімдер өзгертілсе, онда жоғары тұрған сот сатылары қаулыларының көшірмелерін, сондай-ақ жазадан босатылғандығы туралы, бұрынғы үкімдері бойынша соттылықтың алынғандығы туралы мәліметтерді тіркеуі қажет. Басқа мемлекеттердің үкімдері негізінде соттылықтары бойынша іс материалдарында ол туралы ресми анықтамалардың тіркелгені жеткілікті болып саналады. Айыпталушы ретінде жауапқа тарту туралы қаулыда немесе айыптау қорытындысында қылмыстың қайталануын танудың негіздерін көрсетпеу, соттың үкім шығару кезінде қылмыстың қайталануын тану үшін кедергі болып табылады.
      Қылмыстық істің материалдарында сотталушының бұрынғы соттылықтары туралы деректер жеткіліксіз болған жағдайда соттар оларды айыптаушы тараптан сұратуы қажет. Үкімдердің көшірмелерін және сотталушылардың бұрынғы соттылықтары туралы басқа да мәліметтерді соттардың алмауы істі қосымша тергеуге жіберу үшін негіз бола алмайды. Аталған материалдар болмаса және оларды алу мүмкін болмаған жағдайда сотталушының әрекеттерінде қылмыстың қайталануын тануға жол берілмейді және бұл туралы соттар үкімде көрсетулері керек.

      6. ҚК  13-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, адамның 18 жасқа толғанға дейін жасаған қылмысы үшiн соттылығы қылмыстың қайталануын тану кезiнде ескерiлмейдi. Осыған байланысты, соттар адамның бұрынғы сотталуына байланысты мән-жайларды зерттеп, сотталушы үкімде көрсетілген қылмыстарды жасағанда кәмелетке толған-толмағанын анықтау үшін үкімнің қарар бөлігінде ғана емес, сонымен қатар оның толық мәтінінде көрсетуі тиіс.

      7. ҚК  77-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, айыптау үкімі заңды күшіне енген күннен бастап адамның соттылығы бар деп танылады, сондықтан бұрынғы үкімі заңды күшіне енгенге дейін адам жаңа қылмыс жасаған кезде оның бұрынғы үкім бойынша соттылығы қылмыстың қайталануының түрін анықтау үшін ескерілмейді.

      8. ҚК  13-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, алынып тасталған немесе жойылған соттылықтар қылмыстың қайталануын анықтау үшін ескерілмейді. Сондықтан қылмыстың қайталануы туралы мәселені шешкенде бұрынғы соттылықтардың жойылу мерзімінің өткен-өтпегені есепке алынып, тексеріліп және оның жойылу мерзімін ҚК  77-бабының талаптарына сәйкес есептеу қажет.
      Бұл ретте, ҚІЖК  375-бабының алтыншы тармағында көрсетілген негіздер бойынша айыптау үкімімен жазадан босатылған адамның ҚК  77-бабының екінші бөлігіне сәйкес соттылығы жоқ деп танылатындығы назарға алынуы тиіс (осы үкіммен сотталушыға тағайындалған жазаны қолданудан босататын рақымшылық актісінің шығуына байланысты, не үкім бойынша тағайындалған жаза мерзімінің осы іс бойынша қамауда болған уақытын қамтуына байланысты).
      Үкімді орындау барысында адам рақымшылық актісінің негізінде немесе заңда көзделген басқа негіздер бойынша жазаны өтеуден босатылса, мұндай адамның соттылығының жойылу мерзімі ҚК 77-бабыныңтөртінші бөлігіне сәйкес есептеледі.

      9. Егер адам ҚК-нің 63-бабы қолданылып шартты түрде сотталса және оған қосымша жаза тағайындалса, онда негізгі және қосымша жаза бойынша соттылықтың жойылу мерзімі: негізгі жаза бойынша ҚК-нің 77-бабы үшінші бөлігінің а) тармағының негізінде сынақ мерзімі өткеннен кейін; қосымша жаза бойынша ҚК-нің 77-бабы үшінші бөлігінің в) тармағының негізінде негізгі жаза өтелгеннен кейін бір жыл өткеннен кейін есептеледі. Сондықтан адам шартты түрде сотталуына байланысты үкім бойынша тағайындалған сынақ мерзімі өткеннен кейін, бірақ қосымша жазаны толық өтегенге дейін жаңа қылмыс жасаған кезде ол бас бостандығынан айыру түріндегі соттылығы бар деп таныла алмайды. Мұндай жағдайларда сот соңғы үкім бойынша қылмыстың қайталану түрлерін анықтау кезінде адамның қосымша қосымша жазасына ғана қатысты өтелмеген соттылығын ескереді, ал жазаны үкімдердің жиынтығы бойынша тағайындаған кезде сот ҚК-нің 60 және 61-баптарының талаптарын сақтай отырып, алдыңғы үкім бойынша тағайындалған қосымша жазаның өтелмеген бөлігін соңғы үкім бойынша тағайындалған жазаға толық немесе ішінара біріктіреді.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      9-1. Адамды қылмыстардың немесе ауырлық дәрежесі әр түрлі қылмыстарға үкімдердің жиынтығы бойынша соттаған кезде соттылық ҚК-нің 77-бабы үшінші бөлігіне сәйкес әрбір қылмыс үшін бөлек өтеледі, бұл ретте барлық өтеу мерзімдері адамның ҚК-нің 58 немесе 60-бабының негізінде сот тағайындаған түпкілікті жазаны адамның іс жүзінде өтеген сәтінен бастап есептеледі.
      Ескерту. Қаулы 9-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      10. Қылмыстардың бірі кәмелетке толмағанда, ал басқа қылмысы он сегіз жасқа толғаннан кейін жасалған қылмыстардың жиынтығы бойынша сотталғанда әрбір қылмыс үшін соттылықтың жойылу мерзімі, қылмыстар жиынтығы бойынша тағайындалған жаза өтелгеннен кейін жеке: біріншісі - ҚК  86-бабының ережелері, басқасы - ҚК  77-бабының ережелері бойынша есептеледі.
      Мұндай жағдайларда кәмелетке толғанда жасалған қылмысы қылмыстар жиынтығына кіретін соттылық есепке алынады.
      Егер жаңа қылмысты жасаған сәтте адамның кәмелетке (18 жасқа) толғаннан кейін жасаған қылмысы үшін соттылығының жойылу мерзімі өтпеген жағдайда ғана осы соттылық қылмыстың қайталануын тану кезінде назарға алынады.
      Адамды түрлі ауырлықтағы бірнеше қылмыстарды жасағаны үшін соттаған кезде, оның ішінде қылмыстардың бірі қасақана, ал басқалары - абайсызда жасалған болса, қылмыстардың жиынтығы бойынша тағайындалған жазаны өтегеннен кейін соттылықтың жойылу мерзімі ҚК  77-бабы үшінші бөлігінің тиісті тармақтары бойынша олардың әрқайсысы үшін жазаны іс жүзінде өтегеннен кейінгі мерзімге сүйене отырып, әрбір қылмыс үшін жеке есептеледі.

      11. Үкімді орындау барысында сот тағайындаған бас бостандығынан айыру жазасы ҚК  71-бабына сәйкес басқа неғұрлым жеңіл жазамен ауыстырылған жағдайларда, соттылықтың жойылу мерзімі неғұрлым жеңіл жазаны, сондай-ақ егер сотталған адам қосымша жазаны өтеуден босатылмаса, соттың үкімі бойынша тағайындалған қосымша жазаны толық өтеген уақытынан бастап есептеледі. Бұл ретте, үкімде көрсетілген қылмыстың қай санатқа жататындығына байланысты бас бостандығынан айыруға сотталғандар үшін соттылықтың жойылу мерзімі ҚК  77-бабында белгіленген ережелерге сәйкес есептеледі.

      12. Рақымшылық туралы заңның негізінде немесе кешірім жасауға байланысты соттылықтың алынуы ҚК  77-бабының жетінші бөлігіне сәйкес осы соттылыққа байланысты барлық құқықтық зардаптардың күшін жояды.
      Осыған байланысты, соттылық алынған кезде оның бұрынғы соттылықтарының жойылу мерзімі ҚК  77-бабының талаптарына сәйкес есептеледі. Мұндай жағдайларда бұрынғы соттылықтардың жойылу мерзімін есептеген кезде, соттылығы рақымшылық бойынша немесе кешірім жасаудың негізінде алынып тасталса, қылмыстың жасалуына байланысты үзілген мерзім есепке алынбайды.

      13. "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты рақымшылық жасау туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 9 қаңтардағы Заңының (бұдан әрі - Заң)  15-бабына байланысты осы Заңның негізінде жазаны өтеуден босатылған адамдардың, сондай-ақ осы Заң жарияланған сәтте жазаны өтеп бітірген адамдардың соттылығы алып тасталды деп тану қажет.

      14. Қазақстан Республикасында, сондай-ақ басқа мемлекеттерде де бұрын сотталған адамдардың әрекеттерінде қылмыстың қайталануын тану туралы мәселені шешу кезінде соттар қолданыстағы халықаралық шарттарды ескеріп, Қазақстан Республикасының заңдарын басшылыққа алулары керек.
      Қылмыстардың қайталануын анықтағанда бұрынғы КСР Одағының және оның құрамына енген одақтас республикалардың соттары (трибуналдары) шығарған үкімдер бойынша алынбаған және жойылмаған соттылықтар ескерілуге жатады.
      Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы  конвенцияның (Минск, 1993 жылғы 22 қаңтар, 1997 жылғы 28 наурыздағы енгізілген өзгерістерімен) 76-1-бабына және Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияның (Кишинев, 2002 жылғы 7 қазан)  99-бабына сәйкес, аталған конвенцияларға қатысушы елдердің үкімдері бойынша алынбаған және жойылмаған соттылықтары ескерілуі тиіс.
      Бұл ретте, соттар ҚК  7-бабының талаптарын ескеріп, шетел мемлекеттері соттарының үкімдері белгілеген қылмыстардың саралануын назарға алып, жасалған әрекеттің қылмыс болып табылатындығын және жазалануға жататындығын, қылмыстың дәрежесін және оның ауырлығын, сондай-ақ сотталғандардың жағдайын нашарлатпастан, Қазақстан Республикасы қылмыстық заңдарының тиісті нормаларының негізінде соттылықтың жойылу мерзімін анықтаулары қажет.

      15. Соттар, ҚК  10-бабына сәйкес, қаралып отырған іс бойынша сотталушының жасаған қылмысының санатын және  ҚК 20 және  22-баптарына сәйкес, кінәнің нысанын дұрыс анықтауы қажет (тікелей немесе жанама ниет не қылмысты кінәнің екі нысанымен жасауы, олар тұтастай алғанда қасақана деп танылады). Бұл ретте, сотталушының қасақана жасаған қылмысы үшін алынбаған немесе жойылмаған соттылығы бар болса және оны жаңа қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айырып, ол қылмыс ҚК  21-бабына сәйкес абайсызда жасалған қылмыс болып табылса, қылмыстың қайталануы танылмайтынын назарға алу қажет.
      Егер адамның Қаз КСР ҚК бойынша сараланған қылмыстары үшін алынбаған немесе жойылмаған соттылығы бар болса, онда бұл қылмыстардың санатын Қаз КСР ҚК 7-1-бабының талаптарын есепке алып анықтау қажет. Бұл ретте, қылмыстар Қаз КСР ҚК 7-1-бабына сәйкес ауыр емес қылмыстар болғандықтан, қылмыстардың қайталануын анықтағанда қылмыс кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмыс ретінде есепке алынбайды, оларды қасақана немесе абайсызда жасалған қылмыс ретінде тану қажет.
      ҚК  10-бабының төртінші бөлігінде және Қаз КСР ҚК 7-1-бабында көрсетілген қылмыстарды ауыр қылмыстар деп, ал ҚК  10-бабының бесінші бөлігінде көрсетілген қылмыстарды аса ауыр қылмыстар деп есептеу керек.
      Қаз КСР ҚК-7-1-бабына сәйкес қылмыстар ауыр қылмыстар деп танылғандықтан, қылмыстың қайталануын таныған кезде ол қылмыстың қолданыстағы  ҚК  бойынша аса ауыр қылмысқа жататындығына қарамастан ауыр қылмыс ретінде ескеру қажет.
      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      16. Бұрынғы алынбаған және жойылмаған соттылықтарға байланысты мән-жайларды зерделегенде ҚК  5-бабының ережелерін ескеріп, қылмыстардың қайталануы туралы мәселені қарағанда қылмыстық заңның өзгеруіне сәйкес, жаңа іс бойынша үкімді шығарған сәтте қылмыс деп танылмайтын әрекеттер үшін соттылықтары назарға алынбайды.
      Жасаған қылмыстары үшін адамның алынбаған немесе жойылмаған соттылықтары болып, қылмыстардың санаттары туралы қылмыстық заң қылмыстың ауырлығын ұлғайту жағына қарай өзгергенде, қылмыстардың қайталануын тану кезінде үкім шығарған сәттегі қылмыстың қай санатқа жататынын ескеру керек.
      Егер сотталушы жасаған қылмысы үшін сотталып, ол бойынша алынбаған және жойылмаған соттылығы болса, заңның өзгеруіне байланысты қылмыстар онша ауыр емес қылмыстар санатына ауыстырылған жағдайда, олардың санатын ҚК  5-бабына сәйкес анықтап, жаңа заң бойынша қылмыстардың қайталануын тану кезінде ескеру керек.

      17. Қылмыстың қайталануын және оның түрін тану туралы мәселені қарағанда адамдарды бұрын бас бостандығынан айыруға сотталғандар қатарына жатқызу кезінде "Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттардың заңдылықты сақтауы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 30 сәуірдегі N 1 нормативтік  қаулысының 13-тармағында және "Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға түзеу мекемелерiнiң түрлерін тағайындау жөнiндегi сот практикасы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 23 маусымдағы N 7 нормативтік  қаулысының 6-8-тармақтарында берілген түсіндірмелерді басшылыққа алу керек.

      18. Бұрын бірнеше қылмыс жасап, бір үкіммен сотталған немесе жаңадан бірнеше қылмыс жасаған адамдардың әрекеттерінде қылмыстың қайталануын тану туралы мәселені қарағанда қылмыстардың немесе үкімдердің жиынтығы бойынша түпкілікті белгіленген жазаны емес, нақты қылмысты жасағаны үшін тағайындалған жазаны негізге алу қажет, оны жасағаны үшін сотталғаны қылмыстың қайталануының тиісті түрін анықтау үшін негіз болып табылады.
      Абайсызда жасаған қылмысы үшін адамды бас бостандығынан айыруға соттап, оған бас бостандығынан айыруға байланысты емес, қасақана қылмыстың жиынтығына кіретін өзге жаза тағайындаған жағдайда, ҚК  13-бабы екінші бөлігінің а) тармағына, үшінші бөлігінің а) және б) тармақтарына сәйкес қылмыстың қайталану түрін анықтағанда, аталған адам қасақана қылмыс үшін сотталған немесе бас бостандығынан айыруға сотталған ретінде есептелмейді.
      Егер адам бір ауырлықтағы санатқа жатқызылған қасақана жасалған қылмыстардың жиынтығы бойынша сотталған болса және жиынтыққа кіретін әрбір қылмысы үшін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған жағдайда, онда ол адамды жаңа қылмысты жасау кезінде соттылығы жойылмаған және алынбаған қылмыстары үшін сотталған деп есептеу қажет.

      19. ҚК  13-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, сотталушының әрекетіндегі қылмыстың қайталануын тану үшін бір мезгілде екі шарттың болуы қажет: жасалған қылмыстары үшін сот тағайындаған жаза түріне қарамастан, адамның қасақана қылмыс жасағаны және бұрын қасақана қылмыс жасағаны үшін соттылығының болуы қажет. ҚК  13-бабы екінші бөлігінің а) тармағына және үшінші бөлігінің а), б) тармақтарына сәйкес қылмыстың қайталануын тиісінше қауіпті немесе аса қауіпті деп тану үшін адам бұрынғы үкімдер бойынша, сондай-ақ қаралып отырған іс бойынша шығарылған үкіммен нақты бас бостандығынан айыруға сотталған болуы керек. ҚК  13-бабы екінші бөлігінің б) тармағы және үшінші бөлігінің в) тармағы бойынша қылмыстың қайталануын тану бұрынғы үкімдер бойынша және қаралып отырған іс бойынша шығарылған үкім бойынша тағайындалған жазаға байланысты емес.

      20. ҚК  13-бабы үшінші бөлігінің а) тармағын қолданғанда, бұрын орташа ауырлықтағы қасақана қылмыс жасап үш рет сотталғаны немесе қасақана ауыр қылмыс жасап үш рет сотталғаны не біреуі ауыр қылмыс болып табылатын, ал басқасы орташа ауырлықтағы қылмысқа жататын қасақана қылмыстар жасағаны үшін үш рет сотталғаны - қылмыстың қайталануын аса қауіпті деп тану үшін жеткілікті болып табылады.
      ҚК  13-бабы үшінші бөлігінің б) тармағына сәйкес, бұрын аса ауыр қылмыс жасағаны үшін бір рет соттылығының немесе ауыр қылмыс жасағаны үшін екі рет соттылығының бар болуы - қылмыстың қайталануын аса қауіпті деп тану үшін жеткілікті болып табылады.

      21. Бұрынғы немесе соңғы үкім бойынша сотталушыға түпкілікті жаза ҚК  58-бабының алтыншы бөлігінде көрсетілген ережелер бойынша белгіленсе, онда қылмыстың қайталануын тану кезінде бұл қылмыстар үшін бірнеше үкім бойынша соттылық қылмыстың жиынтығы бойынша бір соттылық ретінде ескеріледі.

      22. Бұрынғы үкімдер бойынша, сонымен қатар қаралып отырған іс бойынша қылмыстың қайталануын тану үшін қылмыстың жасалу сатысы маңызды емес (қылмыс аяғына дейін жасалғаны немесе оны жасауға оқталу орын алғаны). Сондай-ақ, қылмыстың қайталануын тану үшін сотталушының қылмысты орындаушы екендігі немесе оның қылмысқа қатысуы басқа нысанда болғандығы, ол бұрынғы үкім бойынша жазаны толық өтегені, оны өтеу мерзімі ішінде жаңа қылмыс жасағаны, не заңда көзделген негіздер бойынша жазадан босатылуына байланысты жазаның мерзімін толық өтеген-өтемегені маңызды емес.

      23. Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      24. Қылмыстардың қайталануының болуы ҚК  54-бабы бірінші бөлігінің а) тармағына сәйкес, қылмыстық жауапкершілікті және жазаны ауырлататын мән-жайлар ретінде ескеріледі, сондай-ақ ҚК  59-бабына сәйкес, сотталушыларға жаза түрін және мөлшерін айқындаған кезде ескеріледі және қылмысты саралау бойынша қылмыстық заңның санкциясында көрсетілген жазаның неғұрлым қатаң түрін тағайындауға әкеп соғады. Қылмыстың қайталануы кезінде жазаны тағайындағанда ҚК  59-бабының ережелерін қолданбауға осы баптың 3-бөлігінде көрсетілген мән-жайлар болғанда ғана жол беріледі. ҚК  59-бабына сәйкес жаза тағайындаған кезде, сондай-ақ "Бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 19 қазандағы N 15 нормативтік  қаулысының 8-тармағында және "Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттардың заңдылықты сақтауы туралы" 1999 жылғы 30 сәуірдегі N 1 нормативтік  қаулысының 13-тармағында берілген түсіндірмелерді басшылыққа алу керек. Қылмыстың қайталануы кезінде жазаны тағайындаған кезде ҚК  59-бабының ережелерін қолдану не қолданбауды сот үкімде дәлелдеуге міндетті.

      25. Сот адамның әрекетінен қылмыстың қайталануының тиісті түрін таныса, оған түзеу мекемесінің түрін белгілеген кезде ҚК  48-бабын , сондай-ақ "Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға түзеу мекемелерiнiң түрлерiн тағайындау жөнiндегi сот практикасы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 23 маусымдағы N 7  нормативтік қаулысын басшылыққа алу керек.

      26. Соттың үкімімен сотталғандардың әрекеттерінде қылмыстың қайталануының тиісті түрін анықтау, жойылу мерзімі аяқталғанға дейін соттылықты алып тастау туралы мәселені қарағанда ескеріледі. ҚК  77-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, сот үкімі бойынша қылмыстың қауіпті немесе аса қауіпті қайталануы үшін жаза тағайындалған адамдардың соттылығын, соттылықтың жойылу мерзімі аяқталғанға дейін алып тастауға жол берілмейді.

      27. Қылмыстың қайталануы бар адамдарға әкімшілік қадағалауды белгілеу туралы мәселені шешкен кезде "Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкiмшiлiк қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 15 шілдедегі  Заңын және "Әкімшілік қадағалау жөніндегі заңнаманы қолданудың сот тәжірибесі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 20 маусымдағы N 3 нормативтік  қаулысын басшылыққа алу қажет.

      28. Соттар апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртібімен қылмыстық істерді, сондай-ақ қылмыстық жазаларды атқаруға байланысты материалдарды қарағанда үкімнің қылмыстың қайталануын тану және оның түрін анықтау бөлігіне, жазаның дұрыс әрі заңды түрде тағайындалғанына назар аударып, сот қателіктерін дер кезінде жоюға бағытталған шаралар қолданулары керек.
      Бірінші сатыдағы сот істе жеткілікті негіздер бола тұра қылмыстың қайталануын тану туралы мәселені қарамағанда немесе қарап, бірақ шешімді үкімнің қарар бөлігінде көрсетпесе, не прокурордың наразылығында немесе айыптау тарапының шағымында үкімнің осы бөлігін өзгерту қажеттігі көрсетіліп, дұрыс емес шешім қабылдаған жағдайларда ғана апелляциялық сатыдағы сот ҚІЖК  421-бабы бірінші бөлігінің 7) тармағында көрсетілген шешімдерді қабылдауына жол беріледі.
      Егер істі алдын ала тергеу барысында айыпталушы ретінде жауапқа тарту туралы қаулыда және айыптау қорытындысында қылмыстың тиісті қайталануы кезінде қылмыстың жасалғаны туралы көрсетілмесе не осы мән-жайлар көрсетілгенімен тиісті іс материалдарымен расталмаса және сот отырысында айыптау тарапы оның орнын толықтырмаса, үкімді өзгерту және сотталушының әрекетінде қылмыстың қайталануын тану туралы айыптау тарапының шағымдары мен прокурордың наразылықтары апелляциялық тәртібімен қарағанда қанағаттандырылуға жатпайды.
      Ескерту. 28-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      29. Қылмыстардың қайталануы туралы істерді қарағанда алынбаған және жойылмаған соттылығы бар адамдардың қылмысты бірнеше рет қайталап жасауына әсер ететін себептерді және жағдайларды анықтау керек, үкімдердің атқарылуын жүзеге асыратын және сотталғандардың түзелуі және қайта тәрбиелеу жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыратын органдардың жұмыстарындағы кемшіліктерге назар аудару керек. Атап айтқанда, жазасын өтеу кезеңінде және жазадан босатылғаннан кейін олармен тәрбиелік алдын алу жұмыстары жүргізілген-жүргізілмегенін, бұрын сотталғандардың жүріс-тұрысына бақылау жасау жүзеге асырылғанын және қажетті жағдайларда әкімшілік қадағалау белгіленгенін, оларды еңбекке орналастыру және олардың тұрмыс жағдайына көмек көрсетілгенін және басқа да мәселелерді анықтау керек. Қажетті жағдайларда ҚІЖК  59-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, жеке қаулылар шығару қажет.

      30. "Соттардың рецидивті қылмыстар жөніндегі қылмыстық істерді қарау тәжірибесі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумының 1994 жылғы 27 мамырдағы N 1  қаулысының күші жойылды деп танылсын.

      31. Осы нормативтік қаулы Қазақстан Республикасы Конституциясының  4-бабына сәйкес қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға міндетті болып табылады және ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы