Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы" 2003 жылғы 11 шілдедегі N 8 нормативтік қаулысына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы N 14 және 2006 жылғы 25 желтоқсандағы N 12 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістер мен толықтырумен бірге) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 11 мамырдағы N 3 Нормативтік қаулысы.

Қолданыстағы

      Зорлық-зомбылықтың және оны қолданамын деп қорқытудың қауіптілігі дәрежесіне қатысты тонау және қарақшылық туралы қылмыстық заңдарды сот тәжірибесінде дұрыс және біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

      қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы" 2003 жылғы 11 шілдедегі N 8 нормативтік қаулысына (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы N 14 және 2006 жылғы 25 желтоқсандағы N 12 нормативтік қаулыларымен енгізілген өзгерістер мен толықтырумен бірге) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) 21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Кінәлінің әрекеттерін ҚК 179-бабы екінші бөлігінің г) тармағымен саралау кезінде соттар шабуыл жасауда қолданылған зат, қару немесе денсаулыққа зиян келтіретін қару ретінде пайдаланылған зат екендігін ескеруі керек.

      "Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 желтоқсандағы заңына сәйкес және сараптама қорытындысымен қару деп танылған тірі немесе басқа нысананы жоюға арналған құрылғылар мен заттарды қару деп түсіну керек.

      Қару ретінде пайдаланылатын заттар деп жәбірленушінің денсаулығына немесе өміріне қауіпті зиян келтіруі мүмкін (тұрмыста қолдануға арналған пышақтар, ұстара, балта, бұрағыш, арнайы бейімделген құралдар: шоқпар және т.с.с.) құралдар танылады.

      Қаруды немесе қару ретінде пайдаланылатын заттарды қолдану деп олардың көмегімен іс жүзінде жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына зиян келтіруді (оқ ату, тесу-кесу соққыларын келтіру және т.с.с), яғни қарудың немесе заттың тірі нысанаға зақым келтіру мүмкіндігін пайдалануды түсіну керек.

      Егер кінәлі жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті дене жарақатын келтіру үшін пайдалану мүмкін емес көрінеу жарамсыз немесе оқталмаған қарумен не қаруға ұқсас (тапаншаның нобайы, ойыншық қанжар және т.б.) затпен қорқытса, онда кінәлінің әрекеттерін, егер басқа саралау белгілері болмаса, ҚК 178-бабының бірінші бөлігі бойынша саралау керек.

      Егер кінәлі қаруды немесе қару ретінде пайдаланатын заттарды тікелей қолданбай, тек қолданамын деп қорқытса, онда оның әрекеттерін ҚК 179-бабының бірінші бөлігі бойынша саралау керек.";

      2) 22-тармақ мынадай мазмұндағы бесінші абзацпен толықтырылсын:

      "Газ қаруын (газ тапаншасы, аэрозольдық және көзден жас ағызатын немесе тітіркендіретін заттармен жарақтандырылған басқа да құралдар) қолдану барысында пайдаланған заттың құрамы жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қаншалықты қауіпті екенін сарапшылық жолмен анықтап және осыған қатысты әрекеттерді тонау немесе қарақшылық ретінде саралау қажет.";

      3) 23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "23. Адам өмірі мен денсаулығына қауіпті зорлық-зомбылық деп қарумен немесе қару ретінде пайдаланылған, денсаулыққа зиян келтіруге бейімделген өзге де заттармен денсаулыққа зиян келтіруді, сондай-ақ жәбірленушінің денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соққан өзге де зорлық-зомбылықты түсіну керек.

      Жәбірленушіге өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда (мысалы, өмірлік маңызды дене мүшелеріне аяқ-қолдарымен көптеген соққылар беру және с.с.) жеңіл зиян келтіріліп, одан айығу үшін ол амбулаторлық немесе стационарлық ем қабылдауға мәжбүр болса, мұндай жеңіл зиян да адам өміріне немесе денсаулығына қауіпті деп танылуы мүмкін.

      Бөтеннің мүлкін иемдену мақсатында жасалған шабуыл деп жәбірленуші үшін кенеттен жасалған және адам өмірі мен денсаулығына қауіпті зорлық-зомбылыққа немесе осындай зорлық-зомбылықты тікелей қолданамын деп қорқытумен ұласқан кінәлінің өктемдік сипаттағы әрекеттерін түсіну керек.

      Денсаулыққа зиян келтірмесе де қолдану сәтінде жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген, мүлікті иемдену мақсатында жасалған шабуылға байланысты кінәлінің әрекеттерін, қылмысты ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда, ҚК 179-бабының бірінші бөлігі бойынша саралау қажет.

      Кінәлінің ұрлық түрінде басталған және жеке меншік иесінің немесе өзге адамдардың көзінше жалғасқан әрекетін тонау деп саралау қажет. Мүлікті заңсыз иемдену немесе алып қойылғаннан кейін оны ұстап қалу мақсатында одан әрі зорлық-зомбылық жасауды қолдану күш қолданумен ұласқан қарақшылық немесе тонау деп саралануы керек.

      Қарақшылық жасау кезінде жәбірленушінің денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірілуін немесе денсаулығының қысқа мерзімге бұзылуын немесе жалпы еңбек қабілетін шамалы жоғалтуын туғызатын қасақана жеңіл зиян келтірген жағдайда, кінәлінің әрекеттерін қарақшылықтың құрамы қамтитындықтан, ҚК 104 , 105-баптары бойынша қосымша саралау қажет етілмейді.";

      4) 5-тармақ "зорлық-зомбылықтың" деген сөзден кейін жақшаның ішіндегі "күш қолданудың" деген сөзбен толықтырылсын;

      5) Қаулының мәтінінде қолданылған "дәрежеленуі", "дәрежелеуді", "дәрежеленуге", "дәрежеленген", "дәрежелеуші", "дәрежелеу" деген сөздер "саралануы", "саралауды", "саралануға", "сараланған", "саралаушы", "саралау" деген сөздермен ауыстырылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми түрде жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы


Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы