Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының заң қызметтерi туралы үлгi ереже (бұдан әрi - Үлгi ереже) бекiтiлсiн.
2. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, ведомстволар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдар:
1) осы Yлгi ережеге сәйкес тиiстi құрылымдық бөлiмшелердiң ережелерiне тиiстi өзгерiстер мен толықтырулар енгiзсiн;
2) өзiнiң аумақтық бөлiмшелерiнiң заң қызметтерiн нығайтуды қамтамасыз етсiн, заң қызметтерiнiң жұмыс сапасын арттыру әрi республикалық және өңiрлiк деңгейде заңдылық режимiн нығайту жөнiндегi шаралар кешенiн әзiрлесiн;
3) қабылданатын актілердің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін бақылауды күшейтсін және алқа отырыстарында құқықтық жұмыстың жай-күйін кезең-кезеңмен қарасын.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 № 377 Қаулысымен.
3. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі:
1) басқару ақпаратымен алмасу, Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының жоспарын орындау туралы үнемі еске салу, заң жобалау жұмысының жай-күйі туралы ақпарат беру арқылы мемлекеттік органдардың заң қызметтерінің жұмысын ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз етсін;
2) Қазақстан Республикасының Әділет министрі бекітетін кестеге сәйкес Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінде мемлекеттік органдардың заң қызметтері қызметкерлерінің жыл сайынғы тағылымдамасын өткізуді қамтамасыз етсін;
3) жарты жылдықтың және жылдың қорытындылары бойынша 10 қаңтардан және 10 шілдеден кешіктірмей мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын жүргізілген тағылымдама нәтижелері туралы хабардар етсін;
4) ай сайын, есептіден кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне заң жобалау жұмыстарының жай-күйі туралы ақпарат берсін;
5) ай сайын, есептіден кейінгі айдың 5-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ағымдағы жылдың заң жобалау жұмыстары жоспарының жай-күйі туралы ақпарат берсін.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2009.06.04 N 822 Қаулысымен.
4. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
1) "Мемлекеттiк басқару органдарының және оларға қарасты кәсiпорындардың, мекемелердiң заң қызметi туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1995 жылғы 5 мамырдағы N 624 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1995 ж., N 17, 187-құжат);
2) "Қазақстан Республикасының министрлiктерiнде, мемлекеттiк комитеттерi мен өзге де орталық атқарушы органдарында заң қызметiнiң жай-күйiн жақсарту және оның жұмысының сапасын арттыру шаралары туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 29 сәуiрдегi N 521 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., N 18, 152-құжат);
3) "Орталық және жергiлiктi атқарушы органдарда заң жұмысының сапасын арттыру жөнiндегi қосымша шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2000 жылғы 7 маусымдағы N 868 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2000 ж., N 26, 303-құжат).
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2006 жылғы 9 қарашадағы
N 1072 қаулысымен
бекiтiлген
Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының заң қызметтерi туралы үлгi ереже
Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "кесімдерінің", "кесімдердің", "кесімдеріне", "кесімдерде" деген сөздер тиісінше "актілерінің", "актілердің", "актілеріне", "актілерде" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 № 377 Қаулысымен.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Үлгi ереже орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, ведомстволардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың (бұдан әрi - мемлекеттiк органдар) заң қызметтерiнiң жұмыс сапасын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының заң қызметтерiн (бұдан әрi - заң қызметтерi) ұйымдастыруға және олардың қызметiне қойылатын бiрыңғай талаптарды белгiлейдi.
2. Заң қызметтерiн заңнамаға сәйкес бекiтiлген штат санының лимиттерi шегiнде дербес құрылымдық бөлiмшелер ретiнде мемлекеттiк органдар құрады.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.03.25 N 283 Қаулысымен.
3. Заң қызметтерiнiң негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
мемлекеттiк органдардың қызметiнде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету;
мемлекеттiк оpгандардың заңнаманы қолдану практикасын қорыту;
Қазақстан Республикасының заңнамасын насихаттау және түсiндiру, мемлекеттiк органда жалпыға бiрдей құқықтық оқытуды ұйымдастыру;
құқықтық және нормативтік құқықтық актілердің, шарттардың, іс жүргізу құжаттарының, сондай-ақ өзге де құқықтық сипаттағы құжаттардың жобаларын әзірлеуге қатысу.
Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2012.03.30 № 377 Қаулысымен.
2. Заң қызметтерiн ұйымдастыру туралы
4. Тиiстi заң қызметтерiндегi лауазымдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен заңгерлiк бiлiмi бар адамдар тағайындалады.
5. Мемлекеттiк органның өзiн қайта ұйымдастыру немесе тарату жағдайларын қоспағанда, заң қызметтерiн таратуға жол берiлмейдi.
6. Заң қызметтерi өз қызметiнде Қазақстан Республикасының заңнамасын және осы Үлгi ереженi басшылыққа алады.
7. Мемлекеттiк органда бөлiнген бюджет қаражатының шегiнде заң қызметтерiнiң тиiмдi және сапалы қызметi үшiн мыналарды қоса алғанда, тиiстi жағдай жасалады:
жеке үй-жаймен, заңнамалық-анықтамалық материалдармен, құқықтық мәселелер жөнiндегi мерзiмдi баспасөз басылымдарымен, заң әдебиетiмен, сондай-ақ оқтын-оқтын жаңартылып отыратын нормативтiк құқықтық актілердiң электрондық қорымен қамтамасыз ету;
заң қызметтерi қызметкерлерiнiң кәсiптiк деңгейiн арттыру, оның iшiнде Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде және Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Мемлекеттiк басқару академиясында заң қызметтерi қызметкерлерiн жүйелi түрде тағылымдамадан өткiзу үшiн тұрақты негiзде iс-шаралар ұйымдастыру.
3. Заң қызметтерiнiң қызметi туралы
8. Заң қызметтерi:
сотта, сондай-ақ басқа да ұйымдарда мемлекеттiк орган қызметiнiң құқықтық мәселелерiн қарау кезiнде белгiленген тәртiппен мемлекеттiк органның мүдделерiн бiлдiредi;
Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілерiне мониторинг жүргiзудi тұрақты негiзде үйлестiредi;
мемлекеттік орган әзірлейтін құқықтық және нормативтік құқықтық актілердің, шарттардың, іс жүргізу құжаттарының, сондай-ақ өзге де құқықтық сипаттағы құжаттардың жобаларын әзірлеуге, оның ішінде оларды мемлекеттік органның басқа да құрылымдық бөлімшелері әзірлеген жағдайда келісу жолымен әзірлеуге қатысады;
әзірлеушісі олардың мемлекеттік органы болып табылатын заң жобаларының Қазақстан Республикасының Парламентінде өтуіне қатысады;
Алматы қаласында орналасқан, олардан уәкілеттік берілген тұлғалар қатысатын мемлекеттік органдарды қоспағанда, Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның әрбір отырысына қатысады;
нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді және мемлекеттік органның бірінші басшысының тапсырмасы бойынша құқықтық сипаттағы өзге құжаттарды дайындайды;
мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасын насихаттау, жалпыға бiрдей құқықтық оқытуды ұйымдастыру жөнiндегi жыл сайынғы iс-шараларды әзiрлейдi және iске асырады;
заңнамалық актілерде көзделген жағдайда мемлекеттiк органның құзыретiне жататын құқықтық мәселелер бойынша мемлекеттiк органның атынан түсiнiктеме дайындайды;
мемлекеттiк органға келiп түсетiн Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілерiнiң жүйелендiрiлген есебiн және олардың сақталуын ұйымдастырады;
мемлекеттiк органның норма жасау қызметiн талдайды және талдау нәтижелерi бойынша мемлекеттiк органның бiрiншi басшысына, сондай-ақ орталық атқарушы органың жауапты хатшысына (белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлғаға) оны жетiлдiру және анықталған кемшiлiктердi жою жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
шарттарды уақытылы жасасуды, олардың заңнама талаптарына сәйкестігін, шарттар бойынша міндеттемелерді орындамаған және тиісінше орындамаған кезде экономикалық ықпал ету шараларының қолданылуын үйлестіруді қамтамасыз етеді;
тиісті сот талқылауына әкеп соқтырған негізгі себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының қатысуымен даулар бойынша талап арыз жұмысының, сот тәжірибесінің жай-күйін талдайды және оларды жою мен кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныстар енгізеді;
заңнамада көзделген негіздер болған жағдайда мемлекеттік органның пайдасына қабылданбаған сот актісіне шағымдану жөніндегі шараларды уақытылы қабылдайды, сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен прокуратура органдарына қадағалау тәртібінде наразылық білдіру туралы өтініштермен жүгінеді;
заңды күшіне енген сот актілерін орындау жөніндегі шараларды қабылдауды қамтамасыз етеді.
Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.03.25 N 283, 2009.12.25 N 2206, 2012.03.30 № 377 Қаулыларымен.
9. Заң қызметтерi:
осы Yлгi ереженiң 8-тармағына сәйкес өз мiндеттерiн орындау үшiн қажеттi құжаттарды және мәлiметтердi мемлекеттiк органның құрылымдық бөлiмшелерiнен сұратуға;
мемлекеттiк орган басшысының немесе орталық атқарушы органның жауапты хатшысының (белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлғаның) келiсiмiмен Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерiнiң жобаларын және мемлекеттiк органның құқықтық мәселелер жөнiндегi құжаттарын әзiрлеу үшiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын насихаттау жөнiндегi iс-шаралар мен мемлекеттiк органда жалпыға бiрдей құқықтық оқытуды iске асыру үшiн басқа құрылымдық бөлiмшелердiң қызметкерлерiн тартуға құқылы.
Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.03.25 N 283 Қаулысымен.
10. Басқа құрылымдық бөлiмшелер әзiрлеген нормативтiк құқықтық актілердiң жобалары оларды заң қызметтерiмен алдын ала келiспестен мемлекеттiк органдарға келiсуге жiберiлмейдi.
10-1. Әділет министрлігіне заңдық сараптама жүргізу үшін келісуге жіберген кезде заң жобалары, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары, Үкімет қаулылары мен Премьер-Министр өкімдерінің жобалары әзірлеуші мемлекеттік органның заң қызметі басшысының (не оның міндетін атқарушы тұлғаның) мемлекетті органдардың куәландырушы орталығының электрондық цифрлық қолтаңбасын қолдана отырып келісіледі.
Ескерту. Ереже 10-1-тармақпен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011.07.30 № 885; жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 02.05.2013 № 450 (01.07.2013 бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулыларымен.
11. Осы Үлгi ережеге сәйкес заң қызметтерiне олардың қызметiне тән емес қосымша функцияларды жүктеуге тыйым салынады.
4. Заң қызметтерi қызметкерлерiн материалдық ынталандыру туралы
12. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орталық атқарушы органның басшысымен келісім бойынша орталық атқарушы органның жауапты хатшысы (белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды тұлға), ал мұндай болмаған жағдайда - мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы сыйлық берудiң қолданылып жүрген жүйесiн және бар мүмкiндiктердi ескере отырып, заң қызметiнiң қызметкерлерiне қосымша материалдық ынталандыру белгiлеуге құқылы.
Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2008.03.25 N 283 Қаулысымен.