Монополияға қарсы органның басқа телекоммуникация желiлерiн басым байланыс операторының жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желiлерiне қосу қызметтерiн көрсету шарттарын, сондай-ақ желiлердiң өзара iс-әрекет етуi және трафиктi өткiзу жөнiндегi онымен байланысты мiндеттемелердi айқындайтын қосылу шартын бекiту ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 16 қазандағы N 996 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шiлдедегi Заңы  26-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiліп отырған Монополияға қарсы органның басқа телекоммуникация желiлерiн басым байланыс операторының жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желiлерiне қосу қызметтерiн көрсету шарттарын, сондай-ақ желiлердiң өзара iс-әрекет етуi және трафиктi өткiзу жөнiндегi онымен байланысты мiндеттемелердi айқындайтын қосылу шартын бекiту ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнiң      
2006 жылғы 16 қазандағы
N 996 қаулысымен  
бекiтiлген  

  Монополияға қарсы органның басқа телекоммуникация желiлерiн басым байланыс операторының жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желiлерiне қосу қызметтерiн көрсету шарттарын, сондай-ақ желiлердiң өзара iс-әрекет етуi және трафиктi өткiзу жөнiндегi онымен байланысты мiндеттемелердi айқындайтын қосылу шартын бекiту ережесi туралы 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Монополияға қарсы органның басқа телекоммуникация желiлерiн басым байланыс операторының жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желiлерiне қосу қызметтерiн көрсету шарттарын, сондай-ақ желiлердiң өзара iс-әрекет етуi және трафиктi өткiзу жөнiндегi онымен байланысты мiндеттемелердi айқындайтын қосылу шартын бекiту ережесi (бұдан әрi - Ереже) "Бәсеке және монополистiк қызметтi шектеу туралы" және "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына (бұдан әрi - заңдар) сәйкес әзiрлендi.

      2. Осы Ережеде қолданылатын ұғымдар мен терминдер заңдарда айқындалатын мағыналарда пайдаланылады.

  2. Қосу шартын бекiту тәртiбi

      3. Басым байланыс операторы кез келген байланыс операторымен жария болып табылатын қосу шартын жасағаннан кейiн, жасалған күнiнен бастап бес күнтiзбелiк күн iшiнде оны монополияға қарсы органға бекiтуге ұсынады.

      4. Басым байланыс операторы ұсынған қосу шартын монополияға қарсы орган қосу шартын алған күнiнен бастап он бес күнтiзбелiк күн iшiнде қарайды.

      5. Қосу шарты Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, монополияға қарсы орган басым байланыс операторына оларды жою жөнiндегi ескертулерi мен ұсыныстарын жiбередi.

      6. Басым байланыс операторы тиiстi ескертулер мен ұсыныстарды алған күнiнен бастап жетi күнтiзбелiк күн iшiнде оларды жою жөнiнде шаралар қабылдайды және қосу шартын монополияға қарсы органға қарау үшiн қайта енгiзедi.

      7. Монополияға қарсы орган қосу шартын алған күннен бастап он күнтiзбелiк күн iшiнде оны бекiту туралы түпкiлiктi шешiм қабылдайды.

  3. Қорытынды ережелер

      8. Осы Ереженiң шеңберiнде монополияға қарсы орган мен басым байланыс операторының арасындағы келiспеушiлiктер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешiледi.