Заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жобаларын ресiмдеудiң және келiсудiң кейбiр мәселелерi туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 16 тамыздағы N 773 Қаулысы

Жаңартылған

      "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы Заңы  14-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық кесiмдердің жобаларын ресiмдеу және келiсу ережесi бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2006 жылғы 16 тамыздағы
N 773 қаулысымен 
бекітілген    

  Заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық кесiмдердің жобаларын ресiмдеу және келiсу ережесi

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жобаларын ресiмдеу және келiсу ережесi (бұдан әрi - Ереже) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң, Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулыларын қоспағанда, жалпыға мiндеттi маңызы бар, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен мiндеттерiне қатысты орталық мемлекеттiк органдардың, Орталық сайлау комиссиясының нормативтiк құқықтық кесiмдерiнiң, сондай-ақ мәслихаттардың нормативтiк құқықтық шешiмдерiнiң, әкiмдiктердiң нормативтiк құқықтық қаулыларының және әкiмдердiң нормативтiк құқықтық шешiмдерiнiң (бұдан әрi - мемлекеттiк органдар) жобаларын ресiмдеудiң және келiсудiң тәртiбiн айқындайды.
       Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.10.28.  N 999 Қаулысымен.

  2. Нормативтiк құқықтық кесiмдердi ресiмдеу

      2. Нормативтiк құқықтық кесiмдерде мынадай деректемелер болуға тиiс:
      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы;
      2) нормативтiк құқықтық кесiмнiң нысанына сiлтеме: орталық органның бұйрығы, қаулысы, мәслихат шешiмi, әкiмдiктiң қаулысы, әкiмнiң шешiмi;
      3) нормативтiк құқықтық кесiмнiң реттеу мәнiн көрсететiн тақырыбы;
      4) нормативтiк құқықтық кесiмнiң қабылданған жерi мен күнi;
      5) нормативтiк құқықтық кесiмнiң тiркеу нөмiрi;
      6) мемлекеттiк органның бiрiншi басшысының не оның мiндеттерiн атқаратын адамның қолы;
      7) Қазақстан Республикасының әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркеуден өткен нормативтiк құқықтық кесiмдерде нормативтiк құқықтық кесiмнiң тiркелген күнi мен нөмiрiне сiлтеме;
      8) елтаңбалық мөр.
      3. Қосымшаларды қоса алғанда нормативтiк құқықтық кесiмнiң негiзгi де, туынды да түрлерiнiң әрбiр бетi, тыныс белгiлерiнсiз парақтың үстiңгi жағының ортасынан нөмiрленуге тиiс.
      Нормативтiк құқықтық кесiмнiң негiзгi және туынды түрi нормативтiк құқықтық кесiмнiң негiзгi де, туынды түрiнiң де бiрiншi парағынан басталатындай жеке нөмiрленуге тиiс.
      Бұл ретте, нормативтiк құқықтық кесiмнiң негiзгi түрiнiң бiрiншi бетi нөмiрленбейдi.
      4. Нормативтiк құқықтық кесiмдердiң негiзгi құрылымдық элементi "тармақ" деген сөзбен атаусыз, өзiне құқық нормасын қамтитын тармақ болып табылады.
      Тармақтар маңыздылығы бойынша қисынды кезектiлiкпен, сондай-ақ мәселенi шешу кезеңдерiнiң хронологиясын ескере отырып орналастырылады.
      5. Көлемi қомақты нормативтiк құқықтық кесiмдердiң мазмұны жағынан жақын тармақтары тарауларға бiрiктiрiлуi мүмкiн.
      Мазмұны жағынан жақын бiрнеше тарау бөлiмдерге, ал бөлiмдер өз кезегiнде нормативтiк құқықтық кесiмнiң бөлiктерiне бiрiктiрiлуi мүмкiн.
      Көлемi жағынан ауқымды тарауларды кесiмнiң параграфтарына бөлуге болады, ал үлкен бөлiмдер осыған ұқсас кiшi бөлiмдерге бөлiнуi мүмкін.
      6. Нормативтiк құқықтық кесiмдердiң тармақтары тармақшаларға бөлiнуi мүмкiн. Тармақтар мен тармақшалардың iшiнде абзацтармен бөлiнетiн бөлiктер болуы мүмкiн.
      Бас әрiптен басталатын бөлiктiң бiрiншi абзацынан басқа, мағыналық тұтастықты бiлдiретiн, бiрiншi жолда азат жолмен бөлiнетiн және кiшi әрiптен басталатын мәтiннiң бөлiгi абзац болып саналады.
      Абзацтар (бөлiктiң бiрiншi және соңғы абзацтарынан басқа) нүктелi үтiрмен аяқталады.
      Нормативтiк құқықтық кесiмдердiң мәтiндерiнде абзацтарды дефистермен немесе өзге де белгілермен белгiлеуге жол берiлмейдi.
      7. Нормативтiк құқықтық кесiмдердiң әрбiр тармақшасы, тармағы, сондай-ақ параграфтары, тараулары, кiшi бөлiмдерi, бөлiмдерi мен бөлiктерi араб сандарымен нөмiрленедi.
      Бiр тармақтан тұратын нормативтiк құқықтық кесiмде тармақты нөмiрлеу жүргiзiлмейдi.
      8. Тармақтарды, тарауларды және бөлiмдердi нөмiрлеу бүкiл нормативтiк құқықтық кесiм үшiн өн бойына болып табылады.
      Тармақшаларды нөмiрлеу әрбiр тармақ үшiн дербес болып табылады.
      Нормативтiк құқықтық кесiмнiң әрбiр тарауындағы параграфтардың нөмiрленуi мен әрбiр бөлiмiндегi кiшi бөлiмдердiң нөмiрленуi өн бойына емес, дербес болып табылады.
      9. Тармақтарда тармақшалардың нөмiрлерi жақшамен мынадай түрде бөлiнедi: 1), 2), 3) және одан әрi.
      10. Нормативтiк құқықтық кесiмнiң тақырыбы қысқа болуға және қабылданатын нормативтiк құқықтық кесiмнiң реттеу мәнiн көрсетуге тиiс.
      11. Нормативтiк құқықтық кесiмнiң тақырыбында сөздердi тасымалдауға жол берiлмейдi.
      Нормативтiк құқықтық кесiмнiң негiзгi түрiндегi тақырып нормативтiк құқықтық кесiмдi мемлекеттiк тiркеу туралы мөртабан үшiн оң жағынан орын қалдыра отырып, парақтың жоғары бөлiгiнiң сол жағында орналасуға тиiс.
      Нормативтiк құқықтық кесiмдi мемлекеттiк тiркеу туралы мөртабан нормативтiк құқықтық кесiмнiң туынды түрiнiң бiрiншi бетiнiң сол жақ үстiңгi бұрышына қойылады.
      12. Бұрын қабылданған кесiмге өзгерiстер мен толықтыруларды енгiзу көзделетiн нормативтiк құқықтық кесiмнiң тақырыбында кесiмнiң нысанына, қабылданған күнiне, нөмiрiне, соңғысының атауына сiлтеме (көрсетiлген кезектiлiкпен) қамтылуға тиiс.
      13. Нормативтiк құқықтық кесiмдi қабылдау мақсаты мен себептерiн, оның алдында тұрған негiзгi мiндеттердi түсiндiру талап етiлген жағдайда құқық нормаларын баяндаудың алдында кiрiспе бөлiгi (кiрiспе) болады.
      Нормативтiк ережелер нормативтiк құқықтық кесiмнiң кiрiспе бөлiгiне (кiрiспеге) енгiзiлмейдi.
      Нормативтiк құқықтық кесiмнiң кiрiспе бөлiгiнде (кiрiспеде) iске асыру үшiн осы кесiм қабылданатын Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық кесiмдерiне сiлтеме келтiрiлуi мүмкiн.
      14. Пайдалануға қолайлы болу мақсатында нормативтiк құқықтық кесiмнiң әрбiр тарауында, бөлiмi мен бөлiгiнде, тарауларының параграфтарында және бөлiмдерiнiң кiшi бөлiмдерiнде өз тақырыптары болуы мүмкiн.
      Параграфтардың, тараулардың, кiшi бөлiмдердiң, бөлiмдер мен бөлiктердiң тақырыптары алдыңғы мәтiннен екi, ал кейiнгi мәтiннен бiр жоларалық интервалдармен бөлiнедi.
      Бұл ретте, нормативтiк құқықтық кесiмдердiң жобалары, әдетте, мынадай параметрлердi ескере отырып ресiмделедi (6.0 және одан жоғары нұсқасындағы "WORD for WINDOWS" мәтiн редакторын қолдана отырып):
      сол жақ шет сызығы - 2,5 см, оң жақ шет сызығы - 1,5 см, колонтитулдар - 2,5 см;
      қарiп - "Times New Roman" мөлшерi N 14 (қосымшаларда кiшi мөлшерлi, бiрақ N 10-нан кiшi емес қарiп қолданылуы мүмкiн);
      жоларалық интервал - бiр жол;
      абзацтық азат жол (бiрiншi жолдың азат жолы) - 1,25 см.
      15. Нормативтiк құқықтық кесiмдердiң мәтiндерi нақты құрылуға және түзетусiз және бояусыз бiрыңғай қарiппен басылуға тиiс.
      16. Нормативтiк құқықтық кесiмнiң мәтiнi әдеби тiлдiң және заң терминологиясының нормалары сақтала отырып жазылады. Ескiрген және көп мағыналы сөздер мен сөз орамдарын, эпитеттердi, метафораларды қолдануға, сөздердi қысқартуға жол берiлмейдi. Тармақтың мәтiнi басқа тармақтарда қайталап жазылмайды.
      17. Нормативтiк құқықтық кесiмнiң мәтiнiнде мағыналық және құқықтық жүктемесi жоқ мәлiмдемелiк сипаттағы ереженi қамтылмауға тиiс.
      18. Нормативтiк құқықтық кесiмдердегi тапсырмалар оны шығаратын органға бағынысты мемлекеттiк органдарға не қажет болған жағдайда олардың басшыларына жолдануға тиiс.
      Оған (олардың басшыларына) бағынысты емес өзге де мемлекеттiк органдарға қатысты нормативтiк құқықтық кесiмдердегi тапсырмалар ұсынымдық нысанда және олармен келiсiм бойынша жазылуға тиiс. Мұндай жағдайда мемлекеттiк органның атауынан кейiн "(келiсiм бойынша)" деп көрсетiледi.
      19. Нормативтiк құқықтық кесiмнiң мәтiнiндегi мемлекеттiк органдар мен өзге де ұйымдардың атаулары ресми атауына сәйкес толық және барлық мәтiн бойынша бiрдей баяндалады.
      Нормативтiк құқықтық кесiм мәтiнiнiң өзiнде қысқартудың не аббревиатураның мағынасын ажыратып, мәтiннiң қарапайым және ықшам жазылуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттiк органдардың және өзге де ұйымдардың атауларын қысқартуға жол берiледi.
      20. Нормативтiк құқықтық кесiмнiң мәтiнiнде ерекшеленген әрiптермен жазылатын тақырыпты, параграфтардың, тараулардың, кiшi бөлiмдердiң, бөлiмдердiң, бөлiктердiң атауларын, "БIРЛЕСКЕН ҚАУЛЫ", "БIРЛЕСКЕН БҰЙРЫҚ (ШЕШIМ)", "ҚАУЛЫ және БҰЙРЫҚ (ШЕШIМ)", "БҰЙЫРАМЫН (МЫЗ)", ("ШЕШЕМIН (МІЗ)", "ҚАУЛЫ ЕТЕДI (МIЗ)") деген сөздердi, қол қоятын адамның лауазымын, аты-жөнi мен тегiн қоспағанда, жекелеген сөздер мен сөз тiркестерiн бөлiп көрсетуге және сызуға жол берiлмейдi.
      "БҰЙЫРАМЫН (МЫЗ)", "ШЕШЕМIН (МIЗ)", "ҚАУЛЫ ЕТЕДI (МIЗ)" деген сөздер бас әрiптермен жазылады және оны тасымалдауға жол берiлмейдi.
      21. Қажет болған жағдайда нормативтiк құқықтық кесiмде жоғары деңгейдегi кесiмдердiң баптарына (тармақтарына) сiлтемелер келтiрiлуi, сондай-ақ осындай кесiмдерге сiлтеме жасала отырып, жоғары деңгейдегi нормативтiк құқықтық кесiмдердiң нормаларынан жекелеген ережелер жазылуы мүмкiн.
      Нормативтiк құқықтық кесiмнiң тармақтары мен тармақшаларындағы оның басқа тармақтары мен тармақшаларына сiлтемелерге құқықтық нормалардың өзара байланысын көрсету не қайталауды болдырмау қажет болған жағдайда ғана жол берiледi.
      22. Абзацтарға, жолдарға және сөйлемдерге сiлтеме жасаған кезде олардың нөмiрленуi реттiк сандармен (жазумен) көрсетiледi, бұл ретте абзацқа сiлтеме "абзац" деген сөздi көрсете отырып жүргiзіледi.
      23. Нормативтiк құқықтық кесiмнiң мәтiнiнде тармаққа, тармақшаға сiлтеме олардың реттiк нөмiрiн көрсету арқылы келтiрiледi (оларды көрсету үшiн сын есiмдердi қолдануға жол берiлмейдi).
      24. Егер нормативтiк құқықтық кесiмнiң мәтiнiнде нормативтiк құқықтық кесiмге сiлтеме болған жағдайда оның нысаны, қабылданған күнi, тiркеу нөмiрi, атауы көрсетiледi. Әдiлет органдарында тiркелген нормативтiк құқықтық кесiмге сiлтеме жасалған кезде Нормативтiк құқықтық кесiмдердiң мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде тiркелген нөмiрi (көрсетiлген кезектiлiкпен) қосымша көрсетiледi.
      Заңнамалық кесiмдерге сiлтеме жасалған кезде Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң күшi бар жарлықтарын қоспағанда, нөмiрдi көрсету талап етiлмейдi.
      25. Егер нормативтiк құқықтық кесiмнiң мәтiнiнде дәл сол нормативтiк құқықтық кесiмге бiрнеше сiлтеме келтiрiлсе, кесiмнiң толық атауы оған кейiннен сiлтемемен бiр рет көрсетiледi.
      26. Егер нормативтiк құқықтық кесiмде қосымшаға сiлтеме жасалса, онда нормативтiк құқықтық кесiмге бiр қосымша болған жағдайларды қоспағанда, осы қосымшаның нөмiрi көрсетiледi.
      Бұл ретте, қосымшаға сiлтеме қосымшаның өз атауына сәйкес келуге тиiс.
      27. Нормативтiк құқықтық кесiмнiң мәтiнiнде күнiн белгiлеген кезде айдың атауы жазумен көрсетiледi, ал жылы толық көрсетiледi, мысалы: "1980 жылғы 5 сәуiр".
      28. Нормативтiк құқықтық кесiмнiң нормаларына ескертулерге мәтiнде тиiстi нұсқауларды көрсету норманың мәнiне нұқсан келтiрмей жазу мүмкiн болмаған ерекше жағдайларда жол берiледi.
      29. Нормативтiк құқықтық кесiмнiң парағының терiс жағына қандай да бiр жазуларға немесе қол қоюға жол берiлмейдi.
      30. Бiрнеше мемлекеттiк орган қабылдайтын нормативтiк құқықтық кесiмдер ресми бланкiлер пайдаланылмастан бiрлескен кесiмдер түрiнде ресiмделедi.
      Бұл кесiмдер осы Ереженiң 2-тармағында белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
      Екi және одан да көп мемлекеттiк орган әзiрлеген бiрлескен кесiмдi ресiмдеу кезiнде осы органдардың ресми атаулары әлiпбилiк тәртiппен орналастырылады.
      Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бiрiншi парақтың үстiңгi бөлiгiнiң ортасында орналасуға тиiс. Қабылданған жерi мен күнi, сондай-ақ тiркеу нөмiрi мемлекеттiк органның әрбiр ресми атауының астына орналастырылуға тиiс.
      Мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшыларының, не олардың мiндеттерiн атқаратын адамдардың қолдары осы тармақтың үшiншi абзацында көрсетiлген талаптар ескерiле отырып, негiзгi нормативтiк құқықтық кесiм мәтiнiнiң соңына орналастырылады және елтаңбалық мөрмен куәландырылады.
      Нормативтiк құқықтық кесiмдi екi немесе одан да көп мемлекеттiк орган қабылдаған жағдайда шешiмдерi қаулылар түрiнде ресiмделсе, онда кесiмнiң нысаны "БIРЛЕСКЕН ҚАУЛЫ" деп көрсетiледi.
      Нормативтiк құқықтық кесiмдердi екi немесе одан да көп мемлекеттiк орган қабылдаған жағдайда шешiмдерi бұйрықтар (шешiмдер) түрiнде ресiмделсе, онда кесiмнiң нысаны: "БIРЛЕСКЕН БҰЙРЫҚ (ШЕШIМ)" деп көрсетiледi.
      Егер нормативтiк құқықтық кесiмдi бiреуiнiң шешiмi қаулы ретiнде, ал екiншiсiнiң шешiмi бұйрық (шешiм) ретiнде ресiмделетiн екi немесе одан да көп мемлекеттiк орган қабылдаса, онда кесiмнiң нысаны: "ҚАУЛЫ және БҰЙРЫҚ (ШЕШІМ)" деп көрсетiледi.

  3. Нормативтiк құқықтық кесiмдерге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу және күшi жойылды ден тану туралы нормативтiк құқықтық кесiмдердi ресiмдеу

      31. Бiр нормативтiк құқықтық кесiмге енгiзiлетiн барлық өзгерiстер мен толықтырулар бiр тармақпен немесе тармақшамен көзделедi.
      32. Бұрын қабылданған кесiмдерге өзгерiстер және/немесе толықтырулар енгiзудi, сондай-ақ олардың күшi жойылды деп тануды көздейтiн нормативтiк құқықтық кесiмдердi дайындаған кезде осы шешiмнiң атауынан, бекiтiлген күнiнен, нөмiрiнен кейiн сол нормативтiк құқықтық кесiмнiң мәтiнiнде Нормативтiк құқықтық кесiмдердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде тiркелген нөмiрi, ресми жарияланған күнi мен басылымның атауы, сондай-ақ осы кесiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгізiлген барлық нормативтiк құқықтық кесiмдер (кесiмнiң нысаны, қабылданған күнi, нөмiрi, атауы, Нормативтiк құқықтық кесiмдердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде тiркелген нөмiрi, ресми жарияланған күнi, баспаның атауы және нөмiрi көрсетiлiп) жақшада көрсетiледi.
      Ресми жарияланған күнiн, баспаның атауы мен нөмiрiн көрсетуге қатысты талаптар азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен мiндеттерiне қатысты және ресми жариялануға тиiс нормативтiк құқықтық кесiмдерге қолданылады.
      33. Үштен көп нормативтiк құқықтық кесiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген кезде жеке қосымшалармен ресiмделетiн тiзбелер жасалады.
      34. Нормативтiк құқықтық кесiмнiң немесе оның құрылымдық бөлiгiнiң мәтiнiндегi мазмұнына осындай мәтiндегi мазмұнының жартысынан асатын көлемде өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген кезде, оның жаңа редакциясы қабылданады.
      35. Қолданыстағы нормативтiк құқықтық кесiмге құрылымдық қосымша бөлiктердi қосу кезiнде олар кесiмнiң сол құрылымдық бөлiгiнiң нөмiрлерiн қайталайтын қосымша нөмiрлермен қосылады, мысалы: 8-1) тармақша, 2-1-тармақ, 4-1-тарау және одан әрi.
      Егер тармақшаларының нөмiрлерi соңы, ал нормативтiк құқықтық кесiм тармақтары мен тарауларының нөмiрлерi тұйықтаушы нөмiрлер болып табылса, онда қосымша қосылатын құрылымдық бөлiктерге келесi реттегi нөмiрлер берiледi.
      36. Өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлетiн кесiмдердiң тiзбесiндегi, сондай-ақ күшi жойылды деп танылатын кесiмдердiң тiзбесiндегi барлық кесiмдер оларды шығару (қабылдау) күнi бойынша хронологиялық тәртiппен орналастырылады.
      37. Нормативтiк құқықтық кесiмдi қолданыстағының (-лардың) орнына қабылдаған кезде соңғысы (-лары) сол кесiммен (толық немесе бiр бөлiгi) жойылуға жатады.
      Нормативтiк құқықтық кесiмнiң күшi жойылды деп танылған кезде бiр мезгiлде нормативтiк құқықтық кесiмдердiң барлығының не осы кесiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген олардың бөлiктерiнiң күшi жойылды деп танылады.
      Әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелуге жататын, бiрақ одан өтпеген нормативтiк құқықтық кесiм күшi жойылды деп таныла алмайды. Қажет болған жағдайда мұндай нормативтiк құқықтық кесiмдер жойылуы мүмкін.
      38. Қолданыстағы нормативтiк құқықтық кесiмнiң құрылымдық бөлiктерiнiң күшi жойылды деп танылған кезде, мұндай бөлiктер қолданыстағы кесiмнен алынып тасталады, бiрақ олардың нөмiрлерi сақталады және бұдан әрi пайдаланылмайды.
      Сақталған нөмiрге кесiмнiң (немесе оның бөлiгiнiң) күшi жойылды деп тану туралы кесiмге сiлтеме қосылады. Сақталған құрылымдық бөлiктердiң нөмiрленуi өзгермейдi.
      39. Егер жойылуға бұрын қабылданған үштен астам нормативтiк құқықтық кесiмдер қойылса, жекелеген қосымшамен ресiмделетiн тiзбе жасалады.
      40. Егер нормативтiк құқықтық кесiмнiң заңдық күшi толық жойылмаса, ол күшi жойылды деп тануға арналған тiзбеге қайта қабылданған кесiмге қайшы келетiн немесе соңғысымен сiңiрiлген бөлiгiнде ғана қосылады.
      Егер көлемi жағынан ауқымды нормативтiк құқықтық кесiмде тармақтарының қомақты бөлiгiнiң күшi жойылуға тиiс болса, онда өзiнiң күшi сақталатын тармақтар туралы ескертпемен барлық кесiм тiзбеге қосылады.
      41. Тiзбеге дербес тармақтар түрiнде жаңа нормативтiк құқықтық кесiмге қайшы келетiн немесе олармен сiңiрiлген барлық кесiмдер енгiзiледi.
      42. Нормативтiк құқықтық кесiмдерге қолданылу мерзiмi бiткен уақытша сипаттағы нормалармен қатар тұрақты қолданылатын нормалар қамтылған және барлық осы нормалар күшi жойылды деп танылуға жататын жағдайда, тiзбеге бүкiл мәтiн енгiзiледi.
      43. Егер нормативтiк құқықтық кесiмнiң тармағыда күшi жойылды деп танылуға тиiс қосымшаға сiлтеме қамтылса, онда тiзбеге осы тармақ қана кiредi (жойылуға қойылады), ал қосымша жеке ескертiлмейдi.
      Егер нормативтiк құқықтық кесiмнiң тармағында қосымшаны бекiтумен қатар мағынасы сақталатын басқа да мәселелерге қатысты нормалар қамтылса, ал қосымша толық күшi жойылды деп танылуға жатса, онда осы тармақ тiзбеге қосымшаға қатысты бөлiгiнде кiредi, ал қосымша жеке ескертiлмейдi.

  4. Нормативтiк құқықтық кесiмдерге қосымшаларды ресiмдеу

      44. Нормативтiк құқықтық кесiмнiң құрылымына қосымшалар кiруi мүмкін.
      Егер нормативтiк құқықтық кесiмде қосымшаға сiлтемелер болса, онда нормативтiк құқықтық кесiмде бiр қосымша болатын жағдайларды қоспағанда, кесiм мәтiнiндегi қосымшаға ескерту тәртiбiнде берiлген қосымшалардың нөмiрлерi көрсетiледi.
      45. Нормативтiк құқықтық кесiмге кескiндердi, кестелердi, схемаларды, карталарды, тiзбелердi және басқаларын қосу қажет болған жағдайда, соңғылары жекелеген қосымшалармен ресiмделедi.
      46. Туынды нормативтiк құқықтық кесiмнiң не қосымшаның бiрiншi парағының жоғарғы оң жақ бұрышында сол арқылы ол қабылданған негiзгi нормативтiк құқықтық кесiмнiң нысанына, бекiтiлу күнiне, тiркеу нөмiрiне нұсқау қамтылуға тиiс.
      Егер нормативтiк құқықтық кесiмге бiрнеше қосымша болған жағдайда әрбiр қосымшаның жоғарғы оң жақ бұрышында оның реттiк нөмiрi, сондай-ақ тиiстi кесiмнiң нысаны, бекiтiлу күнi, тiркеу нөмiрi көрсетiледi.
      Егер негiзгi нормативтiк құқықтық кесiмнiң мәтiнiнде мынадай сiлтеме келтiрiлсе:

      1, 2,... -қосымшаға не (1, 2,... -қосымша) сәйкес, онда қосымшаның жоғарғы оң бұрышында:

2000 жылғы __________ N ____
нормативтiк құқықтық кесiмге
1, 2... -қосымша

деп жазылады,

      (қоса берiлiп отырған)... ереже,... нұсқаулық бекiтiлсiн, онда қосымшаның жоғарғы оң жақ бұрышында:

2000 жылғы __________ N ____
нормативтiк құқықтық кесiммен
бекiтiлген

деп жазылады.

      Егер негізгі кесiммен бекiтiлетiн туынды кесiмдерге қосымшалар болса, онда соңғысының жоғарғы оң жақ бұрышында:

Туынды нормативтiк құқықтық кесiмге
1, 2,... -қосымша

деп көрсетiледi.

  5. Нормативтiк құқықтық кесiмдердi келiсу

      47. Нормативтiк құқықтық кесiмдi мүдделi мемлекеттiк органдармен келiсу олардың құзыретiне қарай жүзеге асырылады, бұл ретте нормативтiк құқықтық кесiмдi келiсудегi мүдделiлiк қаралатын мәселелердiң мәнiне негізделе отырып, белгiленедi.
      48. Келiсуге нормативтiк құқықтық кесiмнiң туынды түрi де, ол бекiтiлген негiзгi нормативтiк құқықтық кесiм де ұсынылады.
      49. Келiсуге нормативтiк құқықтық кесiм мемлекеттiк органның бiрiншi басшысының не оның орынбасарының қолы қойылған iлеспе хатпен жiберiледi.
      50. Келiсуге нормативтiк құқықтық кесiмдi алу кезiнде мемлекеттiк органдар басқа мемлекеттiк органдармен оны келiсудi талап етуге және үстiрт немесе өзге негiзсiз себептер бойынша нормативтiк құқықтық кесiмдi келiсуден бас тартуға тиiс емес.
      51. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында нормативтiк құқықтық кесiмдi мiндеттi түрде келiсу көзделсе, сондай-ақ онда басқа мемлекеттiк органдарға қатысты ережелер, нормалар мен тапсырмалар қамтылса, мұндай нормативтiк құқықтық кесiмнiң жобасы тиiстi мүдделi мемлекеттiк органдармен алдын ала келiсуге жiберiлуге тиiс.
      Бұл ретте, нормативтiк құқықтық кесiмнiң жобасы келiсуге барлық мүдделi мемлекеттiк органдарға бiр мезгiлде, бiр iлеспе хатпен, тиiстi мүдделi мемлекеттiк органдардың тiзiмiн қоса бере отырып, "Мемлекеттiк органдарға (тiзiм бойынша)" деген адресат көрсетіле отырып жiберiледi.
      52. Нормативтiк құқықтық кесiмнiң жобасы келiсуге жiберiлген мемлекеттiк органдар жобаны әзiрлеген органға оны алған күннен бастап отыз күнтiзбелiк күн iшiнде жоба бойынша өз ескертулерi мен ұсыныстарын жазбаша нысанда дайындауға және жiберуге не оның болмағандығы туралы хабарлауға тиiс.
      Нормативтiк құқықтық кесiмнiң жобасына ескертулер болған кезде, қажет болған жағдайда оны әзiрлеген орган пысықтайды.
      Нормативтiк құқықтық кесiмнiң жобасын әзiрлеген орган келiсушi мемлекеттiк органдардың ескертулерiмен келiспеген жағдайда, бiрiншiсi мұндай ескертудiң әрқайсысы бойынша келiспеудiң жазбаша негiздемесiн қоса тiркеп, нормативтiк құқықтық кесiмдi қол қоюға жiбередi.
      Келiсiм мерзiмi аяқталғаннан кейiн жобаны әзiрлеушi мүдделi мемлекеттiк органдардың барлық ұсыныстарын жобаның соңғы нұсқасына жинақтайды (ескертулердi жояды).
      Бұл ретте, әзiрлеушi соңғы нұсқаны дайындау процесiнде мемлекеттiк органдардың өзi келiсетiн ескертулерiн мiндеттi түрде және толық көлемде жояды.
      53. Нормативтiк құқықтық кесiмдi мемлекеттiк органдарда келiсу мерзiмi 7 жұмыс күнiнен аспауға тиiс және осы мемлекеттiк органға нормативтiк құқықтық кесiмнiң келiп түскен күнiнен бастап есептеледi.
      54. Нормативтiк құқықтық кесiмнiң барлық парақтарына оны келiсуге жiберген мемлекеттiк органның заң қызметiнiң басшысы қол қояды.
      Заң қызметiнiң басшысы болмаған кезде барлық парақтарға қол қоюды органның бiрiншi басшысы немесе оның мiндетiн атқарушы адам жүргiзедi.
      55. Нормативтiк құқықтық кесiмдi қарау қорытындылары бойынша келiсушi орган әзiрлеушiге бiрiншi басшы не оның мiндетiн атқарушы тұлға қол қойған жауаптардың мынадай нұсқаларының бiрiн ұсынады:
      нормативтiк құқықтық кесiм ескертулерсiз келiсiлдi (нормативтiк құқықтық кесiмдегi бұрыштама);
      нормативтiк құқықтық кесiмдi келiсуден бас тартылды (дәлелденген бас тарту қоса тiркеледi).
      Егер кесiм бойынша ескертулер болған жағдайда олар жойылғаннан кейiн кесiм келiсiлуi мүмкiн, бұл ескертулер бiрiншi басшы не оның мiндетiн атқарушы тұлға қол қоятын хатта жазылады және мұнда мiндеттi түрде орын алған ескертулердi жою жөнiнде ұсыныстар қамтылуға тиiс.
      Келiсушi мемлекеттiк органдарға нормативтiк құқықтық кесiмдердi "ескертулермен" келiсуге тыйым салынады.
      Келiсушi мемлекеттiк орган тұжырымдық сипаттағы ескертулерге байланысты кесiмдi келiсуден бас тартқан жағдайда, мұндай мемлекеттiк орган осындай ескертулердi жоюдың өзара қолайлы шешiмдерiн көрсете отырып, дәлелдi жауап бередi.
      Бұл ретте, мемлекеттiк органдарға өздерi жасаған ескертулердi жоюдың өзара қолайлы шешiмдерiн көрсетпей, нормативтiк құқықтық кесiмдi келiсуден бас тартуға тыйым салынады.
      56. Нормативтiк құқықтық кесiмдi түпкiлiктi келiсу келiсушi мемлекеттiк органның бiрiншi басшысының не оның мiндетiн атқарушы тұлғаның бұрыштамасымен ресiмделедi және мөрмен куәландырылады.
      Бұрыштамада мемлекеттiк орган басшысының немесе оның мiндетiн атқарушы лауазымының атауы, қол қоюшының жеке қолы, қолдың таратылып жазылуы, күнi мен елтаңбалық мөр қамтылады.
      Келiсу таңбасы нормативтiк құқықтық кесiмнiң негiзгi түрiнiң соңғы парағының астыңғы сол жақ бұрышына орналасады және "КЕЛIСIЛДI", ("КЕЛIСIЛГEH") деген сөзден тұрады.
      Нормативтiк құқықтық кесiмдi екi немесе одан да көп мемлекеттiк орган келiскен жағдайда, келiсу таңбасы әлiпбилiк тәртiппен орналастырылады.
      57. Белгiленген тәртiппен мемлекеттiк органмен келiсiлген нормативтiк құқықтық кесiмге түзетулер мен толықтырулар енгiзуге жол берiлмейдi.
      58. Келiсушi мемлекеттiк органның заң қызметiнiң басшысы келiсiлген нормативтiк құқықтық кесiмнiң әрбiр парағына алдын-ала қол қояды.
      Заң қызметiнiң басшысы болмаған кезде барлық парақтарға қол қоюды органның бiрiншi басшысы немесе оның мiндетiн атқарушы адам жүргiзедi.
      59. Бiрлесiп қабылданған не басқа мемлекеттiк органдармен келiсiлген нормативтiк құқықтық кесiмдi ұсынған кезде, әзiрлеушi - мемлекеттiк орган нормативтiк құқықтық кесiмнiң негiзгi де, туынды да түрiнiң бiрiншi бетiнде әрбiр қолдың тұсына мемлекеттiк органның аббревиатурасын жақшаға алу жолымен заң қызметiнiң басшылары қолдарының тиесiлiлiгiн көрсетедi.